Инвестицияға «сүйкімді» сала

Дүниежүзілік банктің құрамына енетін Халықаралық қаржы корпорациясы (IFC) жақында «Климаттық бизнеске арналған нарық құру» атты баяндамасын жариялады. Онда климаттың өзгеруіне қатысты Париж келісімін жүзеге асыру аясында «жасыл экономиканы» дамытатын жеті негізгі сала анықталған. Жеке сектордан инвестиция тартуға қауқарлы бұл салаларға: сарқылмайтын энергетика, күн энергиясынан алынатын автономды қуат көздерін өндіру, агробизнес, «жасыл құрылыс», қаладағы транспорт, сумен жабдықтау және қаладағы қалдықтарды басқару кіреді.
Баяндамада климаттық өзгерістерге байланысты осы секторлардағы жобаларға қазірдің өзінде 1 трлн АҚШ долларына жуық инвестиция салынғаны айтылған. Бірақ тағы бір трлн доллардың инвестциясы дамушы нарықтардағы бизнеске жасалып жатқан жағдайларға тікелей байланысты болмақ. IFC болжамына сәйкес сарқылмайтын энергетикаға 2040 жылға дейін 11 трлн доллар, 2025 жылға дейін «жасыл» құрылысқа 3,5 трлн доллар, сумен қамтамасыз ету саласына 2030 жылға дейін 13 трлн доллар инвестиция құйылуы мүмкін.
Әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарына пікір білдірген IFC бас директоры Филипп Лэ Уеру жеке сектордың климаттық өзгерістерге қарсы күресте зор рөлге ие екенін айтқан.
– Жеке секторда инновация мен құралдар және қаржыландыру мүмкіндіктері бар. Біз жеке сектордан көп мөлшерде инвестиция тарта алмыз. Бірақ ол үкімет тарапынан жасалатын реформалар мен инновациялық бизнес-үлгілерді қажет етеді. Соңғы екеуі жаңа нарық құрып, қажетті инвестиция көлемін тарта алады, – деді ол.
Корпорация ұсынған есеп баяндамасында болашақта Шығыс Азия мен Тынық мұхиты аймағы климаттық интеллектуалды технологияларға деген әлемдік сұранысты арттырушы негізгі фактор болатыны көрсетілген. Сонымен бірге, дамушы нарықтардағы, оның ішінде көш бастайтын Қытай мен Үндістанда бұдан былай қайта қалпына келетін энергия көздеріне сұраныс көбейе түседі. Қазіргі кезде Қытай – осы салада алдыңғы қатарда тұрған ел. Жапония – шатырға қойылатын немесе басқа да кішігірім күн энергиясын алуға болатын жобаларға қаражат құю жағынан екінші орында. Ғаламдық масштабты алып қарайтын болсақ, күн және жел энергетикасының 2020-2040 жылдар аралығындағы инвестициялық әлеуеті 6 трлн АҚШ долларына жетеді екен. Оның жартысына жуығы – біз айтқан Азия және Тынық мұхиты аумағына тиесілі.
Азия сөз етілген баяндамада Қазақстан да назардан тыс қалмапты. «Қазақстандық электроэнергияның 70 пайыздан астамы ескі көмір құрылғылар арқылы өндіріледі. Көмірқышқыл газының 80 пайызын қоршаған ортаға шығаратын да – энергия секторы. Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) қалпына келетін энергия көздері туралы заңнама мен тұрақты энергетикалық қызметті жоспарлау бойынша Үкіметпен бірігіп жұмыс істеді. Естеріңізде болса, былтыр еліміз «Жасыл экономика туралы» заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу арқылы баламалы энергия көздерін қаржыландыруға кедергі келтіріп келген факторлардан арылған еді. Нәтижесінде, ЕҚДБ бірнеше жобаны қар-жыландырып үлгерді. Соның бірі –
Жамбыл облысында орналасқан «Бурное Солар» күн электр стансасы (КЭС). Оның қуаттылығы – 50Мвт. IFC ұйымының хабарлауынша, станса ЕҚДБ арқылы қаржыландыруға қол жеткізгеннен кейін, өзінің мүмкіндігін екі есе ұлғайтып, Орта Азиядағы қалпына келетін энергия көзінің ең ірі генераторына айналады. Одан бөлек, 50 МВт қуат беретін «Байқоңыр Солар» КЭС мен Ақмола облысындағы 10МВт «Астана EXPO – 2017» жел электр стансасы да аталған банк арқылы инвестиция тартқан.
Елімізде соңғы кездері агросекторды дамыту қолға алына бастады. IFC баяндамасына қарап отырып, мұның әлемдік тенденция екеніне көз жеткізесіз. Әрине, азық-түлікті тұтыну деңгейі жоғары болғандықтан, оған деген сұраныстың да басым екені даусыз. Бірақ соған сәйкес, ауыл шаруашылығы да үздіксіз дамып, жетіліп отыруы тиіс. Оған қосымша қаражат қажет.
Ғаламдық болжам бойынша 2050 жылға қарай жер бетіндегі адам саны 9 миллиардқа жетеді. Алдағы 15 жылда азық-түлік сұранысы әлем бойынша 20 пайызға артпақ. Әсіресе, Оңтүстік Африка мен Оңтүстік-Шығыс Азия аумағында ең жоғары өсімді байқайтын боламыз. Одан бөлек, климаттың өзгерісі агросекторға кері ықпал етуі мүмкін. Мысалы, құрғақшылық, су тасқыны, сел, жабайы өрт, жылу толқындары секілді табиғи апаттар фермерлердің еңбегіне едәуір қауіп төндіріп тұр. Мұның барлығына тосқауыл болатын не нәрсе?
«Климаттық бизнеске арналған нарық құру» баяндамасында IFC «азық-түлік пен ауыл шаруашылығы нарығы – әлемдегі ең алпауыт нарықтың бірі» деп көрсеткен. Өйткені ондағы қаржы айналымы 5 трлн АҚШ долларын құрайды. Тұтынушылардың 10 пайыз шығыны да осы саланың өнімдерін сатып алуға жұмсалатын көрінеді. Қарап отырсақ, 2004-2013 жылдар аралығында салаға құйылған инвестиция көлемі үш есеге өскен. Ауыл шаруашылығынан әлемде 500 миллионға жуық кішігірім фермалар күн көріп отыр. Сондықтан бұл саланың өнімділігі, тұрақты дамуы мен пайда табуының әлеуметтік маңызы зор. Себебі, сол арқылы әлемдегі ашаршылық, жұмыссыздық секілді бірнеше проблеманың түйіні шешілуде. Бұл, әсіресе, дамушы нарық үшін тұрақты өсім қалыптастыру жолында өте маңызды рөлге ие.
Жоғарыда айтып өткен мәселелер ауыл шаруашылығындағы инновацияның қолданысын кеңейтуге итермелейді. Атап айтар болсақ, халықаралық деңгейде үлкен қолдауға ие болған «climate-smart ауыл шаруашылығы» атты модель сектордағы жаңа технологиялардың әсерінен пайда болды.
Бұл – қоршаған ортаға бөлінетін зиянды қалдықтарды азайтатын және тұрақты өнім алуға көмектесетін тәжірибелер жиынтығы мен бизнес-үлгі. Оның мақсаты – жылыжайдан бөлінетін газдардың көлемін азайтып, азық-түлік қауіпсіздігін сақтау. Мұны Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі де бірнеше рет тілге тиек еткен еді. Тіпті еліміздегі исламдық қаржыландыру жүйелері де агросекторды инвестициялауға ұмтылуда. Демек, елдегі бастамалар әлемдік тенденциямен үндестік тауып, қатар дамуда. Мұның барлығын «жасыл экономикаға» апарар жолдың бастауы деп білеміз.
Бегім СҰЛТАН