БҰҰ-дағы салтанатты Елбасы ашады

925
0
Бөлісу:

Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ бас хатшысының арнаулы өкілі, БҰҰ Орталық Азияға арналған Привентивтік дипломатия жөніндегі аймақтық орталығының (ОАПДАО) басшысы Наталья Германды қабылдады.

Мәртебелі мейманды осы жауапты лауазымға тағайындалуымен құттықтаған Сенат төрағасы аталған Орталықтың Президент Н.Назарбаевтың бастамасы бойынша құрылғанын, БҰҰ ОАПДАО штаб-пәтері бейтарап Түркіменстанның астанасында орналасқанын, ол осы халықаралық ұйымның нәтижелі қызметі үшін көптеген іс атқарғанын атап өтті.
Жүздесушілер көптеген адам құрбан болатын және материалдық шығын әкелетін қақтығыстар мен соғыстарды болдырмауда тиімді құрал ретінде алдын алушы, яғни привентивтік дипломатия­ның маңызы арта түскені туралы ортақ пікір білдірді. Қ.Тоқаев БҰҰ бас хатшысы­ның осы бағыттағы күш-жігерін Қазақ­стан­ның қолдайтынын айтты.
Тараптар Орталық Азиядағы барлық өзекті мәселелерді шешуде, атап айт­қан­да, су төңірегіндегі және Ауған­станға көмек­тесудегі бірлескен іс-қимылдың келешегін талқылады.
Қасым-Жомарт Кемелұлы БҰҰ аймақтық орталығының күн тәртібін және БҰҰ Орталық Азияға арналған При­вен­тивтік дипломатия жөніндегі аймақ­тық орта­­лығының 2018-2020 жылдарға арнал­ған іс-қимыл бағдарламасын іске асыру жө­ніндегі күш-жігерді Қазақстан қол­дай­тынын атап өтті. Сенат басшысы аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, Орталық Азиядағы эко­но­микалық ынтымақтастықты дамы­ту Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін­дегі жұмысының басымдықтары екенін атап өтті.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне Қазақ­стан­ның алдағы уақыттағы төрағалық етуі аясын­да 2018 жылы қаңтарда өткізілуі көз­де­ліп отырған жоғары деңгейдегі пікір­сайыс Ауғанстандағы ахуалды реттеу жол­дарын іздестіруге арналады. Сенат төра­ғасы Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңе­сіне төрағалық ету салтанатын Мем­лекет басшысы ашатынын хабар­лады.
Қ.Тоқаев жаһандық қауіпсіздікке ықпал ететін кездесулер мен келіссөздер өтіп жүрген Астананың халықаралық беделді орталық ретіндегі маңызын да атап өтті. Сирияішілік келіссөздердің нәтижесі оған дәлел болып отыр.
Н.Герман БҰҰ Орталық Азияға арнал­ған Привентивтік дипломатия жөніндегі аймақтық орталығының өңірдегі қызме­тін қолдауға қосқан зор үлесіне орай Қазақ­станға алғыс айтып, аймақтық және жаһандық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған Астананың халық­аралық баста­маларына жоғары баға берді.
Ерік ЕРДЕНОВ

Бөлісу:

Пікір жазу


*