«АЙҚЫНДЫҚТАР» – ӘСКЕРИ ПОЛИГОНДА

1144
0
Бөлісу:

Биыл республикалық «Айқын» газетінің құрылғанына 13 жыл болды. Мүшел жасқа толып отырған басылым «13 жылдыққа – 13 шара» деген ұранмен әртүрлі саланың мекемелерімен кездесулер ұйымдастырып, бірлескен іс-шараларды өткізіп жатыр. Осы акция аясында редакция ұжымы Қазақстан Қарулы Күштерінің Құрлықтағы әскерлері құрамындағы Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшылығының арнайы шақыруымен Алматы түбіндегі 61993 әскери бөліміне барып, жауынгерлік техникалармен танысты. Десантшылар журналистерді «Қазбриг» бітімгершілік жасағы жауынгерлік дайындықтан өтетін, халықаралық жаттығулар өткізілетін «Іле» полигонына апарып, Макаров тапаншасы және Калашников автоматтарынан нысана көздеп ату бойынша жарыс ұйымдастырды.


Генерал-майор Алмас Жұмакеев қолбасшылық ететін Десанттық-шабуылдау әскерлері – Қазақстан Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының резерві. Әскери-саяси жағдайлардың күрт өзгеруі кезіндегі дағдарысты жедел ше­шуге; мемлекеттің ұлттық мүддесін қорғау мақсатында кенеттен туын­даған жағдайларды орындауға және операция бағытына әскерлерді топтастыруды нығайтуға арналған. Елде және сырт жерлерде де бей­бітшілік пен тұрақтылықты қолдау мақсатындағы Қазақстан Респуб­ликасының халықаралық міндет­терін орындауға қатысады. Бейбіт және соғыс жағдайында қауіп төн­ген бағыттар мен аудан­дарға шұғыл жетуге және кенеттен туын­даған тапсырмаларды орын­дауға әрда­йым дайын тұрады. Олардың құра­мына десантты-шабуылдаушы бө­лімшелер, бөлімдер мен құра­малар, сондай-ақ арнайы бөлімдер, тыл және техникалық қамтамасыз ету бөлімдері кіреді. Десанттық-ша­буылдау әскерлерінің арнайы мақ­саттағы дербес инженерлік-са­перлік жасағы 2003-2008 жылдар аралығында Ирак Республикасында бейбітшілік және қауіпсіздікті сақтау бойынша Коалициялық күш­тер құрамында бітімгершілік мис­сияны атқарған болатын. Бітім­гершілеріміздің кәсіптігі мен жа­уын­герлік шеберлігі шетел мемле­кеттері мен Коалициялық күш­тер­дің қолбасшылығымен жо­ғары бағаланды.


Қазақстан Республикасы Қа­рулы Күштері Жедел әскерлері қолбасшысы басқармасы 2000 жылғы 14 желтоқсандағы Қазақ­стан Республикасы Қорғаныс министрінің директивасы мен 2000 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан республикасы Президентінің  № 417 жарлығы негізінде құрылды. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Десанттық-шабуылдау әскерлерінің құрылу тарихы: 2000 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан Республикасы Президентінің  № 417 жарлығы негізінде, 35 гвар­дялық десанттық-шабуылдаушы бригадасы негізінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Жедел әскерлері қолбасшылығы құрылды. 2003 жылы Қазақстан Рес­публикасы Қорғаныс минис­трінің директивасы негізінде Жедел әскерлер Қазақстан Респуб­ликасы Қарулы Күштері Аэроұт­қыр әскерлері деп аталды. Олар – Қазақстан Республи­касы Қарулы Күштерінің жауын­герлік даярлық деңгейі жоғары және тез жұ­мылдырылатын әскер тегі. Де­санттық-шабуылдау әскер­леріне жүктелген міндеттер: Шекараға таяу тікелей және қорғау әскерлері орналасқан әскерлердің күшін арттыру. Әскерлердің стра­тегиялық өрістеуін қамтамасыз ету. Десант­тық-диверсиялық және барда құрамаларымен айқасу. Жау тылын­да аэроұтқырлық рейдтер жүргізу. Жаудың жедел орта­лықтарын саптан шығару. Маңызды аудан, белес және инфрақұрылымдық объектілерді басып алу және ұстап тұру. Қарулы қақтығыстар мен жауласушы жақтардың арасын ашу. Заңсыз қарулы құрамаларды жою мен қарусыздандыруға қатысу. Екі­жақты келісімдерге сай достас мем­лекеттерге көмек көрсету. Бітім­гершілік іс-шараларын өт­кізуге қатысу.

Подполковник Болат Дүйсенбаев басшылық жасайтын 61993 әскери бөлімінде «Айқын» газетінің ұжымын Десанттық-шабуылдау әскерлері қол­бас­шысының тәрбие және идеоло­гия­лық жұмыстар жөніндегі орын­басары, подпол­ковник Серік Сейітбаев пен ДШӘ баспа­сөз қызметінің басшы­сы, майор Алек­сандра Утепова қарсы алды. Десант­тық-шабуылдау әскер­лерінің қолданы­сындағы броне­транспортер, гаубица, зениттік құ­рылғы, әртүрлі мақсаттарға пай­даланылатын автотехникалар, пара­шюттердің түрлері әскери бөлімнің ор­талық алаңына шығарылып, журна­лис­терге таныстыру үшін көрмеге қойылған екен. Редакциямыздағы әскерге бармаған жас қызметкерлер әскери техникаларды тамашалап, жауынгерлік қаруларды ұстап көруге мүмкіндік алды. Әскери бөлімнің нұс­қаушылары соғыс қаруларын қолда­нуы, техникалардың қандай мақсатта пайдаланылатыны туралы түсіндіріп, қыс­қаша мәліметтер берді. Салмағы 30 келі парашютті иықтарына асып, қолдарына десантшылардың қару­ларын ұстаған журналистер, осындай ауыр салмақпен жүздеген метр биік­тіктен секірудің қан­шалықты қиын екенін сезінгендей бол­ды. Десант­шылар жарақтанған миномет, грана­томет, отшашқыш, ОСВД-96 мер­ген­дер винтовкасы Калашников ав­­­то­маттарының түрлерін қолдарына ұстап көрген журналистер «енді осы қа­ру­лар­дан атып көрсек» деген ар­ман­дарын айтты.


Десанттық-шабуылдау әскерлері қол­басшысының орынбасары, под­полковник Серік Сейітбаев журна­листердің бұл өті­нішін оң қабылдап, атыс қаруларынан нысана көздеп ату үшін 40 шақырым жер­дегі әскери полигонға барамыз деп шешті. Сөйтіп, редакция ұжымы әскери бөлім­нің автобусына мініп, жақында ғана ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің күш-құралдары мен қарулы күштерінің қатысуымен «Өзара іс-қимыл – 2017» оқу-жаттығуы өт­кен «Іле» полигонын бетке алды. Бұл – Қазақстандағы арнайы жабдықталған ірі әскери полигондардың бірі. Мұнда не­гізінен «Қазбриг» бітімгершілік жасағы дайындықтан өтеді, жыл сайын өт­кі­зілетін бітімгершілік контингент­тердің бір­лескен халықаралық жат­тықтыруларда офицерлер, сержанттар мен сарбаздар тәжірибе жинақтайды, өзара іс-қимыл мәселелерін пы­сық­тайды, БҰҰ-ның әдіс­темелері мен стан­дарттары бойынша Ұйым­ның бі­тім­гершілік күштері дайын­дық­тарын жетілдіреді.


Біз полигонға келгенде жаттығу алаң­дарында әскери нұсқаушылар атыс қару­ларын дайындап, күтіп тұр екен. Алдымен АК-74 автоматынан нысана көздеу бойын­ша журналис­тер өзара жарысқа түсті. Одан кейін Макаров тапаншасынан 25 метр қашықтықтағы нысананы көздеу бойынша жарыс ұйымдастырылды. Жас журналис­тердің біразы мұндай қаруды қолдарына бірінші рет ұстап тұрғанына қарамастан намысқа тырысып, нысананың ортасына қа­рай дөп тигізіп жатты. «Айқынның» web-ди­зайнері Нұрзада Байбосынова авто­маттан да, тапаншадан да оқ ату бойынша әріптестерінің арасында үздік шықты.


– Тапаншаны да, автоматты да қолыма алғаш рет ұстадым. Нұсқау­шы­лардың айт­қанын мұқият тыңдап алдым да, нақты орын­дауға тырыстым. Ә дегеннен қаруды бағындыруды миға сіңірдім. Содан болар бойымды қор­қыныш билемеді. Бұған дейінгі тир атқанымның пайдасы болар, көз ұшын­дағы нысананың ондығы қиын­дықпен болса да екі мәрте дөп тиді. Нәти­жесінде, он оқ атып 77 ұпай ал­дым, – дейді Нұрзада.


Жарыс аяқталғаннан кейін под­-пол­ковник Серік Сейітбаев барлығын жи­нап, атыстың қорытындысын жариялады. Атыс қаруының екі түрі­нен де бірінші орын ал­ған Нұрзада Байбосыноваға Десанттық-шабуыл­-дау әскерлерінің қолбасшысы, гене­рал-майор Алмас Жұмакеевтің қолы қойылған екі бірдей мақтау қағазы табыс етілді. Әскери полигонға арнайы келіп, жарыс ұйымдастырған «Айқын» газетінің ұжымына арнап түстік ас әзірленген екен. Десантшылар қол­басшысының орынба­сары Серік Сейітбаев алдағы уақытта да бұқа­ра­лық ақпарат құралдарымен осындай бірлескен шаралар ұйымдастырып тұра­тындығын айтып, Қорғаныс ве­дом­ство­сында ұдайы өткізіліп тұра­-тын әртүрлі шаралар, жауынгерлік жаттығулар туралы үнемі басылым бетіне жариялап, Қарулы күштер ту­ралы жағымды имидж қа­лыптастыруға үлестерін қосып жүрген «Айқын» редакциясының қызметкер­леріне қолбасшылықтың алғысын жет­кізді.


«Айқын» газетінің 13 жылдығына – 13 шара» акциясының «Армия – ха­лықпен бірге» атты кезекті кезеңін ұйымдас­тыр­ғаны үшін Қорғаныс ми­нистрлігінің Бас штабына, Құрлық әскерлері мен Десант­тық-шабуылдау әскерлерінің қолбас­шы­лығына, сон­дай-ақ осы шараны ұйым­дастыруға тікелей атсалысып, көмек көр­сет­кен Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының тәрбие және идеоло­гиялық жұмыстар жөніндегі орын­басары, подполковник Серік Сейітбаев пен ДШӘ баспасөз қызметінің бас­шысы, майор Алек­сандра Утеповаға басылым ұжымы алғысын білдіреді.

Қайыржан ТӨРЕЖАН

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*