Есебі түгел ел болам десең…

«Көбелектің кеселі – тұрақсыздық деседі» деп басталатын өлең жолдарымен қазіргі теңгенің халін суреттеуге болатындай. Таңғы асыңызды ішіп отырып, смартфон сырғытқаныңызда – төл ақша нығайып жатыр еді, ел жатар уақытта қайта әлсіреп кеткенін оқисыз. Доллар бағамының күн сайын құбылуы валютамызды титықтатып жіберді. Бұдан бөлек, Таяу Шығыстағы не бітпейтін, не қоймайтын соғыс, босқындардың Еуропа жағалап пана іздеуі, әлемдік алпауыт елдер арасындағы саяси талас-тартыстардың бәрі ғаламдық экономиканың ауанын өзгертпей қоймайды. Мұндай жер жүзін жайлаған өзгерістерге жұтылып, мемлекет қазынасын ортайтып алмас үшін – ішкі нарықты күшейту керек-ақ.
Мұнай бағасы мұрын шүйіріп тұр…
Долларға шаққандағы теңге бағамының қайта-қайта түлкі бұлаңға салуына басты себеп – мұнай бағасының шарықтауы. Мұндай пәтуаны сарапшылар айтпай-ақ, қарапайым логикаға салып та ұғуға болады. Бірінші кезекте мұнай өндіруші мемлекеттер санының артуы оның әлемдік нарықтағы бағасының тұрақсыздануына әкеліп соқтырды. Қазіргі таңда әлемде 40-тан астам мұнай өндіруші ел бар. Тізім Сауд Арабиясынан басталып, Тринидад және Тобагодан аяқталады. Осыдан соң ба, мұнай өндіруші елдер «қара алтын» өндірісін азайтатын болдық» деп ресми хабарлама таратқан. Жаһанға жария болған осы жаңалықтың өзі-ақ OPEC-ке мүше жетекші елдерді 32 млрд доллар пайдаға кенелтіпті. Сенбейін десек, бұл мәліметті әйгілі Bloomberg агенттігі алға тартып отыр. Жә, бірді айтып бірге кетті демеңіз, тек ғаламдық нарықтағы қу дақпырттың өзі-ақ қоймалжың қара сұйықтықтың бәсін арттырып тұрғанын айтқымыз келеді. 2016 жылдың қаңтарында АҚШ Иранға салған экономикалық санкцияның күшін жойғаннан кейін, ислам республикасы «қара алтын» тасымалдау «құрметіне» қайта ие болған. Иран бірнеше жыл бойы нарықтағы үлесінен айырылып қалғандықтан, мұнай өндірумен екілене айналысатыны айтпаса да түсінікті.
Ираннан өзге, мұнай нарығындағы АҚШ, Ресей, Сауд Арабиясы сынды елдер де аз сауда жасап жатқан жоқ. Мұның барлығы мұнайға тәуелді мемлекеттердің валюталарына ауыр тиеді. Оның үстіне, Қазақстанның «қара алтыны» шикізаттық мұнай санатына жататыны тағы бар. Мұндайда не істемек керек? Ұлттық банктің аузын бағамыз. Олардың мақсаты – нарықты қарау, бағалау, соған сай сараптама жасау. Сосын, теңге мен долларды сату және сатып алу арқылы ұлттық валютаны тұрақтандыруға тырысады. Енді мына қызықты қараңыз, бірер күн бұрын ғана Brent маркалы мұнай бағасы 60 долларға дейін қымбаттады. Сауда Лондондағы ICE биржасында тіркелген.
Бұл – соңғы екі жылдан бері алғаш рет болып тұрған елеулі жағдай. Сарапшылардың айтуынша, мұнай екі себептен қымбаттап отыр: біріншісі – Сауд Арабиясы қарашадан бастап, мұнай экспортын қысқартатынын мәлімдеді, екіншісі – Күрдістанның тәуелсіздік жариялауға ұмтылуы екен. Осыдан соң, Түркия өз аумағымен өтетін транзитті шектеп тастауға әрекеттеніп жатқан көрінеді. Ал Ирак Күрдістанға толығымен «жердің майын» сатуға шектеу қояды. Бұл жағдай жалпы нарықтан 500 мың баррель мұнайды сылып түсуі ықтимал.
Теңге – кәсіпкер
Теңгенің тұрақсыздануы отандық кәсіпкерлердің арқасын аяздай қарып өтпесе де, аз-маз салқынын тигізеді. Әсіресе, шағын және орта кәсіпкерліктің шашбауын көтеріп жүргендер шаруаларын шатқаяқтатып алуы ғажап емес. Неге? Мәселен, кәсіпкер Еуропаның бір елінен құны 50 мың доллар тұратын аппаратты импорттапты делік. Келіскен кезде теңге бағамы 330 болып, ертеңіне ол 340-қа айналып кетуі бек мүмкін. Бірақ кәсіпкер көбіне-көп табысын теңгемен алатындықтан, оны долларға ауыстырып жіберген кезде жеңіліп жатады. Себеп сол шағын және орта бизнес – қоғамның экономикаға бейімділігін һәм оның өсу қарқынын анықтайтын негізгі сектор. Кәсіпкерліктің бұл саласын дамытпай, мемлекеттің макроэкономикалық ахуалы туралы айтуға ауыз бармайды. Сондықтан мемлекет осы салаға кең көлемде қолдау білдіріп, түрлі жеңілдетілген несиелер мен субсидиялар қарастырған. Ал шағын және орта бизнестің айдарынан жел ессе, халықтың даму деңгейі артып шыға келмек.
Жанармай жаналқымнан алды
Жанармай бағасы сопаң етіп, 157-ге шықты да, сол орнында бедірейіп тұрып қалған. Түсе ме деп едік, жарықтық 160-қа қарай аяңдапты. Тіпті Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданындағы кей бекеттер дүрмекке қиқу қосып, қызды-қыздымен 200 теңгемен де саудалап тастаған көрінеді. Қазір олардың әрекетіне қатысты табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті тексеріс жүргізіп жатыр. Сарапшылар болса, бірінші ретте елімізде мұнай өңдеуші зауыттардың саны артуы тиіс дейді. Рас, жыл сайын әлгі зауыттар жөндеу жұмыстары үшін деп бір айға жабылады. Дегенмен бұл жанармайдың қымбаттап кетуіне себеп болмауы тиіс. Яғни, олар кетсе де ішкі нарықтың бір ай ішіндегі қажеттілігін қанағаттандырып кеткені жөн. Бірақ бұл мәселеге қатысты Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев өз жауабын берген.
«Қазіргі үш зауыт толық қуатпен жұмыс істейтін болса, нарықта 2 млн тонна жанармай ауысып қалады. Оны қалай сатамыз? Төртінші зауытты салып, іске қосатын болсақ, артылып қалатын бензин көлемі 5 млн тоннаға жетеді екен. Оны Қытайға сатамыз ба? Біз бұл тақырыпты күн тәртібінен түсірмейміз» деген еді Премьер-министр. Жақында ғана Павлодардағы көптен күткен мұнай өңдеу зауыты қайта іске қосылды. Зауыт енді күніне 1500 тоннаға дейін жанармай шығаруы керек. Атыраудағы зауыттың іске қосылуы 16 желтоқсанға жоспарланса, Шымкенттегісі келер жылдың екінші жартысында отын шығара бастайды. Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, алдағы бір жылда Қазақстан өз-өзін толық қамтиды. Бұл – әрине, қуанарлық, құптарлық құбылыс.
Жанармай тапшылығының себебі әртүрлі экономикалық факторлармен байланыстырылған. Салдары кімге, не нәрсеге тиеді? Қазір егінге орақ түскен мезгіл тәмамдалып, қамбалар астыққа толып жатыр. Ал ауыл шаруашылығы үшін жанармай ауадай қажет. Сол сұйық отынды қымбатқа сатып алған шаруалар өз өнімдерінің де бағасын арттырады. Ондай экологиялық таза ауылшаруашылық өнімдерін сатып алуға кейде жағдай жетіп, кейде жетпей жататыны да шындық. Министр Қанат Бозымбаев қазан айында елімізге 64 мың тонна жанармай импортталғанын да жеткізді. Қарашада тағы 100 мың тонна отын әкелінеді. Ары қарайғы жанармай жеткізу эстафетасын еліміздегі үш зауыт іліп әкетпек. Бұл ретте күніміз мұнайға қарамас үшін экономиканың басқа салаларын жандандыру – тығырықтан шығар жалғыз жол. Қазірден бастап, ішкі нарықтағы бәсекелестікке төтеп бере алатын өнімдерді көбірек өндіру қажет. Бұл мәселеге қатысты Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов те пікір білдірген.
«Қазақстанның қазір мұнай мен газға тәуелді екені рас. Сол себепті, қызмет көрсету саласына бағытталған экономикамыз әртараптана алмай тұр. «Қара алтынға» тәуелділікті азайтатын жағдай – индустрияландыру бойынша бағдарламаларды қолға алу. Оның нәтижесі де біртіндеп көрініп келе жатыр. Алдағы уақытта жағдай тұрақтануы тиіс» деді Тимур Сүлейменов.
Ғаламдық экономикалық өркениетке лайықты түрде ілесу үшін – елдің ішкі әл-ауқатын нығайту қажеттілігі қатты сезіледі. Осыны ескергендіктен елімізде 2013-2050 жылдар аралығын қамтитын «Жасыл экономика» тұжырымдамасы қабылданды. Мұндай бастама Елбасының «Қазақстан – 2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында айтылған еді. Ол бойынша табиғи ресурстарды шашау шығармай пайдалана отырып, экономикалық тиімділікті арттыру көзделген. Жоспарға сәйкес, 2050 жылға қарай «жасыл экономиканы» жандандырудың арқасында Ж/Ө көлемі ұлғайып, 500 мыңнан астам жұмыс орындары ашылып, кәсіпорындардың тынысы кеңи түсуі тиіс. Мұнайдың бітпес жырын да, доллардың тәкаппарлығын да тәубесіне түсіретін – бірегей сапалы отандық өнімдер және елдің энергетикалық, мұнай секторының сапалы дамуы ғана.
Абай АЙМАҒАМБЕТ