Иордания Елбасы рөлін жоғары бағалайды

1028
0
Бөлісу:

Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Иордания Королі ІІ Абдалламен кездесті. Қазақстан Президенті Иордания Королі ІІ Абдалламен екіжақты кездесулер жоғары деңгейде өтіп жатқанын атап өтті.

– Сіз дипломатиялық қарым-қатынастарымыздың 25 жылдығы қарсаңында келіп отырсыз. Осы жылдар ішінде біз сенімді әрі достық ынты­мақтастық орнаттық. Біз халықаралық ұйымдар аясында бір-бірімізге қолдау көрсетіп келеміз. Иордания Қа­зақстанның жаһандық аренадағы бастамаларын қолдап отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Мемлекет басшысы ауыл ша­руашылығы, фармацевтика, қорғаныс салалары сияқты экономиканың түрлі секторындағы өзара іс-қимылдың нығайып келе жатқанын айтты.
Қазақстан Президенті Иорданияның және оның Королі ІІ Абдалланың Таяу Шығыста бейбітшілік пен қауіпсіздік орнатудағы рөлін ерекше атап өтті.
– Сіз әкеңіз Хусейннің рөлін жал­ғастырып, бейбітшілік елшісіне айна­лып отырсыз. Қазақстан да өз өңірінде осындай рөлді атқаруға тырысуда. Біз – ядролық қаруға қарсы қозғалыс көшбасшыларының біріміз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Иордания Королінің бітімгершілік қызметін жоғары бағалап, оған «Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін» халықаралық сыйлығын табыс етті.
– Бұл – сіздің еңбегіңізге берілген баға. Сонымен қатар сіздің қақтығыстар жағдайында халықтарды жақындататын бітімгерлік рөлді жалғастырады деп сенеміз. Сіздің еліңіз Астана процесіне белсенді түрде қатысып келеді. Иорда­ния бір миллионнан астам сириялық босқынды қабылдады. Сирияға қар­жылық және гуманитарлық көмек көрсетіп отырсыздар. Бүкіл әлем осыны бағалауы тиіс деп есептеймін, – деді Қазақстан Президенті.
Иордания Королі ІІ Абдалла Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстанға шақырғанына алғыс айтып, табысталған марапат үшін ризашылық білдірді.
ІІ Абдалла екі ел арасындағы қарым-қа­тынастың сенімге негізделгенін ай­рықша атап өтіп, Қазақстан Прези­дентінің халықаралық қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеудегі маңызды рөліне тоқталды.
– Сіздің әлемді одан әрі жақсарту және қауіпсіз ету мақсатындағы рөліңізді өте жоғары бағалаймыз. Сіздің көш­басшылығыңыз баршамыз үшін аса маңызды, – деді Иордания Королі.
Соңында Иордания Королі ІІ Аб­далла өз халқы атынан Нұрсұлтан Назарбаевқа бітімгершілік қызметі мен көрсетіп отырған қолдауы үшін ризашылық білдірді.
Иордания Королі ІІ Абдалланың Қазақстан Республикасына ресми сапарының қорытындысы бойынша бірқатар жаңа құжаттарға қол қойылды. Олардың ішінде Қазақстан мен Иордания Хашимиттік Корольдігі арасындағы «Адамдарды ұстап беру туралы келісім», «Сотталған адамдарды беру туралы келісім», «Қылмыстық істер бойынша өзара көмек көрсету туралы келісім», «Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісім» бар.
Сондай-ақ екі ел үкіметтері «Терро­ризмге, ұйымдасқан қылмысқа, есірткі құралдырының, психотроптық заттар­дың, олардың прекурсорларының заңсыз айналымына және қылмыстың өзге де түрлеріне қарсы күрес саласында» ынтымақтасуға уағдаласып, тиісті келісім бекітті.
Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*