Өсім қарқыны биыл да сақталды

1238
0
Бөлісу:

Алдағы желтоқсан айының басында, «Индустрияландыру күні» аясында өтетін телекөпір барысында 18 жаңа нысан салтанатты түрде іске қосылады. Бұл туралы Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жария етілді.
Үкімет мүшелері Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуының 2015-2019 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру барысын қарады.
Бұдан бөлек, күн тәртібіне сәйкес, Ақ­мо­ла облысының Щучинск – Бурабай ку­рорт­­тық аймағын дамытудың 2017-2020 жыл­­дарға арналған жоспары, Астанада ту­ризмді дамытудың 2020 жылға дейінгі жол картасы құпталды. Мұның сыртында «тау-кен өндіру өнеркәсібінде, көлік пен логис­ти­када цифрлық технологияларды қолдану» мәселелері талқыланды, сондай-ақ «Астана агломерациясын аумақтық дамы­тудың өңіраралық схемасы» және «Үкіметтің заң жо­балау жұмыстарының 2018 жылға ар­налған жоспары» бекітілді.
Индустрияландырудың биылғы 9 айдағы қо­рытындыларын шығарған Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, жыл басынан бері өнеркәсіптік өн­діріс көлемі, өткен жылдың осы кезеңімен са­лыстырғанда 5,7 пайызға өсіп, 6,5 трил­лион теңгені құраған. Бұл ретте фармацев­ти­када (+36,1 пайыз), жеңіл өнеркәсіпте (+9,6 пайыз), металлургияда (+7 пайыз), ма­шина жасауда (+6 пайыз), мұнай өңдеуде (+5,8 пайыз), азық-түлік өнімдерінің өн­дірісінде (+5,3 пайыз) және химиялық өнер­кәсіпте (+4,2 пайыз) өсу байқалады.
Министр мемлекеттік бағдарламаның не­гізгі нысаналы индикато­рын­да оң қарқын сақталып отырғанын мәлімдеді. Биыл­ғы 8 айдың қоры­тын­ды­сы бойынша өң­деу өнеркәсібінің экспорты, өткен жыл­дың осы кезеңімен салыстырғанда бірден 23,1 пайызға күрт өсіп, елге 9,9 млрд доллар түсім түсірген. Агрохимия, мұнай өңдеу және қара металлургия секторларында елеулі өсім тіркеліп отырғаны хабарланды.
– Бүгінде қазақстандық өңдеу өнеркәсібі өнім­дері әлемдегі 115 елге экспортталады. Кейбір тауар түрлері бойынша өткізудің жаңа нарықтары ашылды. Алғаш рет «Азия Авто» жеңіл көліктері – Қытайға, «Сарыарқа ав­тоө­неркәсіп» көліктері – Тәжікстанға экс­порт­талды. Отандық ауыл шаруа­шы­лығы машина жа­сау өнімдері – «ДонМар» ком­паниясы шығаратын егін ору машиналары Ресей на­рығына бірнеше жыл қатарынан экс­порт­талуда. Жыл сайын 380-нен астам отан­дық экспортшы қаржылық және сер­вис­тік қол­дау­ға ие болады, – деді Ж.Қасым­бек.
Өңдеу секторына 7 жыл ішінде 26 мил­лиард доллардан астам тікелей шетелдік ин­вестициялар тартылған. Инвестициялар құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі 2016 жылдың қоры­тын­дысы бойынша 19,5 пайызға дейін өсті. Өсім қарқыны биыл да сақ­талды. Өңдеу өнеркәсібіне салынған ин­вестициялар көлемі 3,5 пайызға өсіп, 599 млрд теңгені құрады.
2017 жылғы І тоқсан қорытындысында кә­сіпорындардағы еңбек өнімділігі 16,1%-ға артыпты. Негізінен, өсу мұнай-газ химиясы, қара металлургия, мұнай өң­деу секілді ба­сым­дықты секторларда болған.
– Шағын, орта және ірілерін қоса ал­ған­да, барлық кәсіпорындарда ақырғы көрсет­кіш­тер осы жылдың қорытындысы бойынша қалыптастырылады. Қазіргі өсу беталысын ес­кергенде, биылғы көрсеткіштер өткен жыл дең­гейінен төмен болмайтынын болжай ала­мыз, – деген Ж.Қасымбек тұтастай ал­ған­да, өңірлерде барлық көрсеткіштер бойын­­ша оң қарқын байқалатынын атап өтті.
Инвестициялар және даму министрі­нің байламынша, индустрия­лық-инно­ва­циялық бағдарламаны іске асыру экономика мен өнеркәсіп құрылымының өзгеруіне әсер етті. Мәселен, өңдеу секторының экономика да­муына және ЖІӨ-ге қосқан үлесі 2015 жылғы 10,1 пайыздан 2017 жылдың бірінші жар­тыжылдығында 11,9 пайызға дейін, өнер­кәсіпте – 2010 жылғы 31,8 пайыздан 2017 жылдың 9 айында 40,7 пайызға дейін, ал экспорттағы үлесі 2010 жылғы 27,9 пайыз­дан 2017 жылдың 8 айында 32,7 пайызға дейін өскен.
Министр мемлекеттік бағдарлама ая­сын­да жыл сайын жаңа өндірістер ел игілі­гіне тапсырылып жатқанына назар аудартты.
– 7 жыл және 2017 жылдың 9 айын қоса ал­ғанда, Индустрияландыру картасы ая­сында жалпы құны 5,5 трил­лион теңге со­ма­сындағы 1 мың 80 жоба енгізілді. 101 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Бұл ретте биыл­ғы 9 айда жалпы құны 800 млрд теңге тұра­тын, 4,5 мың тұрақты жұмыс орнын құр­ған 52 жоба іске қосылды. 2017 жылдың соңына де­йін өңірлерде шамамен 10 мың тұрақты жұмыс орнын құра отырып, 700 мил­лиардтан астам теңге сомасына 80-нен астам жобаны аяқтау жоспарда бар, – деді Жеңіс Қасымбек.
Индустрияландыру аясында салта­нат­­ты түрде ашылған, бірақ нарықта өнімі сұраныс тап­пай, қаржы мен түсімнен тарығып, жабы­лып тынған не жұмысы дағдарған объекті­лер­дің кейінгі тағдырына да жеке тоқтала кет­ті.
Ми­нистр­­дің мәліметінше, бүгінгі таң­да 72 проблемалық жобаның жұмысы «ай­рықша бақылауға» алынған. «Кәсіп­орын­дарға инвесторлар іздестіру, жер қойнауын пай­далану бойынша келісім бекіту, банктер ар­қылы несиелендіру, өнімдерін өңірлердегі кә­сіпорындарға өткізуге жәрдемдесу секілді мем­лекеттік қолдау шаралары көрсетілді» деді­ Ж.Қасымбек.
Нақтырақ айтқанда, биылғы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша күйзеліске ұшыраған жаңа жобалардың 40-ының немесе жалпы санының 56 пайызының «бар­лық проблемалары шешілген», «олар тұ­рақты жұмыс жа­сау­да», «қуаттылықтарының жүк­телуі 50 пайызының және одан жоғары» делінді.
– 13 жобаның немесе 18 пайызының жүк­телуі 50 пайыздан кем. Әкімдіктермен бір­лесіп, бұларды толық қуаттылықта жүк­теуге бағытталған жұмыстар жүр­гізі­лу­де. Та­ғы 8 жобаның 11 пайызы тоқтап тұр, бұған кре­диторлармен арадағы қаржылық қиын­шылықтары, өнімдеріне сұраныстың жоқ­тығы, әлемдік нарық­та­ғы бағалардың құл­дырауы, айналымдық қара­жаттарының жоқ­тығы себеп.
11 жобаны ары қарай жүзеге асыру­дан олар­дың меншік иелері бас тартты: екеуі – бан­крот болуына, төртеуі – өндіріс­терін бас­қа салаға қайта бейімдеуге, төртеуі – ары қарайғы қызметтің экономи­ка­лық тұр­ғыдан ұтымды болмауына, тағы біреуі – қаржылық проблемаларына байла­нысты бас тартып отыр. Бұл ретте әкімдіктермен бірге, осы өндірістерді басқа бағыттарға қайта бейім­деуге тыры­сып жатырмыз, – деді Жеңіс Қасымбек. Әрбір жоба бойынша же­ке-жеке «Жол картасы» әзірленген көрінеді.
Инвестициялар және даму министрі биыл­ғы 6 желтоқсанда, «Индустрия­лан­дыру күнінде» ағымдағы жылғы индус­трия­ландыру жұ­мыстарының қоры­тын­дысы шығары­ла­тынын жариялады. «Телекөпір аясында жал­пы құны 399 млрд теңге тұратын 18 жо­ба­ны іске қосу­ды жоспарлап отырмыз. Бұ­дан өзге, 26 жоба бойынша телевизиялық ро­ликтерді көрсету жоспарымызда бар», деген Жеңіс Қасымбек қазіргі уақытта Ақ­парат және коммуникациялар министрлі­гі­мен бірге – телекөпірді өткізуге дайындық жұ­мыстарын жүргізіп, телеарналармен бірге – қолданысқа берілетін кәсіп­орындар туралы бейнесю­жет­тер түсіріп жатқандарын мәлім етті.
Отырыс барысында сондай-ақ индус­т­рия­­ландыру тақырыбында Жамбыл облы­­сы­ның әкімі Кәрім Көкірекбаев, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, ШҚО әкімі Даниал Ахметов сөз сөйледі. Мәселені тал­қылауды қорытын­дылаған Үкімет бас­шысы Бақытжан Сағынтаев «9 айда индуст­рияландыру мемлекеттік бағдарламасын іске асыруда жақсы қарқынына қол жеткізілге­нін» атап өтті. Ол «жыл соңына дейін өңірлер не­гізгі капиталға салынатын инвес­ти­ция­лар бойынша артта қалушылықты жойып, өзге көрсеткіштер бойынша да ілгері озарына» сенім білдірді. Бірінші вице-премьер Асқар Маминге осы барлық мәселелерді жеке бақылауына алу тапсырылды.
Күн тәртібі бойынша осыдан кейін Үкі­мет мүшелері Ақмола облысындағы Щу­чинск – Бурабай курорттық аймағын (ЩБКА) дамытудың 2017-2020 жылдарға арналған жоспарын (ІІІ кезең) және Астана туризмін дамытудың 2020 жылға дейінгі Жол картасын бекітті. Бұл туралы баяндаған Мәдениет және спорт ми­нистрі Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуын­ша, Бурабайда туризмді дамытуға 60 миллиардтан астам қаражат жұмсал­мақ.
– Щучинск – Бурабай курорттық айма­ғын дамыту жоспары 4 бөлім мен 33 іс-ша­радан тұрады. Оған «инфрақұры­лы­м­дық жә­не экологиялық проб­ле­ма­лар­ды шешу», «кө­лік-логистикалық инф­рақұрылымды да­мыту», «қауіпсіздік­ті қамтамасыз ету», «ЩБКА туристік әлеуетін дамыту» бойынша іс-шаралар енгізілген. ЩБКА-ны дамыту жоспары­ның іс-шараларын іске асыруға 61,3 млрд теңге көлемінде қаржы бағыттау жос­парлануда, – деді А.Мұхамедиұлы.
«Астана туристік кластерін» дамыту мә­селесін тілге тиек еткен ол 2017 жылғы 8 ай қо­рытындысы бойынша саладағы инвес­тициялардың ең үлкен көлемі – 19,2 млрд теңге Астанаға тиесілі болға­нын, 1 жыл ішін­де 25,9 пайызға өскенін атап өтті.
«Жылдың басты туристік магниті – EXPO – 2017 халықаралық көрмесі болды, І жар­тыжылдық қорытындысында қонақ үйлер мен мейрамханалар саны 16 пайызға кө­бейді, қонақтарды күтуге дайын бөлмелер 15 пайызға артты. Олар көрсеткен қызмет кө­лемі бірден 23 пайыз­ға ұлғайды. Астана қо­нақ үйлер және басқа да орналастыру орындары санының өсуі бойынша алғашқы үштікке кірді» деді министр.
Бұл ретте елордадағы туризмді дамыту жол картасы 24 іс-шарадан тұрады, олардың ішінде «ішкі және шетел турис­те­рін тарту», «инфрақұрылымды аба­т­тандыру және ту­ристік қызметтер сапа­сын жоғарылату», «Аста­наның жоғары білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет объектілерінің өзін-өзі ақ­тауы және пайдалану тиімділігін арттыру», «меди­ци­­­налық туризмді дамыту», «білім беру туризмі» бойынша іс-шаралар бар.
– Бұларға қатысты қаулыларды қабыл­дау «Астана – Еуразия жүрегі», сон­дай-ақ «Таби­ғат және көшпелі мәдениет тұтастығы» кластерлерінде туризмді ары қарай дамытуға оң серпін беретініне сенемін, – деп нықтады Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Ақмола облысының әкімі М.Мыр­залин мен Астана әкімі Ә.Исекешевтің есептері тыңдалды. Әсет Өрентайұлының айтуынша, жыл сайын бас қаламызға келетін туристер санын 2020 жылға қарай 2 миллионға, оның ішінде шетелдік сая­хатшылар үлесін – 1 миллионға жеткізу жос­парланып отыр.
Талқылауды түйіндеген Премьер-ми­нистр Бақытжан Сағынтаев Ақмола облысы мен Астана әкімдерін, мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, аталған Жоспар мен Жол картасы іс-шараларын сапалы және уақытылы іске асыруды қамтамасыз етуге міндеттеді.
Үкімет мүшелері отырыста Қазақ­станда логистикалық саланы цифрлан­дыру аясында интеллектуалды көлік жүйесі құрылатынын білді. Бұл туралы министр Жеңіс Қасымбек құ­лағдар етті. Оның айтуынша, әзірге отан­дық көпте­ген кәсіпорындардың «Индуст­рия 4.0»-ге толық көшуге технологиялық және ұйымдастырушылық базасы жеткілікті болмай отыр. Елбасы тапсырған «Индус­трия 4.0» элементтерін енгізуге кедергі болған те­жеуіш факторларға «бизнестің цифрлан­дырудан түсетін экономикалық пайданы жете түсінбеуі», «отандық әзірлемелердің және автоматтандыру мен цифрландыру бойынша біліктілік­тер­дің нашар дамуы», «білікті кадрлардың жеткіліксіздігі», «қар­жылық ресурста­р­дың шектеулілігі», «инф­рақұрылымның жетіспеуі» жатады.
Осы кедергілерді жою үшін халық­ара­л­ық тәжірибені ескере отырып, бірнеше бағытта жүйелі іс-шаралар түзіліпті және олар «нор­мативтік реттеуді жетілдіруді», «цифрлық инфра­құ­ры­лым­ды, сондай-ақ Индустрия 4.0 тех­но­ло­гия­лары бойынша отандық біліктілік пен технологияларды өркендетуді», «адами капиталды дамытуды», «ынталандыру­дың қаржылық және басқа да шара­ла­рын» қам­тиды.
Үкімет мүшелері осы күні «Астана агло­мерациясын аумақтық дамытудың өңірара­лық схемасын» бекітті. Ол бойынша елорда­лық агломерацияның өзегі Астана қаласы болады, сондай-ақ агло­мерация аумағына Ақ­мола облы­сы­ның 3 ауданы – Аршалы, Це­линоград, Шортанды аудандары толы­ғымен, Ақкөл ауданының 4 округі кіреді. Агло­мерация халқының саны 2030 жылға қа­рай 1,6 млн адамға дейін жетеді деп бол­жануда. Бұл ретте «контрмагнит» қалалар мен индустриялық аймақтар белгіленді, олар­ға Астананың халық саны жағынан шек­­тен тыс жүктелуін болдырмауға, өзге өңір­лерден келетін көші-қон ағындарын өзіне «тар­тып» әкету «миссиясы» жүк­те­ле­ді. Әлеует­ті контрмагниттер ретін­де Ақкөл қа­ла­сы мен Ақмол ауылы анық­тал­ды. «Ар­ша­лы», «Төңкеріс» және «Жайнақ» индуст­рия­лық аймақтары өнер­кәсіп өнімі өндірісінің 144%-ға өсуін қамтамасыз етеді.

 

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*