Саяси диалогты жолға қою қажеттігі айтылды

1196
0
Бөлісу:

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Сирия қақтығысын реттеу мәселесі бойынша Астанада өтіп жатқан келіссөздерге қатысқан делегациялардың жетекшілерімен кездесті.

Кездесуге Ресей Федерациясы делегациясының жетекшісі Александр Лаврентьев, Түркия Респуб­ликасы делегациясының жетекшісі Онал Седат, Иран Ислам Республикасы делегациясының жетек­шісі Джабери Ансари және бақылаушы
елдер – Америка Құрама Штаттары делега­циясының жетекшісі Дэвид Саттерфилд пен Иордания Ха­ши­миттік Корольдігі делегациясының жетекшісі Уасфи Тель, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілі Стругар Милош қатысты.
Мемлекет басшысы Сириядағы қақтығысты реттеудің маңыздылығына тоқталып, бүкіләлемдік қоғамдастық бұл мәселенің шешілуіне зор мүдде­лілік танытып отырғанын атап өтті.
– Сіздердің жұмыстарыңыз – барша әлем наза­рында. Қаза болғандар мен босқынға айналған­дардың өте көптігі бүкіл адамзатқа орасан нұқсан келтірді. Қазақстан Ресей мен Түркия президент­терінің өтініші бойынша Астанада бас қосып, келіссөз жүргізуге жағдай жасады. Бүгінде сол келіссөздердің жетінші раунды өтіп жатыр. Барлық тараптар бұл үдерістің тиімді екенін айтуда, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті Астана процесі Жене­вадағы келіссөздердің тиімділігін арттыруға септігін тигізетінін айтты.
Мемлекет басшысы Астанада өткен бірқатар басқосудың қорытындысы бойынша қол жеткі­зілген нәтижелерге тоқталды.
– Сіздер бірнеше өңірдегі әскери іс-әрекеттерді бәсеңдету мәселесін шештіңіздер. Бұдан арғы іс-қимыл тетіктері әзірленіп, гуманитарлық ахуал жақсарды. Оқ атуды тоқтату режимін сақтап қалудың маңызы зор, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар Астана процесіне қатысушы елдер делегацияларының жетекшілері сөз сөйледі.
Александр Лаврентьев Сириядағы жағдайды реттеуге арналған келіссөздердің аралық қорытын­дыларын талқылауға мүмкіндік жасалғаны үшін ризашылық білдіріп, қақтығысқа қатысты қазіргі жағдайға өз бағасын берді.
– Жұмыс басталғалы көп уақыт өтті. Оң нәтижелер бар. Деэскалация аймақтары елдегі жағдайдың тұрақтануына және саяси реттеу үдерісіне біртіндеп көшуге көп септігін тигізді. Астана процесі аясында ұрыс қимылдарын тоқтату режимін қатаң сақтауға тырысудамыз, – деді Ресей делегациясының жетекшісі.
Бұдан бөлек, А.Лаврентьев қақтығысты реттеу­дің жекелеген мәселелері жөнінде әңгімелеп, одан әрі шешімін табу үшін саяси диалогты жолға қою қажеттігін атап өтті.
Түркия Республикасы делегациясының жетек­шісі Онал Седат Астанадағы келіссөздердің ерекше маңыздылығына тоқталып, осы мәселені шешуге атсалысқаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа риза­шылығын білдірді.
Иран Ислам Республикасы делегациясының жетекшісі Джабери Ансари терроризммен күресті жалғастырып, өңірдегі шиеленісті бәсеңдету үшін шаралар қабылдау қажеттігіне баса назар аударды.
Бақылаушы елдердің өкілдері Сирия қақ­тығысын бейбіт реттеу үдерісіндегі Қазақ­станның және Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке рөлін атап өтіп, Астанада келіссөздер өткізуге мүмкіндік бергені үшін алғыс айтты.
БҰҰ-ның бас сарапшы-консультанты Стругар Милош еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі бел­сенді қызметі үшін алғыс айтып, Сирия мәселесі бойынша саяси шешім қабылдаудың маңызды екенін атап өтті.
Соңында Қазақстан Президенті келіссөздерге қатысқандардың барлығына өңірде бейбітшілік орнатуға атсалысқандары үшін тағы да риза­шылығын білдірді.
– Кез келген келіссөз, диалог – болашаққа бастайтын жол. Бәріміз бұл мәселенің бейбіт шешілгенін қалаймыз. Егер барлық елдердің күш-жігерін біріктіріп, ортақ коалиция жасамасақ, терроризмді жеңе алмаймыз. Біз келіссөздерді жалғастыру үшін барлық жағдайды жасауға күш салып отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.

Бөлісу:

Пікір жазу


*