ЕҢБЕК МИГРАНТТАРЫ ЕСЕЛЕНІП КЕЛЕДІ

1313
0
Бөлісу:

Әлемдегі барлық мемлекеттерде экономикалық тұрғыда өз мемлекетінің қаржылық жағдайының тұрақтылығын сақтап қалу мақсатында көші-қон туралы заңына өзгерістер енгізеді, реформалар жасайды. Бұл – қазіргі заманның талабы. Өйткені еңбек миграциясы бүгінде мемлекетаралық деңгейде етек алып отыр. Бұл жағдайды бақылауға алып, кейбір мәселелерді уақытылы ескермесе, экономиканың дамуына кері әсерін тигізеді.

Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, белгілі бір елдегі экономиканың құлдырауы жұ­мыс­шы күшіне деген сұранысты азайтады. Бас­қа бір мемлекеттер үшін керісінше, эко­но­ми­каның жоғары өрлеуі жұмыс к­ү­шіне сұра­нысты арттырады. Мысалы, Ре­­сейде жұмыс күшінің басым бөлігі Ор­та­лық Азия мем­лекеттерінің аза­мат­та­ры­нан құралса, Гер­мания, Ұлыбританияда Еуропа елдерінің азаматтарынан құралған. Мұндай дамыған мемлекеттер эко­но­ми­калық жағдайдың өзгеруіне қарай миг­ра­циялық заңдарына өзгерістер енгізіп рет­­теп отырады.

Соңғы жылдары Өзбекстан, Тәжік­стан, Қырғызстан сияқты көрші мемле­кет­тердің азаматтары біздің елге жұмыс із­деп көптеп ке­летін болды. Қазақстанда эт­никалық те­пе-теңдікті реттеу мақса­тын­да шетел­дер­ден келетіндерге азамат­тық алу мен тұруға рұқ­сат алудың күрделі про­цедурасы бел­гі­ленген. Жалпы ереже бойынша, шетел аза­­­маттарына мем­ле­кеттік қызметтерге тұруға, сайлауға қаты­су­ға, кәсіпкерлікпен айналысуға және та­ғы басқа бірқатар жұмыстарға заңмен тыйым салынады. Деген­мен соңғы жыл­дарда елімізге заңсыз келген еңбек миг­ранттарының саны ұл­ғайып бара жатыр, бұл үлкен алаңдау­шы­лықты білдіреді. Қа­зақстанда пайдала­ны­латын шетелдік жұмыс күшінің басым бө­лігі – маусымдық жұмыстарда істейтін, бел­гілі бір саланың ма­маны емес, біліктілігі тө­мен адамдар. Осы тұрғыдан алғанда, ­елі­міздегі заңсыз миг­­рацияның қазіргі жағ­дайы – өзекті мә­селелердің бірі. Бір жа­ғынан қарасақ, ар­­зан жұмыс қолы ретінде еңбек миг­рант­та­рының елімізге келуіне Қа­зақстан аза­мат­тары көмектеседі.
– Жуалы ауданы ұлы Жібек жолының бойында орналасуына байланысты, көші-қон мәселесі мұнда да өзекті. Мигрант­тар­­дың жұмыс істеуге рұқсаты болғаны­мен, заң бойынша оларға кәсіпкерлікпен жә­не құры­лыс жұмыстарымен айналысуға бол­майды. Тек жалдамалы жұмысшы ре­тін­де жұ­мыс істеуге құқылары бар. Алайда бұл та­лап жиі бұзылады. Шетел азамат­тары, әсі­ресе, мемлекетіміздің оңтүстік об­лыстарына көптеп келіп құрылыс жұ­мыс­тарымен айналысуда. Мысалы, 2017 жыл­дың 9 айында Жуалы аудандық со­тын­да шетелдік 40 азаматқа Қазақстан Респуб­ликасының Әкімшілік құқық­бұзу­шылық туралы Кодексінің 517-ба­бында көз­делген әкімшілік құқықбұзу­шылық бойынша іс қозғалып, шетел­дер­ден кел­ген 34 гастар­бай­тер Қазақстан ау­­мағынан шығарылды. Оларға шетел­дiк­тiң немесе аза­маттығы жоқ адамның Қа­зақ­стан Рес­пуб­ликасының ха­лық­тың кө­ші-қоны са­ла­­сындағы заңна­ма­сын бұз­ғаны үшін жа­за қолданылды. Мұн­дай жағ­дай Жам­был облысының барлық ау­данында да бай­­қалады, тіпті бүкіл респуб­ли­ка аума­ғында осындай жағдай орын ал­ған.
Қазақстан Республикасының кейбір заң­­намалық актілеріне халықтың көші-қо­ны және жұмыспен қамтылуы мә­се­ле­лері бойынша өзгерістер мен толық­тыру­лар енгізу туралы заңы 2015 жылғы 24 қараша­дағы №421-V заңымен Қазақстан Рес­публикасының Әкімшілік құқық­бұзу­шылық туралы Кодексіндегі 517-баптың бесінші бөлігіне өзгеріс енгізілді. Онда Қа­зақстанға уақытша келген шетелдiктiң не­месе азаматтығы жоқ адамның жүзеге асы­ратын қызметі визада және тіркеу ке­зінде көші-қон карточкасында көр­се­тіл­ген мақсаттарға сәйкес болмаса, Қазақ­стан Республикасының көші-қон заң­­­намасын бұзуы немесе көші-қон мәселелері жө­нін­дегі уәкілетті орган берген өз бетінше жұ­мысқа орналасу үшін біліктілік сәйкестігі туралы анықтаманы немесе рұқсаттарды алмастан Қазақстан Республикасында еңбек қызметін жүзеге асырса – жиырма бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады немесе он тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алы­нады. Сондай-ақ Қазақстан аумағынан шы­ғарып жiберіледі деп көрсетілген. Бұл өзгеріс 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Шетел азаматтарының осындай әкімшілік құқықбұзушылықтары мемлекет тарапынан бақылауға алынып, тиісті шаралар жасалуда. Экономикалық тұрғыда бұл мемлекетке зиян келтіріп мем­лекет қауіпсіздігіне кері әсерін тигізуі мүм­кін. Сонымен қатар мемлекетіміздің ішкі капиталының сыртқа кетуі экономикамызға кері әсерін тигізеді, бұған біз назар аударуы­мыз керек, – дейді Жуалы аудандық соты­ның бас маманы, сот мәжілісінің хатшысы Дулат Досыбайлы.
Еліміздің оңтүстік аймақтарына жыл сайын жаз уақытында заңсыз келетін еңбек мигранттары мыңдап саналады. Жер-жерде құрамына көші-қон, жол полициясы бөлім­шелері, есірткі бизнесіне қарсы күрес және криминалдық полиция басқармасының тергеу және анықтау басқармасының, ІІД, ҰҚКД қызметкерлері мен Шекара қызме­тінің бөлімдері кіретін жылжымалы арнайы топтар құрылып, заңсыз миграцияны анық­тайды. Олардың негізгі міндеті – заңсыз миг­ранттардың орнығуы мүмкін орын­дарды, жолаушылар тасымалдайтын ав­тобустарды, жеңіл және жүк автокөлік­терін тексеру.

Жамбыл облыстық Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Орал Үдербаев­тың айтуынша, осы айдың басында облыс аумағында жүргізілген «Заңсыз келуші» жедел-алдын алу шаралары барысында екі күннің ішінде ТМД елдерінің 447 азаматы және алыс шетелдерден келген 7 адамның Қазақстан көші-қон заңын бұзғаны анықталып, әкімшілік жауапқа тартылған. Солармен бірге, қабылдаушы тарап ретінде көші-қон заңын бұзған Қазақстанның 12 азаматы және шетелдік азаматтарды жұмыс күші ретінде заңсыз пайдаланғаны үшін 17 қазақстандық әкімшілік жауапқа тартылған. Келім­сек­терді анықтау рейдтері кезінде мигра­ция­лық полиция аты-жөндерін анықтау үшін 42 шетел азаматын оқшаулау бөліміне жеткізіпті. ТМД елдерінен рұқсат құжа­тынсыз келген 234 адам елден шыға­рылған, 135 шетелдік азаматтың Қазақ­станда болу мерзімі қысқартылған. Қыл­­мыс­тық кодекстің 392-бабы (рұқсат бере­тін белгіленген құжатсыз мемлекеттік шекарадан қасақана заңсыз өту) бойынша 4 қылмыстық іс қозғалыпты.
Оңтүстік Қазақстан облысында да осындай шаралар жиі өткізіліп тұрады. ОҚО ІІД Көші-қон басқармасының қызметкерлері «Заңсыз келуші» жедел профилактикалық іс-шарасын қорытын­ды­­лады. «Шараның мақсаты – облыс ау­ма­ғында заңсыз келушілерді анықтау, сондай-ақ көші-қон заңнамамасын бұз­ған­дарды анықтау мен қылмыстың ал­дын-алу. Сарыағаш ауданында поли­цей­лер рейдтік іс-шара жүргізу барысында ферула-дәрілік өсімдіктерді жинаумен айналысқан Ауғанстанның 108 азаматын ұс­тады. Құжаттарын тексеру кезінде олар­­дың ОҚО аумағында еңбек етуге рұқ­сат қағазы болмағаны анықталды. Қазіргі таң­да заңбұзушылықтарға қатысты ӘҚБтК-нің 517-бабымен әкімшілік іс қозғалды. Сонымен қатар шетел аза­мат­тарын заңсыз еңбекке пайдаланғаны үшін тәртіп сақшылары 1988 жылы туған Қазақстан азаматын ӘҚБтК-нің 519-ба­бы­мен әкімшілік жауапкершілікке тарт­ты. ОҚО ІІД Көші-қон полиция қыз­мет­кер­лері өзге де қызмет өкілдерімен бір­­­лесе «Заңсыз келуші» жедел іс-шара­сы­ның 3 күнінде көші-қон заңын бұзған 1000-нан аса азаматты анықтады, оның 951-і – шетел азаматы. 469 заңбұзушыға ескерту жасалып, 128 азаматқа әкімшілік айыппұл салынды және 251 шетелдік әкімшілік қамауға алынды. ОҚО ІІД қабыл­дап-бөлу мекемесіне өзімен бірге жеке басын анықтайтын құжаты жоқ 101 заңбұзушы жеткізілді. Сот шешімімен 197 шетел азаматы ел аумағынан шығарылды. Көші-қон заңнамасын бұзған және шетел азаматын еңбекке заңсыз пайдаланғаны үшін еліміздің 94 азаматы әкімшілік жауап­кершілікке тартылды. Сондай-ақ Қазақстан аумағынан шығару туралы сот шешімін орындамаған 2 шетел азаматына қатысты қылмыстық іс қозғалды» деп хабарлады ОҚО ІІД Салтанат Қаракөзова.
Оңтүстік Қазақстан облысындағы Мақтаарал ауданы Өзбекстанның үш облысымен шектеседі. Жыл басынан бері Мақтаарал аудандық ІІБ 500-ден ас­там көші-қон заңын бұзушыларды анық­таған. Оқ­шау­лау бөліміне жеке бастарын куә­ландыратын құжаттары жоқ 40-тан ас­там адам жеткізіліп, 50-ден астам ше­тел­­дік аза­мат­тар Қазақстан шекара­сы­нан шыға­рылды, – дейді полиция капитаны Есімжан Нәдіров.

Қайыржан ТӨРЕЖАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*