JAN’A QARIPKE KO’S’Y’ – BEREKELI IS

1678
0
Бөлісу:

26 қазанда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Қаулысы шықты. Сол арқылы латын графикасына негіз­делген қазақ тілі әліпбиі бекітілді. Қазақ тілінің латын қарпіне негізделген жаңа әліпбиі 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшетін болады. Елбасы Қау­лысына байланысты ақжарма тілектер мен ой-пікірлерді жинақтап жариялап отырмыз.

Төлеубек МҰҚАШЕВ,
Сенат депутаты:

КОМПЬЮТЕР ТІЛГЕ ИКЕМДЕЛУІ ТИІС

– Қазақ тілінің латын графикасына өту кезеңінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлығының маңызы зор екені даусыз.
Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қазақ жазуының тарихына арнайы тоқталды. Онда Еуразия кеңістігінде белгілі болған Орхон-Енисей руна жазбаларынан бастап Х-ХХ ғасырларды қамтыған кезеңде немесе Қазақстанның территориясында ислам қабылданған кезден бастап 900 жылдан аса уақыт аралығындағы араб графикасының қолданылуына және өткен ғасырдың 40-жылдарынан бері кириллицаға өткен қазақ әліпбиінің тарихына мұқият талдау жасалды. Латын әліпбиіне көшу заман талабы екендігі атап өтілді. Бұл заманауи технологиялық ортаның және қазіргі уақыттағы цифрлық Қазақстанға өтуімізге орай, сонымен қатар ХХІ ғасырдағы ғылым-білім беру үрдісінің ерекшеліктерін байланыстырып отыр.
Жазуды өзгертудің жағымды тұстары бар. Жағымды жақтарына өз ерекшелігімізді сақтап қалу, әлемдік интеграция, ақпарат алу мүмкіндіктерін дамыту жатады. Латын әліпбиі әлемде танымалдыққа ие. Біріншіден, латын әліпбиінің арқасында жастарымыздың ғаламтордан ақпарат алуға көптеген мүмкіндігі, білім және ғылым саласындағы кеңістікке, тез арадағы оқуға, үйренуге қолжетімділік болады. Екіншіден, түркі әлемі мен Қазақстанның бірігуіне жол ашылады. Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркіменстан сияқты елдермен ортақ жазбаға ие болу – еліміз үшін пайдалы.
Латын әліпбиіне өтудің қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін көтеруге ықпалы зор. Себебі тіліміз басқа елдердің тілдерімен бірдей деңгейде тұрады және өзге елдермен қарым-қатынас жасауда жеңіл болады.
Әліпби ауыстырудың саясатқа да, басқаға да қатысы жоқ. Ең басты қажеттілігін тілдің өзі талап етіп отыр. Тілдің ішкі-сыртқы жағдайы қазіргі жазудың (орфография) айтылымға (орфоэпияға) кері әсер етіп, өзге тілден кірген сөздердің салмағы арта түсіп, кірме дыбыстардың төл сөздеріміздің фонетика-грамматикалық талаптарын бұза бастауы секілді түрлі жағдайлар әліпби өзгерту мәселесін алға тартты. Демек, әліпби өзгерту тек кирилл әріптерін латынмен алмастыру ғана емес, жазу саласында да реформа (қайта қарау) жасау қажеттігін талап етеді.
Осы орайда, тіліміздегі әріптерді қысқартып, компьютерге икемдеу керек дегенді желеу етіп, тіліміздегі бар дыбыстарды орынсыз қысқартып жіберуге де болмайтынын ескеруіміз қажет. Тілімізде бар дыбыстардың арнайы таңбасы болуы тиіс. Компьютерді тілімізге икемдеудің орнына, тілімізді компьютерге икемдегеніміз дұрыс емес. Сонда тіл компьютерге қызмет ету керек пе деген ой туады. Қытай, жапон сияқты елдер өздерінің иероглифтерін компьютерге енгізіп отыр. Олай болса, қазақ тіліндегі 28 фонеманы компьютер пернетақтасына орналастыруға әбден болады.
Әлемнің озық елдері игілігін көріп, көпшілігі қолдап отырған латын әліпбиіне біздің де көшкеніміз дұрыс деп ойлаймын. Қазіргі таңда латын әліпбиі үлкен беделге ие болып, қолданыс аясы да, мүмкіндігі де зор екендігін танытып отыр. Сондай-ақ графизация (әріп таңбалау) заңдылықтары әріптің ерекше дыбысты таңбалау, көру, оқу, жазу талаптарына сай келуін қажет етеді. Өйткені ана тілінің ерекше дыбыстары, құрылымы адамның денсаулығына, көңіл күйіне, сезім-санасына, рухани дамуына зор әсер етеді. Осы тұрғыда тиісті ғалымдар, мамандар зерттеу жүргізіп, насихаттау жұмысын жүргізуі қажет.
Жер бетінде латын әліпбиі барлық салада қолданылады. Барлық дәрі-дәрмек атауы, математика, физика, химия формулалары, көптеген терминдер, мамандықтарға қатысты ғылыми әдебиеттер – барлығы да латын әліпбиімен байланысты. Сондықтан да оларды өзіміздің қазақ тілімізге аудару жұмысымызды жеңілдетеді.


Дархан ЖАЗЫҚБАЕВ,
Философия ғылымдарының кандидаты:

Тарихи жарлық

– Қазақ тілі әліпбиінің кириллицадан латын графикасына көшу мәселесі қоғам талқысында жүргелі жиырма жылдан астам уақыт өтті.
Осы жылдар ішінде латын әліпбиіне өту мәселесі қоғамда пісіп жетілді.
Елбасы қоғам талқысында талай жылдан бері жүрген мәселеге аса көрегендікпен қарап, өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында латын әліпбиіне өту қажеттігін нақты айқындады.
Дегенмен латын графикасына ауысу әртүрлі алаңдарда талқылауларға түсіп, сарапшылардың сүзгісінен өтті, тіл мамандарының пікірлері тыңдалды. Жалпы, халықтың пікірі әлеуметтік желілер, ақпарат құралдары арқылы ортаға салынды.
Бұл мәселенің халық арасында қызу талқыға түсуінің өзі, елімізде демократиялық институттардың әртүрлі сатыда жетіліп келе жатқанын айқындайды. Олай дейтінім, алғашқы ұсынылған диграфтік нұсқа өзгертілді, елдің пікірі ескерілді деуге болады.
Сондықтан да Елбасының Жарлығы – көптен бері талқыда жүрген бастаманың оң қадамы. Бұл – тарихи күн. Тарихи жарлық. Елдің мүддесі, тілдің мүддесі үшін жасалып отырған берекелі іс. Олай болса, тәуелсіздіктің тарихына тағы бір айтулы оқиға енді. Елбасымен бірге мақсат айқын, мүдде бір. Мемлекеттің дамуы үшін, рухани жаңғыру үшін жасалған нық қадам.
Графиканың ауысуы – рухани жаңғыруға түбегейлі бетбұрғандықтың белгісі. Қазақ халқының «Уайым түбі тұңғиық – батасың да кетесің, тәуекел түбі жел қайық – мінесің де өтесің» деген сөзі бар. Әрине, қоғамда қорқыныш, алып-қашпа әңгіме көп. Ол заңды. Әр жаңа нәрсе қашанда қорқыныш туғызатыны айқын. Сондықтан тәуекел деп латын әліпбиіне өткелі отырғанымыз – талай жылдың сүзгісі, пісіп жетілген қорытындысы.
Бұл орайда әліпбиді ары қарай санамызға сіңіріп, ойымызды тоғыстырып, бәріміз бір жүйедей жұмыс атқарғанымыз маңызды.
Қоғам болып атсалысуымыз арқылы азаматтық санамыздың жоғары екенін көрсететін уақыт келді. Ендеше, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру – біздің азматтық борышымыз.


Алдан СМАЙЫЛ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

Мақсатымыз – өркениетті елдер қатарына қосылу

– 1993 жылы Анкарада түркі мемлекеттерінің ғалымдары бас қосты. Біз де сол заманда-ақ латынға көшпекші болғанбыз. Әбдуәли Қайдар сияқты академик ғалымдарымыз қазақ тіліне бейімделген латын әліпбиінің алғашқы нұсқасын жасаған еді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, қиын-қыстау кезеңдері Әзірбайжан, Түркіменстан мен Өзбекстан латынға бірден көшіп кетті. Олардың ерте көшуінің бір себебі – Ресейдің идеологиялық ықпалынан кету еді. Қай жағынан алсақ та, олар 70 жыл бойы қоластындағы елдерге рухани қысым жасап келді, тарихымызды бұрмалап, елдігімізді айтқызбады. Тәуелсіз ел болып қайтадан жаңғыру үшін осындай ықпалдан арылу керек болды. Өкінішке қарай, біз біраз кешеуілдеп қалдық. Одан кейін де латынға көшу мәселесі екі рет көтеріліп, кейінге қалдырылды.
Бұл мәселе қолға алынып, бір нәтиже шықты. «Нұр Отан» партиясының кеңесінде арнайы талқылау болғанда, біз латын әліпбиінің бірінші нұсқасын сынаған болатынбыз. Себебі, бір дыбысты қосарланған екі-үш әріппен бергені дұрыс болмады. Сол тұста мен араб әліпбиінде жіңішкелік, жуандық белгісі барын айта келе, дәйекшенің әр жерде қойылуынан әртүрлі дыбыс берілетінін жеткізген едім. Басқалар да осы ұсынысты айтқан болуы керек, ақыры соңғы нұсқасы бекітілді. Бұл – қосарланған әріптер нұсқасынан жеңілірек.
Жалпы, мұның бәрі – шартты нәрсе. Түпкі мақсатымыз – өркениетті елдердің қатарына қосылу. Бұл жерде көп мәселе қаржының қаншалықты бөлінетініне, мемлекетіміздің ғылымға, білімге қалай қамқорлық жасайтынына байланысты. Латын әліпбиіне көше салысымен жағдай күрт өзгереді деу қиын. Бізде үлкен база болуы керек, ғылыми-зерттеу институттарының потенциалы зор болуы тиіс. Қазір Қазақстанда ағылшын тілін білетін, латын әліпбиінде жазатын жастар көп. Олар біздің латынға көшуімізді күтіп отырған жоқ. Мәселен, менің екі немерем де түрік лицейінде оқыды, ағылшын мен латын әліпбиін бірдей біліп шықты. Яғни, Қазақстандағы жастардың 20-30 пайызы бізсіз-ақ латын әліпбиіне көшіп кеткен. Латын әліпбиі – нағыз халықаралық әліпби. Менің ойымша, Қазақстан толықтай латын әліпбиіне көшуі керек.


Мұрат ЖҰРЫНОВ,
Ұлттық ғылым академиясының президенті:

Жалпытүріктік алфавит құрастыруға болады

– Бұл – 1994 жылдан бері талқыланып келе жатқан мәселе. Бұдан кейін оны талқылаудың қажеті жоқ. Екіншіден, барлық өркениетті мемлекеттерде Президенттің Жарлығы талқыланбайды, орындалады. Бізде де солай болуы керек. Президентіміздің жарлығына дейін барынша талқыладық, енді оны жүзеге асыратын уақыт жетті.
Жаңа әліпбиді тәжірибеге енгізуге де уақыт керек. Сондықтан енді оның методикасын жасауға, сол бойынша сөздік құрастыруға бет бұрған жөн. Осылайша, жәймен латын қарпін күнделікті өмірізге енгізген дұрыс. Біздегі нұсқа – бүкіл түркітілдес мемлекеттердің ішіндегі ең ыңғайлы әрі заманауи әліпби. Мұнда тек компьютердің драйверіндегі таңбалар ғана бар. Оған қосымша белгілер қажет болмағандықтан, қазақ әліпбиін кез келген стандартты компьютер арқылы қолдана бересіз. Бұл – тамаша шығармашылық табыс. Одан бөлек, Ыстамбұлда 1994 жылы жалыптүріктік әліпби қабылданды. Бірақ ол күнделікті қолданысқа еніп кете алған жоқ. Өйткені ондағы әріптердің кейбірі компьютерде болмады. Қазір заманауи технологиялармен санасатын кез. Сондықтан біздің апострофпен жазылатын принципіміз арқылы болашақта қолданбалы жалпытүріктік алфавит құрастыруға да болады.


Асылы ОСМАН,
Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі:

Құндылықты жеткізетін – тіл

– Әрбір қоғамдық ой өз дәуірінде ғана туады. Уақыт ағымы өзгерсе де, адам бол­мы­сы мен ұлттық құнд­ы­лық­тар өзгермеуі тиіс. Сол ұлт­тық құндылықтарды жеткізетін – тіл. Ол – ұлт­тың жаны, рухының үні, ең құнды дүниесінің алтын қой­масы. Тілді жазбаша жазып таңбалайтын – әліпби.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың мақаласында бүгінгі ғана емес, келер ұрпақ үшін де аса маңызға ие, ұлы көшке бастар тағы бір игі бастаманы қолға алуды ұсынып отыр. Ол – латын әліпбиіне көшу жөніндегі бастамасы. Елбасы бұл туралы көптен бері айтып келеді, дегенмен дәл осы жолы қоғамның алдына латын әліпбиіне көшуді маңызды міндет ретінде қойып, оған көшу үшін мазмұнды да мәнді іс-шаралар мен ұлт үшін құнды оң батыл қадамдар жасауды тапсырды. Бұл барлығымызға да аса жауапкершілікті жүктеп отыр.
Бүгінгі латын әліпбиін таңдаудың жөні де, реті де бөлек. Яғни, басты мәселе қазақ әліпбиін латын әліпбиімен таңбалау. Ол – ұлт мұраты мен міндетіне қызмет ететіндей болу. Латын әліпбиі арқылы алты Алаштың тілін алты құрлыққа танытуға ұмтылып отырмыз. Біз осыны бағалай білейік. Үштілділік тұғырнаманың түп-тамырында да осы латынға деген бетбұрыс жатқандығы қоғамға түсінікті. Осы мақаласында Елбасы бірінші етіп сананы алға тартты. Ұлттық тәрбиені қолға алу керектігін айтты. Ондағысы ұлттық тәрбие жастардың санасына сәуле түсіріп, ойын ұлтына бұрады деген үміті еді.
Әліпби – тек графикалық сызба емес. Ол күллі бір жұртшылықтың даму траекториясына әсер ететін құрал. Сыртқы формасымен өлшесек, латын қарпі – ғаламдық қауымдастыққа интеграциялану­дың алтын көпірі. Көшудегі артықшылықтары мен ауыртпашылықтары туралы ашық та кең түрде қозғауымыз керек-ақ.
Қазақтың әліпбиі де ұлтының тағдыры секілді талай тарихи кезеңдерді басынан өткергендігін білеміз. Алдымен – арабша, 1929 жылы – латын, одан кейін ХХ ғасырдың 40-жылдарының басынан бастап, күні бүгінге дейін кириллицаны қолданып келеміз. Бұл қаріп бізді көштен қалдырған жоқ. Дегенмен ұлттың ұлы тарихын, ұлтымыздың бүгінгі ұлы мұратын әлемге танытуда аяққа тұсау болып отырғандығын жасырмауымыз керек. Олай болса, біз неден аяқ тартуымыз қажет. Жоқ, еш нәрседен тайсалмай латын әліпбиіне көшуді ел дамуының ең басты мүддесі ретінде қарастырып, оған ұлт болып тұтасып кірісуіміз қажет.
Латын әліпбиіне көшу дегенді қиынсынып жүргендерге айтарым, біз еш қиындыққа тап болмаймыз, бар болғаны қазақ әріптерін латын әріптерімен таңбалаймыз. Бұл таңбалау қазақ тілінің бірде-бір әрпіне, буынына, әуезді үніне кері ықпалын тигізбейді, керісінше, қазіргі кезде бағы ашылмай жүрген кейбір сөздеріміздің бағы ашылып, дүйім дүниеге өз әуезімен жететін болады. Латын әліпбиіне көшу арқылы біз әлем көшіне қазақ болып ілігеміз. Алашты әлемге асқақтатады. Олай болса, кері тартпай, алға ұмтылайық. Бұл бір күнде бір жылда шеше салатын оңай дүние емес. Тек ықыласымыз, ниетіміз оң болсын! Бұл болашақ үшін, келер ұрпақтың жаңа тағдыры үшін қажет.
Әліпбиді ауыстыруды өте орынды деп есептеймін. Шын мәнінде, ұлтымыздың рухани баюына себін тигізетін, ұлттың келешегін кемелдендіретін, әлем көшіне ілестіретін жақсылықты жатсынбайық! Әлемдегі халықтардың басып өткен даму жолдарын сараптап, өзімізге үлгі болатын құндылықтарды мемлекеттік идеяға негіздегеніміз жөн болар.
Қазақтың ғасырлар бойы жинақтаған ұлттық рухани тәжірибесін жоғалтпай, жаңғыртқымыз келсе, бұл мәселеге терең бойлап, толымды ой қозғап, құнды пікірлерге ғылыми сараптама жасап, сөйлеу, сөз құрастыру үндестіктерін, қалыптасқан психологиялық ерекшелігін ескеріп, қазақ әліпбиін бүгінгі қоғам талабына орайластырғанымыз орынды. Бұл қадамның халқымыздың келешектегі біртұтастығына, тілдің табиғи дамуына септігін тигізері хақ.


Нұрдәулет АҚЫШ,
жазушы, филология ғылымдарының докторы:

Өткенге қайта оралдық

– Бүгінгі таңда тек қазақтар ғана емес, бүкіл Қазақстан жұртшылығы үлкен тарихи сәтті бастан кешіріп жатқанымызды сезіне білуіміз керек. Бағзы бір жылдары өзіміз пайдаланған латын әліпбиіне қайта оралудың маңызы орасан зор. Біріншіден, біз өзіміз екі ғасырға жуық анық бодан болған Ресей отаршылдығынан алыстай түсетініміз анық. Екіншіден, латын әріптері дүниежүзілік интеграцияға араласып, адамзат арқа тұтып отырған өркениет көшіне жеделдете үн қосатын боламыз. Демек, бұл жүзеге асырып жатқан әрекетіміз ең озық отыз елге қосылу үшін жасалған кезекті бір қадам болмақ.
Үшіншіден, дүниежүзіне тарыдай ашылған қазақтарға ортақ әліпби ретінде ұлтымызды ұйыстыруға белгілі бір дәрежеде қызмет етеді деп үміттенуге әбден болады. Электрондық технологияны пайдалану барысында да жекеше жеңілдіктерге қол жеткізетініміз тағы бар.
Жаңа бір сөзімде «қайта оралу» дегенді айтып қалдым. Бұл арада ешқандай тарихи бұрмалау жоқ. Біз бұл әліпбиді 1929-1940 жылдар аралығында пайдаланғанбыз. Талай ата-ағаларымыз осы қаріптермен сауат ашып, өз заманның алдыңғы қатардағы азаматтары ретінде көріне білді. Сол жылдары латын қарпімен әдебиетіміздің талай дүлдүл шығармалары дүниеге келген жоқ па? Атап айтқанда, Жамбылдың алғашқы кітабы, С.Сейфуллиннің, І.Жансүгіровтың, Б.Майлиннің, М.Әуезовтің, С.Мұқановтың шоқтықты туындылары осы әріптермен басылып, жалпақ жұртқа тарады. Оқырмандар тарапынан өз бағасын алды.
Біз талқылауды жалғастыратын болсақ, уақыт өткізіп алуымыз ғажап емес. Сондықтан да латын шрифтіне қайта оралу тәуелсіз жұртымыздың көптен бергі арманы деп ұсына білгеніміз, түсіністікпен қарауға тырысқанымыз жөн.


Жанар ЕЛЕСБАЕВА, Алматы облыстық
«Тіл» оқыту-әдістемелік орталығының оқытушысы:

Жаңа әліпби –тың бетбұрыс

– Санадағы сансыз сауал­­ға нақты жауап қайта­ры­лды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілі әліпбиін кирил­­ли­ца­дан латын графи­ка­сына көшіру туралы Жар­­лық­қа қол қойып, еліміз ресми түрде жаңа бетбұрыс кезеңіне өтті.
Бұл – еліміз үшін тарихи сәт, тарихи шешім. Әліпби ауыстыру – жай ғана таңба ауыстыру емес. Бұл – санамызды жаңғырта отырып, жаңаша өмір сүруге талпыныс. Ендеше, балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдағанына қуаныштымын.
Латын әліпбиіне көшу арқылы әлеммен бірлесе түсеміз, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай тумақ.
Сан ғасыр бойы армандап келген өзіміздің төл жазуымызды жаңғырта отырып, еліміздегі әр азаматтың мемлекеттік тілді жетік меңгеруіне жағдай жасауымыз қажет. Себебі, тіліміз еркін түрде дамыған жағдайда ғана еліміздің тәуелсіздігі өз тұғырында болмақ. Латын әліпбиін қабылдау – осы ұлы мақсат жолындағы басты қадам.


А.САРСЕНОВА,
Павлодар облысы Ертіс ауданының №2 Ертіс жалпы орта мектебінің директоры:

Болашақтың жазуы

– Мемлекетіміздің білім беру үдерісіне енген жаңар­тыл­ған білім беру бағ­дар­ламасы – заман талабына сай келешек ұрпақтың сұранысын қанағаттандыратын тың бағдарлама. «Қазақстан – 2050» стратегиялық бағдарламасы білім берудің ұлттық моделінің қалып­тасуымен және Қазақстанның білім беру жүйесін әлемдік білім беру кеңестігіне кіріктірумен сипатталады.
– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керегін және болашақта барлық саладағы іс-қағаздар мен оқулықтар да осы қаріппен жазылуы тиіс екенін айтты. Сондай-ақ Үкіметке қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауды тапсырып, уақыт ұттырмай бұл жұмысты қазірден бастан қолға алу қажеттігін атап өтті.
Жазу – барлық халыққа ортақ, мәдениеттерді жалғастырушы, байланыстырушы құндылықтардың бірі. Халықтың ғасырлар бойы игерген барлық жетістіктері жазу мұрасы арқылы танылады.
Қазақ жазуының қалыптасу кезеңіне тоқталсақ, қазақ әліпбиінің тамыры тым тереңде жатыр. Қазақ тілінің жазу тарихында әліпби жүйесі бірнеше тарихи кезеңдерді басынан өткізіп, ұлттық әліпби деңгейіне жеткен. Бірнеше ғасыр бойы қазақ халқы араб графикасына негізделген әліпби жүйесін пайдаланып келген. 1929-1940 жылдар аралығында латын графикасына негізделген әліпбиді жазу жүйесіне енгізіп, 1940 жылдан бері қарай кирилл әліпбиін қолданып келеді. Қазақ жазуы – қазақ халқының мәдени өмірінде басқа да түркі халықтарымен бірге пайдаланып келген әртүрлі әріп таңбаларынан тұратын дыбыстық жазу жүйесі. Кириллица негізіндегі жазудың қазақ тіліне тән ерекшеліктердің бәрін дұрыс көрсете алмауына байланысты кейінгі жылдары (1993 жылдан бастап) қазақ ұлттық жазуын латын графикасы негізіне көшіру мәселесі қойылып отыр.
Көп кешікпей егеменді еліміздің латын әліпбиіне көшетіні айқындалды. Осы мақсатқа кедергісіз қол жеткізу үшін не істеу керек? Бұл мәселені жан-жақты талқылау мақсатында аудан көлемінде әрбір мекеме, ұйымдарда іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Елбасы Н.Назарбаевтың латын әліпбиіне көшу саясатын қолдай отырып, біздің мектеп ұжымы бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналған «Латын әліпбиіне көшу» туралы өз ой-пікірлерін ортаға салды. Мемлекеттік тілдің латын графикасына көшіру туралы мәселені қолдау мақсатында «Латын әліпбиі – болашақтың жазуы» атты тақырыбында сынып сағаттары, зияткерлік ойындар мен акциялар өткіздік. Бұл іс-шараға мектебіміздің оқушылары қатысты. Акция барысында оқушылар есімдері мен тектерін латын графикасында жазып, сөздік жазба жұмыстары ұйымдастырылды.
Латын әліпбиіне көше отырып, өркениетті елдердің қатарына қосылып, тіліміздегі дыбыстық жүйелерді нақ анықтап, қазақ тілінің жазылуы мен дыбысталу кезінде сөздер қолданысындағы кірме сөздерден арыламыз. Сондай-ақ латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына, компьютерлік жаңа технологиялар арқылы ақпараттық кеңістікке кірігуге тиімді жол ашылып, түбі бір түркі дүниесімен рухани, мәдени, ғылыми, қарым-қатынас интеграциясы күшейеді деген ойдамын.

Бөлісу:

Пікір жазу


*