ҰЛТ РУХАНИЯТЫНЫҢ АЛТЫН ДІҢГЕГІ

3288
0
Бөлісу:

Роза Ербозымқызы,мектеп-интернат директоры,«Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері

Отандық білім беру тарихында өзіндік бет-бейнесі бар оқу орындарының бірегейі болып саналатын Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернаты мектеп дейтін қатардағы мемлекеттік мекемеден тұтас бір ұлттың қаймағын дайындап шығаратын қасиетті қара шаңыраққа айналды. Сол себепті де, біз осы мектепте оқып шыққан айтулы азаматтар мен толағай тұлғаларды есімізге түсіріп, санамалай бастағанда-ақ оның қаншалықты айбарлы, қаншалықты киелі екенін мейлінше сезіне түсеміз.

Ақын әрі ағартушы Мағжан Жұмабаев: «Қазақтың тағдыры, ке­лешекте қандай ел болуы да мек­те­бінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, сау, берік һәм өз жанымызға қабыса­тын, үйлесетін негізге құра білсек, ке­ле­шегіміз үшін тайынбай-ақ серт­тесуге болады», – деген еді. Бүгінде қа­зақ жанына үйлесетін мектеп бей­несін кешенді түрде елестетпеу мү­м­кін емес. Ол – қисынды оқу жос­пары, таңдау бағыттарына қарай ен­гі­зілген бағдарламалар, сапалы кі­тап, білікті мұғалім, білімді шәкірт. Осы талаптар, негізінен, Абай атын­дағы мектеп-интернатта орын­далу­да. Педагогикалық ұжымда кәсіби ше­берлігі қалыптасқан, тәжірибесі мол, білікті кадрлар құрамының болуы да – оқыту мазмұнын жетіл­діру­дің алғышарттары.
Қазіргі заман талабына сай жаб­дық­талған оқу кабинеттері, ком­пью­тер сыныптары, ғылыми-танымдық және көркем әдебиеттің мол қоры жинақталған кітапхана, спорттық, шығар­машылық бағыттағы үйірме­лер, оқушыларға педагогикалық-пси­хологиялық қызмет көрсету шә­кірттеріміздің жаңа танымдық биік­терге көтерілуіне негіз болып отыр.
Абай атындағы мектеп-интер-нат – тек қана білім ошағы емес, ол сон­­дай-ақ аты мәшһүр қаншама мұ­ға­лімдердің қайнап шыққан ше­берханасы. Бұл жерде «жас мұғалім» деп аталатын кезеңнен, «ұлағатты ұстаз» деген атаққа ие болғанша өт­кен өмір мен төгілген маңдай тер қаншама десеңізші! Алмасып жатқан қандай қоғамдық кезең болмасын, Абай атындағы мектеп-интернат әрқашан өз бағасын сақтап келеді.
Мектептің өткен тарихынан сыр шертер болсақ, білім мекемесі 1957 жы­лы республика көлемінде ауыл ба­лаларына арналған мектеп-интер­нат болып ашылған. Бұдан соң,
Ы.Алтынсарин атындағы Педагоги­ка­лық ғылыми-зерттеулер институ­ты­ның эксперименттік базасы ретінде 1988 жылдың тамызына дейін жұмыс істеді. 1988-1989 оқу жы­лынан бас­тап, Қазақ тілі мен әде­биетін терең­дете оқытатын орта мектеп-интернат ретінде жұмысын жалғастырды. Қа­зақстан Рес­пуб­ликасы Үкіметінің 1999 жылғы 19 қа­­занда қабылдаған №1754 «Қа­за­қ­стан Республикасы Білім және ғы­лым министрлігінің мә­селелері» қаулысына сай қайта құры­лып, 2003 жыл­ғы 1 тамыздағы №774 қаулы­сы­ның негізінде «Рес­пуб­ликалық ма­мандандырылған дарын­ды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқыта­тын орта мектеп-интернаты» болып аты өзгертілді. Қазақстан Респуб­ли­касы Үкіметінің 2006 жылғы 31 ма­мырындағы №480 қау­лысымен Абай есімі беріліп, «Абай атындағы Рес­пуб­ликалық ма­ман­дандырылған дарын­ды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқыта­тын орта мектеп-ин­тернаты» мемле­кеттік мекемесі болды.
Тарихы мен тағылымы мол, бү­гінде беделді білім ордасына, қара шаңыраққа айналған осы мектеп-интернатта еңбек жолын бастаған алғашқы мұғалімдер: Шәрбану Әнә­пияқызы, Кәрменкүл Есдәулетова, Аманкүл Баймаханова, Гүлбағиша Тұмарбаевалар зейнеткерлікке шық­қанға дейін табан аудармастан еңбек етіп, ел құрметіне бөленді. Осындай алғашқы мұғалімдердің ізгі жолын кейінгі буында Мәриям Алданова, Роза Бөрібекова, Жарқын Сұлтан­бе­кова сынды кісілер жалғастырды.
1959 жылдан бастап, жұмысқа келген бір топ мұғалімдер осы қар­қын­ды бәсеңдетпей, алға қарай сапа­лы түрде алып жүреді. Самат Әб­діразақов, ҚР Еңбек сіңірген қыз­меткері Аршагүл Пірәлиева, Қазақ КСР-і Халық ағарту ісінің озық қыз­меткерлері: Күлайша Әбуова, Сей­фолла Бейсенбаев, Сапа Ысқақов, Әмина Ысқақова, Сабыр Оспанов, К.Тұрғанбаева, Ленин орденді мұға­лім Венера Қуанышбаева, Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері Сара Ма­сина, толайым істер тындырады. Осы толқынның ізін ала келген: Жәдігер Аманжолов, Гүлжахан Жек­сенбина, Мариям Алтаева, ҚР Еңбек сіңірген қызметкері, жазушы-ұстаз Орынша Қарабалина-Қазыбаева, Халық ағарту ісінің озық қызмет­кер­лері: Нағима Бекмағамбетова, Дә­меш Тойшыбаева, Балзия Қайыржа­нова, Шұға Рақымбекова, М.Нұрха­то­ва, Бүбина Мусина, Қатима Тоқ­та­рова, Назия Әйтімова Лена Ысқа­қова, Айдаркүл Серікбаева, Мұрат Кен­жебаев, Сабыр Тұяқбаев, Раткүл Ба­заралиева, Дәмеш Исаханова, Орын­күл Симағамбетова, Сәуле С­а­ғымқұлова, Ғалия Мұсаева, Рыс­хан Садуақасовалар ұзақ жылдар мек­теп­тің өркендеуіне зор еңбек сіңіріп, ұстаздықтың биік шыңдарын бағын­дырды.
Қазақстан Республикасының әр облысынан келген дарынды оқу­шы­лар жан-жақты білім алып, қазір елі­міздің түкпір-түкпірінде, әр сала­да еңбек етіп, еліміздің дамуына сү­белі үлес қосуда. Мектеп өзінен тү­леп ұшқан түлектерінің қай-қай­сы­сымен болса да мақтана алады.
Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Кеңес Дүйсекеев, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары бол­ған Талғат Мамашев, Ұлттық Қауіп­сіздік комитетінің генерал-лей­тенанты Әділ Шаяхметов, мә­жіліс депутаты, ҚР Парламенті мә­жі­лісінің V шақырылымының ха­лық­аралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев, Қазақстан Пре­зидентінің баспасөз хатшысы Айдос Үкібаев, бас прокуратура аппараты басшысының орынбасары Нұрділда Ораз – ұрпаққа үлгі түлектер.
Ғылымның әр алуан сала­сын­дағы жүздеген белгілі тұлғалар мен қа­зақ сахнасында жүрген өнер май­талмандарының басым көпшілігі – осы мекеменің түлектері. Олар: Тоқ­тар Серіков, Ақбота Керім­бе­кова, Тамара Асар, Қарақат Әбілди­на, Нұрлан Албан, Бейбіт Қорған, Серік Қалиев, Дәулеткерей Кәпұлы, қаламы ұшқыр танымал журналис-тер – Б.Нұрахметов, Нұрлан Окаұлы, Гүлмира Әбіқай, Данияр, Ма­дияр Меңлібековтер, Мұрат Ес­жан, Қанат Құдайбергенов, Дулат Тастекеев, Айнаш Есали, Мейрамгүл Мәдәлі, Айбын Шағалақов, Кәмшат Мәсімжанова, Айнұр Төлеу, Айнұр Атагелді, Маржан Кеңесбаева, т.б.
Қазір мектеп-интернатымызда елі­міздің әр аймағынан жиналған 425 оқушы білім алуда, олардың 155-і – ер бала, 270-і қыз бала. Бала­лар­ды мектеп-интернатымызға ар­найы емтихан арқылы қабылдаймыз. Биылғы оқу жылында мектеп-ин­тер­нат қабырғасында өтетін қабыл­дау емтиханынан бөлек, Білім және ғылым министрлігінің рұқсатымен, республикамыздың әр аймақтарын­да арнайы жергілікті комиссия құ­ры­лып, ана тілі мен әдебиетіне бейі­мі бар оқушылар қосымша қа­былданды.
Жан-жақтан терең білім іздеп кел­ген балаларға барлық мүм­кін­діктер қарастылған. Материалдық-техникалық базасы жетілдірілген оқу кабинеттері, компьютерлік сы­нып­тар, екі жатақхана (ұлдар, қыз­дар), алты мезгіл тамақ дайындайтын асхана, медпункт (екі медбике, бір дә­рігер), қажетті қітаптармен, оқу­лық­тармен жабдықталған кітапхана, оқу залы, футбол, баскетбол, волей­бол алаңдары, арнайы спортзалдары мен үлкен бассейн жұмыс істейді.
Оқушыларымыз сабақтан тыс уақытта тоғызқұмалақ, күрес және шах­мат үйірмелеріне қатысып, тала­бын ұштап, уақыттарын қызықты өткізеді. Олимпиада чемпионы, мар­құм Бекзат Саттархановтың ал­ғаш­қы жаттықтырушысы Өс­кен Сабырұлы күресе білудің түр­лі тәсілдерін үйретіп, ауыл бала­ла­рының шымыр болып өсуіне мүм­кін­дік жасауда.
Сонымен қатар оқушылардың шы­ғармашылығы және зерттеушілік қыз­метін дамыту бойынша жеке са­бақтан тыс жұмыстар үшін әр сы­ныпқа арналған: айтыс, домбыра, би, актер шеберлігі сияқты үйірмелер де жұмыс істейді. Министр Ерлан Са­ғадиевтің арнайы тапсырма­сы­мен, биыл айтыс өнеріне бейімі, қа­білеті бар балалар қабылданып, мек­тебіміздің бағытына сәйкес ұйым­дастырылған «Актер шебер­лігі», «Айтыс өнері» үйірмелерінің жұ­мысы одан әрі жандана түсті. Актер­лік шеберлікке мектеп түлегі, «Алаш» тобының әншісі, актер Рах­мет Мақсат, айтыс өнеріне айтыскер ақын, мектеп түлегі Серік Қалиев пен айтыскер ақын Сезімхан Шұғаев дәріс беріп, дайындайды.
Заман көшінен қалмау үшін кем де­генде үш тілді білу – біздің бала­лары­мыздың болашағы үшін өте маңызды. 2007 жылғы «Жаңа әлем­де­гі жаңа Қазақстан» атты Жол­дауын­­да Мемлекет басшысы «Үш­тілділік» жобасын кезең-кезеңімен жүзеге асыра бастау керектігін ұсын­ған болатын. Осы бағытта да жұ­мыс­тар қолға алынып, бейіндік пән­дер ретінде ағылшын, қытай, түрік, француз тілдерін біліктілігі жоғары мамандар үйретіп жатыр.
Мектеп-интернатта үздіксіз ат­қарылып жатқан жұмыстар бала­лар­дың өмірлік бағытын айқындап, тұлғалық қабілеттерін қалыптас­ты­рып, азаматтық, отаншылдық сезім­дерінің дамуына мүмкіндік береді. Әрине, еңбегіміз нәтижесіз емес: соң­ғы жылдарда Халықаралық олим­пиадалар мен ғылыми жобалар жарысында 200-ден аса оқушы орын алып, білім гранттарына ие болса, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар жарысындағы жүл­делі орындарымен 100-ден аса оқу­шы білім гранттарына қол жеткізді. Соңғы 5 жыл бойына республикалық ғылыми жобалар жарысынан, қоры­тынды есеп бойынша, «Үздік ко­манда» атағын алып, республи­калық пәндік олимпиада бойынша соңғы бес жыл қатарынан «Ең үздік олим­пиа­далық мектеп» атағын жеңіп ал­ды. Республикалық Абай – Шә­кәрім, Махамбет, Мұқағали, Ілияс оқуларының, «Ғұмырдария» респуб­ликалық байқауларының жүлделі орындары да осы мектептің дарын-ды оқушылары үлесінде десек, артық айтпағандық болар.
Республикалық ғылыми жоба-лар жа­рысы мен олимпиадаларға жоға­ры оқу орындарының ғалым­дары мен мектептің пән мұғалімдері бірлесе отырып дайындайды.
Мектеп-интернат «Дарын» Рес­пуб­ликалық ғылыми-практикалық орталығымен, бірнеше жоғары оқу орындарымен, Қазақстан Жазу­шы­лар одағымен, түрлі БАҚ-пен және қа­лалық кітапханалармен, Респуб­ликалық Оқушылар сарайымен бай­ланыс жасап отырады. Мектеп-интернатымыздың жанынан жас ақын­дардың «Арда» газеті мен «Қауыр­сын қалам» тәлім-тәрбиелік, мә­дени-танымдық журналы шығып отырады. Жазушылар одағымен байланысымыздың нәтижесінде, мек­тептің ақын оқушыларының бір­неше жыр жинақтары жарық көрді.
«Өз уақытын аямай, өзгенің ба­қытын аялап», балаларымызды күні-түні тәрбиелеп, білім беріп жүрген педагогтардың жалпы саны – 72, оның 55-і – мұғалімдер, 17-сі – тәр­бие­шілер. Оқушыларды барлық жа­рыс­тарға, халықаралық, респуб­ликалық байқауларға дайындап, білім мен тәрбиені ұштастыруда олар­дың еңбегі зор. Ұстаздар да, тәр­биешілер де жыл сайын респуб­лика көлемінде семинарлар өткізіп, әріптестерімен тәжірибе алмасады.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Үмітін үзеңгі қылған елдің перзенттері ретінде білім мен ғы­лым ісінде бірігіп қимылдасақ, шығар шыңымыз әрқашан биік болатынына ешкім де шүбә кел­тір­мес. Болашаққа біліммен қадам ба­сып, қолтаңбамызды қалдырайық. Ұрпаққа ұялмай тарту ететін мұра­мыз да, мұратымыз да осы бол-
сын», – дегеніндей, белсенді, іскер, қиын­нан жол таба білетін, тәуелсіз еліміз­дің іргесінің берік болуына үлес қо­са­тын ұрпақтарымызды бір­лік пен ын­тымақты серік етіп, тәр­бие­лей бе­рейік.

Бөлісу:

Пікір жазу


*