Инвестиция көлемі артты

1277
0
Бөлісу:

Алматы облысы әкімінің төрағалығымен өткен бұл жолғы алқа отырысы негізінен облыстың биылғы 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуын қорытындылауға арналды.

Басты баяндаманы жасаған облыстық экономика және бюд­жетті жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов кел­тірген деректерге қарағанда, тоғыз айдың нәтижесі жаман емес. Өнер­кәсіп өндірісінің көлемі 540 миллиард теңгеге жеткен. 44 жаңа нысан ашылып, жұмыс істеп тұр­ған 25 өндіріс кеңейтіліпті. Соның арқасында 1191 жаңа жұмыс орны ашылған көрінеді. Индустрия­ландыру картасы аясында 55 мил­лиард теңгенің 7 жобасы жүзеге асырылуда. Егер олар орындалса, тағы 1475 жұмыс орны құрылады. Бүгінгі күнге дейін Қарасай ауда­нындағы «Алматы шыны» және металл құрылғылар шығаратын PSI StroyIndustry зауыты іске қосыл­ған.
Ауыл шаруашылығында жалпы өнім 459, 6 миллиард теңгеге жет­кен. Биыл агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін мемлекеттік қол­дауға 33,9 миллиард теңге бола­тын бюджет қаражаты қарастырылса, оның 25,7 миллиарды – демеу­қаржы.
Тоғыз айда облыс экономи­касына 349,8 миллиард теңге инвестиция тартылып, былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 16,1 пайызға артқан. Бюджеттен тыс инвестиция тартудың басты жолдарының бірі – мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестікті да­мыту және облыста бұл бағытта да үлкен серпіліс бар. Қазіргі кезде өңірде жалпы сомасы 216 мил­лиард теңге болатын осындай 33 жоба орын­далуда.
ТҮКШ, құрылыс, шағын және орта бизнесті дамыту мен қолдауда да айтарлықтай ілгерілеу бар екені жиналғандар назарына ұсынылды.
Жыл соңына дейін аяқталуға тиісті бірқатар міндеттер талқыға салынды. Әсіресе, Мемлекет бас­шысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын, Бес институттық реформаны орындау бойынша – «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын, «Нұрлы жол» мемле­кеттік бағдарламасын сапалы әрі дер кезінде орындау бойынша жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу керек. Жүйе құрастырушы кәсіп­орындардың өндірістік көлемінің төмендеуіне жол бермей, өнер­кәсіп саласындағы жұмысты барын­ша күшейткен жөн. Ауыл шаруашылығы дақылдарын мерзімінде жинап алу мен малды қыстан аман алып шығу да – өте өзекті мәселелер қатарында. Жы­лыту маусымының ойдағыдай болуы мен әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын бақылау да назардан тысқары қалмауы тиіс.
Алқа отырысында Жамбыл ауданы мен Текелі қаласының әкімі, облыстық ауыл шаруа­шы­лығы, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық ша­руашылық басқармасының басшысы хабарламалар жасады. Сөйлеушілерді мұқият тыңдаған облыс әкімі кейбір кемшіліктерді ашық айтып, оларды тез арада реттеу туралы тапсырмалар берді. Жамбыл ауданында білім көр­сеткіші өте төмен. Сонымен бірге, бордақылау алаңдары мен тауар­лы-сүт фермаларын дамыту саласындағы жұмыс сын көтер­мейді. Бүгінгі күні үлкен ауданда бар-жоғы 3 бордақылау алаңы мен 5 тауарлы-сүт фермасы жұмыс істейді. Текеліде шағын және орта бизнесті дамыту үшін тұрғындар­ға шағын несиелер беру көрсеткіші көңіл көншітпейді. Ауыл ­ша­­руашылығы басқармасының жұмысына келер болсақ, ет экс­портынан басқа бағыттардың барлығында алға ілгерілеу бар. Өңірде 1 миллион мүйізді ірі қара мен 4 миллионға жуық қой-ешкі бар екенін ескерсек, басқарманың мал етін экспорттауда кемшін соғып отырғанын түсіну қиын. Облыс басшысы мәселені тез арада шешуді қатаң тапсырды.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық басқармасына Талды­қорған қаласының әкімдігімен бірлесе отырып, тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау мәселесін дереу шешу тапсырылды. Соны­мен бірге, облысты газдандыруды көзден таса, көңілден тысқары қалдырмау қажеттігі ескертілді.

Болат АБАҒАН,
Алматы облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*