Қандастар құқығы тапталмасын

1257
0
Бөлісу:

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста сенаторлар бірқатар халықаралық құжаттарды ратификациялады. Енді бұл құжаттар Елбасының қол қоюына жолданады. 

Алдымен Сенат депутаттары Қазақстан мен Сауд Арабиясы Корольдігі арасындағы ұстап беру туралы келісімді ратифика­ция­лады. Келісім әрбір уағдаласушы мемле­кет­тің аумағында жүрген және қыл­мыс­тары үшін күдік келтіретін, айып­­­талатын немесе сотталған кез келген адам­­ды қылмыстық жауапкершілікке тарту, немесе сот үкімін орындау мақсат­та­рын­да ұстап беруіне бағытталған. Келі­сім­де адамды ұстап берудің және одан бас тартудың негіздері көзделген.
Сондай-ақ екі ел арасындағы «Соттал­ған адамдарды беру туралы келісім» де құпталды. Құжат сотталған адамдардың азаматтығы жағынан тиесілі қоғамға қайта араласуына жәрдем көрсетуге, әлеуметтік оңалтуға, сотталған адамның мемлекетте жазаны өтеуді жалғастыру мақсатында барынша ынты­мақ­­тасуды жүзеге асыруға бағытталған.
Келісімнің ережелеріне сәйкес, тарап­тардың әрқайсысы екінші тарапқа, оның аумағында екінші тараптың кез келген аза­матына қатысты шығарылған. Бас бос­тандығынан айыру түріндегі жазаны көз­дейтін, соттың заңды күшіне енген үкім­дері туралы дереу хабарлауға міндеттенеді.
Бұл күні сенаторлар «Ұстап беру туралы кон­венцияны» ратификациялады. Кон­вен­­цияға 1933 жылғы 26 желтоқсанда Уругвайдағы Монтевидео қаласында қол қойылған. Айыпталушыларды немесе сотталған адамдарды әлеуметтік оңалтуға жәрдемдесу мақсатында оларды ұстап беру саласында ынтымақтастық орнатуды, сондай-ақ сотталған адамдар үшін жазасын өз елінде өтеу мүмкіндігін жасауды көздей­ді. Конвенцияның ережесіне сәйкес, оған қатысушы мемлекеттер өздерінің аума­ғында жүрген айыпталушыларды немесе сотталған адамдарды қылмысы үшін қыл­мыстық қудалауды және сот үкімін орын­дауды жүзеге асыру үшін беруге міндет­тенеді.
Құжат бойынша ұстап берілген адам­ның, оны ұстап беруді сұратуға себеп болған құқыққа қарсы іс-әрекетті жасау арқылы алған немесе дәлелдеме ретінде пайдаланылуы ықтимал мүлкі тәркіленуге және талап етуші елге берілуге жатады. Ратификациялау кезінде Қазақстан өз Конституциясының 11-бабына сәйкес, өз азаматтарын шет мемлекеттерге ұстап бермейтіні туралы, сондай-ақ 15-бабы бойынша іздестіріліп жатқан адамның мүлік­терін тәркілеу және беру қазақ­стан­дық заңнамаға сәйкес жүзеге асырылатыны жөнінде төл мәлімдемесін құжатқа қосты.
Палата сондай-ақ, Қазақстан мен Азия даму банкі арасындағы «№ 2967-KАZ Қарыз туралы келісімге (Жай операциялар) (ОАӨЭЫ 2 Дәліз инвестициялық бағдар­ла­масы (Маңғыстау облысындағы учас­ке­лер) – 2-жоба) түзетулерге қатысты Қазақ­стан Республикасы мен Азия даму банкі арасындағы келісімхатты» ратифика­циялады.
Құжаттың негізгі мақсаты – Маңғыстау облысындағы ұзындығы 73 шақырым «Жетібай-Жаңаөзен» жолын реконструк­ция­лауды қаржыландыру. Ол бұған дейін бекітілген «Шетпе-Ақтау» жобасы бойын­ша үнемделген қаражат есебінен жүзеге асырылмақ. Келісімхатты ратификациялау, Қазақстан автомобиль жолдарын дамыту және реконструкциялау бойынша шығын­дар­ды тиімді басқаруға бағытталған. Осы жобаның іске асуы Қазақстанда көлік дә­ліздерін дамытуға негізделген және көлік­ке жәрдемдесу саласындағы шаралар­ды жақсартуға бағдарланған көлік саяса­тын қалыптастыруға ықпал ететін болады.
Сенат отырысы барысында сенатор Н.Қылышбаев Премьер-министр
Б.Сағынтаевқа Қытайдағы этникалық қазақ ұлты өкілдері құқықтарының бұзылуы жөніндегі БАҚ-тағы ақпараттарға түсінік беруді сұрап, депутаттық сауал жолдады: «Қытай Халық Республикасының Шың­жан-ұйғыр автономды аймағында тұратын қазақ ұлты өкілдерінің заңды құқықтары қысым көріп жатқаны туралы шілде айын­дағы Дүниежүзі қазақтарының құрыл­та­йын­да көтерілген болатын. Содан бері ақпараттық кеңестік пен әлеуметтік желілерде Шыңжанда қоныс тепкен 1,5 миллионнан астам қандастарымыздың заңды құқықтарының шектелуі жөніндегі әңгіме кеңінен таралуда» дей келе, сенатор осы ақпараттың қаншалықты шындыққа жанасатынын және Сыртқы істер ми­нистр­лігі бұл мәселені зерделеп, сараптау үшін қандай жұмыстар жүргізгенін сұрады.

Бетті дайындаған: Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*