Өзара сенімге негізделген байланыс

1041
0
Бөлісу:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Араб Әмірліктеріне сапармен барып, Әбу-Дабидің тақ мұрагері, Біріккен Араб Әмірліктерінің Қарулы күштері Жоғарғы бас қолбасшысының орынбасары, шейх Мұхаммед бен Заид әл-Наһаянмен кездесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесуде Мемлекет басшысы Қа­зақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы қарым-қатынас өзара сенімге негізделгенін атап өтіп, оны ары қарай та­бысты дамытудың маңыздылығына назар аударды.
– Сіздер бізді халықаралық аренада да, экономикада да әрдайым қолдап келесіздер. Осы жылдар ішінде сіздермен достық қарым-қатынас орнаттық. Қазақ­станға ерекше көңіл бөліп отырған­дарыңыз үшін ризашылығымды білді­ремін, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті қазіргі уақытта экономиканың түрлі секторларында, соның ішінде мұнай химиясы, ауыл шаруа­шылығы және атом өнеркәсібі сала­ларында бірқатар бірлескен жоба­ларды іске асыру жоспарланып отырғанын айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев мұсылман елдері арасында заманауи технологияларды дамыту жағынан Біріккен Араб Әмір­лік­тері көш бастаушылардың бірі болып отырғанын атап өтті.
– «Болашақтағы өзгеріске сай бо­ламын десең, бүгін өзің өзгер» деген дана сөз бар. Сіздер сол жолдан таймай келе­сіздер, – деді Мемлекет басшысы.
Әбу-Дабидің тақ мұрагері екіжақты байланыстар серпінді дамып келе жат­қанын айтып, Нұрсұлтан Назарбаевтың екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайту ісіндегі белсенді рөліне тоқталды.
– Біз көп нәрсені сіздерден үйреніп келеміз. Сіздің реформаларыңыз уақыт талабына сай жүргізілуде. Қазақстан сіздің көреген саясатыңыздың арқасында тұрақты дамып келеді, – деді шейх Мұхаммед бен Заид әл-Наһаян.
Келіссөздер барысында тараптар ха­лықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді де талқылады.

Бөлісу:

Пікір жазу


*