Исламдық қаржы агросекторға ағыла ма?

Соңғы кездері ислам қаржысы туралы аз айтылып жүрген жоқ. Бірақ сөзден іске көшудің маңызын ескерсек, ауыл шаруашылығы ислам қаражатын пайдалануда экономиканың басқа секторларын басып озғанын айтуға болады. Өйткені бұл салада 2012-2013 жылдары Ислам даму банкі арқылы алынған 10 млн АҚШ долларына жуық қаражат игеріліп, «Мубараха» арқылы 2012-2015 жылдары 972 жоба қаржыландырылған. Жалпы, Ислам қаржы институттарының агросектордағы жобаларға деген қызығушылығы жоғары. Бұл туралы «Аграрлық несие корпорациясының» басшысы Нармұхан Сарыбаев бізге берген сұхбатында айтып өтті.
Биылғы жылды ислам қаражатының агросекторымыздағы алғашқы сәтті бесжылдығы деуге болатын шығар. Өйткені «ҚазАгро» Ұлттық басқару холдингінің еншілесі «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» Ислам даму банкімен алғаш рет сол 2012 жылдары келісімге отырған болатын. Нәтижесінде, қолға тиген қаражатқа фермерлер құрал-жабдықтар, биологиялық актив, ауыл шаруашылығына қажетті түрлі техникалар сатып алды. Нармұхан Сарыбаевтың айтуынша, бағдарламаға Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстары белсенді қатысқан.
Бірақ исламдық қаржыландырудың елге енуі мұнымен біткен жоқ. Мысалы, биылдан бастап «Аграрлық несие корпорациясы» мен ADFIMI (Ислам даму банкіне мүше-елдердегі ұлттық қаржы құралдарын дамыту қауымдастығы) арасында әріптестік орнады. Жалпы қауымдастық 1987 жылдан бері жұмыс істейді. Бүгінде оған әлемнің 18 елінде орналасқан 50-ге жуық ұйым мүше. ADFIMI 2014 жылдан бері елімізде ауыл шаруашылығындағы қаржы секторын дамыту мақсатында түрлі семинарлар мен оқыту бағдарламаларын және шеберлік сабақтарын өткізіп келеді.
Одан бөлек, өткен айда Алматыда ADFIMI «Аграрлық несие корпорациясы» бірігіп ауыл шаруашылығы секторындағы исламдық қаржыландырудың мүмкіндіктері деген тақырыпта семинар өткізді. Ендігі кезекте корпорация мен қауымдастық бірігіп, ақпараттық-ағартушылық шараларды ұйымдастыруды қолға алуда. Кейінгі кезде исламдық қаржыландыруға деген қызығушылықтың өсіп келе жатқанын ескергендіктен, шараға исламдық қаржы ресурстарын пайдаланудағы тәжірибесі экономикалық қоғамды мойындатқан шетелдік сарапшыларды тарту жоспарда бар. Ендігі жылдан бастап корпорация ADFIMI-ға мүше болуы мүмкін.
– Бірақ әзірге қандай да бір нәтижелер туралы айтуға ерте. Бастапқыда қазақстандықтар үшін исламдық қаржыландыру заңға қайшы әрекет секілді көрінген еді. Бүгінде ол «Астана» халықаралық қаржы орталығының басты артықшылығы. Еліміз үшін бұл – ауыл шаруашылығына қосымша инвестиция тартудың көзі. Исламдық қаржы нарығының көлемі 2 трлн АҚШ долларына жетіп жығылады әрі қазір оған қызығушылардың саны да күн санап артып келеді. Ислам банкингі Қазақстан үшін шариғат заңдылықтарына сәйкес, өнімдерді тұтынатын инвесторлардың жаңа санатына есік ашады. Бір сөзбен айтқанда, тиімді тұсы көп. Біздің ендігі мақсатымыз – соны ауыл тұрғындары үшін қолжетімді ету. Себебі, агроөнеркәсіп кешенінің дамуы бүкіл елдің өркендеуіне кепіл, – дейді Нармұхан Қалмаханұлы.
Бұған дейін Мемлекет басшысы еліміздегі ауыл шаруашылығын дамыту үшін ислам қаражатының әлеуетін толық пайдалануға шақырған еді. Сонымен бірге, Президентіміз мұның тек ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін арттыруда ғана емес, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде де маңызды екенін атап өткен болатын. Осындай пікір білдірген корпорация басшысы Қазақстан – ТМД елдері арасында Исламдық қаржы секторы бойынша озық заң жобасы бар жалғыз мемлекет екенін де жасырған жоқ. Оның айтуынша, «Қазақстанның орналасқан жері Исламдық қаржыландыруды Достастықтың өзге де елдеріне таратуда катализатор болуға мүмкіндік береді».
Шариғат қарызының шарты қандай?
Несиені рәсімдеу үшін қойылатын белгілі бір шарттар бар. Сондықтан қарыз алушыға қаржы институтының қандай талап қоятыны өте маңызды. Корпорация басшысы ислам қаржы институттарының шарттары шаруалар үшін ыңғайлы болатынына сендірді.
– 2017 жылдан бастап ислам қаржы институттарымен белсенді жұмыс жүргізіп келеміз. Оның ішінде исламдық қаржыландыру бойынша заң қызметінің халықаралық провайдері Gateway-мен ынтымақтастық меморандумға қол қойдық. Сонымен бірге, биыл қыркүйекте корпорациямыз Түркия экономикалық банкімен әріптестік орнатты. Бұл меморандум АӨК секторын қаржылай және қаржылай емес қолдауды дамытуға, несиелік өнімдер шығару барысында құзыреттілік пен тәжірибе алмасуға және саладағы жобаларға мониторинг жасауға бағытталған. Біздің басты мақсатымыз, қазақстандық шаруаларға ыңғайлы несие өнімдерін ұсыну болса, ислам қаржы секторы бұл тұрғыда бізге көп көмектеседі. Нақты шарттар туралы айтуға әлі ерте, біз ауыл шаруашылығы өндірушілеріне исламдық қаржы өнімдерін келер жылы ұсынатын боламыз. Бірақ біздің шаруалар үшін бұл ең ыңғайлы шарттар болмақ, – дейді корпорация төрағасы.
Оның айтуынша, несиені қайтармай қою – ислам банктерінде де кездесетін жағдай. Сондықтан несие беруші өз клиентінің оны өтей алатынына сенімді болуы керек. Осы мақсатта исламдық қаржы институттары қарыз рәсімдеуге келген тұлғаны және оның жобасын алдын ала зерделеп, талдау жасайды. Бірақ бізді қызықтырған «Қай тараптың тәуекелі жоғары?» деген сауал болды. Нармұхан Сарыбаев бұл жүйеде екі жақтың да көтерер жүгі теңдей екенін түсіндіріп берді:
– Мысалы, қаржыландыруға келіп түскен өтініштерді қарау барысында ислам банкінің маманы жобаның тиімділігін экономикалық тұрғыдан толық зерттеп шығады. Оның ішінде қарыз алушының әдебі, басқарушылық, ұйымдастырушылық және кәсіпкерлік қабілеттері секілді моральдық және тұлғалық қасиеттеріне ерекше мән беріледі. Себебі, көп жағдайда пайда табу мен қарыздың толық қайтарылуына тап осы дүниелер тікелей әсер етеді. Исламдық қаржы жүйесінде клиенттің басты міндеті – осы қабілеттерді пайдалану арқылы нарықтағы жағдайға сәйкес, коммерциялық табысқа қол жеткізу. Ислам банктері тікелей дәстүрлі түсініктегі пайыз және несие қаупіне ұшырамайды. Яғни, егер қаражат құйылған жоба мүлдем пайда таппаса, онда қарыз берген тарап та клиент секілді шығынға ұшырайды.
Инновацияны қолдайды
Бүгінде әлемдегі әрбір үшінші адам цифрлық технологияларды пайдалануда белсенді. Міне, осы аудитория – FinTech-сервистердің тұрақты тұтынушысы. Бәрінен бұрын төлемдер мен ақша аударымдары қарқынды дамуда. FinTech Adoption Index – 2017 атты зерттеуде сауалнамаға қатысқан 20 мемлекеттегі 22 000 адамның тең жартысы төлем жасап, ақша аударғанда цифрлық қызмет түрлерін пайдаланатынын айтса, 88 пайызы болашақты осы қызмет түрін қолдану жоспарында бар екенін мәлімдеген. Сұхбат барысында инновацияны сөз еткен Нармұхан Қалмаханұлы бүгінде ислам нарығы қаржы технологияларының үлкен мүмкіндіктер ашқанын түсіне бастағанын жеткізді. Өйткені ол шариғат заңдарына сәйкес, қаржы ойынын адал жүргізуге әрі экономиканы түрлендіруге көмектеседі. «Исламдық қаржы ойыншылары «цифрлық төңкерістің» басталғанын мойындап отыр» дейді ол.
– FinTech ислам қаржы институттарының қаржылық экожүйесін және оның технологиялық тартымдылығын одан әрі дамытып, жетілдіре түсуде. Демек, Ислам қаржы институттарымен серіктес болу инновацияның дамуына әсер етіп, нарықтың ашық әрі сенімді бола түсуіне септігін тигізеді.
Сонымен бірге, корпорация басшысы исламдық қаржыландыру жүйесінде ең көп қолданысқа ие «такафул» туралы да айтып берді:
– Такафул клиенттің сұранысы мен қажеттіліктеріне сай дайындалғандықтан, бизнес үшін тамаша үлгі. Бір таңғаларлығы әлемдік тәжірибе такафул-компаниялардың қызметін мұсылмандардан өзге дін өкілдері де пайдаланатынын көрсетті. Оның қатысушылары немесе біздің түсінігіміздегі сақтанушылар жарнасын операторға немесе сақтандырушыға тиімді пайдалану мақсатында сыйға береді. Бірақ бір шарты бар: сақтандыру оқиғасы туындаған жағдайда сақтандырушы оны қайтарып беруі тиіс. Жарнаның бір бөлігі жинақ қорына түседі. Ондағы қаражатты инвестициялаудан салымшы да келісімшартта көрсетілген көлемде тұрақты табыс тауып отырады. Көбіне ол – 50-60 пайыз. Микротакафул – аз табыс табатын азаматтарға арналған исламдық сақтандыру қағидаларына толық жауап беретін қаржы құралы. Бірақ өкінішке орай, елімізде әзірге микротакафул қызметі жоқ, – дейді Нармұхан Сарыбаев. Дегенмен болашақта біздің де ислам қаржы құралдарын еркін пайдалануымыз бек мүмкін. Елімізде агросекторға көбірек көңіл бөліне бастауы, «Астана» халықаралық қаржы орталығының ашылуы, одан қалса, халықтың да шариғат заңы бойынша ұсынылатын қаржы құралдарына деген қызығушылығы – барлығы да бұл процестің жүзеге асуына алғышарт болмақ.
Кәмила ДҮЙСЕН