Қой етін өңдейтін кешен салынады

1232
0
Бөлісу:

Осыдан біраз бұрын жазғанымыздай, Германияның BaumanGmbh&COKG компаниясы Алматы облысының Іле ауданы аумағында малды бордақылаудан бастап, сойып, салқындатып (мұздатып), тереңдете өңдейтін, қой етінен жартылай дайын және дайын өнімдер шығаратын аса ірі ет өңдеу кешенін салмаққа бел буғанын, облыс әкімі тарапынан оларға барлық қолдау жасалып, инфрақұрылымы тартылған жер берілетінін айтқан едік. Екі тарапқа да, оның ішінде бірінші кезекте төрт түлік саны жөнінен ел аумағында алдан көрінетін Жетісу өңіріне аса тиімді келісім пісіп-жетіліп, жүзеге асыру кезеңіне де жетті. Облыс әкімдігінде осы жобаға қатысты кезекті отырыс өткізіліп, онда облыс әкімі Амандық Баталов пен BaumanGmbh&COKG компаниясының бас акционері Райнер Бауман бастаған компания өкілдері инвестициялық жобаның дәл қазіргі жағдайы мен орындалуы барысын талқылады.

– Еліміздегі ауыл шаруа­шы­лығы саласының негізгі бағы­тының бастыларының бірі – мал шаруашылығы екенін жақсы білесіздер. Соның ішінде респуб­ликада 20 миллион, Алматы облысында 4 миллионға жуық қой бар. Соған қарамастан, рес­публикада қой етін өңдейтін бірде-бір кәсіпорын жоқ. Сон­дықтан Іле ауданы аумағында салынатын ет өңдеу кешені құ­рылысының тез арада әрі сапалы түрде жүзеге асуы бүкіл ел үшін аса маңызды. Біз өз тарапымыздан сіздердің компанияның тиімді жұмыс істеуіне қажетті барлық жағдайларды жасаймыз. Барлық инженерлік жүйелер – электр, жылу, газ, кәріз жүйелері тар­ты­лады, сонымен қатар жобаны жүзеге асыру барысында туында­ған мәселелерді шешуге де қолдау көрсетіледі. Ортақ жұмыстың арқасында жобаны сәтті жүзеге асыратынымызға сенімдімін. Сапалы өнім шығарып, тұрақты жұмыс орындары ашылғанда оның нәтижесін де бірге көретін боламыз, – деген өңір басшысы ұсақ мал етін өңдеу саласын дамытудың Қазақстан, оның ішінде Алматы облысы үшін аса маңызды екенін тағы да атап өтті.
Сонымен қатар облыс әкімі неміс компаниясына жобада жергілікті климат, географиялық ерекшеліктерді ескеру қажеттігін ескертті. Құрылыстың бірінші ке­зеңі қашан аяқталып, қолданысқа берілетінін білудің маңызды екенін де еске салды. Компания өкілдеріне кез келген мәселе мен жөнсіз кедергілер туындаған жағдайда өзінің орынбасары Се­рікжан Бескемпіровке, «Жетісу» ӘКК» ҰҚ» АҚ мен «Алматы облы­сын дамыту жөніндегі «Ала­тау» АҚ басшылығына хабар­ласып, бірлесе жұмыс істеу қа­жет­тігін қайталап айтты.
Кездесу қорытындысында облыс әкімінің орынбасары Се­рікжан Бескемпіров пен Bau­manGmbh&COKG компания­сының бас акционері Райнер Бауман екіжақты ынтымақтас­тықты одан әрі дамыту туралы меморандумға қол қойды.
Жалпы, Bauman­Gmbh&COKG компаниясы – 1930 жылы құрыл­ған, қой етін өңдейтін Еуропадағы ең ірі компаниялардың бірі. Қа­зіргі кезде қозы етін саудалауда Гер­маниядағы нарықтың 25 пайы­зын, Еуропаның елеулі бө­лігін қамтамасыз етіп отыр. Инвестициялық жобаның жалпы құны – 7,1 миллиард теңге. Келер жылы аяқталуға тиісті бірінші кезегінің қуаты жылына 15 мың тонна болса, 2-кезегі аяқталған соң жылына 30 мың тонна етті өндіреді және қайта өңдеуден өткізеді. Кәсіпорын өнімдері ішкі нарыққа да және экспортқа да шығарылатын болады. Сонымен бірге, 700-ден астам жұмыс орны құрылады.

Болат АБАҒАН,
Алматы облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*