Ашық күнде адасқандар

2175
0
Бөлісу:

Қоғам дағдарыста ма, әлде адам ба? Жалпы, дағдарыс дегеніміздің өзі не? Жанталасу, қиналу, қиындық көру ме, әлде келешекке үміт арту ма? Дағдарыстың өзі бірнеше түрге бөлінеді: экономикалық, саяси, экологиялық. Саясат пен экономикалық дағдарыс айтпасақ та түсінікті. Әлеуметтік дағдарыс ше? Адам бір нәрседен қиналған уақытта неге сүйенеді? Кімнен сүйеніш іздейді? Қоғамнан ба, туысынан ба, дос-жараннан ба, айналадағы адамнан ба? Қайсысына көбірек үміт артқан дұрыс. Бұдан 20-30 жыл бұрын дағдарыс орталықтары болды дегенді естідіңіз бе? Соғыс жылдарының өзінде адамдар қиналған сәтте жанашыр жанға арқа сүйеген жоқ па? Бүгінгі қоғамда қиындық көрген жан, жанашыр іздеген адам дағдарыс орталығына жүгінуге мәжбүр. Елімізде қазір мұндай орталықтар өте көп. Дағдарыс орталығы, «Аналар үйіне» үміт артатындар кім? Қоғамды алаңдатқан сауалға жауап іздеп көрейік.

«Айқынның» ашық ала­ңында Астана қаласы әкім­дігінің «Зор­лық-зом­былық немесе зорлық қаупі салда­рынан қиын жағдайға тап болған адамдарға ар­налған дағдарыс орталығы баспа­насы» КММ-ның директоры Ғалихан Ихсанұлы, «Ана үйінің» басшысы Бибігүл Махметова, Қазақстан дағ­дарыс орталығы одағының төрайымы Зүльфия Байса­қова бас қосып, түйткілді мәселе төңі­регінде пікір қозғады.

«Айқын»: Өркениетті қоғамда дағдарыс орталығын құру не үшін қажет болды?

Ғалихан ИХСАНҰЛЫ:


Біздің дағдарыс орталығы 2013 жылдың 1 қарашасында Астана қаласы әкімдігінің қаулысы негізінде ашылды. Орталықты құрудағы басты себеп – әлеуметтік қиындыққа тап болған, оның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге стационарлық жағдайда шұғыл қызмет көрсету үшін құрылған. Мақсат – зәбір-жапа көрген әйелдер мен балаларға қорған болып, заң жүзінде көмек көрсету, уақытша қиындықта қол ұшын созу. Қазір 38 қызметкер жұмыс істейді. Орталық 50 төсек-орынға есептелген. Коммуналдық мемлекеттік мекеме болғандықтан, толықтай жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады.


Бибігүл МАХМЕТОВА:


«Ана үйі» қоғамдық қоры күн сайын жетімдер үйіне түсіп жатқан жетім балаларға арналып ашылған. «Барар жер, басар тауы жоқ» әйелдер мен ата-анасыз қалған балаларға жанашыр кәсіпкерлердің қамқорлығы ауадай қажет. 2013 жылдың мамыр айында Астанада тұңғыш рет аналар мен жаңа туған нәрестелерге арналған «Ана үйі» дағдарыс орталығы ашылды.


Зульфия БАЙСАҚОВА:


2001 жылғы 26 наурызда Дағдарыс орталықтары одағын құрдық. Үкіметтік емес ұйым болғандықтан, қолымыздан келгенше, жағдайы қиын отбасыларға көмектесеміз. «Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған» елде дағдарыс орталығы болмауы керек еді. Өкінішке қарай, қоғамда адами құндылықтардың тоқырауы осындай орталықтардың ашылуына түрткі болып отыр.


«Айқын»: Елімізде зорлық-зомбылық көр­ген жандар көп пе? Адамдар қандай жағдайда орталыққа келуге мәжбүр болады?
Ғ.И.: Қоғамда қиындық көрген жан жоқ деп, кесіп айтуға тағы болмайды. Түрлі әлеу­меттік жағдайлар ана мен баланы орталыққа бару­ға мәжбүрлейді. Біздің орталыққа келе­тін­дер төсек-орын жабдықтарымен, гигие­на­лық заттар, жаялықтар, бес реттік тамақ, 3 жас­қа дейінгі баласы бар әйелдер міндетті қо­сымша балалар тамағымен қамтамасыз еті­леді. Бөлмелер жиһазбен жабдықталған, же­ке жуыну бөлмесі бар. Орталықта ойын жә­не оқу бөлмесі, кір жуатын орын, бассейні бар сауықтыру кешені, еңбек терапия бөл­месі, балалардың ойын алаңқайы, жаб­дық­тал­ған жаттығу залы бар.
Б.М.: Қазіргі кезде Қазақстанның 19 қа­ласында 25 «Ана үйі» жұмыс істейді. Соңғы төрт жылда тағдыр тәлкегіне ұшыраған 3000-нан аса әйелге көмек көрсеттік. Оның ішінде 2400-і өз отбасымен қайта қауышты. Бұл – қуантарлық жағдай. Үш мың әйелдің ауыр тағ­дырына араша түсу арқылы 3000-нан аса баланы жетім етпей, жетімдер үйіне өткізіп жіберуден сақтап қалдық. Түсінген адамға дүниеде анадан айырылудан артық қасірет жоқ. Біз 3 мыңдай баланың анасымен бірге қалғанына қуанамыз. «Ана үйі» әйелдердің 70 пайызына баласынан бас тартпауға ықпал етеді. 2017 жылдың тоғыз айында біздің орта­лықтан 578 әйел көмек сұрады. Оның ішін­де 174 әйел жеке бас құжаттарын қайта қалпына келтірді. 105 бала арнайы мамандандырылған ме­дициналық көмек алды. 88 әйел тұрғын үй ке­зегіне тұрса, 56 бала балабақшаға орна­лас­ты. 52 әйел баласының заңды әкесі екенін дә­лелдеп шықты. Ең қуанышты жаңалық – то­ғыз әйел мемлекеттік қордан баспаналы болды.
З.Б.: Құрылғалы 16 жыл ішінде Қазақстан бойынша 200-дей жобаны жүзеге асырдық. 12 жыл жұмыс ішінде 150 байланыс нөміріне 1,5 миллионнан аса телефон қоңырауы келіп түсті. Бір ғана 2016 жылы 395 840 адам теле­фон соқты. Байқап қарасам, кейінгі кездері арызқой, мәселемізді біреу шешіп берсін деген психология қалыптасып келе жатыр. Көмекке мұқтаж болса, бір жөн. Қиындықпен күресудің орнына «маған жағдай жаса» дейтіндер де көбейді. Қоғамға мешел болғысы ке­летіндер де көп. «Дайын асқа тік қасық» бол­ғысы келеді. Отбасылық өмірде қиын­дық­тар кездеспей тұрмайды. Сол қиындықты бірі­гіп жеңе білудің орнына, оңай жерден «нан» тапқысы келеді. Мағынасыз «бос­тан­дыққа» ұмтылатындар көп. Осы мәселенің бәрі бүгінгі қоғамды алаңдатып тұр. Сөйлесіп, сырласып кеңес айтсаң, көпшілігі уақытша қиындыққа төзгісі келмейтінін айтады. Ба­қытты ғұмыр кешуге екеуінің де міндеті бар еке­нін ескермейді. Ең өкініштісі – осы.
«Айқын»: Орталық әлеуметтік ахуалды рет­тей ала ма?
Ғ.И.: Орталыққа келген сәттен әйел­дермен арнайы психолог жұмыс істейді. Қор­қы­ныш, агрессия, үрейден арылту үшін жеке пси­хологиялық сессиялар өткізеді. Отба­сы­лық проблемаларды шешуге және оларды қай­талаудан сақтануға, кикілжіңнің алдын алу­ға көмектеседі. Бізге келгендердің көбі өз құ­қықтарын біле бермейді, не талап етуге қау­қарсыз. Заңды білсе, қорғансыз болмас еді. Жоғалған құжаттарын қалпына келтіруге, өті­ніш­терін рәсімдеуге, жұмысқа тұруға, ба­ла­ларын балабақша, мектепке орналастыруға жәр­демдесеміз.
Б.М.: «Ана үйіне» келетіндердің дені – ой­­нап жүріп от басқандар, некесіз бала туғандар. «Баланың әкесі» екенін мойындағысы кел­мейтіндер көп. Сондай жағдайда бейшара қыз­дар қайда барып мұң шағады? Кей еркек­тер алимент төлеуден, жауапкершіліктен қашады. Әйелдің туыстары мен жақындары «елге қарабет болдық» деп жалған намысқа ты­рысып, үйден қуып жібереді. Біздің орта­лыққа келгендердің 6 пайызы – кәмелеттік жасқа толмаған екіқабат қыздар. Олар тууға жақын қалған шағында келеді. 16 пайызы – Балалар үйінің түлегі.
З.Б.: Қазақстанның 11 аймағында 16 дағ­дарыс орталығы бар. Мұндай орталықтарды азайтып, тәрбиеге, отбасылық құнды­лықтар­ды кеңінен насихаттауға әр­қайсысымыз атсалысуымыз қажет. Уақыт өте келе дағдарыс орта­лық­тары болмаса екен деген тілегім бар.
«Айқын»: Әлеуметтік дағ­дарыстың туу се­бебі неде?
Ғ.И.: 2013 жылдан бері 681 адам көмек сұ­рап келді. Оның 229-ы – әйел, 452-сі – ба­ла. Өкінішке қарай, көмегімізге жү­гінетіндер қарасы азаймай отыр. 2013 жылы – 9 адам (2 әйел, 7 бала), 2014 жылы – 110 адам (35 әйел, 75 бала), 2015 жылы – 148 адам (48 әйел, 100 ба­ла), 2016 жылы – 174 адам (64 әйел, 110 бала), 2017 жылдың қазанына дейін 241 адам (81 әйел, 160 бала) ор­талықтан көмек сұрап келді. Байқағаныңыздай, жыл өткен сайын әлеу­меттік, тұрмыстық проблемалар кө­бейіп ба­рады. Сондай-ақ біздің баста­мамызбен ішкі істер органдары арқылы кел­ген 18-58 жас аралығындағы тағдырлы әйел­дерді кәмелет жасына толмаған балаларымен бір­ге қа­былдадық. Дағдарыс орталығында жұмысқа тұрып немесе білімін жетілдіру курс­тарына жазылып, мамандық алып, жұ­мысқа ор­на­ла­сады. Сондықтан мұндағы әр адам жұмысқа тұрып, орталықта тұру мерзімі аяқ­талғанға дейін жалақысын жинап, келе­шекте пәтер жалдап тұруға әрекеттенеді. От­ба­сы, туған-туыстарына оралатындары да бар.


Қоғамнан, отбасынан әлімжеттік көріп, зорлық-зомбылыққа тап болғанда балалар мен жасөспірімдерге арналған ұлттық бірыңғай жедел телефон желісі – 150 нөміріне хабарласа аласыз. Адам саудасына қатысты Ішкі істер органдарының республика бойынша аймақтағы бөлімшелеріне 24 сағат бойы хабарласуға болады. Сондай-ақ 11616 жедел желісіне шұғыл түрде хабарласып, көмек сұрай алады. Адам саудасы, зорлық-зомбылық, әлімжеттікке душар болып, алдау-арбауға түсіп қалған азаматтар жедел желіге хабарласқан жағдайда аты-жөні құпия сақталатынын қаперге саламыз.


Б.М.: «Ана үйіне» ай сайын алпыстан ас­там балалы әйел көмек сұрап келеді. Жылына орта есеппен – 750-770 балалы әйелге қол ұшын созамыз. Жылдан-жылға көмек сұрау­шы­лар саны көбеймесе, азаятын түрі жоқ. Шетелге еліктеу, ұлттық тәрбиеден алшақтау өмір сүру дағдыларымыздан жаңылыстыра бас­тады. Ата-ана, әке-бала, ана мен қыз сөй­леспейтін, сырласпайтын болды. Әсіресе, үл­кен қалаларда адамдар өмір сүрмейді. Тұр­мыс жағдайын жақсарту үшін жанталасады. Күнұзаққа жұ­мысбасты. Тіпті екі-үш жұмыс жасайтын ата-аналар бала тәрбиесін – бала күту­шіге, қауіп­сіздігін жеке көлік жүргізу­ші­сіне жүктеп қой­ған. Отбасылық байланыс үзіл­ген. Ма­териалдық жағдайы жақсы от­басылардың үйін­де мейірім, жылылық жоқ.
З.Б.: Жасөспірімдер көбіне өз-өзіне қол салуға бейім кезінде көмек сұрайды. Балалар отбасындағы ұрыс-керіс, мектеп, көше, аула­да көрген әлімжеттік әрекеттерге жиі шағым­да­нады. Жыл өткен сайын қылмыс түрі кө­бейіп, қылмыскерлер жасарып келеді. Адам са­насына сыймайтын қатыгездікпен жасала­тын қылмыстарды жиі еститін болдық. Кейде жаңалықтар емес, қылмыстық хроника көріп отырғандай боламыз. Теледидар, ақпараттық насихат тек бай болу, шалқып өмір сүру деген идеологияны ғана насихаттайтындай. Озбыр­лық, қиындық неден туады? Салдарын емес, се­бебін іздеуіміз көбірек. Шын мәнінде, сал­дарымен күресуіміз керек.
Б.М.: Көбінесе бақытсыз жағдайға ауылдан шыққан қыздар душар болады. Олар үл­кен қалаларға жұмыс істеуге, не болмаса білім алуға келеді. «Ай дейтін ажа, қой дейтін қожа» жоқ болғандықтан, «бостандық» деген осы екен деп жамандыққа ұрынады. Басты қателік – күтпеген, жоспарламаған жүктілік, босанғанға дейін «жігіт әлі де болса, маған үйленіп қалар» деп үміттену. Бос қиялмен жүргенде босанатын күн де жақындайды. Түсік тастауға кеш, тығырықтан шығатын жалғыз жол – босану. Басқа таңдау жасауға бәрі кеш. «Адамнан жасырғаныңды Алладан жасыра алмайсың». Біз перинаталды орта­лықтан баланы анасында қалдыруды өтінеміз. Баланы туа сала жетімдер үйіне өткізбесе екен дей­міз. Сөйтіп, баламен бірге «Ана үйіне» келу­ді ұсынамыз. Ана өз-өзіне келгенше, жыл­ға жуық баласымен «Ана үйін» па­на­лайды. Тамағы, медициналық көмегі, жатын орны барлық жағдай жасалған. Оның үстіне бізде жас әйелдермен психологтар жұмыс істейді. Психологтар жас әйелді аналық өмір­дің қыр-сырына, жауапкершілікке, от­ба­сы­лық өмірге бейімдейді.
З.Б.: Балалар, ата-аналар физикалық, пси­хологиялық зорлық-зомбылыққа ұшы­раған жағдайда шарасыз күйге түседі. Жұ­мы­сында, қоғамда сәтсіздіктерге душар болса, кім­ге айтарын білмейді. Әсіресе, некесіз, жос­парсыз бала туатындар барлық қиын­дық­тан құтылудың төте жолы – суицид деп ой­лай­ды. Олар ата-анасына, қоғамға ренжіп, мә­селелерін шешудің ретін таппайды. Ақыры, өз-өзіне қол жұмсаумен аяқталады.
«Айқын»: Елімізде ер-азаматтарға арналған орталықтар бар ма?
З.Б.: Арнайы орталықтар бар. Көбіне ер- аза­маттар қызметінен айырылғанда, ішім­дік­ке салынғанда, отбасынан ажырасқанда дала­да қалғандай сезінеді де, өзін-өзі жоғалтып алады. Шетел азаматтарынан зәбір-жапа көретіндер, сауда-саттықпен айналысамын деп құлдыққа түскендер, шетелге шығып ба­қытсыз жағдайға душар болып жатқандар көп. Біз әрбір адамның телефон қоңырауына бей-жай қарамаймыз. Психологтар, заңгерлер кө­мектесуге әрдайым дайын.
Б.М.: «Ана үйі» әйелдердің жұмысқа ор­наласып, жаңа өмір бастауына, отбасына ора­лып бақытты ғұмыр кешуіне, баласын бала­бақшаға орналастыруына көмектеседі. Қоғамдық қордың мақсаты – жаза басып, өмірден түңілгендерді отбасымен табыстыру, әкесі кім екенін анықтап, бүтін бір отбасы құру. Баласы екенін біле тұра, жауапкершілік­тен қашып мойындамайтындар көп. Оларға кө­біне, құқық қорғау органдары арқылы кө­мектесеміз.


Дағдарыс орталығына қабылдану үшін мынадай құжаттар қажет:

1. Қызмет алушының жазбаша өтініші.
2. Арнайы әлеуметтік қызметтер (АӘҚ) ұсынатын Уәкілетті органға бағытталған шешім.
3. Жеке куәлік, баланың туу туралы куәлігі (дағдарыс орталығында жеке басын куәландыратын құжаттарсыз тұлғалар да қабылданады). Дағдарыс орталығына келген күннен бастап 72 сағат ішінде медициналық тексеруден өткенге дейін уақытша қоныстану бөлмесіне орналасады.


З.Б.: Отбасылық кикілжіңнің соңы ажы­расу, екіге айырылысуға алып барады. Дұры­сы, ұрыс-жанжалдың алдын алып, отбасын сақ­тап қалуға көмектескен – нәтижелі. Се­бебі, ажырасып, бір-бірінен мүлдем алшақ­тап кеткен ерлі-зайыптыны табыстыру – ұзаққа созылатын процесс. Айта берсек, себебі көп: жұмыссыздық, ішімдікке әуестік, жалқаулық, еңбек етпесе де «теледидардағыдай өмір сүр­сем…» деп қиялға ерік беретіндер де жоқ емес. Еліктеуден бұрын еңбек ету керек. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп хакім Абай тегін айтқан жоқ.
Б.М.: Өмірге некесіз бала әкелу немесе баладан бас тартудың себебі: баланы асырауға жағдайы жоқ, отбасылық өмірге дайын емес, жаңа туған баланың күтімін білмейді. Ауру болып туған баладан құтылғанша асыққан­мен, оны емдеп адам қатарына қосуды ойла­май­ды. Некесіз бала туған жағдайда өсек-аяңнан қашады. Баланы келешек өміріне ке­дергі деп түсінетіндер қатты қателеседі. Кә­мелеттік жасқа толмаған әйелдер ата-ана­сы, ағайын-туыс, дос-жарандарынан қор­қа­ды.
З.Б.: Басты себеп – әуел баста балалар үйі­нің ашылуы. Кейбір адамдар мемлекетке арқа сүйеп жаман үйреніп алады. «Мен үшін бәрі дайын тұруы керек» деген түсінік пайда бо­лады. Балалар үйінен шыққан соң жасөс­пірім­дер үйіне барады… Тізбектелген тегін өмір сүру дағдысы адамға өз бетінше азамат болуға мұрша бермейді.
Қарттар үйі, балалар үйі, аналар үйі… енді келіп дағдарыс орталықтарының көптеп ашылуы­на тәрбиеден кеткен қателік, тұр­мыс­тық қиындық, қылмыстың көбеюі, қаты­гездік, мейірімсіздік себеп дер едім.


Мәселенің тоқетері: 

Әйел – жар, мейірімді ана, ақылшы жан. Мейірімді анамызды, мәпелеп отырған қызымызды, сүйген жарымызды қаңғытып, тентіретіп жібердік. «Әлем мен бесікті» қатар тербейтін аналарымыздың дағдарыс орталықтарында «дағдарып» қалғаны жанға батады. Қатыгездік пен қысым көріп өскен ұрпақтан не күтеміз?
Психолог мамандар отбасында әйелдің зорлық-зомбылыққа шыдап жүре беруінің себебін ата-анадан алған тәрбиесімен байланыстырады. Отбасында жанжалдың орын алуына тек әйел затын кінәлайтындар да көп. Баланың көзінше, анасын ұрып-соғу арқылы әке қатыгез ұрпақ тәрбиелеп жатқанын ұмытып кетеді. Еркек әйелге үш реттен артық қол көтерсе, оның бойында қорқыныш пайда болады екен. Ол қорқыныш ананың өзін қорғау инстинктін жояды. Балаға қорғану қабілеті анадан даритыны белгілі. Аяушылық сезімнің не екенін білмей өскен бала өзге ортада қатыгездік танытады. Зұлымдық, аяушылық сезімнің оянбауына отбасындағы зорлық-зомбылықтың әсері көп. Қыз бала – анасының, ұл бала әкесінің өмірін қайталайды. «Ұрпағым – өмірімнің жалғасы» деп бабаларымыз тегін айтпаған.
Отбасы мәселесі қай елде болмасын, қоғам үшін маңызды. Әлемнің түкпір-түкпірінде дағдарыс орталықтары жұмыс істейді. Олардың мақсаты – жәбірленуші жандарға қамқорлық көрсету. Қазақ қоғамына мұндай орталықтар кейінгі жылдары ғана ене бастады. Қиындық көрген, жапа шеккен, зәбір тартқан аналар мен балалар үшін дағдарыс орталықтары қажет-ақ. Алайда «жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған» қазақ қоғамы ұрпақ тәрбиесін, отбасы құндылығын неге әлсіретіп алды? Отбасы құндылығы ғана емес, рухымыз да дағдарысқа ұшырап тұр. Неге?!

Гүлзина БЕКТАС, Майра ЖАНЫСБАЙ 

Бөлісу:

Пікір жазу


*