Алматыда маңызды кездесулер өткізді

1278
0
Бөлісу:

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Алматыға жұмыс сапарымен келіп, бірқатар маңызды кездесулер өткізді. Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жұмыс сапары аясында ол Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауындағы міндеттердің іске асырылуымен, сондай-ақ қаржы секторын дамыту, ШОБ-қа қолдау көрсету, өндірістік инновацияларды енгізу және қаланың көлік жүйесін жақсарту шараларымен танысты.

Алматыға келген бойда Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев бірінші кезекте қала әуежайын кешенді жаңғырту жоспарымен танысты. Айта кетерлік жайт, әуе айлағы Оңтүстік-Шығыс Азия мен Еуропа арасындағы геогра­фиялық қолайлы жерде орналасқан, ол өңірдің транзиттік әлеуетін арттыруға жол ашады.
Үкіметтің сайтында берілген мәліметтер бойынша, бүгінде Алматы әуежайынан шамамен 40 әуе компаниясы тәулігіне 150-ден астам рейс жасайды. Жоба аясында транзиттік аймақтарды және жолаушылар терминалының ұшу залдарын кеңейту жоспарда бар. Бұл – жолаушылар мен жүк тасымалдарының көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Бұдан кейін Премьер-министр екінші деңгейлі банктердің басшыларымен және еліміздің қаржы секторының ірі қатысушыларымен кездесу өткізді.
Қатысушылар кеңес барысында бірқатар аса өзекті тақырыптарды талқылады, солардың ішінде Қазақстан Республикасында электронды сауданы дамытудың 2018-2020 жылдарға арналған Жол картасының жобасын, Зейнетақы қорының және Міндетті медициналық сақтан­дыру қоры­ның активтерін басқару мәселелерін, сондай-ақ жеке тұлғаларды цифрлық сәй­кестендіру, қор нарығы және цифрландыру жағдайында сақтан­дыру нарығын дамыту мәселелерін талқылады.
Кездесуде Қазақстан Қаржыгерлері қауым­дастығы кеңесі төрағасының міндетін атқарушы Юлия Якупбаева, «Халық банкінің» басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова, ForteBank басқарма төрағасы Мағжан Әуезов, «Қазақстан Сбербанкі» басқарма төрағасы Александр Камалов, «Цеснабанк» басқарма төрағасы Ержан Тәжияқов, «БанкЦентрКредит» басқарма төрағасы Ғалым Құсайынов, SkyBridgeInvest инвестициялық компаниясының басқарма төрайымы Шолпан Айнабаева, RBK банкінің директорлар кеңесінің мүшесі Әнуар Сайденов, Еуразия банкінің басқарма төрағасы Павел Логинов, сондай-ақ Қазақстан сақтандыру­шылары қауымдастығының бас директоры Виталий Веревкин сөз сөйледі.
Премьер-министр жұмыс сапары аясында бірқатар маңызды шараларға қатысты. Олардың ішінде «ЭЫДҰ-ның Еуразия апталығы – 2017: Бірге өркендеуге арналған ашық нарықтар» форумы, «Атамекен» кәсіпкерлердің өңірлік кеңесі мүшелерімен шағын және орта бизнесті дамытуға байланысты кездесу, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының, өндірістік кәсіпорындардың жұмысы және қаланың көлік жүйесін дамыту жоспарларымен танысу шаралары бар. «Атамекен» кәсіпкерлердің өңірлік кеңесі мүшелерімен өткен кездесуде Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспарға сәйкес бизнес ортаны дамыту жөнінде баяндады.
Сондай-ақ Алматыға жұмыс сапары бары­сында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Репродуктивті медицина институтының (РМИ) ЭКҰ орталығына барды, онда денсаулық сақтаудың халықаралық стандарттары деңгейінде бедеулікті емдеу мен жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетіледі.
Б.Сағынтаев ғимаратты аралау барысында тіркеу бөлімінің, call-орталықтың, жұмыс кабинеттерінің және ЭКҰ-зертханаларының жұмысымен танысты. Өз кезегінде институт директоры Тамара Жүсібалиева Премьер-министрді орталықтың қызметі, әлеуметтік жауапкершілік аясында міндеттердің орындалуы, сондай-ақ репродуктивті медицинадағы жетіс­тіктер мен ғылыми қызмет туралы ақпараттан­дырды.
Айта кетерлік жайт, 2017 жылы ЭКҰ орта­лығында жергілікті әкімдік қаражаты есебінен 300 алматылық отбасы тиісті медициналық көмек алды және шамамен тағы 700 адам кезекте тұр.
Жаңа клиника халықаралық талаптарды есепке ала отырып тұрғызылған және заманауи жаб­дықтармен қамтамасыз етілген. Оның ерек­шелігі – толықтай оқшауландырылған опера­циялық блогы мен эмбриологиялық зертхана­сының болуында. Бұл – микроклиматты сақтауға және тұрақты температура мен ылғалдылықтың зарарсыздандырылған ауамен қамтамасыз етілуіне мүмкіндік береді. Осындай «таза ғимарат» жүйесі жоғарғы клиникалық нәтижелер беріп, емдеу тиімділігін айтарлықтай арттырады.
Бұдан өзге, клиника Алматыда медициналық туризм дамуының жарқын мысалы. Екі жылдың ішінде Алматыға Түркия, ҚХР, Германия, Ресей және АҚШ-тан келген емделушілердің саны медициналық туризм желісі бойынша бірнеше есеге артты. Жыл сайын РМИ клиникасы 3 000 отбасына дейін қабылдай алады.
Ресми сайттың мәліметі бойынша, 2017 жылы Алматы облысының денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыруға 48,4 млрд теңге қарастырылған. 1 қазандағы жағдай бойынша 31,6 млрд теңгесі немесе жылдық жоспардың 65,3 игерілген.

К.ӘЛІМ

Бөлісу:

Пікір жазу


*