Сүт сапасын саралай білесіз бе?

Отандық өнімді қолдау саясаты еліміздегі ірілі-ұсақ көптеген компанияларға дем бергені анық. Олардың алды өз өнімдерін экспортқа шығарып жатса, енді бірі аймақтағы бәсекелестікке төтеп бере алатын нарық субъектілеріне айнала бастады. Осы тектес өндірушілер өңдеуші өнеркәсіпте де еңсесін тіктеп келеді. Соның ішінде, Алматы аумағында нарықтың 20-25 пайызын игеріп отырған «Адал» компаниясы да бар. Журналистерге арналған пресс-тур барысында компанияның бесжылдық даму бағдарламасын жүзеге асыру арқылы мега-ферма мен жаңа сүт зауытын біріктіретін кластер құрып отырғанына көз жеткіздік.
Жалпы, бұл мақсатты жүзеге асыру үшін 5 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылған. Оның 2,5 млрд теңгеден астамы сүт зауытының құрылысына жұмсалса, мега-ферманы құру үшін 5 жылға 6 пайыздық мөлшерлемемен «ҚазАгро Қаржы» арқылы 1,6 млрд теңге несие алынған. Фермадағы озық технологиялар зауыт жұмысының ілгерілеуіне айтарлықтай әсер етеді. «Адал» Агроөнеркәсіп кешенінің бас директоры Серік Смаиловтың айтуынша, сиыр қоралар италиялық технологиямен жабдықталған.
– Сиырлар бұрынғыдай шынжырға байланып тұрмайды. Қорадағы астауларда жылыту жүйесі, сабаннан жасалған матрастар, автоматты түрде массаж жасайтын шөткелер, тіпті микроклиматты сақтауға арналған вентиляция жүйесі мен душ бар. Сиыр үшін ең ыңғайлы температура – 60С мен +60С градус болғандықтан, біз қораны да салқын температурада ұстап тұруға тырысамыз. Таң қаларлығы, осы технологияны енгізген соң сиырлар да көбірек сүт бере бастағанын байқадық. 2014-2017 жылдар аралығында сиырдың сүттілігін 5 мың тоннадан 7,5 мың литрге дейін жеткіздік. 2019 жылға дейін бұл көрсеткішті жылына 9-9,5 мың литрге ұлғайтуды жоспарлап отыр-мыз, – дейді ол.
Зауытты шикізатпен толық қамтамасыз ету үшін 2000 бас сауынды ірі қара мал қажет. Қазір компания иелігіндегі сауынды сиыр саны мыңға жуық. Зауыт тәулігіне 150-200 тонна сүт өндірсе, шикізаттың жартысы жеке фермерлерден сатып алынады. Компания фермасындағы сиырлардың сүті «премиум сегментке» сатуға шығарылады. Компаниядағылардың айтуынша, жеке фермерлерден келіп түсетін шикі сүт қосымша өңдеуден өтеді. Бұл әдістің шығыны көп болғандықтан, ферма сауынды сиырлардың санын арттыруға құлшына кіріскен. Компания директоры сиырлардың санын екі мыңнан асыру үшін түрлі селекциялық әдістерді пайдаланып жатқандарын айтты. Оның ішінде алдын ала жынысқа бөлу арқылы ұрықтандыру тәсілі де бар. Ол 96 пайыз сиыр алуға мүмкіндік береді. Мұның соңғы кездері сүт өндірісіне негізделген шаруашылықтарда жиі қолданылып жүргенін байқадық. Одан бөлек, Серік Жолдасбекұлы соңғы кездері 12,5 мың тонна сүт беретін сиырлар арқылы мал тұқымын асылдандыруды қолға алғанын да сөз етті.
Компанияның ауыл шаруашылығы бойынша директоры Медетхан Игіліков сиырлар сүтті молынан беруі үшін ол тұтынатын жем-шөп құрамы да сапалы болуы керек деген пікірде.
– Бір қарағанда мынау тек сүрлем секілді. Бірақ мұнда онан бөлек түрлі құнарлы дәнді-дақылдар да бар. Біз жем-шөптің өзін арнаулы технология арқылы дайындаймыз. Мысалы, жүгерінің сүттен арылған, әлі қатая қоймаған кезін ұстап қаламыз. Сосын әрқайсысын 2-3 см етіп тураймыз. Неге? Өйткені мұндай азық қорытуға жеңіл, – дейді ол.
Сауым сүттің сапасын қадағалау мақсатында компания мал азығын да өзі дайындайды. Ол үшін арнаулы егіс алқаптары да қарастырылған. Онда жүгеріден бөлек, тары, арпа, сүрлем мен пішен өседі. Уақытылы жиналған жем-шөптердің құрамын бұзбай сақтау үшін вакуумдық технология пайдаланылады.
Құнарлы тағам сүт сапасына қалай әсер етсе, оның сақталып, өңделуі де пайдалы өнім шығаруда маңызды рөл ойнайды. Мысалы, сиырды сауу толығымен технологияның міндетіне айналған. «Бұл қателіктердің алдын алады» дейді компания төрағасы Серік Смаилов. Оның айтуынша, еуропалық жоғары технологияларға қол жеткізгенге дейін бір мезетте төрт сауыншы 200 сиырды сауып шықса, қазір бірнеше ауысыммен 4 сауыншы 48 сиырдан сауады. Мұнда олардың рөлі тек қадағалаушы әрі сауыншы технологияға «қолғабыс» етуші ғана. Адам қолы тимегендіктен, санитарлық тұрғыда таза өнім небәрі 15 минут ішінде зауытқа жеткізілетін көрінеді. Ондағы тазалау, жуу процестері де толық автоматтандырылған жүйе арқылы жүзеге асырылады.
Агроөнеркәсіптік кешеннің басшысы «жылдар бойы зерттеудің арқасында шикізатты пайдаланудың тиімді жолдарын игердік» дейді. Соның арқасында компания қазір батыс елдерінің заманауи технологияларын қолданып, өндіріс көлемін арттырып отыр.
– Сүт өзіндегі пайдалы бактериялар мен минералды заттарды жоғалтпауы әрі тез бұзылып кетпеуі үшін оны бірден 130 градусқа дейін қыздырады, сосын 4 секундтан кейін оны бірден салқындатады. Осы технология арқылы зиянды бактериялардың барлығы жойылып, сүттің сақталу мерзімі ұзарады. Одан кейін сүт пастерлейтін қондырғы арқылы өтіп, Tetra Pak қаптамаларына құйылады. Мұндай сүт жарты жылға дейін жарамды, – дейді ол.
Қаптау технологиясы демекші, компанияның өнімі әртүрлі пішімде шығарылады. Соның ішінде, тетрапакеттердегі сүт өнімдерінің қаптамасы зауыттан шығар тұста әр 15 минут сайын тексеруден өтеді. Бұл бір ғана тексеріс емес. Зауыт директоры Гүлшат Мұхамеджанова шикізат өнімге айналып, қаптамаға құйылғанша 4 рет лабораториялық талдаудан өтетінін айтты.
Бұл – зауыттың ішінде болып жатқан біркүндік процесс. Серік Смаиловтың айтуынша, өндірушілер қанша тырысқанымен, ішкі нарықтағы сүтке деген сұраныс әлі де толық қамтыла қойған жоқ.
– Ауыл шаруашылығы министрлігі мәліметтері Қазақстанға жылына 900 мың тонна шикі сүт жетпей қалатынын көрсетіп отыр. Сонымен бірге, ведомство шикі сүттің 70 пайызға жуығы жеке фермерлердің қолында екенін айтады. Бұл сүт жинауды одан әрі қиындата түседі әрі сүт фермалары үшін үлкен шығын болып отыр. Одан бөлек, мұндай сүттің сапасы да төмен, – дейді ол.
Демек, ауыл шаруашылығында әлі де халықтың сұранысына сай өнім шығарып, істі дөңгелетіп алып кетуге болатын салалар жетерлік. Бұл сөзіміз кәсіп ашып, нәпақа табамын деушілердің құлағына алтын сырға болсын. Мұндай жағдайда кішігірім шаруашылықтардың өзі үлкен корпорацияға айналуына болады. Себебі, мега-ферма тек сүт өнімдерінің шикізат көзі емес. Бұл бизнесте өзінің егіс алқабында өскен жем-шөптен артылғанын сатып та, суалған сиырларды етке өткізіп те қосымша табыс табуға болатынын көрдік, көрдік те агроөнеркәсіптің қалдықсыз өндіріске жетер күні алыс еместігіне көз жеткізіп қайттық.
Кәмила ДҮЙСЕН