Оқулық қолжетімді болады

1239
0
Бөлісу:

Астанада «Жаңғыру 3.0: Рухани жаңғыру» тақырыбын арқау еткен сарапшылық кездесулердің сериясынан 2017 жылды қорытындылайтын халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оның барысында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы, сондай-ақ қоғамдық сананы жаңғыртудың тұжырымдамалық проблемалары талқыланды.
Конференция жұмысына 100-ден астам адам – ғылыми-сарап­шылық қоғамдастықтың, мемле­кеттік орган­дардың, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Конференцияның жалпы оты­рысының модераторы – Ұлттық аудар­ма бюросының атқарушы дирек­торы, Президент жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдар­ламасын іске асыру жөніндегі ұлт­тық комиссияның мүшесі, жоба­ның жұмыс тобының жетекшісі Рауан Кенжеханұлы «Жаңа гумани­тарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының іске асырылу барысы туралы ақпарат беріп, бюро жұмысы­ның жобаны іске асыру жөніндегі негізгі басымдықтарын баяндады. Назарға ұсынылған ақпа­ратқа сәйкес, Елбасы өз бағдар­ламалық мақаласында тапсырған 100 оқулықтың қазіргі кезде 18-і басуға дайындалып жатқан көрінеді.
Сонымен қатар ең танымал оқу­лықтар таяу уақытта 100kitap.kz сай­тында электронды форматта жұртшылыққа қолжетімді болатыны да айтылды.
Еуразиялық интеграция инсти­ту­тының директоры Ғани Нығы­метов өз сөзінде «Рухани жаңғыру» бағдарла­масының зор маңызын атап өтіп, конференцияға қатысушы­ларды инс­титут іске асырып жатқан жобалармен таныстырды. Ол «Жаңғыру 3.0: Рухани жаңғыру» деген тақырыпта өткізілген дөңгелек үстелдер мен конференция­лардың нәтижелеріне тоқталды, олардың барысында «Рухани жаңғыру» бағ­дар­ламасын іске асыру мәселе­лері талқыланғанын жеткізді. Сонымен бірге, оның айтуынша, аталған бағ­дар­лама әу бастан, сапалы менедж­ментпен сүйемелденді, бұл оны қоғамдағы ең бір танымал бағ­дар­ламаға айналдыруға мүмкіндік берді.
Конференцияда Президент жа­нындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, профессор Бүркітбай Аяған, Франциядан келген филосо­фия ғылымдарының докторы, про­фессор Реми Хесс және басқа да ғалымдар мен қоғам қайраткерлері сөз сөйледі.
Шара барысында қорытынды ұсынымдар талқыланып, қабыл­данды.

 

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*