Жанармай нарығындағы жанталас

1124
0
Бөлісу:

Еліміздегі мұнай өңдеуші екі зауыттың жөндеу жұмыстарына жабылғаны ішкі нарықтағы бензиннің импортын арттырып, бағаның шарықтауына себеп болды. Сарапшылардың айтуынша, жанармай құнына соңғы кездегі ұлттық валютаның құнсыздануы да қатты әсер еткен. Энергетика министрлігі «қарашада жағдай тұрақталады» дейді. Ел арасында тараған «бензин тапшылығын» билік өкілдері жалғанға шығарса, жанармай сатылымымен айналысатын ірі компаниялар кем дегенде қазанның соңына дейін жететіндей қор бар екенін мәлімдеді. 

Энергетика министрі Қанат Бозым­баевтың сөзіне сенсек, ресейлік мұнай өңдеуші зауыт­тардан айдың соңына дейін қо­сым­ша 100 мың тонна жанар-жа­ғармай әкелінеді. Сонымен бірге, ол бензиннің қалған қоры бүкіл елді толық қамтамасыз етуге жет­кі­лікті екенін айтты. Бұл мәселе күн тәртібіндегі маңыз­ды тақы­рыпқа айналғалы сарапшы­лардың да пікірі екіге жарылды, бірі «елімізге төртінші МӨЗ қажет» десе, енді бірі «оған ішкі нарық­тағы шикізат көлемі жетіс­пейді, себебі, мұнайдың көп бөлігі экспортқа бағыттал­ған» деген пікірлерімен бөлісті. Бірақ министрлік «қарашада жанармай нарығында тұрақтылық орнай­ды» деп сенді­руде. Елбасымен кездесу бары­сында Қанат Бозымбев Павло­дардағы мұнай өңдеуші зауыт қараша айында, Атыраудағы МӨЗ желтоқ­санның 16-сына дейін толық жұмыс істейтінін атап өткен болатын. Сонымен бірге, ми­нистр бұл зауыттарда алғаш рет мұнай өнімдерінің көлемін арттыруға және олардың сапа­сын жақсартуға мүмкіндік беретін катализдік крекинг қондырғысы пайдаланыла­ты­нын да айтты.

Баға болжамы қандай?

Дегенмен жұрттың кө­кейінде «Бәрі орнына келсе, баға төмендей ме?» деген сұрақ сайрап тұр. Оған министр соңғы өткен Үкімет отыры­сында жауап берді. Оның ай­туынша, болашақта ішкі нарық­тағы ресейлік бензин көлемі азай­ғанымен, баға төмен­демеуі мүмкін.
– Егер ресейлік жанармай қа­зіргі бір тоннасы үшін 555-560 доллар деңгейінде қалса, ішкі на­рығымызда да бағаны төмен­детуге мүмкіндік болар еді. Бірақ баға ары қарай қымбаттаса, тіпті оның ішкі нарықтағы үлесі 20 пайыз ғана болса да, ол өзгелердің баға көтеруіне негіз беруі ықти­мал, – деді министр.
Вице-министр Бақытжан Жақсалиев бейсенбі күні өткен Сенат отырысында бензин баға­сына бол­жам жасап, оның 165 теңгеге дейін баруы мүмкін еке­нін айтты. Сонымен бірге, Қазақ­стан­дағы 2018 жылы мұнай өңдеу көле­мін 15 млн тоннаға жеткізу туралы жос­парымен бөлісті. Демек, ендігі жылы бензин бас ауруға айналмауы тиіс. Осы орайда, сарапшылардың пікірін білмек болып, экономист Мақсат Халықпен байланысқа шықтық. Оның пайымда­уынша, бензин бағасының көтерілуіне осы сала­дағы ойыншылардың келісі­мі себеп болғанға ұқсайды. Одан бөлек, сарап­шы жақында рубльге шаққан­дағы теңге кур­сының жоға­рылауы кәсіп­керлерді қолда бар жа­нар­майын Ресей нарығына өткізуге итермелеп отыр­ғанын айтты.
– Бұл – олигопо­лиялық на­рық, яғни онда үш-төрт ойын­шы ғана болған­дықтан, бір уақытқа бағаны өсіреміз деп келісуге ың­ғайлы. Мұндай ойынның болға­ны анық. Оны қазіргі уақытта сөгіс жария­ланғанынан да көре аламыз. Екінші себебі – Ресей­дегі жанар-жағармай бағасының қымбаттығы. Мысалы, бензин ол жақта 210-215 теңгенің үстінде, ал бізде орташа есеп­пен 150 теңге. Демек, бізд­ің кәсіпкерлер үшін бен­зинді Ре­сейге өткізу ұтым­ды болып отыр. Одан бөлек, бензиннің Ре­сейге экспортталып кетуінің тағы бір себебі, теңгеге шақ­қан­дағы рубль­дің қым­баттауы. Бір рубль алты теңгеге дейін көте­рілді. Қорыта айтқанда, біздегі арзан бензин ресейлік нарық үшін қызықты кө­рініп, үлкен сұранысқа ие бол­ды. Осы про­цесс ішкі нарық­тағы жанар­майдың бірден Ресей нарығына қарай ағылуына әсер етті деуге болады.
Сарапшы «ірі компаниялар бензинді жоғары бағамен сат­қаны үшін миллиондаған көлемде айып­пұл төлегеннен, жанармай сатылымына шектеу қойғанды жөн санайды» деген пікірді де жоққа шығармады. Вице-министрдің жұмыстан кеткені қазіргі ахуалды қанша­лықты жақсарта алады деген сауалымызға Мақсат Халық:
– Бұл мемлекеттің аталған проб­ле­маға назар аударып отыр­ға­нын көрсетеді. Бұл ха­лықты «мем­лекет қол қусы­рып отыр­май, бір әрекет жасап жатыр екен» деген ойға жете­лейді, – деп жауап берді.

Компаниялар не дейді?

Энергетика министрлігі ұйым­­дастырған пресс-тур бары­сында еліміздің бірнеше айма­ғындағы ірі ком­пания­лардың мұнай базасында болып, жұмыс­тың үздіксіз жүр­гі­зіліп жатқа­нына көз жеткіздік. Соның ішінде Sinooil компаниясы бас дирек­торының орын­ба­сары Әді­лет Сақаев бұқаралық ақпарат құ­ралдары өкілдерін Алматы қаласында орналасқан мұнай базасының жұмысымен толық таныстырып шықты.
– Қазіргі кезде компа­нияның 8-10 күнге жететін бензин мен дизельді жанармай қоры бар. Оның жалпы көлемі шамамен 3,5-4 мың тоннаға жуық. Соны­мен бірге, жоқ дегенде айдың аяғына дейін жұмы­сымызды жалғастыруға сырттан және жергілікті мұнай өңдеуші зауыт­тардан қосымша жанар-жағармай келеді, – дейді ол.
Бірақ сарапшы маман мұндай ірі компаниялардың қоры онкүн­дікке ғана жетеді деген пікірдің шындыққа жанаспайтынын айтты.
– Халық арасында жүр­ген «бензин тапшылығы болып­ты, он-ақ күнге жететіндей ғана жанар­май қалған екен» деген­дей әңгімелері асыра сілтеп айтылған дүниелер дер едім. Шынын айту керек, ірі жанар­май бекеттерінің қорлары әлдеқайда көп, – дейді Мақсат Халық.
Дегенмен Sinooil компа­ния­­сының өкілі қазіргі қордың өзін ресейлік бензинмен то­лықтырып, сол арқылы алдағы уақытта жа­нармай тапшы­лығын болдыр­маудың амалын қарастырып жатқан­дарын айтты.
– Қазір штатты режимде жұмыс істеп жатырмыз. Ешқан­дай шектеулер жоқ. Тек сатылым кө­лемі артқанда, мұнай өңдеуші за­уыттардан бензин тасымал­даушы көлік­тер­дің келуін күтіп қаламыз. Әзірге, Алматы қаласы мен облы­сында 50 шақты нүктеміз бар. Бүгінде біздегі АИ-92 бензині 158 теңгеден сатылып жатыр. Бола­шақта оның қалай өзгеретіні Ресейден келетін та­уардың баға­сына тікелей бай­ланысты. Нарық­та атал­мыш жанармайдың отыз па­йызы сол Ресей Федера­ция­сы­нан келеді. Қазіргі үлесі одан да көп, соның салдарынан баға өсіп жатыр. Негізінде, біз ре­сейлік компа­ниялармен
15 мың тонна бензин әкелуге ке­лісім­шартқа отырдық, – дейді ол.
Sinooil мұнай база­сының жалпы көлемі 67 мың тон­наға жуық­тайды. Онда опера­торлар бензин та­сы­мал­даушы көлік­­терді үздіксіз толтырып, қала ішіндегі сату нүк­телеріне жө­нелтіп жатқа­нын көрдік. Ком­пания басшы­сының орын­басары неліктен на­рықтағы сұраныстың күрт арт­қа­нын да журналистерге түсін­діріп берді. Оның ай­туынша, тұты­нушылар «ертеңгі күні жанар­май болмай қалады» деген қорқынышпен күнде­лікті пай­да­­ла­нып жүрген көлемнен артық бензин құйып алуға тырысады екен. «Осы арқылы олар қолдан ажиотаж туын­датып отыр» дейді ол.
«ҚазМұнайГаз өнімдері» ЖШС сұранысқа ие АИ-92 мар­калы бензинін барлық өңірде еркін сатып жатқанын мәлім­деді. Астана, Ақтау Атырау, Аякөз, Бал­қаш, Қызылорда, Петропавл, Се­мей, Тараз, Орал, Өскемен және Шымкентте АИ-92 марка­лы бен­зині толығымен еркін режимде сатылуда.
«ҚазМұнайГаз» бөлшек сауда желісі де штатты режимде жұмыс істеп жатқаны белгілі болды. Ком­панияға тиесілі бекеттерде жанар­май қоры жеткілікті, қазақстандық за­уыт­­тардан, сондай-ақ импорт­тық отынның жаңа партиялары тәулік сайын келіп түсуде. Қа­зақ­­парат агент­тігінің хабар­ла­уынша, бензинді 20 литрге дейін сатып алуға болатын өңір­лерде жағдай жанармай көле­мінің жеткізілуіне қарай ретте­ліп отыр. «ҚазМұнай­Газ» желі­сіне бүкіл Қазақстан бо­йын­ша 342 жанармай құю стансасы енеді және бөлшек сауда арқылы өткізуде мұнай өнім­дері нары­ғының 15 пайы­зын иеленеді.

Аймақтағы ахуал нешік?

Бензин бағасы қадағалануда

Жарық, су секілді қарапайым халықтың күнделікті тұрмыстағы тағы бір қажеттілігі – жанар-жағармай екендігі белгілі. Сондықтан бензиннің бағасы мен сапасы – үнемі назарда. Соңғы күндері еліміздегі мұнай өндіретін зауыттардың күрделі жөндеуге берілуіне байланысты жанармай бағасының көтерілуі байқалды. Тіпті кей өңірлерде бензин мәселесі дүрбелең туғызды. Дегенмен облыс орталығында кейбір стансаларда бензин тек талон арқылы сатылуда. Тұрғындардың көңілін күпті ететін де – осы. Қазір Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушы­лардың құқықтарын қорғау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті бұл мәселені қолға алды. Демек, аталған проблема алдағы уақытта шешіледі.
Бүгінде жүргізушілердің ең көп тұтынатын АИ-92 маркалы бензин литріне 152-157 теңгеден, ал АИ-96 маркалы жанармай 166 теңгеден өткерілуде. Бастысы, қалада бензин тапшылығы сезілмейді. Тараз қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Нұрзат Тұрысбековтың айтуынша, қаладағы жанар-жағармай құю стансаларында күнделікті мониторинг жүргізіліп тұрады. Қазіргі таңда қалада бағаны негізсіз өсіріп жатқан ешқандай станса кездеспеген. Баға еліміз бойынша бірқалыпты. Облыс орталығындағы ең ірі май құю стансасы – Sinooil желісі. Оның жанар-жағармай қоры әзірге жеткілікті көрінеді. Яғни, бір ай көлемінде тұтынушылардың қажетін өтей алады. Дейтұрғанмен, аталған станса алдағы бір айда жанармай қорын тағы ұлғайту жолында жұмыс жасай бермек. Бұдан өзге де май құю стансаларында бензин қоры жеткілікті.
Жанармай мәселесі төңірегінде облыс орталығында арнайы жұмыс тобы құрылған. Ол нақты уақытта күнделікті зерделеу жұмыстарын жүргізуде. Жалпы, қалада бас-аяғы 59 бекет бар болса, бүгінде оның 52-і жұмыс істеуде. Қалған 7-і қызмет көрсетіп жатқан жоқ. Сондай-ақ «Тау-Дос» май құю стансасы қаржылық жағдайларына байланысты уақытша жұмысын тоқтатты.

Ерман ӘБДИЕВ, Тараз қаласы


Өңірде тапшылық жоқ

Бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстан облысында жанар-жағармайға қатысты дау-дамай жоқ. Әрине, күн сайын баға шарықтап барады. Бірақ жанармай бекеттерінде кезек күту, жанармайды талонмен ғана босату деген сияқты мәселе әзірге жоқ.
«ГазПромНефть» жанар-жағармай құю бекетінің ОҚО, Жамбыл облыстары бойынша бөлімше басшысы Әлібек Үмбетәлиев қазіргі таңда жанармай тапшылығының жоқ екенін айтты. Аталған өңірлер бойынша 21 жанар-жағармай құю бекеті болса, оның 15-і – ОҚО бойынша. Жанармай бағасы АИ-92 маркасының литрі 156 теңгеге тұрақтап тұр, дизель отыны 153 теңгеден сатылуда.
Облыстық жанар-жағармай қауымдастығының төрағасы Қайыпбек Қамбаров бензин бағасын біртіндеп көтеруді ұсынады.
– Бұл Республика деңгейінде көтеріліп отырған мәселе болғандықтан, оны облыс деңгейінде шешу мүмкін емес. Облыс әкімінің аппарат жиналысында өз ұсынысымды айттым. Еуразиялық экономикалық одаққа кірген соң, қазір шекаралар ашық тұр. Бүгінде Ресейдегі бензин бағасы 200-220 теңгені көрсетіп тұр. Шүкір, бізде әлі де болса, бензин бағасы төмен. Өзге облыстар сияқты бензинге тапшылық, дүрбелең Оңтүстікте жоқ. Жалпы, біз 30 пайыз шетелге тәуелдіміз. Меніңше, зауыттар тоқтаған кезде алдын ала қор жинап алуы керек еді. Енді міне, салдарынан кемі 30 пайыз беріп отырған зауыттарымыз уақытша тоқтап, шетелге 50-60 пайызға тәуелді болып қалдық. Қазақстан соған қарамастан, Ресеймен салыстырғанда бензинді әлдеқайда төмен бағамен саудалап отыр. Бізде де бензин бағасын біртіндеп көтеру керек. Егер бағаны көтермесе, жетпей қалуы мүмкін.
Батырхан ҚҰРМАНСЕЙІТҰЛЫ,
ОҚО кәсіпкерлік, индустриялдық-инновациялық даму және туризм басқармасының басшысы:
– Қыркүйектен бері АИ-92 бензинінің бағасы 7 пайызға қымбаттаған. Дизель 11 пайызға. Қазіргі кезде облыстың көтерме операторларының қоймасында 10 күнге жететін қор бар.
Облыс әкімдігінде өткен жиында мамандар бензин тапшылығын болдырмау үшін барын салып жатқаны жөнінде айтты. Олар бірінші кезекте өзге облыстардан келіп, тонналап бензин таситындардың жолын кесу керектігін мәлімдеді. Облыс әкімі Ж.Түймебаев мұны құптады. Тиісті мекеме басшыларына бірқатар тапсырма жүктеді. Әсіресе, жанар-жағармай артқан арнайы техникаларды Оңтүстіктің шекарасынан шығармауды жергілікті полиция қызметінің басшысына тапсырды.
Жиында АИ-92 өңірдегі орташа бағасы 151.2 теңге, дизель отыны 146.6 теңге болып тұрғаны айтылды. Жалпы, өзге об­лыстарға қарағанда, Шымкентте жыл басынан бері сұйық отын бар-жоғы 12-13 теңгеге қымбаттапты. Жалпы, облыста 560 жанар-жағармай құю бекеті бар екен.

Е. МҰРАТБЕК,
Оңтүстік Қазақстан облысы


Нарық қалыпқа түсіп келеді

Бүкіл Қазақстан, оның ішінде Алматы мен Астана қалаларындағы жанар-жағармай бекеттерінде ұзын-сонар кезектер пайда болып, жүргізушілер ең көп қолданатын АИ-92 маркалы бензиннің бағасы бірден көтеріліп қана қоймай, тапшылығы көрініс берген күндері Алматы облысындағы жанармай нарығы да күрделі күйді бастан кешті. Дегенмен, шақырымдарға созылған кезектер болған жоқ. Бастапқыда Helios, «ҚазМұнайГаз», Royal-Petrol сынды басты операторлар АИ-92 маркалы бензинді талонмен және карточкамен босатса, Sinooil компаниясы күннің белгілі бір кезеңінде ақшаға да беріп келді. «ГазПромНефть» компаниясы нақты ақшаға сатуын тоқтатқан жоқ. Басқа да ірілі-ұсақты операторлар жұмысын мүмкіндіктерінше, жалғастырып отырды.
Қазіргі кезде АИ-92 маркалы бензиннің бағасы 157-164 теңге аралығында тұр. Бірақ баға сәт сайын құбылуда. Ең бастысы, Жетісу жерінде күзгі жиын-терім жұмысы аяқталып қалды және ауылшаруашылығы құрылымдары өздеріне жыл бойына тиесілі бензин мен дизель отынын алдын ала анықталып, бекітілген операторлар арқылы жеңілдетілген бағамен көктемде жеткізіп алыпты.
Дегенмен, жұрт көңілінде алаң бар. Осыған орай, Журналистер үйінің мәжіліс залында бұқаралық ақпарат құралдарына арналған баспасөз мәслихаты өткізілді. Жанына облыстық кәсіпкерлік және индустриялдық-инновациялық басқарма басшысы Алимжан Тохтасунов, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Әсет Қанағатов, табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің басшысы Тұрсынбай Ғалинов сынды жауапты тұлғаларды ертіп, журналистермен жүздесуге келген Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Ләззат Тұрлашов бірінші кезекте жанар-жағармай нарығына қатысты облыстағы жағдайға шолу жасады. Оның мәлімдемесі «Еліміздегі мұнай өңдеу зауыттары жоспарлы жөндеуге тоқтады, Ресейден тасымалдауға, ондағы баға бізден анағұрлым қымбат. Бір экономикалық одақтамыз, баға бірдей болуы керек» дегенге саяды. Десек те, облыста АИ-92 маркалы бензиннің тапшылығы басқа өңірлердегідей тым асқынып кетпегенін көрдік. Бағада ала-құлалық болғанымен, бензин мүлде жоғалып кетті деген артық болар. Облыстық кәсіпкерлік және индустриялдық-инновациялық басқарма басшысының айтуына қарағанда, облыс аумағында 335 жанар-жағармай құю бекеті болса, олардың басым бөлігі жоғарыда айтылған Helios, «ҚазМұнайГаз», Royal-Petrol, Sinooil, «ГазПромНефть» сынды ірі операторларға тиесілі және барлығы шама-шарықтарынша жұмыстарын жалғастыруда. Облысқа негізгі жанар-жағармай қоры Шымкенттен жеткізіледі. Ондағы мұнай өңдеу зауыты жұмысына кіріскендіктен мәселе ретімен шешілуде. Облысқа қажетті жанармай көлемінің 60 пайызы АИ-92 маркалы бензин екенін ескерсек, тапшылықтың туындау себебін осыдан іздеген жөн.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының мәлімдеуінше, облыс қысқы жылыту маусымына толығымен дайын. Әлеуметтік-мәдени білім беру және денсаулық сақтау саласы нысандарына сұйық отын да, қатты отын да дер кезінде жеткізілген. Сондықтан жанар-жағармай дағдарысынан олар көп зиян шеге қоймады.
Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің басшысы Тұрсынбай Ғалинов мырза Үкіметтің тапсырмасына орай, жанар-жағармай нарығына мониторинг жүргізіліп жатқанын, барлық операторларға жыл басынан бері қанша тонна бензин алынғаны, қандай бағада сатылғаны, қазіргі кезде қанша қордың бар екені туралы сұраулар жіберілгенін баяндады. Мәліметтер алынғаннан кейін бағаны көтерудің заңдылығы мен тапшылықтың неден туындағаны анықталып, заңсыздықтардың беті ашылса, тиісті шаралар қолданылады.

Болат АБАҒАН,
Алматы облысы


 

P.S. Сарапшылар Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болғаннан-ақ бензин бағасының бұдан былай қымбаттай беретінін айтқан еді. Өйткені баға көтерілмесе, ішкі нарықтағы арзан бензин солтүстіктегі алпауыт нарыққа қарай ағылады. Оған тосқауыл да қоя алмаймыз, себебі, пайда қайда болса, кәсіпкердің тауары сонда сатылады. Бір кездері жанар-жағармай тапшылығын болдырмау мақсатында оның бағасын мемлекеттік реттеуден алып тастау туралы шешім қабылданған болатын. Нәтижесі міне, нарық бағаны өз ырқына көндіріп отыр. Елдің ендігі үміті – жыл соңына дейін қайта іске қосылатын екі зауытта. Оның жанармай нарығына қалай әсер ететінін келер жылы көретін боламыз.

 

Дайындаған Кәмила ДҮЙСЕН

Бөлісу:

Пікір жазу


*