Зейінді де зерделі Зейнолла

1462
0
Бөлісу:

Алматы қаласындағы Ғылым ордасында Қазақстан Жазушылар одағының, Қытай мемлекеттік жазушылар одағының, Қытай мемлекеттік фольклоршылар қоғамының мүшесі, жазушы, этнограф Зейнолла Сәніктің шығармашылығына арналған «Ұлттық әдебиет және Зейнолла Сәнік шығармашылығы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты мен Қазақ­стан Жазушылар одағы ұйым­дастырған шараға Қазақстан ҰҒА академигі Уалихан Қалижанұлы, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Марал­тай Райымбекұлы, арабтанушы ғалым Мақсұт Шафиғов, Темірбек Жүргенов атындағы өнер акаде­миясының проректоры Шәріпбек Әмірбекұлы, Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің доценті Дудариша Сартбаева, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универ­ситетінің доценті Нұрлан Ман­сұров, Оңтүстік Қазақстан облыс­тық Қуғын-сүргін құрбандары мұражайының ғылыми қызмет­кері Ғалым Қасымханұлы, «Ан Арыс» баспасының бас редакторы Кәдірбек Құныпияұлы, тағы бас­қа белгілі зерттеуші ғалымдар мен әдебиеттанушылар қатысып, қаламгердің өмірі мен шығар­машылығы туралы баяндама жа­сады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында Ұлттық кодқа ерекше мән беру керектігін атап өткен болатын. Қазақ әде­биетінің қоржынын төл туынды­ларымен байытып, ұлттық мұра­ларымызды насихаттауда ерен еңбек еткен қаламгерлердің шы­ғармалары өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелейтіні белгілі.
Осыған орай конференция аясында Зейнолла Сәніктің 15 томдығы мен асыл жары Шәм­ша­бану Қамзақызының екі томдық шығармалар жинағының тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты. Сонымен бірге, сол күні көрермен көзайымына айналған Зейнолла Сәнік туралы «Мәңгілік жол» құжатты фильмі қалам және қо­ғам қайраткерінің өнегелі өмі­рінен хабар береді.
Зейнолла Сәнік 1935 жылы Қытайдың Тарбағатай аймағында дүниеге келген. Бей­жің қала­сындағы орталық жастар инс­титутын бітіріп, еңбек жолын баспагерліктен бастаған. Үрім­жідегі жастар баспасында жауап­ты редактор болып қырық жылдай қызмет атқарған. 1955 жылдан бастап әдеби зерттеу жұмыс­тарымен айналысқан. Қытайда жүргізілген «Мәдениет төңке­рісінде» «халық жауы» атанып, ауыр күндерді басынан өткерген. Қаламгердің ғылыми еңбекте­рінен бөлек, жиырмадан астам кітабы жарық көрген. Қазақстанда «Қаракерей Қабанбай», «Хас батыр Қабанбай», «Тұғырыл хан», «Демежан батыр», «Халық күй­шісі Қайрақбай», «Баспай» атты кітаптары мен еңбектері жа­рияланған. 2016 жылы «Ан Арыс» баспасынан Зейнолла Сәнік пен Жанат Зейноллақызының «Қазақ этнографиясы» атты зерттеу кіта­бы тасқа басылды.Ол қазақ әде­биеті мен өнері һәм ғылымының қоржынына мол олжа салып, оның өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосты, ерен еңбек сіңірді.
Шәмшабану Қамзақызы 1940 жылы Тарбағатай аймағы Шәуе­шек ауданында дүниеге келген. 1952-1955 жылдары Шәуешек қа­ласында оқып, 1955-1959 жыл­дары Шыңжаң институтының әдебиет факультетін тәмамдаған соң, 1959-1962 жылдары Үрімжі қалалық өнеркәсіп техникумында оқы­тушы, 1962-1970 жылдары Шың­жаң жастар баспасында редактор, 1970-1978 жылдары Бұратоланың Жың ауданында оқытушы, 1978-1984 жылдары Үрімжі қалалық 14-орта мектеп оқытушысы, 1984-1998 жылдар аралығында Шың­­­жаң Оқу-ағарту институтында оқы­тушы болып қызмет істеп, осы оқу орнынан доцент атағымен зейнеткерлікке шықты.
Шәмшабану 1956 жылы жаз­ған «Тау бұлағы» атты алғашқы өлеңімен-ақ өнерсүйер қауымның назарын аударған еді. Қарша­дайынан қазақтың қара өлеңінің қаймағын қалқып, поэзия тұ­ны­ғынан сусындап өскен қыз жыр әлемінде өзіндік үні, өзіндік қол­таңбасы бар ақын екенін бірден байқатты. «Арманның суырт­пағы», «Жауқазын», «Ғасыр тол­ғаныстары», «Балаларға базар­лық» кітаптарының авторы.

 

Ермахан Шайхыұлы

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*