Келісу кезеңдері қысқартылады

1168
0
Бөлісу:

Сенатта 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы таныстырылды. Сондай-ақ еліміздің алдағы бесжылдық әлеуметтік-экономикалық даму болжамы мен «Ұлттық қордан 2018-2020 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасының да тұсауы кесілді.

Олар бойынша баяндаған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, еліміз­дің әлеуметтік-экономикалық даму болжа­мын қалыптастыру үшін алдағы кезеңге барреліне 45 доллар болатындай мұнай бағасының деңгейі негізге алынып отыр. Ішкі жалпы өнімнің нақты өсімі 2018 жылы 3,1 пайыз деңгейінде, одан кейін 2022 жылға дейін 4,2 пайызға өседі деп болжанды. Ішкі жалпы өнім 2018 жылы 55 906,2 миллиард тең­геден 2022 жылға дейін 75 875,4 миллиард тең­геге дейін өседі. Ішкі жалпы өнім жан басына шақ­қанда 2018 жылы 9,0 мың АҚШ долларын құрай­ды, 2022 жылы 11,7 мың АҚШ долларына ұлғаяды.
Т.Сүлейменов Ұлттық қордан бөлінетін кепіл­дендірілген трансферт көлемі 2018 жылы 2,6 миллиард теңге, 2019 жылы 2,3 миллиард теңге, 2020 жылы 2,0 миллиард теңге болып белгіленгенін айтты.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Алпысбай Ахметов қаржы реттеушісінің ақша-несие саясаты туралы депутаттарды хабардар етті. Ұлттық банкінің негізгі басымдығы бағалардың тұрақтылығын қамтамасыз ету екені, 2018 жылы инфляцияның нысаналы диапазоны 5-7 пайыз шегінде белгіленіп, 2020 жылға дейін бірте-бірте 4 пайызға дейін төмендету көзделіп отырғаны айтылды.
А.Ахметов ақша құнының негізгі көрсеткіші болып табылатын негізгі мөлшерлеме биыл 12 пайыздан 10,25 пайызға дейін төмендетілгенін атап өтті. Ол ішкі валюта нарығындағы тұрақ­тандыру мәселесіне тоқталды: «Жыл басынан бері теңгенің айырбас бағамы іс жүзінде өзгерген жоқ, номинальдық сипаттағы төмендеу мөлшері 0,1 пайызды құрады», – деді ол.
Жыл басынан бері Ұлттық банктің халықара­лық резерві 10,2 пайызға ұлғайып, 32,5 миллиард долларға жетті. Ұлттық қордың валюталық актив­тері 56,8 миллиард долларды құрады. Ел резервінің жалпы сомасы 89 миллиард долларды немесе ішкі жалпы өнімнің 60 пайызын құрайды.
Банкілердің тұрақтылығын қамтамасыз етуді Ұлттық банк өзінің басым міндеттерінің бірі деп санайды. А.Ахметовтің айтуынша, осы міндеттің аясында банк секторының қаржылық орнық­тылығын арттыру бағдарламасын іске асыру басталды.
Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың ай­туынша, бюджетті жасақтау барысында теңдес­тірілген және айқын бюджет жөніндегі парла­менттік тыңдаудың ұсыныстары, сондай-ақ Есеп комитеті мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының ұсынымдары ескерілді.
Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлей­менов бюджет заңнамасын қалыптастыру мәселелері бойынша да сөз алды. Ұсынылған заң жобасы бірқатар негізгі бағыттар, атап айтқанда, өтініштерді келісу және бюджет үдерістерін әкімшілендірудің жекелеген кезеңдерін алып тас­тауға қатысты түзетулерді көздейді. Атап айт­қан­да, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жоба­ларын жоспарлау рәсімдерін оңайлату мақсатында келісу үдерісін 5 кезеңнен 3 кезеңге дейін қысқарту ұсынылып отыр. «Жалпы түзетулер бюджет қаржысын экономикаға дейін мейлінше, тез жеткізуге, игерілмеген соманы азайтуға, мем­ле­кеттік-жекеменшік әріптестік жобала­рының санын ұлғайтуға, сондай-ақ мемлекеттік органдардың дербестігі мен жа­уапкершілігін арттыруға ықпал ететін болады» деді министр.
Таныстыруға қатысқандар баяндамашыға сұрақтар қойып, ұсыныстарын жеткізді. Сенатор А.Бейсенбаев ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауға байланысты рәсімдерді жетілдіру қажеттігіне тиісті мекемелердің назарын аударды. Парламентшілер Д.Құсдәулетов, Р.Әбдікеров және С.Айтпаева құқық қорғау органдарының қызметіне, олардың техникалық жабдықталуы мен құқықтық түсіндіру жұмыстарына бөлінетін қаржының азаюына алаңдаушылық білдірді.
Депутат С.Бектұрғановтың сұрағы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуіне қатысты шығыстарды бюджеттік қар­жыландыруға қатысты болды. Сенатор
Ә.Бектаев Энергетика министрлігін Қазақ­станның оңтүстік аймағын газбен қамтамасыз ету мәселе­лерін ше­шуге мүмкіндік беретін Бейнеу – Бозой – Ақбұлақ газ құбырының құрылысына назар аударуға шақырды. Депутат Ғ.Дүйсембаев мұнай өнімдері нарығындағы қалыптасқан күрделі жағдайды реттеудің келешегі туралы сұрақ қойды. Өзге сенаторлар да сұрақ қоюда белсенділік танытты.
Тыныстыруды аяқтай келіп, Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы О.Перепечина заң жобаларын талқылау жұмыс топтарының отырыстарында, сондай-ақ Парламент жоғарғы палатасының тұрақты комитеттерінде жалға­сатынын атап өтті.

 

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*