Қаржылық құжат мақұлданды

1375
0
Бөлісу:

Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста Мәжіліс депутаттары алдағы үш жылға арналған басты қаржылық құжатты – «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет» туралы заң жобасын жан-жақты талқылап, мақұлдады. Мәжіліс басшысының айтуынша, депутаттар бұл бюджеттің әлеуметтік бағдарланушылығын күшейтуге ықпал еткен.

– Біз мақұлдап отырған үш­жылдық бюджет жобасы теңгерім­ді сипатқа ие және тұтастай алғанда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа Жолда­уында қойған міндеттерді шешеді. Сондай-ақ депутаттық корпус бюджет жоба­сымен жұмыс жасау кезінде Мемлекет басшысының страте­гиялық бағы­тының басымдық­тарын мүлтіксіз сақтап және бар­лық мемлекеттік бағдарлама­ларды орындай отырып, бюджеттік шы­ғыстардың тиімділігін артты­руды мақсат еткенін атап өту қажет, – деді Н.Нығматулин.
Сонымен бірге, спикер Мәжіліс депутаттары­ның ауызсумен қам­тамасыз ету, білім беру, денсаулық сақтау және жол құрылысы объек­тілерін салуға қосымша қаржылар­дың бөлінуіне қол жеткізіп, бюджет­тің әлеуметтік бағдар­ла­нушы­лығын күшейтуге белсенді үлес қосқанына назар аудартты.
– Енді барлық мемлекеттік органдар берілген бюджеттік қаражаттардың тиімді, толық және мақсатты жеріне пайдаланылуын қамтамасыз етулері қажет! – деп нықтады Нұрлан Зайроллаұлы.
Үкімет мүшелерімен бірлескен жұмыс бары­сында қалаулылар қосымша 22 миллиард теңге қар­жыны тапқызып, оның мектептер салуға, денсаулық сақтау объекті­лерінің құрылысы мен сейсми­калық нығайтылуына, жалпы пайда­ланымдағы автожол­дарды реконструкциялауға, сумен қамту және кәріз жүйелерін дамытуға бағыттай алған.
Қаржы министрі 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын Мәжілісте – жұмыс тобы мен комитеттер оты­рыстарында талқылау барысында «еліміздің және өңірлердің әлеу­меттік-экономикалық дамуына қатысты өте өзекті мәселелер жан-жақты талқыланғанын» еске салды.
– Әсіресе, жаңа мектептерді салуды, сумен жабдықтау жүйесін және инженерлік-комму­ника­циялық инфрақұрылымын дамы­туды қаржыландыру мәселелері аса өткір көтерілді. Талқыға салу нәтижесінде, депутаттар ұсынған заң жобасына бірқатар түзетулерді Үкімет қолдады. Өз кезегінде, әкім­шілердің тиісті бюджеттік бағ­дарламаларын қосу үшін қаржы­ландыру көздері де ұсынылды. Сондықтан 2018-2020 жылдарға арналған респуб­ликалық бюджет жобасының негізгі параметрлері өзгеріссіз қалды. Түзетулер тек шы­ғыстардың құрылымына қа­тысты болып отыр. Бұл ретте, қара­жаттарды шығыстардың жекелеген бағыттары арасында өзара бөлуді жүзеге асыру ұсынылады, – деді Бақыт Сұлтанов.
Бас қаржыгер алдағы үш жылдағы Қазақстан бюджетінің басты көрсеткіштерін жария етті. Сонымен, республикалық бюд­жеттің түсімдері 2018 жылы – 8 трил­лион 578,3 млрд теңгені (не­месе ЖІӨ-ге шаққанда 15,3 пайыз­ды), 2019 жылы – 9 трлн 190,2 млрд теңгені (15,1 пайыз), 2020 жылы – 9 трлн 566,2 млрд теңгені (14,6 пайыз) құрамақ.
Бюджеттік шығыстардың жалпы көлемі 2018 жылы – 9 трил­лион 217,9 млрд теңге (ЖІӨ-ге шақ­­қанда 16,5 пайыз, 2019 жылы – 9 трлн 798,2 млрд теңге (16,1 па­йыз), ал 2020 жылы – 10 трлн 219,7 млрд теңге (15,6 пайыз) болады деп жоспарлануда.
Қаржы министрі бюджет шы­ғыстарының негізгі бағыттарына да тоқталды. Ол республикалық бюд­жет шығыстарының жалпы көлемінде ең үлкен үлес әлеуметтік салаларға тиесілі екенін растады. Нақтырақ айтсақ, 2018 жылы бар­лық бюджеттік шығындардың 44,6 пайызы осы салаларға арна тартса, ал 2020 жылы бұл көрсеткіш 47,4 пайызға дейін өседі деп белгіленді. Жалпы алғанда, Қазақстан әлеу­меттік салаларға үш жылда 13 триллион 401 млрд теңге жұмсайды. Оның ішінде 4 трлн 108,6 млрд теңгесі 2018 жылы бөлінеді.
– Әлеуметтік блок шығыс­тарының ең ірі көлемі әлеуметтік қамсыздандыруға және азаматтарға әлеуметтік көмек көрсетуге бағыт­талады. Алдағы үшжылдық кезеңде тек осы бағытқа 8 триллион 707,5 млрд теңге жолдау көзделеді. Оның ішінде 2018 жылдың шығыстары 2 трлн 612,9 млрд теңгені құрайды, яғни жаңа жылда ол ағымдағы жылға қарағанда 473 млрд теңгеге, яғни 22,1 пайызға артады, – деді Бақыт Тұрлыханұлы.
Аталған шығыстардың негізгі үлесі – «әлеу­меттік төлемдерге» тие­сілі. Оларды қаржылан­дыруға үш­жылдық мерзімде 8 трлн 508,7 млрд теңге бағытталады, оның ішін­де 2018 жылы – 2 трлн 547,9 млрд теңге жұмсалады.
Мемлекет денсаулық сақтау жүйесіне 2018-2020 жылдары 3 трил­лион 342,5 млрд теңге бөліп отыр. Оның ішінде 1 070,3 млрд теңге – 2018 жыл ен­шісінде. Бұл сала­дағы шығыстардың өсуі негі­зінен, «міндетті әлеуметтік меди­ци­налық сақ­тан­дыруға сапалы өту мақсатында тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көле­мінің күшеюіне байланысты» екен.
Қазақстан білім және ғылым жүйесін дамытуға 2018-2020 жыл­дарға арналған бюджетте 1 трил­лион 123,1 млрд теңге көздеп отыр, оның ішінде 2018 жылы БҒМ-ге 340,6 млрд теңге беріледі.
Әлеуметтік салалардың тағы бір қанаты – мәдениет және спортты дамытуға еліміз 2018-2020 жылдары 219,7 млрд теңге жұм­сауды жоспарлауда. Оның ішінде 82 млрд теңгені тиісті министрлік 2018 жылы игеруге міндетті.
Мемлекет экономиканың нақты секторын дамытуды қолдау үшін алда біраз шараларды қар­жыландыруға ниетті. Толығырақ айта кетсек, біріншіден, Индус­триялдық-инновациялық даму, «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», 2020 жылға дейінгі Өңірлерді дамыту секілді ірі бағдарламаларды іске асыру үшін және көлік пен логис­тикалық инфрақұрылымды дамы­туға 2 триллион 64,9 млрд теңге шы­ғыстар қарастырылуда. Олар­дың ішінде бұл мемлекеттік бағдар­ламаларға 2018 жылға 854,8 млрд теңге арна тартпақ.
Екіншіден, Елбасы белгіле­гендей, экономи­каның жаңа драй­вері ретінде, агроөнеркәсіп сек­то­рын дамытуға Ауыл шаруа­­шылығы министрлігіне үшжылдық мерзімге 787 млрд теңге бағытталады. Министрлік соның ішінде, 2018 жылы бюджеттен 275,4 млрд теңге алады.
Үшіншіден, Президент жария­лаған жедел технологиялық жаң­ғыртуды жалғастыру мақса­тында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдар­ламасының жобасы әзір­ленгені мәлім. Қаржы министрінің мәліметінше, 2018-2020 жылдарға арналған бюджеттің жобасында оны қаржыландыру көлемі 17 млрд теңгені құрайды.

 

 Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*