Қырғызстанмен арада жол картасы әзірленеді

1229
0
Бөлісу:

Үкімет үйінде Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен бейнеконференция режимінде Президент жанындағы «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңестің кезектен тыс отырысы өтті. Оның барысында тұрмыстық қатты қалдықтарды игеру мәселелері талқыланды.

Биылғы жағдай туралы Энергетика министрі Қ.Бозымбаев және Атырау, Алматы, Қостанай облыстары мен Астана, Алматы қалаларының әкімдері баяндады. Сондай-ақ Kaz Waste қазақстандық қалдықтарды басқару жөніндегі қауымдастықтың атқарушы директоры В.Мұста­фина, «Жасыл Академия» ғылыми-білім беру орталығының директоры Б.Есекина, «Оператор РОП» ЖШС бас директоры С.Коротенко және басқалары сөз сөйледі.
Сондай-ақ ел Үкіметінің басшысы Астанаға кешке таман жеткен қырғызстандық үлкен делегацияны қабылдады. Сапар жақында телефон арқылы болған әңгіменің қорытындысы бойынша қырғыз тарабының бастамасымен өтті.
Құрамында 30-ға жуық өкілетті мүшесі бар делегацияны Қырғызстан Премьер-министрі Сапар Исаковтың өзі бастап келді. Оның құрамына көрші елдің бірінші вице-премьері Т.Абдығұлов, Сыртқы істер министрі Э.Абдылдаев, Қаржы министрі А.Қасымәлиев, Экономика министрі А.Новиков, Мемлекеттік кеден қызме­тінің төрағасы А.Сулайманов, Мемлекеттік салық қыз­метінің төрағасы О.Абдыкаимов, Эко­номикалық қылмыстармен күрес жөніндегі мемлекеттік қызмет төрағасы З.Осмонов, Мем­лекеттік көші-қон қызметінің төрағасы М.Айда­ралиев, Мемле­кеттік шекара қызметі төрағасының орынбасары К.Исаков және басқалары кірді.
Қос елдің Үкімет жетекшілері алдымен, оңаша кездесті. Содан кейін екі мемлекеттің ми­нистрліктері мен ведомство басшы­ларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөздер жүрді.
Айта кетер жайт, еліміздің Қырғызстанмен сауда айналымы 2017 жылдың қаңтар-шілде аралығында 399,2 млн долларды құраған, осылайша, өткен жылдың ұқсас кезеңімен ($311,6 млн) салыстырғанда 28,1 пайызға немесе 87,6 млн долларға ұлғайған. Бұл ретте Қазақстанның сауда теңгерімі оң көрсеткішке ие болып, $127,6 млн-ды құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен ($101,2 млн) салыстырғанда 26 пайызға өсіп отыр.
Үкімет үйіндегі шағын және кеңейтілген форматтардағы кездесулер барысында ше­каралық, көлік, фитосанитарлық және ветери­нарлық бақылау, ЕАЭО және ДСҰ сәйкес норма­лары мен ережелерін есепке алғанда кедендік және салықтық әкімшіліктендіруге қатысты мәселелер қаралды.
Кездесуді қорытындылаған Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев көрші әрі туыс елдер арасына сына түспейтінін, бірақ ынтымақтастық нығай­­туға тиістігін нықтады: «Қазақстан Президенті Н.Назарбаев бірнеше рет атап өткендей, бауыр­лас екі мемлекеттің қарым-қатынасы барлық жағы­нан өнегелі болуы әрі өңірдегі нәтижелі және өзара тиімді ынтымақ­тастықтың үлгісіне айналуы тиіс», – деді Бақытжан Әбдірұлы.
Оның айтуынша, біріншіден, қырғыз әріпте­сімен екіжақты экономикалық байла­ныстардың өзекті мәселелерін талқылаған. Олар екі ел арасындағы шекара және көлік тасымалына, фитосанитарлық және ветери­нарлық бақылауға қатысты болды.
– Сондай-ақ ЕАЭО нормаларына сәйкес, кеден және салықтық реттеу мәселесі бойынша проблемалық мәселелер қаралды. Мысалы, біздің кеден органдары Қытайдан Қазақстан аумағы арқылы тауар алып өту барысында қырғыз кәсіпкерлерінің жалған декларация беру фактілерін анықтап отыр. Осының салдарынан біз тікелей зиян шегіп отырмыз. Қырғыз тарабы қо­йылып отырған мәселелермен келісті. Премьер-министр Сапар Исаков қырғыз жағы­ның міндеттемелерін бұлжытпай орындауға, сон­дай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың экономикалық мүдделерін қорғауға байланысты мәселелердің үйлесімді ше­шімдерін табуға кепілдік берді, – деді Б.Сағынтаев.
Екіншіден, келіссөздердің қорытындысы бойынша екі елдің бірінші вице-премьерлері төрағалығымен арнайы жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды. Жұмыс тобы 5 жұ­мыс күні ішінде екіжақты экономикалық қарым-қатынас­тың өзекті мәселелері бойынша «бірлескен Жол картасын» дайындауға тиіс. Жол картасы қабылданған соң, тараптар келісім­дердің толық орындалуын қамтамасыз етуге міндеттеме алады.
Өз кезегінде Қырғызстан Премьер-министрі Сапар Исаков «қырғыз елі Үкіметінің басшысы ретінде сындарлы жұмыс жүргізуге ниетті» екенін мәлімдеді.
Келіссөздердің қорытындысы бойынша екі тарап 19 қазан күні сағат 00:00-ден бастап, «қол жүктерімен өтетін жеке тұлғалар, жолаушылар тасымалдайтын автобустар, жеңіл автокөліктер және бос жүк көліктері» үшін Қазақстан – Қыр­ғызстан шекарасын, әсіресе, Қордай бекетінде кесіп өтудің басымдықты тәртібін қамтамасыз ететін болып келісті.

 

 Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*