Жаңа елшілерді қабылдады

1212
0
Бөлісу:

Шет мемлекеттердің еліміздегі елшілері Қазақстан тарихындағы жаңа дәуірдің басталуының куәгері болуда. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді. Мемлекет басшысы Ақордада жаңа елшілерден сенім грамоталарын қабылдады.

Рәсім барысында Қазақстан Прези­дентіне Ауғанстан Ислам Республи­касының елшісі Кадам Шах Шахим, Польша елшісі Селим Хазбиевич, Канада елшісі Николя Бруссо, Финляндия елшісі Микко Кивикоски, Бельгия Корольдігінің елшісі Алекси де Кромбрюгхе де Пикен­даель, Франция елшісі Филипп Мартинэ, Эстония елшісі Хейти Мяемеэс сенім грамотасын тапсырды.
Мемлекет басшысы рәсімге қатысу­шы­ларға арналған сөзінде олардың дипломатиялық миссиялары Қазақстан­ның жаңа даму кезеңіне тұспа-тұс келіп отырғанын атап өтті.
– Біз Қазақстанның Үшінші жаңғы­руын іске асыруға кірістік. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты ауқымды бағдарлама әрбір азаматымыз үшін ерекше мәнге ие болуда, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға экономикалық және имидждік тұрғыдан оң әсері болған Астанада өткен бірқатар халықаралық іс-шаралардың нәтиже­леріне тоқталды. Атап айтқанда, EXPO – 2017 ха­лықара­лық мамандан­дырылған көрмесі, Шанхай ынты­мақ­тастық ұйымының саммиті, Астанадағы Төмен байытылған уран банкінің ашылуы және Ислам ынтымақтастығы ұйымының Ғылым және технологиялар жөніндегі саммиті өтті. Мемлекет басшысы Қазақ­станның БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне қосып отырған үлесін ерекше атап өтті.
Президент еліміздің шетелдік әріптес­терімен сауда-экономикалық қарым-қатынастарды нығайтуға мүдделі екенін айтып, инвестициялық ахуалды жақсарту үшін қабылданып жатқан шараларға тоқталды.
– Қазақстанда Еуразиялық эконо­ми­калық одаққа, Орталық Азия мен Қытай нарығына шығатын инфрақұрылым қа­лыптасты. Инвесторлармен және биз­неспен өзара тиімді іс-қимыл орнату мақсатымен «Қазақ Инвест» және «Қазақ Экспорт» ұлттық компаниялары құрыл­ды. «Астана» халықаралық қаржы орталығы, «Жасыл» технологияларды дамыту жөніндегі БҰҰ-ның халықаралық орталығы және ІТ-стартаптардың халықаралық технопаркі жұмысын бастауда, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елшілік миссияларын жаңартқан әр елмен ынтымақтастық мәселелеріне жеке-жеке тоқталған Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы өзара саяси іс-қимылдың жанданғанына назар аударды.
– Биыл біз Ауғанстан президенті Ғани мырзамен Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Ислам ынтымақтастығы ұйымы­ның жиындарында кездестік. Өзара сауда көлемі жарты миллиард дол­ларға жетіп, Алматы мен Кабул қала­ларында Сауда үйлері ашылды. Біз тех­никалық және гуманитарлық көмек көрсетуді жалғастыратын боламыз. Ауғанстанның қауіпсіз әрі орнықты да­муы – өңіріміздегі бейбітшіліктің, тұ­рақтылық пен өркендеудің кепілі, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Канадамен көпсалалы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін айтты.
– Өткен жылы G-20 саммитіндегі кездесуде Премьер-министр Джастин Трюдомен түрлі саладағы байланыстарды нығайту жөнінде уағдаластық. Биылғы маусым айында Астанада «Қазақстан – Канада» іскерлік кеңесінің өтуі – сол уағдаластықтың нақты іске асырылуының көрінісі, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті Бельгиямен арадағы іс-қимыл өзара құрмет пен сенім қағидаттарына негізделгенін атап өтті.
– Менің 2014 жылғы қазандағы Брюс­сельге жұмыс сапарым және жоғары мәр­тебелі Король Филиппен өткен келіссөз­дер екіжақты әрі көпжақты ынтымақ­тастықтың өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасуға мүмкіндік берді. Бельгия капиталы мен технологияларын Қазақ­стан нарығындағы бірлескен жобаларға белсенді түрде тартуды құптаймыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Поль­­­шаның Орталық және Шығыс Еуропада­­ғы Қазақстанның негізгі серіктесі екенін айтты.
– 2016 жылғы тамыздағы Варшаваға мем­лекеттік сапарымның және Польша президенті Анджей Дуданың биылғы қыр­­күйек айының басындағы Қазақ­станға мемлекеттік сапарының қорытын­дыла­рын жоғары бағалаймын. Өткен келіс­сөздер Қазақстан мен Польша ара­сындағы диалогтың әлеуеті зор екенін дәлелдеп, өзара тиімді көптеген жобаларға жол ашты, – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы еліміздің Финляндиямен өзара іс-қимыл деңгейінің жоғары екенін атап өтті.
– Біздің ел мен Финляндияны дәстүрлі достық қатынастар мен көп жылдан бергі ынтымақтастық байланыстырып келеді. Астана мен Хельсинки арасында тікелей әуе рейсінің ашылуы айтулы оқиға болды. «Жасыл» технологияларды дамыту жө­ніндегі орталық құрылды, Қазақстанда жаңа фин кәсіпорындары ашылуда. Жо­ғары және үкіметаралық деңгейдегі уағ­даластықтардың одан әрі іске асырылуын қамтамасыз ету қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Фран­цияның өзара тиімді ынтымақтас­тығына тоқталды.
– Машина жасау, ғарыш, металлургия, көлік және басқа да салаларда техно­логиялық жобалар әзірленді. Елдеріміздің игілігі үшін Франция президенті Макрон­мен жемісті байланысты дамытуға ниет­тіміз, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Эстониямен қарым-қатынасымыз қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
– Біз көлік және транзит, энергетика, коммуникация және технологиялар сияқты перспективті бағыттар бойынша бірлесе жұмыс істеуге әзірміз. Еуропалық одақта төрағалық етіп отырған Эстония басшылығы Қазақстан мен Еуропа серік­тестігін ілгерілетуге үлес қосады деп ой­лай­мыз, – деді Мемлекет басшысы.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев елшілерді Қазақстандағы жауапты дип­ломатиялық қызметтерінің басталуымен тағы да құттықтап, жұмыстарына табыс тіледі.
Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*