Шетелдік тасымалдаушылар тексерілуде

637
0
Бөлісу:

Қырғыз тасымалдаушылары Қазақстан заңнамасын жиі бұзады. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек осындай мәлімдеме жасады.

«Өткен аптада 835 қырғыз автокөлік құралдары тексеріліп, нәтижесінде 117 заң бұзушылығы тір­келді. Яғни, әрбір 6-7-ші қырғыз автокөлігі Қазақстан ау­мағы арқылы заң бұзушылықпен өтеді. Қырғызстандық тасы­малдау­шы­лар жіберетін негізгі заң бұзушы­лығы – тасы­малданатын жүк құ­жаттарының жоқтығы. Мұндай дерек – 56», – дейді министр. Осыған сәйкес біз Көлік коми­тетінің Ахуалдық орталығы басшысының міндетін атқарушы Қуаныш Ермұханов мырзаға хабарласып мән-жайды білмек болдық. Оның айтуынша, биыл қырғызстандық тасымал­дау­шылар көптеген заң бұзушы­лықтарға жол берген екен.
– Биыл жыл басынан бергі тексеру нәтижелері бойынша көліктік бақылау бекеттерінде 60 мыңға жуық автокөлік тексерілген болатын. Тексерудің нәтижесінде 2,5 мыңнан аса заң бұзушылықтар анықталды, оның ішінде мыңға жуық бұзушылық қырғызстандық тасымалдаушыларға тиесілі, орташа бұл 30-40 пайыз. Өткен аптаның нәтижелері бойынша біз талдау жүргізіп, заң бұзушылықтар бойынша қырғыз тасымалдау­шыларының үлесі 60 пайызға өскенін анықтадық. Демек, олар халықаралық автомобиль тасымал нарығынан бөлек біздің ішкі тасымал нарығымызға да енгенін айқындап отыр, – дейді ол.
Жеңіс Қасымбектің ай­туынша, Қазақстан Республика­сының автомобиль жолдары бойынша трактор мен жартылай тіркеме құрамындағы автопо­йыздың рұқсат етілген массасы 40 тоннадан аспауы тиіс. Шын мәнісінде Қырғыз Республи­касының көлік тасымалдау­шылары шамадан тыс жүктемені 5, тіпті 7 тоннаға дейін асырып жібереді.
– Бұл халықаралық және ішкі тасымал нарығына тікелей әсер етеді. Мысалы, ішкі нарықта тасы­малды жүзеге асыруға болмай­ды. Бірақ қырғызстандық тасымалдаушылар онымен де айналысып жүр. Жүкті көрсе­тілген көлемнен асырып алып өтуге болмайды, бірақ олар белгіленген мөлшерден артық жүк тасымалы үшін рұқсат ал­маған болып шығады. Осы талаптардың орындалуы екі елдің үкіметтері арасында 2014 жылы 22 мамырда жасалған келісіммен бекітілген. Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың келі­сімшартына сәйкес «осы одаққа мүше ел егер бәсекеге қарсы істі жүзеге асырған жағдайда осы кәсіпкерлік субъектісіне қатысты айыппұл санкциялары» қолда­нылады делінген, – дейді Қуаныш Ермұханов.
Одан бөлек, халықаралық тасымал кезінде шетелдік тасымалдаушыларға арнаулы рұқсат құжаты қажет. Бұл ретте Еуразиялық экономикалық одақтың шеңберінде оған мүше елдер рұқсатсыз жүк тасымалдай алады. Одақтан тыс шетелдік тасымалдаушы үшін, сондай-ақ тұрақты емес жолаушылар та­сымалын жүргізгенде де тиісті рұқсат қажет. Комитет жүргізген тексеру нәтижелері мұндай рұқсат құжаттары қырғызстандық та­сымалдаушыларда жоқ екенін көрсетіп берді.
Ахуалдық орталықтың өкілі Қазақстанның автомобильдік жолдарымен жүруге арналған өлшемдерден, яғни, белгілі параметрлерден артық көлемде жүк тасымалдау оқиғаларында Салық кодексінде көрсетілген мөлшерлемелер бойынша алым сомасы төленгеннен кейін көлік қайта жіберілетінін айтты.
– Бұл алым ауыр салмақты жүк құрамының автомобиль жолдары арқылы өтуі салдарын өтеу мақсатында алынады. Кейбір құжаттарда жүктің басқа салмағы көрсетіледі, нақты өлшеп көрсек, ол салмақ сәйкес кел­мейді. Бұл жерде шекара қызметі болсын, мемлекеттік кірістер органдары болсын контрабанда дерегіне сәйкес өздерінің құзыреттілігінің шеңберінде іс қозғауы мүмкін. Біз өз тарапы­мыздан асырып жүк тиегені және рұқсатсыз жүк та­сымалдағаны үшін жауапкер­шілікке тартамыз, – деп қоры­тын­дылады Қ.Ермұ­ханов. Ма­­ман­дардың сөзіне сенсек, бүгінде қырғызстандық жүк та­сымалдаушылар осы негізгі үш заң бұзушылыққа жол беруде.

Кәмила ДҮЙСЕН

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*