Шетелдік тасымалдаушылар тексерілуде
Қырғыз тасымалдаушылары Қазақстан заңнамасын жиі бұзады. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек осындай мәлімдеме жасады.
«Өткен аптада 835 қырғыз автокөлік құралдары тексеріліп, нәтижесінде 117 заң бұзушылығы тіркелді. Яғни, әрбір 6-7-ші қырғыз автокөлігі Қазақстан аумағы арқылы заң бұзушылықпен өтеді. Қырғызстандық тасымалдаушылар жіберетін негізгі заң бұзушылығы – тасымалданатын жүк құжаттарының жоқтығы. Мұндай дерек – 56», – дейді министр. Осыған сәйкес біз Көлік комитетінің Ахуалдық орталығы басшысының міндетін атқарушы Қуаныш Ермұханов мырзаға хабарласып мән-жайды білмек болдық. Оның айтуынша, биыл қырғызстандық тасымалдаушылар көптеген заң бұзушылықтарға жол берген екен.
– Биыл жыл басынан бергі тексеру нәтижелері бойынша көліктік бақылау бекеттерінде 60 мыңға жуық автокөлік тексерілген болатын. Тексерудің нәтижесінде 2,5 мыңнан аса заң бұзушылықтар анықталды, оның ішінде мыңға жуық бұзушылық қырғызстандық тасымалдаушыларға тиесілі, орташа бұл 30-40 пайыз. Өткен аптаның нәтижелері бойынша біз талдау жүргізіп, заң бұзушылықтар бойынша қырғыз тасымалдаушыларының үлесі 60 пайызға өскенін анықтадық. Демек, олар халықаралық автомобиль тасымал нарығынан бөлек біздің ішкі тасымал нарығымызға да енгенін айқындап отыр, – дейді ол.
Жеңіс Қасымбектің айтуынша, Қазақстан Республикасының автомобиль жолдары бойынша трактор мен жартылай тіркеме құрамындағы автопойыздың рұқсат етілген массасы 40 тоннадан аспауы тиіс. Шын мәнісінде Қырғыз Республикасының көлік тасымалдаушылары шамадан тыс жүктемені 5, тіпті 7 тоннаға дейін асырып жібереді.
– Бұл халықаралық және ішкі тасымал нарығына тікелей әсер етеді. Мысалы, ішкі нарықта тасымалды жүзеге асыруға болмайды. Бірақ қырғызстандық тасымалдаушылар онымен де айналысып жүр. Жүкті көрсетілген көлемнен асырып алып өтуге болмайды, бірақ олар белгіленген мөлшерден артық жүк тасымалы үшін рұқсат алмаған болып шығады. Осы талаптардың орындалуы екі елдің үкіметтері арасында 2014 жылы 22 мамырда жасалған келісіммен бекітілген. Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың келісімшартына сәйкес «осы одаққа мүше ел егер бәсекеге қарсы істі жүзеге асырған жағдайда осы кәсіпкерлік субъектісіне қатысты айыппұл санкциялары» қолданылады делінген, – дейді Қуаныш Ермұханов.
Одан бөлек, халықаралық тасымал кезінде шетелдік тасымалдаушыларға арнаулы рұқсат құжаты қажет. Бұл ретте Еуразиялық экономикалық одақтың шеңберінде оған мүше елдер рұқсатсыз жүк тасымалдай алады. Одақтан тыс шетелдік тасымалдаушы үшін, сондай-ақ тұрақты емес жолаушылар тасымалын жүргізгенде де тиісті рұқсат қажет. Комитет жүргізген тексеру нәтижелері мұндай рұқсат құжаттары қырғызстандық тасымалдаушыларда жоқ екенін көрсетіп берді.
Ахуалдық орталықтың өкілі Қазақстанның автомобильдік жолдарымен жүруге арналған өлшемдерден, яғни, белгілі параметрлерден артық көлемде жүк тасымалдау оқиғаларында Салық кодексінде көрсетілген мөлшерлемелер бойынша алым сомасы төленгеннен кейін көлік қайта жіберілетінін айтты.
– Бұл алым ауыр салмақты жүк құрамының автомобиль жолдары арқылы өтуі салдарын өтеу мақсатында алынады. Кейбір құжаттарда жүктің басқа салмағы көрсетіледі, нақты өлшеп көрсек, ол салмақ сәйкес келмейді. Бұл жерде шекара қызметі болсын, мемлекеттік кірістер органдары болсын контрабанда дерегіне сәйкес өздерінің құзыреттілігінің шеңберінде іс қозғауы мүмкін. Біз өз тарапымыздан асырып жүк тиегені және рұқсатсыз жүк тасымалдағаны үшін жауапкершілікке тартамыз, – деп қорытындылады Қ.Ермұханов. Мамандардың сөзіне сенсек, бүгінде қырғызстандық жүк тасымалдаушылар осы негізгі үш заң бұзушылыққа жол беруде.
Кәмила ДҮЙСЕН