Бюджетке қосымша миллиардтар бағыт алды

Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Үкімет мүшелері алдымен биылғы 9 айдағы елдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын шығарды. Содан кейін биылға арналған бюджетті қайта нақтылау туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ білім беру мен ғылымды дамыту бағдарламасын іске асырудың, жекешелендіруді жүргізудің барысы қаралды.
Отырыс күн тәртібіне шығарылған мәселелерді талқылауды бастамас бұрын, Үкімет жетекшісі елді алаңдатқан жанар-жағармай мен көмірге қатысты жағдайға қайта оралды. Осыған орай, Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың, Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғариннің, «ҚТЖ» ұлттық компаниясы басқарма төрағасы Қанат Алпысбаевтың, Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановтың және Астана әкімі Әсет Исекешевтің баяндамалары тыңдалды.
Қ.Бозымбаевтың хабарлауынша, апта соңына дейін Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарынан шамамен 50 мың тонна бензин келеді. Ай соңына дейін тағы сонша көлемде өнім жеткізіледі. Министрдің сендіруінше, елдегі бензин қалдығы қазір «барлық өңірлерді еш үзіліссіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді». «АИ-92 маркалы бензин қоры кеше 127 мың тоннаны құраған. Тұтастай алғанда, отынның осы түрінің қалдығы 13 күнге кепілді түрде жетеді» деді ол.
Өз сөзінде Премьер ішкі нарықты мұнай өнімдерімен және көмірмен қамтамасыз ету мәселелері «Мемлекет басшысының жеке бақылауында» тұрғанына назар аудартты. Жауапты мемлекеттік органдарға отын тапшылығына жол бермеу бойынша тапсырмалар берілді және оларға тұрақты мониторинг жүргізіледі. Табиғи монополиялар саласындағы бақылаушы органдарға баға бойынша мәмілелесулерді анықтау жұмысын жалғастыру тапсырылды. Ішкі нарықтағы ЖЖМ мен көмірге қатысты мәселелерді үйлестіру бірінші вице-премьер Асқар Маминге жүктелді. Б.Сағынтаев келесі аптада бұл түйткілді мәселелерді қарауға оралатындығын қадап айтты.
Кейін журналистерге берген сұхбатында Қанат Бозымбаев қазан-қараша айларында бензиннің орташа бағасы 160-161 теңгені құрайтыны жөнінде болжам айтты. Ол сондай-ақ Павлодар мұнай-химия зауыты 26 қазанда іске қосылатынын жеткізді. Зауыт қазан соңына дейін 65 мың тонна мұнайды өңдеп, АИ-92 бензинін тәулігіне 2,5 мың тонна көлемінде жөнелтуді жоспарлауда екен.
Үкімет отырысында күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша баяндаған Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменовтың айтуынша, биылғы тоғыз айда Қазақстан экономикасы 4,3 пайызға өсе отырып, алдыңғы айлардағы өсу қарқынын сақтап қалды.
– Экономикалық өсімге макроэкономикалық тұрақтылық пен инвестициялық белсенділік, сондай-ақ сыртқы нарықтардағы қолайлы жағдайлар, біздің экспорттың негізгі түрлеріне бағаның жақсаруы ықпалын тигізді. Өнеркәсіп, құрылыс, сауда, көлік және байланыс салалары – өсудің негізгі қозғаушылары болды, – деді Тимур Сүлейменов.
Оның мәліметінше, көптеген өңірлердің өнеркәсібінде, ауыл шаруашылығында және құрылысында өсудің оң серпіні байқалуда. Бұл ретте өнеркәсіптің төмендеуі – Маңғыстау мен Қызылорда облыстарында, ауыл шаруашылығының төмендеуі – Қарағанды мен Батыс Қазақстан облыстарында, құрылыстың құлдырауы Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Алматы облыстары және Астана қаласында тіркеліпті.
«Сонымен бірге, негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша аутсайдерлер саны бұрынғы 3 өңірден 6 өңірге дейін көбейді. Бұл ретте, құлдырау ауқымдылығы Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Алматы облыстарында 2 еседен артыққа төмендеді. Қыркүйекте жаңа аутсайдерлер қатарына Павлодар, Батыс Қазақстан облыстары және Астана қаласы кірді. Осыған байланысты өңірлер әкімдері негізгі капиталға инвестициялардың төмендеуіне жол бермеу бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі тетіктерін қоса алғанда, тиісті шаралар қабылдауы қажет» деді Т.Сүлейменов.
Жалпы алғанда, өткен 9 айда негізгі капиталға инвестициялар көлемі 4,4 пайызға өскен. Ең үлкен өсім саудада және құрылыста, сондай-ақ жылу және сумен жабдықтау желілерін жаңғырту нәтижесінде өнеркәсіпте байқалады. Соның ішінде сумен жабдықтау және кәріз жүйесі салаларына құйылған инвестициялар – 46,5 пайызға, электрмен жабдықтауда 15,6 пайызға артқан.
Бұдан бөлек, әлемдік нарықтардағы қолайлы баға конъюктурасы және отандық экспорт көлемінің импорттан басым болуы Қазақстанның сауда теңгерімінде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуге септігін тигізген. Жалпы, елдің сыртқы сауда айналымы жыл басынан 26,4 пайызға ұлғая отырып, 48,7 миллиард долларды құрады. Қазан айының басында еліміздің алтын-валюта қоры 10,2 пайызға өсті, нәтижесінде Қазақстанның халықаралық резервтері 89,4 млрд долларды құрады.
Т.Сүлейменов «экономиканың орнықты өсуі әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік бергенін» мәлімдеді:
– 2017 жылғы қаңтар-тамызда орташа айлық жалақы 3 пайызға өсіп, 143,3 мың теңгені құрады. Бұл ретте жыл басынан бері инфляция небәрі 4,2 пайызды құрады, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңінен 1,4 пайызға төмен. 9 айдың қорытындысы әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық салаларында жағымды үрдісті көрсетуде. Осыны ескере отырып, 2017 жылдың қорытындысы бойынша біз экономиканың өсуі кем дегенде 3,4 пайыз деңгейінде болады деп күтудеміз, – деді министр.
Осыдан кейін Үкімет 2017–2021 жылдарға арналған Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму болжамын және 2017–2019 жылдарға арналған республикалық бюджет параметрлерін мақұлдады. Ұлттық экономика министрінің түсіндіруінше, биылғы бюджетті қайта қарауға АҚШ долларына қатысты теңгенің есеп айырысу бағамының 330 теңге деңгейінде, әлемдік мұнай бағасының 50 доллар көлемінде сақталуы себеп болыпты.
– Жыл басынан бастап, экономикалық белсенділіктің жақсарғаны байқалады. Өткен 9 айда жалпы ішкі өнімнің өсуі 4,3 пайызды және орташа бағам 1 АҚШ доллары үшін 323,2 теңгені құрады, тек қазан айынан бастап – 1 доллар 341,1 теңгеге қымбаттады. Сонымен қатар мұнай бағасы барреліне 52 доллар аясында қалыптасты. Жыл қорытындысында экономиканың өсуі 3,4 пайыз, яғни, бұрын мақұлданғаннан 0,9 пайызға жоғары деңгейде күтілуде. Осы факторларды ескерсек, номиналды ЖІӨ 2017 жылы 51 триллион 855,3 млрд теңге көлемінде болжануда. Бұл ақпанда мақұлданған көрсеткіштен 2 трлн 114,7 млрд теңгеге көп. Жан басына шаққандағы ЖІӨ 8,7 мың долларға дейін ұлғаяды, – деді Тимур Сүлейменов.
Сондай-ақ ірі кен орындарында – «Қашаған», «ТеңізШевройл», «Қарашығанақта» кен өндіру жоспарының асыра орындалуы есебінен Қазақстанда мұнай өндіру көлемі 81 млн тоннадан 84,5 млн тоннаға дейін артады. Инфляция бекітілген 6-8 мөлшерінде күтіледі.
Түзетілген макроэкономикалық болжам негізінде биылғы қолданыстағы бюджет қайта қаралып отыр. Атап айтқанда, республикалық бюджет кірістері (ұлттық қордан алынатын трансферттерді есептемегенде) 2017 жылы 4 трлн 952,8 млрд теңге көлемінде болады деп жоспарлануда, бұл былтыр бекітілгеннен 60,8 млрд теңгеге көп.
Соның арқасында үкіметтік борыштың өсуін тежеу және елдің егеменді рейтингін ұстап тұру үшін мемлекет кейбір сыртқы қарыздарды алудан бас тартпақ: сөйтіп, бюджет тапшылығын 47,9 млрд теңгеге немесе ЖІӨ-ге қатысты 3,1 пайыздан 2,9 пайызға дейін төмендетпек.
Республикалық бюджеттің биылғы шығыстары да қосымша ұлғайтылады және жалпы көлемі енді 11 трлн 191,5 млрд теңге болады.
Өз кезегінде қаржы министрі Бақыт Сұлтанов биыл мұнайлық емес түсімдер 9 айда тағы 77,9 млрд теңгеге өсіп, 4 трлн 497,2 млрд теңгені, мұнай түсімдері керісінше, жоспарға қарағанда 14,9 млрд теңгеге төмендеп, 5 трлн 194,2 млрд теңгені құрағанын хабарлады. Ол сондай-ақ қосымша миллиардтар қайда арна тартатынын да түсіндіре кетті.
«Біріншіден, Ішкі істер органдары қызметкерлерінің, Қарулы Күштер әскери қызметшілерінің және депутаттардың жалақысын 25 пайызға көтеруге 33,1 млрд теңге көзделген. Екіншіден, қол жеткiзiлген екіжақты келiсiмдерге сәйкес, Қырғыз республикасына техникалық жәрдем көрсетуге 14,1 миллиард теңге, яғни, 41 млн доллар көлеміндегі бірінші транш жолданады. Үшіншіден, «Назарбаев Университеті» дербес білім беру ұйымына нысаналы салымды (целевой вклад) ұлғайтуға 22,2 млрд теңге көзделген. Төртіншіден, көрмеден кейінгі іс-шараларды өткізуге және Экспо аумағын кеңсе-офистерге дайындауға 20 млрд теңге сомасында қаражат жұмсалады» деген министр Б.Сұлтанов мұның көрме орнында «Астана» қаржы орталығы 2018 жылғы 1 қаңтардан жұмысын бастауы үшін қажет екенін айтты.
Үкімет мүшелері бұған «мақұл» деді. Енді 2017 жылғы республикалық бюджетті нақтылауды қарастыратын жаңа заң жобасы жедел түрде Парламентке енгізіледі.
Үкімет мүшелері алдында осы күні білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев есеп берді. Оның айтуынша, білім беру мен ғылымды дамытудың 2016–2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға биыл 418 миллиард 562,9 млн теңге бөлінген. Былтырдан бері 1 309 мектепке дейінгі мекеме –балабақшалар ашылып, 155 мектеп салынған екен.
«Балабақшалардың арнайы білімі бар педагок қызметкерлерінің сапалы құрамы 1 500 педагогқа артты. Жоғары және бірінші санатты педагог қызметкерлердің саны 145 мың адамды құрайды. Мектепке дейінгі және мектепте білім беру мазмұны ЭЫДҰ стандарттарына сәйкес жаңартылды. Колледждер мен ЖОО-ларда халықаралық сарапшылар мен жұмыс берушілердің қатысуымен әзірленген 92 жаңа бағдарлама енгізілуде» деді БҒМ басшысы.
Жиын күн тәртібіне шығарылған соңғы мәселені талқылау барысында қаржы министрі Бақыт Сұлтанов жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарына барлығы 877 нысан енгізілгенін баяндады. 1 қазандағы жағдай бойынша 441 нысан саудаға қойылған, оның 291 нысаны жалпы алғанда 112,7 млрд теңгеге сатылды. Бұдан өзге, инвесторлардың қызығушылығын тудырмаған 211 объекті қазір қайта құру және таратылу сатысында.
«Осылайша, жекешелендірудің кешенді жоспарының ағымдағы күнге орындалуы 74,3 пайызды құрайды» деді бас қаржыгер.
2017 жылы 24 аса ірі нысанды, оның ішінде ұлттық холдингтердің 20 объекті-кәсіпорындарын және республикалық меншіктегі 4 объектіні сату жоспарланған еді. Олардың ішінде бүгінде 6 объекті сатылды, 11 объекті саудада тұр. Жеке қолға өткен аса ірі нысандар бағалау құнынан 3 пайызға немесе 1,4 млрд теңгеге қымбатқа сатылыпты.
Айхан ШӘРІП