Вьетнам тәжірибесі қызықты

958
0
Бөлісу:

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин елімізге тұңғыш рет ресми сапармен келген Вьетнам Социалистік Республикасының Ұлттық Жиналысының төрайымы Нгуен Тхи Ким Нганмен кездесті.

Тараптар екі елдің даму тә­жірибесінде ерекше маңызға ие дінаралық және этносаралық келі­сімге айрықша назар аударды. Нұрлан Нығматулин мен Нгуен Тхи Ким Нганның пікірінше халықтар мен түрлі діндер өкілдерінің өзара тү­сіністігі, сенімі және сыйласты­ғы – әлемдегі тыныштық пен бейбіт­шіліктің кепілі.
Мәжіліс басшысы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев­тың екі ел арасындағы қарым-қа­тынасты тереңдетуге зор көңіл бөле­тінін алға тартты. Нұрлан Зайрол­лаұлы сауда-экономикалық байланыстар елдеріміздің қарым-қатынасындағы басым бағыттардың бірі екенін айтты. Осы ретте, әсіресе, ауыл шаруашылығы, көлік-логис­тика салаларындағы ынты­мақ­тастықты дамытудың маңызы зор.
Бүгінде Еуразиялық экономи­калық одақ аясында Қазақстанда вьетнамдық компаниялардың тиімді жұмыс жасауына үлкен мүмкіндіктер пайда болды. Оған аталған одақ пен Вьетнам арасындағы еркін сауда аймағы туралы келісім нақты дәлел. Сонымен бірге, туризм саласында да екі ел ынтымақтастығын нығай­тудың әлеуеті жоғары. Мәжіліс төрағасы осы орайда вьетнамдық тараптың Қазақстан азаматтары үшін біржақты тәртіппен визасыз режим енгізу ұсынысын қолдауға болатынын атап өтті.
Өз кезегінде мәртебелі мейман біздің еліміздің қонақжайлығына алғыс білдіре келе, Қазақстанның аз уақыт ішінде экономикада, саясатта, дипломатияда жетістіктерге жет­кенін, соның ішінде, керемет қала Астананың тұрғызылуын жоғары бағалады. Мәртебелі мейман Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен біздің еліміз бұдан да зор табыстарға жетеріне, жаңа биіктерді бағындырарына сенім білдірді.
Екі елдің ұқсас ұстанымдары бейбітшілік пен келісімге негіздел­геніне екпін түсірген Вьетнам ұлттық жиналысының төрайымы өзінің іс-сапары тікелей екіжақты қатынасты тереңдетуге бағыттал­ғанын баса айтты. Ол сондай-ақ экономикалық даму бойынша Қазақстанның Орталық Азияда көшбасшы орын алатынын, бұл еліміздің мол әлеуетін куәланды­ратынын, сонымен қатар шетелдік инвесторлар үшін кепіл болып саналатынын атап өтті.
Халықаралық күн тәртібін талқылау барысында Нұрлан Нығматулин мен Нгуен Тхи Ким Нган Қазақстанның және Елбасы­ның бастамаларының бітімгершілік сипатына назар аудартты.
Парламентаралық дипло­матияның маңыздылығын бағам­даған олар парламенттің бейінді комитеттері, сондай-ақ достық топтары арасындағы ынты­мақтастықты кеңейту қажеттігін жақтады. Н.Нығматулиннің ай­туынша, әлеуметтік-экономикалық өсімге қолайлы инвестициялық ахуал түзуге, инновациялық техно­логияларды ендіруге септесетін реформаларды заңнамалық сүйе­мелдеу бойынша вьетнамдық депу­таттардың тәжірибесі – қазақ­стандық парламентшілер үшін қызықты әрі құнды.
Тараптар бірегей үлгі болып есеп­телетін Қазақстан халқы ассамблеясы, Қазақстанда өткен EXPO көрмесі туралы әңгіме қозғап, аймақтық қауіпсіздік, мәдени бай­ланыс, парламентаралық қатынас мәселелеріне тоқталды.

 

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*