Вьетнам тәжірибесі қызықты

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин елімізге тұңғыш рет ресми сапармен келген Вьетнам Социалистік Республикасының Ұлттық Жиналысының төрайымы Нгуен Тхи Ким Нганмен кездесті.
Тараптар екі елдің даму тәжірибесінде ерекше маңызға ие дінаралық және этносаралық келісімге айрықша назар аударды. Нұрлан Нығматулин мен Нгуен Тхи Ким Нганның пікірінше халықтар мен түрлі діндер өкілдерінің өзара түсіністігі, сенімі және сыйластығы – әлемдегі тыныштық пен бейбітшіліктің кепілі.
Мәжіліс басшысы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың екі ел арасындағы қарым-қатынасты тереңдетуге зор көңіл бөлетінін алға тартты. Нұрлан Зайроллаұлы сауда-экономикалық байланыстар елдеріміздің қарым-қатынасындағы басым бағыттардың бірі екенін айтты. Осы ретте, әсіресе, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастықты дамытудың маңызы зор.
Бүгінде Еуразиялық экономикалық одақ аясында Қазақстанда вьетнамдық компаниялардың тиімді жұмыс жасауына үлкен мүмкіндіктер пайда болды. Оған аталған одақ пен Вьетнам арасындағы еркін сауда аймағы туралы келісім нақты дәлел. Сонымен бірге, туризм саласында да екі ел ынтымақтастығын нығайтудың әлеуеті жоғары. Мәжіліс төрағасы осы орайда вьетнамдық тараптың Қазақстан азаматтары үшін біржақты тәртіппен визасыз режим енгізу ұсынысын қолдауға болатынын атап өтті.
Өз кезегінде мәртебелі мейман біздің еліміздің қонақжайлығына алғыс білдіре келе, Қазақстанның аз уақыт ішінде экономикада, саясатта, дипломатияда жетістіктерге жеткенін, соның ішінде, керемет қала Астананың тұрғызылуын жоғары бағалады. Мәртебелі мейман Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен біздің еліміз бұдан да зор табыстарға жетеріне, жаңа биіктерді бағындырарына сенім білдірді.
Екі елдің ұқсас ұстанымдары бейбітшілік пен келісімге негізделгеніне екпін түсірген Вьетнам ұлттық жиналысының төрайымы өзінің іс-сапары тікелей екіжақты қатынасты тереңдетуге бағытталғанын баса айтты. Ол сондай-ақ экономикалық даму бойынша Қазақстанның Орталық Азияда көшбасшы орын алатынын, бұл еліміздің мол әлеуетін куәландыратынын, сонымен қатар шетелдік инвесторлар үшін кепіл болып саналатынын атап өтті.
Халықаралық күн тәртібін талқылау барысында Нұрлан Нығматулин мен Нгуен Тхи Ким Нган Қазақстанның және Елбасының бастамаларының бітімгершілік сипатына назар аудартты.
Парламентаралық дипломатияның маңыздылығын бағамдаған олар парламенттің бейінді комитеттері, сондай-ақ достық топтары арасындағы ынтымақтастықты кеңейту қажеттігін жақтады. Н.Нығматулиннің айтуынша, әлеуметтік-экономикалық өсімге қолайлы инвестициялық ахуал түзуге, инновациялық технологияларды ендіруге септесетін реформаларды заңнамалық сүйемелдеу бойынша вьетнамдық депутаттардың тәжірибесі – қазақстандық парламентшілер үшін қызықты әрі құнды.
Тараптар бірегей үлгі болып есептелетін Қазақстан халқы ассамблеясы, Қазақстанда өткен EXPO көрмесі туралы әңгіме қозғап, аймақтық қауіпсіздік, мәдени байланыс, парламентаралық қатынас мәселелеріне тоқталды.
Айхан ШӘРІП