Тұлға шығару талбесіктен басталады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Балапан бағдарламасы – ұрпақ тәрбиесіне айрықша мән берілген ерекше құжат. Тәрбиенің негізі отбасында қалыптасады дегенімізбен, балабақшаның да рөлі зор. Ұлттық тәрбиеден, салт-дәстүр, ауыз әдебиетінен нәр алып өскен ұрпақ қай кезде де аталар аманатына адал боларына кәміл сенем» дегені есімізде.
Жаһандану процесі ұлғайған сайын, ұлттық болмысымызды сақтап, жұтылып кетпеудің амалдарын іздеп әлекпіз. Ұлттық дәстүрді бойға сіңіру, ұлттық мәдениет пен өнерді насихаттау тәрбиенің төресі емес пе?! Балабақшадағы сәбиге нені үйреткеніміз абзал? Отбасындағы тәрбие бөлек те, балабақшадағы тәрбиенің жөні бөлек. Таңертеңгілік балаңызды балабақшада қалдырасыз. Күні бойы бала тәрбиешінің жанында. Тәрбиеші қолынан келгенінше, балаға жақсы тәрбие беруге тырысатын да шығар. Дегенмен…
«Бесік жырын білмейтін анадан қорқам» деген екен батыр Бауыржан. Ұлы Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп бекер айтпаса керек. Балабақшада бесік жыры айтылмасы белгілі. Екі жастан бастап, мектеп жасына дейінгі баланың бәрі – балабақшада. Қазіргі тілмен айтқанда, ел боламыз десек, балабақшамызды түзеу қажет емес пе? Біз баланы қалай тәрбиелеп отырмыз? Балаға қажет көрнекі құралдар қандай? Бала балабақшада не оқиды? Тәрбиеші бала тәрбиесінде қандай оқулықты пайдаланады? Баланың пайдаланатын көрнекі құралы қандай? Балалар әдебиетін шығаратын баспалар оқулықтардың дені жас ерекшелігін ескермейтінін айтса, енді бірі – безендіру ісі кемшін түсіп жататынын алға тартады. Ресей баспалары балалар әдебиетін, оның ішінде балабақшаға арналған көрнекі құралдар даярлауда көш ілгері озып кетті. Баланың ұғымына сай келетін кітапшаларды қарасаңыз, көзіңіз сүрінеді. Безендіруі де ғажап, оқылымға жеңіл, ұғымға сай. Демек, бала психологиясын жете меңгерген. Балалар әдебиетіне, балабақшаға қажетті көрнекі құралдар даярлауда бізге реформа керек. Ол реформа қалай жасалады? Балаға қажетті дүние қандай болуы керек? Осы мәселе төңірегінде мамандардың да пікірі әр алуан. Мектепке дейінгі білім беру саласында қызмет ететіндер ұлттық дүниетанымға сай оқу құралдарының жеткілікті екенін айтса, балалар әдебиетінің өкілдері бұл мәселенің әлі кемшін түсіп жатқандығын жеткізді. Жануарлар әлемі, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып, қазақ ертегілері, аңыз-әңгімелер, батырлар жырын көрнекі құрал ретінде қалай пайдаланып жүрміз? Мәселе – осында.
Мағира ҚОЖАХМЕТОВА:
жазушы, журналист, «Балбұлақ» республикалық балалар журналының бас редакторы:
Ата-ана да, бала да селқос
– Он бес жыл бойы жасөспірімдерге арналған «Балбұлақ» журналын шығарып жүргендіктен, бұлардың мінез-құлқын қадағалап, қарым-қабілетін саралап, іштей сан алуан пікір түйіп жүремін. Көзімнің жеткені – қанша жанұшыра өз деңгейімнің аясында нақты әрекетке бағыттап сана сезімдерін сергіте тәрбиелеуге тырысқан балақайларыма, жас оқырмандарыма арман, тілегімнің, көзқарасымның пәлендей әсер етпегені, мақсатымның әлі күнге шейін орындалмағаны. Небір ұлттық, басқа да халықтардың ойындарын тәптіштей жазып, таңғал да таңғалдыр деп, түрлі фокустарды жинақтап ұсынғаныммен, бүлдіршіндерге түрлі тапсырмалар беріп, «бәрін өзің жаса, құрастыр, дайында» деп өтінгеніммен, баяғы жартас, бір жартас, ата-ана да, бала да селқос. Сондықтан да балабақшалардағы әдістемеліктер, оқыту, дамыту құралдары былай жасалуы керек деуге ыңғайсызданамын. Бұл салада талай жаңа жоба жасап, бүлдіршіндерімізді лайықты ер жеткізудің өзгеше жолын талмай іздегендіктен, бос ақылдан гөрі не істеп, не қойғанымды айтайын.
Әр бала қайталанбас дербес әлем, яғни әрқайсына жеке-дара тәрбиелік дамыту құралы қажет. Әдетте, біз көпшілікті жаппай тәрбиелеуге бейімбіз. Өз басым тобырды емес, жеке адамды, тұлғаны тәрбиелеуді жөн санаймын. Журналист, психолог, редактор ретінде жеткіншектерімізді өздеріндей жеткіншектердің жазған-сызғанымен алға жетелеп келемін. Бастауыш сынып оқушыларының шығармаларынан құралған хрестоматияны айналымға енгізуді армандаймын. Әдістеме де, құрал да, бәрі соның ішінен табылар еді, балаларды баланың тілімен оқыту керек. «Балбұлақтың» соңғы жаңалығы – Жалау Мыңбаев (Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы) атындағы мектеп –гимназиясының 4-сынып оқушысы, редколлегия мүшесі Альбина Сайлаубайдың қазақ – орыс – ағылшын тілдері сөздігін құрастыра бастағаны. Мұны кейін балабақшалар мен бастауыш сыныптарға жеке жинақ қып ұсынсам деймін.
Бұдан он шақты жыл бұрын журнал бетінде «Көрген түсіңе мән бер» деген айдар ашып, жеткіншектердің көрген түстерін айтқызып, соны суретке салдырта бастағанмын. Балабақшаларда бір сағат уақытты «көрген түсімізді айтып, суретке салайық» тақырыбына арнап, өзім бастап баулиын, жетекшілік жасайын деген ұсынысым қолдау таппады. Егер бұған қызығушылық танытса, арнайы амал, тәсілін дайындап берер едім.
Сондай-ақ білгір педагог, талантты суретші Айгүл Хакімжанова екеуміз «Балаларға арналған текшелер (кубиктер) ойыны», «Қуыршақтарды киіндіру ойыны» жинақтарын дайындап, 2008 жылы патенттеп, құзырлы орындарға ұсынғанбыз. Тіпті сол кездегі Білім және ғылым министрі қызығушылық танытып, қабылдауға ниет білдіргенімен, еш нәтиже шықпады. Бертінде Тіл комитетіне бірнеше рет тапсырдық, әзірге өндіріске шығаруға қаржымыз жоқ. Бірнеше данасын жасатып, балабақша тәрбиеленушілері мен бастауыш сынып оқушылары арасында тәжірибе жүргізгенімізде, керемет сұранысқа ие болатынына көзіміз жеткенмен, әттең қолымыздан түк келер емес. Қазақстанда тіпті текше (кубик) жасап дайындайтын орын да жоқ екен.
Қуат АДИС,
балалар ақыны:
Ұрпақ тәрбиесінің басында балалар әдебиеті тұр
– Балалар әдебиетінің ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі қай қоғамда болмасын маңызды. Тіпті ұлттың келешегі де, көрешегі де осы – балалар әдебиетімен тікелей байланысты. Ана тілі ұлтымыз үшін қандай қастерлі болса, сол ана тілінде жазылған балаларға арналған шығармаларға да сондай құрметпен қарауға тиіспіз. Балалар әдебиеті бала жанындай таза, жасандылық, жалғандықтан ада болуы керек және балалар әдебиетін жасаушылардың өзі де бүкіл жан-жүрегімен, бүтін болмысымен балаға айналуы тиіс. Өйтпеген жағдайда, балалардың кіршіксіз мөлдір әлемін кірлетеміз.
Біздің буын «Балдырғанмен» дос болды. Әр нөмірін асыға күтетінбіз. Балалар ақындары Мұзафар Әлімбаев, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырза-Әли, Қастек Баянбай, Оразақын Асқар, Әнуарбек Дүйсенбиев, Бердібек Соқпақбаев, Шона Смаханұлы, Жарасқан Әбдіраш, Ескен Елубай, Фариза Оңғарсынова және басқа да аға-апаларымыздың дүниелерін таласа, құмартып оқушы едік. Таңдайға басқанда, еріп сала беретін балмұздақ секілді тақпақтар мен қысқа әңгімелер бала ұғымына сай, қабылдауына жеңіл, тіліне жатық еді. Қазір де республикалық балалар басылымдарының ішіндегі көркемдік сапасы мен мазмұны жағынан көш басында тұрған осы – «Балдырған». Журналдың сыртқы мұқабасындағы және ішкі беттеріндегі түрлі-түсті суреттердің көрген көзге сүйкімі бар. Тіпті балалар тұрмақ, ересектердің өзіне ерекше әсер қалдырады. Мазмұнын айтпағанның өзінде, осы суреттерден-ақ аталған журналдың ұрпақ тәрбиесінде қаншалықты маңызды рөл атқаратынын аңғаруға болады. Әйтсе де «Балдырғанмен» бәсекеге түсетін өзге де балалар басылымдары бар. Бірақ сол журналдардағы суреттерге деген көзқарасым түзу емес. Неге десеңіз, күндіз күн көзіне, түнде электр жарығына шағылысатын жылтыр қағаздағы суреттердің сапасы жоғары болғанымен көздің көру қабілетін төмендетуі әбден мүмкін. Сонымен бірге, журналдағы суреттің көбі фотоаппараттың «өнімі», дизайны да жаңа компьютерлік бағдарламалардың көмегімен безендірілген және олар бірі-біріне өте тығыз орналасқан. Балалардың қиялы шексіз екенін ескерсек, тақырыптың мазмұнын үстеу үшін фотосуретпен берген кейіпкерлердің шектеулі іс-қимылдары балалардың сұранысын қанағаттандыра алмайтын секілді. Журналды шығарушылар кішкентай оқырмандарын қызықтыру үшін осылай безендіруді жөн көрген шығар. Бірақ күнделікті үйлерінде теледидар мен компьютерден бір сәтте алуан түске құбылған бейнелерді көріп отырған балаларды түрлі-түсті жылтырақ суреттермен еліктіре қою да екіталай. Әрине, ұрпақ тәрбиесіне қызмет етіп отырған соң, бұл журналдағы ақылдастар алқасында медицина саласының мамандары мен психологтар бар шығар. Ата-ана ретінде алаңдауға негіз жоқ емес. Өйткені үйде отырып, балаларымызбен бірге жылтыр қағазды кітап, журналдарды оқыған өзімізге әрбір минут сайын көзімізді тынықтырып отыруға тура келеді. Сондықтан ең алдымен дені сау ұрпақ тәрбиелеуді ойласақ, осы жағын да ескергеніміз жөн секілді.
Балаларға арналған шығармаларды сөз еткенде мына мәселені де айналып өте алмаймыз. Қазіргі балабақша жасындағы бүлдіршіндерге арналған көрнекі құралдарда ұлттық нақышты байқай алмай жүрміз. Есесіне қазіргі заманауи техникалардың атаулары мен суреттері көп кездеседі. Сөздік қорымызға жаңадан енген терминдерді балалар күнделікті отбасынан, ойнаған ортасынан естіп, біліп, көріп жүр. Сондықтан сол көрнекі құралдардың бетінен көне жәдігерлеріміздің суреттері орын алса, ұмытылып, архаизмге айналып кеткен сөздеріміз де «тірілер» еді дейміз. Солардың қатарынан халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде тұтынған: баспанамыз – киіз үйден бастап, қару-жарақтар, ат әбзелдері, ұста құралдары, саз аспаптары, қолөнер бұйымдары, ұлттық киімдер және көшпенді халықтың күнкөріс қажеттілігін өтеп, қазақтың жанымен біте қайнасып кеткен төрт түліктің түрін және жыныс, жас ерекшелігіне қарай атауларын да көргіміз келеді. Яғни, бүгінгі жаһандану үдерісіндегі қазақ балалар әдебиеті ұлттық мүддеге көбірек көңіл бөлгенін қалаймыз.
«Отан – отбасынан басталады». Ендеше, біз де балаларымызды отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеуді отбасынан бастауымыз керек десек, мұның жауапкершілігі де бала тақырыбына қалам тартып жүрген ақын-жазушыларға артылады. Мәселен, әрбір баланың елінің, туған жерінің тарихын тануы өзінің шыққан тегін білуден басталады. Сондықтан тілі шығып, есі кірген балаға жеті атасын санамалап отырып үйрету аса маңызды. Есейген сайын сол бабаларының ішіндегі би, батырлардың шешендік сөздері мен батырлық ерліктерін талдап түсіндіру де артық болмайды. Бұл жерде жершілдік, рушылдық деген түсінік қалыптаспауы керек. Керісінше, әр бала ұлт пен ұрпақтың амандығы жолында күресіп, қазаққа ортақ тұлғаға айналған өз атасымен мақтануы тиіс. Өйтпеген жағдайда балаларымыз сериалдарда насихатталып жатқан кәріс пен түріктің қаһармандарына еліктеп, солардың атын иелену үшін бірі-бірімен таласуын жалғастыра беретін болады және бұл үшін балаларды кінәлай алмаймыз. Сондай-ақ балаларға арналған шығармаларда ата-ананың қадірін білуге, бауырларын сыйлауға және басқа да сол әулетке жақын адамдардың туыстық атаулары жайында мағлұмат беретін тақпақтардың көбейгені дұрыс болар еді.
Жасыратыны жоқ, бүгінгі балалар табиғаттан тым алшақтап кетті. Өзін қоршаған ортаны таза ұстау, аң-құстарды, өсімдік дүниесін қорғау және олардың атауларын айтуда мүдіріп қалады. Осы мәселеге де көп көңіл бөлсек, үйден шықпай, теледидар мен компьютердің алдына жіпсіз байланып, сыртқы дүниені көзімен көріп, сезініп, сырына қанықпай, тек әйнектен тамашалап отырған жас жеткіншектердің дүниетанымын кеңейтер едік. Ұрпаққа ұлттық бағытта тәрбие берудегі көлденеңдеп алдымыздан шыға беретін бұл мәселелер кешелі-бүгін көтеріліп отырған жоқ. Ұрпақ тәрбиесі – мәңгілік тақырып. Тек біз ұрпақ тәрбиесінің басында осы балалар әдебиеті тұрғанын ұмытпауымыз керек…
Қарлығаш БАЙҒАБЫЛОВА,
«Аруна» баспасының бас редакторы:
Әр жастың өз ерекшелігі бар
– Біз балаларға арналған энциклопедия, ертегілер, ата-аналармен бірге оқитын туындылар, баланы жан-жақты дамытатын әртүрлі кітаптар, ойыншық-кітаптар, оқу құралдарын шығарамыз. Кітаптарымыз сан алуан. Бірақ ең негізгі мақсат – балалардың жас ерекшелігі ескерілген, заман талабына сай құрастырылған, сұранысқа ие кітап шығару. Бұрынғы кезде авторлар мектепке дейінгі балаларға арналған кітап деген ұғыммен ғана туындыларын жарыққа шығарған. Яғни, баланың жас ерекшелігін ескеру барысында жалпылама ұғым болды. Қазіргі кезде әрбір жасты ескеру қолға алынып отыр. Заман талабы сондай. Өйткені ата-ана баласының жасына лайықты дүние іздейді. Бұрынғы ұғыммен қалыптасқан авторлар үшін бұл талап біршама қиындықтар туғызып отыр. Дегенмен «көш жүре түзеледі» демекші, бетбұрыс бар. Мәселен, 2 жастағы баланың сөздік қоры мен 3 жастағы баланың сөздік қорын салыстыра алмаймыз. Сондықтан әрбір жасты ескере отырып, сол жастағы бала түсінетін өлеңдер мен әңгімелер, ертегілер жазу қажеттігі туындады. Бұл кез келгеннің қолынан келе бермейтін іс екені анық. Бұған үлкен жауапкершілік, талант, дарын керек. Екінші мәселе – кітапты безендіру. Безендіру барысында суреттің үлкен орын алатыны белгілі. Қазақтілді суретшілердің орыстілділерге қарағанда аз екенін аңғардық. Міне, осыдан кейбір суреттердің қазақы танымнан алшақтағаны байқалады. Ондай кітаптарды көрген ата-аналар ескерту айтып жатады. Көпұлтты мемлекет екенімізді ескерсек, бір бағытта жұмыс жасауға болмайтыны да түсінікті. Бірақ өз тілімізді, салт-дәстүрімізді өзіміз дәріптемесек, ешкім бұл мәселені көтермейді. Қорыта айтсақ, кітап шығару – өте жауапты да маңызды шаруа. Көп мәселелерге көңіл бөліп, әр оқырманның көңілінен шығуға тырысу керек. Бала алғаш қолына алған кітабын ұмытпайтындай дәрежеге жеткізген жөн. Осы орайда «Аруна» баспасының қызметкерлері қолдарынан келгенше заман талабына сай еңбек етіп келеді.
Әйгерім СҮЛЕЙМЕНОВА,
Алматы қаласындағы №35 балабақша меңгерушісі:
Ертегі кейіпкерлерімен тәрбиелеп келеміз
– Балаларға арналған тақырыптарымыз сан алуан. Мәселен, мамандық иелері тақырыбын қозғасақ, соған сай арнайы суреттер ұсынып, бүлдіршіндерімізге таныстырамыз. Қазір заман талабына сай әрбір балабақшада интерактивті тақта бар. Әсіресе, мектепке даярлық тобында тақтаны жиі пайдаланамыз.
Биылғы бағдарлама бойынша 9 айға арнайы тақырыптар бекітілді. Ұлттық құндылықтарды ұлықтауды да ұмытпаймыз. Осы бекітілген тақырыптарды түсіндіру барысында тәрбиеші белгілі бір кейіпкер арқылы ұлттық дәстүрді таныстырады. Баланың танымын кеңейту бағытында түрлі әдіс-тәсілдерді енгіздік. Мәселен, биыл қазақ ертегілері кейіпкерлерінің қуыршақтарын алдық. Мысалы, Сутауысар, Қаңбақ шал сынды кейіпкерлеріміз бар. Яғни, тәрбиешілеріміз бұл қуыршақтарды қолға киіп, сол ертегіні балаларға таныстырып, кішігірім қойылым жасайды. Жас ерекшеліктеріне қарамай, бұл қуыршақтарды барлық топтарға таныстырамыз. Тағы бір жаңалығымыз, бүлдіршіндерімізге арнап жиналатын киіз үй алдық. Әр бала шаңырағын, уығын конструктор сияқты өзі жинап құрастырып үйренеді. Бір жағынан, ұлттық дүниемізді дәріптесек, екіншіден, баланы дамытуға үлес қосамыз. Дегенмен көп нәрсе тәрбиелеушілерімізге байланысты. Әдістемелік, көрнекі құралдарымыз бар.
Мәселе – соны балаға қызықты әрі ұғынық-ты қылып жекізу жағы кемшін түспесе болғаны.
Гүлмира АПАЕВА,
«Нұрбөпе» жекеменшік балабақшасының меңгерушісі:
Көрнекі құралдарға арнайы ақша бөлінеді
– «Балапан» бағдарламасы бойынша мемлекеттен әр баланы дамытуға, оқытуға қаражат бөлінеді. Бөлінген қаражаттың бір бөлігі ойыншықтарға, тағы бір бөлігі көрнекі құралдарға арналады.
Қазір әр тақырыпқа орай арнайы шығарылған көрнекі плакаттарды қолданамыз. Әр топтың «2+», «3+», «4+», «5+» деген жас ерекшелігі ескерілген бағдарламасына орай өзінің арнайы хрестоматиясы болады. «Алматыкітап», «Атамекен», «Арман ПВ», «Күнсәуле» баспалары шығаратын әдістемеліктер мен кітаптарды қолданамыз. Бір айта кетерлігі, қазіргі кезде балаларға арналған әрбір кітап баланы суретімен, кейіпкерлерімен бірден баурап алады. Бұл жағынан ілгерілеу байқалады. Кітаптардың барлығы қазақ және орыс тілдерінде шығады.
Министрлік бекіткен биылғы бағдарламада біршама өзгерістер бар. 9 айға 9 тақырыпты белгіледі. Оның ішінде бөлек 4 тақырыпшасы бар. Жаңа бағдарламада ұлттық дәстүрге
ерекше мән беретінін байқауға болады. Атап айтқанда, «Менің Қазақстаным», «Салт-дәстүр мен фольклор», «Театр әлемі» сияқты тақырыптар балалар үшін өте қызықты. Тәрбиешілеріміз осы тақырыптарды ары қарай дамытып, әр балаға икемдейді. Ұлттық дүниелерімізді насихаттау бағытында жыл сайын Наурыз мейрамын тойлаған кезде барлық дәстүрімізді қойылыммен таныстырамыз.
Расында, бүгінгі жаһандану дәуірінде балаларға ұлттық құндылықтарымызды сіңіре білу маңызды. Бұл оңай шаруа емес. Кейбір тақырыптар баланың жасына байланысты күрделі болуы да мүмкін. Сондықтан тәрбиеші әр баланың ерекшелігін ескеріп, тақырыптарды түсіндіргені абзал.
Бағлан БАЙЗЫХАНОВА,
ата-ана:
Баланың кітабын күрделендірудің қажеті жоқ
– Бүгінгі балалар жаңа заманның технологияларын бізден ерте әрі тез игеріп кеткенін айта кету керек. Тіпті «тәй-тәйлап» жүре бастаған бүлдіршіннің өзі планшет пен смартфондарды еркін пайдаланады. Балалар көбінесе шетелдік мультфильмдерді көріп өсуде. Себебі, олардың анимациясы, сценарийі баланы бірден өзіне баурап алатыны жасырын емес. Осыдан кейін балаға өзіміздің қазақы ертегілерімізді түсіндіру қиын. Балабақшаларда ұсынылған әдістемеліктер баланы сөзсіз дамытады. Алайда қазақ тіліндегі әдістемеліктер көп жағдайда түсініксіз болып келеді. Мәселен, менің балам қалада өскен. Сондықтан қазақша ыдыс-аяқ атауларын, кейбір қазақы атауларды біле бермейді. Балабақшадан келген соң үйде менен бәрін қайталап, сұрап шығады. Ұлттық дүниелерімізді балаға таныстырып отырамын. Кейбір тақырыптарды ұсынғанда, баланың жас ерекшелігі ескерілмейтіні қынжылтады. Тәрбиеші әрбір баланың қабілетін ескерсе деймін. Себебі, өз балам күрделі атауларды бірден жаттай алмайды. Сондықтан үйде міндетті түрде ертегілер оқып, түрлі танымдық жаттығулар жасаймыз. Тағы бір қиындық бар: кітап дүкендеріне барсақ, қызылды-жасылды, көздің жауын алатын логикалық жаттығулар кітабы, ертегілер – орыс тілінде. Бала әуелі кітаптың сыртына, суретіне қызығатыны рас. Ресейден келетін өнімдер баланы жан-жақты дамытуға ерекше мән береді, әрі тілі де қарапайым. Өкінішке қарай, қазақ тіліндегі кітаптар дамып келеді дегенімізбен, тілі өте ауыр. Баспагерлер де, кітап авторлары да осыны ескермейді. Баланың кітабы өз тілінде сөйлегенде ғана өтімді болады. Оны қолдан күрделендірудің қажеті шамалы.
Мәселенің тоқетері:
Әл-Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы» деп тегін айтпаса керек. Тәрбиенің бастауы – балабақшада. Балаға нені үйретесіз, соны қағып алады. Ненің дұрыс, ненің бұрыс емес екенін балабақшадағы баланың аңғармайтыны белгілі. Дұрыс тәрбие дегеніміз не? Жалпы, көпшілік «бала өзімен-өзі өседі» деп пайымдайды. Бұл – қате түсінік. Смартфонмен, түрлі гаджетпен баланы алдаудың қажеті жоқ. Тобырды тәрбиелеу оңай, тұлғаны тәрбиелеу қиын. Балаңызды келешек тұлға етіп тәрбиелегіңіз келсе, тәрбиені бүгіннен бастаңыз. Ол үшін баланың өзін-өзі қорғау, өзін-өзі қалыптастыру инстинктін оятсаңыз болғаны.