Айтарлықтай астық жиналды

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовті қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесуде еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бағдарламасы арқылы атқарылған жұмыстардың аралық нәтижелері және оны одан әрі іске асыру жөніндегі жоспарлар талқыланды.
Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің барлық диқандарын астық жинау науқанының табысты аяқталуымен құттықтады.
– Жаз айларының басындағы күрделі жағдайға қарамастан, ауыл еңбеккерлері айтарлықтай көлемде астық жинады. Ішкі қажеттілікті қанағаттандыруға және өнімімізді экспортқа шығаруға мүмкіндік бар. Жалпы, барлық мәліметтер оң қарқынды көрсетіп отыр, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығының ел экономикасындағы маңызды рөліне тоқталып, осы салаға бөлінген қаржыны пайдаланудың тиімділігі төмен екенін атап өтті.
– Аграрлық сектор экономикамыздың қозғаушы күші болып саналады. Оған мемлекет көп қаржы құйып жатыр. Оның тиісті қайтарымы болуға тиіс еді, бірақ өкінішке қарай, олай болмай отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен бірге, Қазақстан Президенті биылғы астық жинау науқаны жоғары қарқынмен жүргізілгенін айтты.
– Биыл 21,7 миллион тонна астық жиналып, орташа өнімділік гектарына 14,2 центнерден болды. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда көбірек. Белгіленген жоспарға сәйкес, біз тұтынушылық кооперацияны дамытумен, тұқымдық қорды жақсартумен және мал шаруашылығының өнімділігін арттырумен айналыстық, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев ауыл шаруашылығы өнімділігінің көлемін еліміздің ғылыми әлеуетін пайдалана отырып арттыру қажеттігіне назар аударды.
Асқар Мырзахметов Қазақстан Президентіне агроөнеркәсіптік кешеннің мемлекеттік бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығының 12 басым бағытын одан әрі дамытудың арнайы карталарын әзірлеу барысы жөнінде баяндады.
Соңында Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың астық жинау науқанының табысты аяқталуына байланысты құттықтау сөзі
Құрметті ауыл еңбеккерлері!
Астық жинау – диқандар үшін ғана емес, бүкіл еліміз үшін айтулы науқанның бірі. Егін ору нәтижелері мемлекеттегі азық-түлік қауіпсіздігі деңгейін және қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты айқындайды. Сіздердің маңдай терлеріңіздің арқасында Қазақстан өзінің жетекші астық державасы екенін тағы да дәлелдеді.
21 миллион тоннадан аса астық жиналды. Соның үштен екісінен астамы әлемдік стандарттарға сай келетін жоғары сапалы өнімге жатады. Майлы дақылдар егілетін егістік алқабы айтарлықтай көбейді. Жалпы, астық жинау науқанының қорытындысы еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің әлеуеті зор екенін көрсетіп отыр.
Бүгінде мемлекет ауыл шаруашылығы саласын жүйелі түрде жетілдіруге және әртараптандыруға бағытталған саясат жүргізуде. Оны ары қарай ілгерілетудің маңызды шарты – қайта өңделген өнім шығаруға көшу. Қазақстан әлемдегі экспорттық ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын ірі елдің бірі болуы тиіс.
Біз халқымыздың әл-ауқатын жақсарту жолындағы ауыл еңбеккерлерінің еңбегін жоғары бағалаймыз. Сіздерді егін ору науқанының табысты аяқталуымен құттықтаймын! Баршаңызға зор денсаулық және Отанымызды одан әрі өркендету жолында толағай табыс тілеймін!