Айтарлықтай астық жиналды

1386
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовті қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесуде еліміздің агроөнеркәсіптік ке­шенін дамыту бағдарламасы арқылы атқарылған жұмыстардың аралық нәти­желері және оны одан әрі іске асыру жө­ніндегі жоспарлар тал­қыланды.
Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің барлық диқандарын астық жинау науқанының табысты аяқталуымен құттықтады.
– Жаз айларының басындағы күрделі жағ­дайға қарамастан, ауыл еңбеккерлері айтар­лықтай көлемде астық жинады. Ішкі қажеттілікті қанағаттандыруға және өнімімізді экспортқа шығаруға мүмкіндік бар. Жалпы, барлық мәліметтер оң қарқынды көрсетіп отыр, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылы­ғы­ның ел экономикасындағы маңызды рөліне тоқ­талып, осы салаға бөлінген қаржыны пайда­ланудың тиімділігі төмен екенін атап өтті.
– Аграрлық сектор экономикамыздың қозғаушы күші болып саналады. Оған мемлекет көп қаржы құйып жатыр. Оның тиісті қайтарымы болуға тиіс еді, бірақ өкінішке қарай, олай болмай отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен бірге, Қазақстан Президенті биыл­ғы астық жинау науқаны жоғары қарқынмен жүргізілгенін айтты.
– Биыл 21,7 миллион тонна астық жиналып, орташа өнімділік гектарына 14,2 центнерден болды. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда көбірек. Белгі­ленген жоспарға сәйкес, біз тұтынушылық кооперацияны дамытумен, тұқымдық қорды жақсартумен және мал шаруа­шылығының өнімділігін арттырумен айналыс­тық, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев ауыл шаруа­шылығы өнімділігінің көлемін еліміздің ғылыми әлеуетін пайдалана отырып арттыру қажеттігіне назар аударды.
Асқар Мырзахметов Қазақстан Прези­дентіне агроөнеркәсіптік кешеннің мем­лекеттік бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығының 12 басым бағытын одан әрі дамытудың арнайы карталарын әзірлеу барысы жөнінде баяндады.
Соңында Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырмалар берді.


Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың астық жинау науқанының табысты аяқталуына байланысты құттықтау сөзі

Құрметті ауыл еңбеккерлері!

Астық жинау – диқандар үшін ғана емес, бүкіл еліміз үшін ай­тулы науқанның бірі. Егін ору нәтижелері мемле­кеттегі азық-түлік қауіпсіздігі деңгейін және қоғамдағы әлеуметтік-экономи­калық тұрақтылықты айқын­дай­ды. Сіздердің маңдай терле­ріңіздің арқасында Қазақстан өзінің жетекші астық державасы екенін тағы да дәлелдеді.
21 миллион тоннадан аса ас­тық жиналды. Соның үштен екі­сінен астамы әлемдік стандарт­тарға сай келетін жоғары сапалы өнімге жатады. Майлы дақылдар егілетін егістік алқабы айтар­лық­тай көбейді. Жалпы, астық жинау науқанының қорытындысы елі­міздің агроөнеркәсіп кешенінің әлеуеті зор екенін көрсетіп отыр.
Бүгінде мемлекет ауыл шаруа­шы­лығы саласын жүйелі түрде жетілдіруге және әртараптан­дыруға бағытталған саясат жүр­гізуде. Оны ары қарай ілгерілетудің маңызды шарты – қайта өңделген өнім шығаруға көшу. Қазақстан әлемдегі экспорттық ауыл шаруа­шылығы өнімдерін шығаратын ірі елдің бірі болуы тиіс.
Біз халқымыздың әл-ауқатын жақсарту жолындағы ауыл еңбек­керлерінің еңбегін жоғары баға­лаймыз. Сіздерді егін ору нау­қанының табысты аяқталуымен құттықтаймын! Баршаңызға зор денсаулық және Отанымызды одан әрі өркендету жолында тола­ғай табыс тілеймін!

Бөлісу:

Пікір жазу


*