Ұлттық сананы отарсыздандыру жолы

975
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек» деген болатын. Қазіргі таңда бұл мәселе жұртшылық арасында қызу талқылануда.

Елбасы мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіру жобасы бойынша жұмыс тобының мүшелерін қабылдап, жаңа нұсқамен танысқан болатын. Осы кездесуде Президент қазақ әліпбиінің латын қарпіне көшіру үдерісіне қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыру қажеттігін айтты.
Осыған орай «Рухани жаңғыру» бағдарла­масын іске асыру жөніндегі шаралар жоспа­рына сәйкес құрылған латын әліпбиіне көшу жөніндегі Алматы облысы бойынша жұмыс тобы ақпараттық түсіндіру жұмысын бастады. Топ мүшелері түсіндірме жұмысын Ілияс Жансүгіровтың ауылынан бас­тауды жөн санады. Ақсу аудандық Мәдениет үйінде өңір халқымен жүздесу өтті.
Маңызды жиынның шымылдығын аудан әкімі Әділбек Далбағаев ашты. Өз кезегінде ол «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөнінде ауданда атқарылып жатқан жұмыс­тарды тілге тиек етті, латын әліпбиіне қатысты ой өрімдерін де ортаға салды.
Алматы облысының Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Башбаев сөз алып, өз ойын ортаға салды. Оның айтуынша, латын әліпбиіне көшу мем­лекеттік тілдің қолданыс аясын одан әрі ке­ңейтуге мүмкіндік береді. Латын әліпбиіне ауысу – ұлттық санамыздың отарсыз­да­нуының бір жолы.
І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекет­тік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті ка­федрасының профессоры Мұратбек Иман­ғази­нов: «Латын әліпбиіне көшу керек. Себе­бі біздің келешегіміз осыған байланысты еке­ні айдан анық. Латын әліпбиіне өту әлем­дік инновацияларды жедел игеруге, келе­ше­гімізге нық басып, технология мен комму­никацияны барынша меңгеруге мүмкіндік беретін құрал. Латын әліпбиіне ауысу келешек ұрпақ үшін, саясатымыз үшін маңызы бар өзгеріс. Ендеше, рухани жаңғыруымыздың темірқазығы болып отырған латын қарпін халық болып қолдауымыз қажет» деді ол.
Сондай-ақ жиын барысында латын әліпбиіне көшу жөніндегі жұмыс тобының мүшелері, атап айтсақ облыстық «Жетісу» газе­ті бас редакторының орынбасары Нүсіп­бай Әбдірахым, облыстық ҚХА өкілі, ақын Ақсұңқар Ақынбаба да латын қарпіне көшуге қатысты тұшымды ойларын ортаға салды.
Ақсу ауданы жұртшылығы облыстан арна­йы келген топ мүшелеріне көкейде жүрген сауалдарын қойып, латын әліпбиіне көшу жайында нақты мәліметтер алды.
Бұдан кейін Алматы облысы бойынша жұмыс тобының мүшелері «Нұр Отан» пар­тиясы Ақсу аудандық филиалының мәжіліс за­лында аудандық мәдениет пен білім сала­сы­ның қызметкерлері, аудан жастарымен дөң­гелек үстел өткізді. Латын әліпбиіне көшуге қатысты жиынды ашқан Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бас­шысы Айдар Карбозұлы: «Бәріңізге белгі­лі, қандай мемлекет, ұлт болсын өзінің даму тарихында түлеп, түрленіп, жаңғырып отыр­маса, онда қоғам дамуының үдерісіне ілесе алмай қалады. Бұл адамзат өркениетінің барысында дәлелденген. Сондықтан да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы жылынан бастап, ел дамуының ұлы жоспарларын жасап, Даму даңғылын жетіл­діріп отырды. «Қазақстан – 2030», «Қазақ-стан – 2050» стратегиялық жоспарлары – соның айғағы. Ендігі кезекте Елбасы рухани әлемді жаңғырту арқылы қазақстандықтардың нағыз елжанды бейнесі мен болашаққа деген батыл қадамын орнықтыруды қолға алды.
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» бағдарламалық мақаласында «Мақ­сатқа анық жету үшін ісімізден санамыз алда жүруі керек» деп атап өтті. Енде­ше руха­ни жаңғыру сынды ұлы бастаманың басты жаңалығы – латын әліпбиіне көшу арқы­лы сананы жаңғырту. Демек, қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру алдағы міндеттердің бірегейі деп білуіміз қажет, – дей келе әліпби ауыстыру бізге жат еместігін, жаңа әліпбиіге көшу әлем қазақтарының рухани бірлігінің негізі болатынын да тілге тиек етті.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің бас инспекторы Сағыныш Намазшамова, облыс­тық «Жетісу» газетінің тілшісі Қажет Андас латын әліпбиіне көшудің тиімді тұстарын айтып, көпшілік қойған сауалдарға жауап қайырды.
Жұмыс тобы мүшелері аудан орталығын­дағы Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-гимназия­сында, Ойтоған, Қапал, Қызылағаш елдіме­кен­дерінде кездесулер өткізді. Жұртшылықпен жүздесуде қазақ тілінің латын әліпбиіне көшудегі маңызы мен рөлі туралы, сонымен қатар жаңа әліпбиге көшуде жүзеге асатын принциптер жан-жақты айтылып, жаңа әліпбиге көшу, Қазақ елінің мәңгілік тілі үшін қажет екені түсіндірілді.
Латын әліпбиіне көшу жөніндегі ақпа­раттық топ мүшелерінің түсіндірме жұмысы Сарқан ауданында жалғасын таппақ.

Бөлісу:

Пікір жазу


*