Жаһандық парламентшілер форумына қатысты

1135
0
Бөлісу:

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин бастаған қазақстандық парламентшілер делегациясы Санкт-Петербордағы Парламентаралық одақтың 137- ассамблеясына қатысты. Бүкіл әлемнен келген парламентшілердің бұл басқосуы Парламентаралық одақ тарихындағы аса ірі шаралардың біріне айналды.

Бейбіт диалогты ілгерілетуге бағыттал­ған күш-жігерді біріктіру үшін форумға 100-ге жуық шетелдік парламент­ төрағалары мен әлемнің 160 елінен делега­ция жиналды. Басты талқыланған мәселе­лер қатарында адам құқықтары мен бостандығын қорғау, лаңкестікке қарсы күрес, тұрақты жаһандық даму, әйелдер мен жастардың саясат пен экономикадағы рөлі туралы болды.
Парламентаралық одақтың 137-ші ассамблеясын Ресей президенті Владимир Путин ашты. Ол қазіргі заманғы жағдай­ларда елдер арасындағы сенімді нығайтуға, халықаралық және аймақтық күрделі проблемалар бойынша ымыралы шешім­дерді табуға көмектесетін парла­ментаралық дипломатияның маңыздылы­ғын атап өтті. Соның ішінде, терроризммен күресте күш біріктіруге, Сириядағы жағдайды тұрақтан­дыруға ерекше назар аударылды. Таяуда Қазақстанда, Астана қаласындағы келіс­сөз­­дерде Ресей, Иран, Түркия секілді кепіл­дік беруші мемлекеттердің қатысуы­мен және басқа да көптеген мемлекеттердің қолдауымен қол жеткізілген Сириядағы төрт қауіпсіздік аймағына қатысты келісім­дер жасалған болатын. В.Путин бұл келісімдердің БҰҰ-ның қарарын орын­дауға және алға жылжытуға жағдай жасай­ты­ны туралы айтып өтті.
Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин жалпы пікірталаста сөйлеген сөзінде ғаламдық және аймақтық қауіпсіздік мәселелерін шешу бағытындағы Қазақстан тәжірибесіне және Елбасының маңызды бастамаларына тоқталды.
– Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылы Нью-Йоркте БҰҰ Бас ассамблеясының 70-сессиясында Біріккен Ұлттар Ұйымы жетекшілігімен терроризмге қарсы ғаламдық коалицияны құруға бағытталған халықаралық терро­ризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі бір­қатар бастамалар ұсынды. Парламент­ара­лық одаққа мүше-мемлекеттер парламентіндегі әріптестерімізді Қазақтан Президентінің БҰҰ аясында «Терроризмнен азат әлемге қол жеткізу жөніндегі мінез-құлық Кодескін» әзірлеу және қабылдау туралы бастамасын қолдауға шақырамыз. Бұл ХХІ ғасырдың ең қауіпті қатерлерінің бірі – терроризмге қарсы күреске әлемдік парла­мен­таралық қоғамдастықтың салмақты үлесі болады деп сенемін, – деді Н.Нығма­тулин.
Сондай-ақ Мәжіліс төрағасы Қазақ­стан­да қалыптасқан және табысты дамып келе жатқан конфессияаралық және этносаралық үнқатысудың бірегей моделі туралы әңгімеледі. Оның басты қағидат­тары қатарында Н.Нығматулин этно­конфессиялық мүдделерді іске асыруда еліміздің барлық азаматтары үшін конс­ти­ту­циялық және құқықтық қамтамасыз етудегі тең мүмкіндіктер туралы айтты. Қазақстанның этникалық топтарының мәдениеті мен тілдерін дамытуға, ұлтара­лық келісімнің тиімді институттарын қалып­тастыруға, сондай-ақ дінаралық диалог­қа бағытталған мақсатты мемлекет­тік саясатты да атап өтті.
Нұрлан Нығматулин еліміздегі этно­саралық қатынастарды үйлестірудің бірегей институтына айналған Қазақстан халқы ассамблеясы туралы айта келе, ассамблеяның БҰҰ, ЮНЕСКО және ЕҚЫҰ тарапынан жоғары баға алғанына назар аудартты.
Спикер жаһандану жағдайында және мәдениетаралық қарым-қатынастарда ұлттық мәдениеттерді сақтау саласындағы еліміздің жетістіктеріне, сондай-ақ Парла­мент­аралық одақтың басқа да мүше- мемлекеттерінің осы саладағы оң тәжіри­бесіне тоқталды.
Жалпы, Парламентаралық одақ – 1889 жылы құрылған ең көне халықаралық пар­ла­менттік ұйым. Бүгінде парламент­шілер 173 ел мен 11 парламент­аралық ұйымды біріктіреді. Өз даму тарихында ПАО пар­ла­мен­таризмнің дамуына, адам құқықтарын сақтауға, халықаралық бейбітшілік орна­ту­ға және халықаралық қауіпсіздікті сақтауға ықпал етеді.
Санкт-Петербордағы 137-ші ассамблея барысында Парламентаралық одақтың алты геосаяси тобының отырысы өтті. Ұйымның бұл ассамблеясының негізгі оқиғаларының бірі «Демократия туралы жалпыға ортақ декларациясының 20 жылдығы: біздің алуан түрлілігіміздің ортақтығы» туралы қарары болды.
Мәжіліс басшысы парламентшілер форумы аясында қатысушылармен бір­қатар кездесулер өткізіп, парла­ментаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады. Финляндия Парламентінің төрағасы Мария Лохела­мен әңгімелесу барысында одан әрі ынтымақтастықты арт­тырудың маңызды бағыттары айқын­дал­ды. Кездесуде тараптар барлық сала­дағы қазақстандық-фин үнқатысуы­ның тұрақты түрде нығайып келе жатқанын, сонымен қоса, заңнамалық деңгейдің маңыздылығын атап өтті. Н.Нығматулин мен М.Лохела 2017-2018 жылдардың БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшелігі шеңберінде еліміздің қызметіне ерекше назар аударды.
Екіжақты серіктестік тақырыбы Мәжіліс төрағасы мен Корея Республика­сының Ұлттық ассамблея­сының төрағасы Чунг Сэ Гуннің кездесуінде әңгімеге арқау болды. Ресей мен Оңтүстік Кореяда өткен еуразиялық елдердің парламент спикер­ле­рінің кездесуін еске салған Н.Нығ­матулин бұл форумды «парламент­ші­лерге аймақтық және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасу үшін қосымша үнқатысу алаңы» деп атады. Парламентаралық одақ төрағасы Сабер Чоудхуримен әңгіме Қазақстан Парла­мен­тінің Парламентаралық одақпен ынты­мақ­тастығын одан әрі дамыту және нығайту туралы өрбіді.

Ерік ЕРДЕНОВ

Бөлісу:

Пікір жазу


*