ТМД ұйымына мүше елдер басшылары кездесті

1708
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресейдің Сочи қаласында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысып, бірқатар келелі мәселелерді көтерді. Сонымен бірге, Қазақстан Президенті ТМД ұйымына мүше мемлекет бас­шылары кеңесінің шағын құрамда өткен отырысына да қатысты.

Ақорданың баспасөз қызметінің ха­барлауынша, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесінің отырысына Армения президенті Серж Саргсян, Беларусь президенті Алек­сандр Лу­кашенко, Молдова президенті Игорь Додон, Ресей президенті Владимир Путин, Қырғызстан Премьер-министрі Сапар Исақов және Еуразиялық эконо­микалық комиссия алқасының төрағасы Тигран Саркисян да қатысты.
Мемлекет басшысының баспасөз қыз­меті таратқан ресми мәліметтерге арқа сүйесек, келіссөздер барысында Еуразия­лық экономикалық одақтың қызметі оған мүше елдердің экономи­касына оң әсер етіп отырғаны және интеграциялық үдерістерді күшейтудің маңыздылығы аталып өткен. Жалпы, айтулы отырыста мемлекет басшы­лары Еуразиялық экономикалық одақ аясын­дағы өзара іс-қимылдың және эконо­ми­ка­лық одақты одан әрі дамытудың бір­қатар өзекті мәселелерін талқылап, Еура­зиялық экономикалық комиссияның есебін тыңдады.
Нұрсұлтан Назарбаев жиында қабыл­данған Еуразиялық экономикалық одақ­тың цифрлық күн тәртібін іске асы­рудың негізгі бағыттарының маңызды екенін баса атап өткен.
Естеріңізге сала кетсек, 2015 жылы Бура­­­байда өткен ТМД саммитінде Мем­лекет басшысы Тәуелсіз мемлекеттер дос­тастығы ұйымын өзгертуге бағыт­талған бірқатар бастамаларды көтерген еді. 2016 жылы Бішкекте өткен ТМД мем­лекет бас­шыларының келесі кездесуінде Елбасының бастамалары негізге алынған Достастықты заман талаптарына сай бейімдеу туралы шешім қабылданды. Бұл тұрғыдан Сочидегі саммитте ТМД жоғары органдарының құзыреттерін бөлуге бағытталған шешімдер қарастырылды. Аталған құжаттардың қабылдануының арқасында мемлекеттер басшыларының кеңесі тиісті құзыреттерді Үкімет бас­шылары, Сыртқы істер министр­лері, Қорғаныс министрлері, шекаралас әске­рилерді басқарушылар кеңесі мен Эконо­микалық кеңес арасында бөлу ар­қылы Дос­тастықтың даму стратегиясы мәселе­лерін жіті қадағалай алады.
СІМ-нің мәліметтері бойынша, сам­мит­те «Достастықтың мәдени аста­на­лары» мемлекетаралық бағдарламасының Арме­нияның Горис, Беларусьтің Брест және Қазақстанның Шымкент қаласында жүзеге асыру барысы да сөз етілді.
ТМД қызметін тиімді етіп күшейту үшін әрі құрылымдарын жетілдіру мақ­са­тында қазақстандық тараптың баста­масымен 2007 жылы Душанбеде ТМД-ны 2020 жылға дейін ары қарай дамыту кон­цеп­циясы мақұлданған болатын. Оны жүзеге асыру жоспары бойынша, ТМД-ны 2020 жылға дейін экономикалық дамыту стратегиясы дайындалып қабылданды. ТМД-ға қатысушы мемлекеттер арасын­дағы сауда-ынтымақтастықтың терең дамуының бір көрсеткіші ретінде 2011 жылы Санкт-Петерборда Еркін сауда аймағы жөніндегі келісімшарттың қабыл­дануын айтуға болады. Бұл құжат өз кезе­гінде Достастыққа мүше елдердің ұлттық экономикасы мен әлеуетінің артуына үлкен сеп болды.
ТМД-дағы саяси қарым-қатынастар Сыртқы істер министрліктерінің кеңесі арқылы жүзеге асады. Онда көпдеңгейлі СІМ-аралық кеңестер жұмыс істейді.
2017 жылы ТМД-ға төрағалық ету Қыр­ғыз Республикасынан Ресей Федера­циясына өткен болатын. Төрағалық кезінде ТМД-ны өңірлік мемлекетаралық ұйым ре­тінде дамыту, беделін көтеру және әлем­дегі ықпалын күшейтуге, интегра­циялық дамудың жаңа талаптарына бейімдеп, тиімділігін арттыруға баса мән берілді.
Жалпы, Жоғары Еуразиялық эконо­ми­калық кеңестің отырысында 18 мәселе қарастырылды. Оның 7-і шағын құрамда талқыланды.
Отырыс шеңберінде Жоғарғы кеңес мүшелері ұлттық парламенттерде Кеден­дік кодекс туралы келісімді ратифи­ка­циялауды сәйкестендіру мәселелерін де талқылады. Жаңа Кедендік кодекс 2018 жылдың 1 қаңтарында күшіне енеді.
Еуразиялық интеграцияның экономи­калық әлеуеті өте жоғары. Мемлекеттер экономикасының жиынтық көлемі 2,2 триллион АҚШ долларын құрайды. Он­дағы халықтың жалпы саны 182 миллион адамнан асады.
2019 жылға қарай электр энергиясы өндірісінің көлемін арттыруға, бағаның тиімді жүйесін қамтамасыз етуге және елдердің энергожүйелерінің экспорттық әлеуетін күшейтуге бағытталған ортақ электр энергиясының нарығы қалып­та­сады. Ортақ нарықтың қалыптасуының арқасында электр энергиясының тапшы­лығын төмендетуге болады.
Жоғары деңгейлі кездесуде Қазақстан Президенті 2018 жылы одаққа мүше ел­дердің экономикасын цифрландыру жө­нін­де Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің арнайы кездесуін өткізуді ұсынды.
Жалпы тараптар қол жеткізілген уағ­даластықтарды жүзеге асыру Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы ынты­мақтастықты бұдан да жоғары дең­гейге көтеруге мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
Сондай-ақ Сочиде өткен жиында мемлекет басшылары ТМД аясындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайту жол­дарын талқылап, достастықтың тиім­ділігін арттыру, оған мүше елдердің сауда және инвестициялық байланыстарын тереңдету мәселелері жөнінде пікір алмасты.
Сонымен бірге, отырыста Тәжікстан Республикасының ТМД-ға төрағалық ету кезеңінде атқаратын жұмыс жоспары, Түркіменстанның достастықты одан әрі дамытуға қатысты ұстанымы және ТМД-ның Парламентаралық ассамблеясы аясында атқарылған жұмыс нәтижелері жөнінде баяндалды.
Кеңес отырысының қорытындысы бойынша, сыбайлас жемқорлыққа және қылмыстық жолмен алынған табыстарды заңдастыруға қарсы күрес саласындағы құжаттарға қол қойылды.
Бұдан бөлек, ТМД елдерінің басшы­лары мәдениет, білім беру, ғылым және туризмге қатысты байланыстарды нығай­туға әрі кеңейтуге бағытталған гумани­тар­лық саладағы бірқатар маңызды ше­шімдерді қарастырып, отбасын және дәс­түрлі отбасылық құндылықтарды қол­дау туралы мәлімдеме қабылдады.
ТМД ұйымына мүше мемлекет бас­шылары кеңесінің шағын құрамда өткен отырысына Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Әзір­байжан Республикасының президенті И.Әлиев, Армения Республикасының президенті С.Саргсян, Беларусь Рес­публикасының президенті А.Лукашенко, Молдова Рес­публикасының президенті И.Додон, Ресей Федерациясының пре­зиденті В. Путин, Тәжікстан Респуб­лика­сының президенті Э.Рахмон, Түркімен­стан президенті Г.Бер­ді­мұхамедов, Өзбекстан Республикасының президенті Ш.Мирзиеев, сондай-ақ Қырғыз Респуб­ликасының Премьер-министрі С.Исақов және ТМД-ның Атқару комитетінің төрағасы – Атқарушы хатшысы С.Лебедев қатысты.
Қазақстан Президенті сөйлеген сөзінде ТМД-ға мүше елдердің арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынасты дамы­туда ұйымның ерекше рөл атқаратынын атап өтті.
Шағын құрамда өткен отырыста да Мемлекет басшысы ТМД-ны жаңғырту мен оны жетілдіруге қатысты бірқатар өзекті бағыттарды сөз етті. Бұл орайда Нұрсұлтан Назарбаев ТМД-ны одан әрі дамыту тұжырымдамасын қайта қарап, жаңа іс-шаралар жоспарын әзірлеуді ұсынды.
Сонымен бірге, Қазақстан Президенті достастық елдері арасындағы сауда-эко­номикалық қарым-қатынастарды нығайту мәселелеріне тоқталды.
– ТМД аумағында қызмет көрсетудің еркін саудасы бизнесмендеріміз үшін зор мүмкіндіктер туғызып, елдеріміздің сауда-экономикалық кооперациясын жаңа дең­гейге шығарады. Үкімет басшыларының кеңесі мен Атқару комитетіне Қызмет көрсетудің еркін саудасы туралы келісімнің жобасы бойынша жұмысты жандандырып, оны жуық арада қабылдау жөнінде тап­сырма беруді ұсынамын, – деді Мемлекет басшысы.
Соңында Елбасы Ресей Федерация­сының ұйымға төрағалығының нәтижелі болғанын айтып, келесі жылы ТМД-ға төрағалық ететін Тәжікстан Республи­ка­сына табыс тіледі.
Кәмшат ӘЛІМ

Бөлісу:

Пікір жазу


*