Герман іскер топтар өкілдерімен жүздесті

1138
0
Бөлісу:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен бірге Германия Федеративтік Республикасының іскер топтар өкілдерімен кездесті.
Келіссөздер барысында Мемлекет бас­шысы Қазақстан мен Германия арасында сауда-экономикалық серіктестік орнық­қанын атап өтті.
– Тәуелсіздік жылдарында Германия Қа­зақстанға 5 миллиард долларға жуық инвестиция құйды. Бұл ретте, оның 90 пайызы шикізаттық емес секторға салын­ғанын атап өткен жөн. Биылғы 8 айда ел­деріміз арасындағы тауар айналымы 1,5 мил­лиард долларға өсті. Соңғы 5 жыл ішін­де Қазақстанда 19 ірі инвестициялық жоба іске асырылды, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның этносаралық келісімді сақтау саласында жүргізіп отырған саясатына тоқталып, елі­мізде тұрып жатқан неміс диаспорасына қолдау көрсету жөніндегі өзара ынты­мақтастыққа назар аударды.
Қазақстан Президенті біздің елімізде неміс капиталының қатысуымен іске асы­ры­лып жатқан жобаларға тоқталды.
– Қазақстанда бүгінде неміс капита­лының қатысуымен түрлі салада, соның ішінде құрылыс, көлік, ауыл шаруа­шылығы, өңдеу өнеркәсібі салаларында 900-ден астам кәсіпорын табысты жұмыс істеуде, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан басты рөл атқаратын Еуразия­лық көлік дәлізінің әлеуетін атап өтті.
Қазақстан Президенті елімізде қолайлы инвестициялық және іскерлік ахуалды қалыптастыру үшін қабылданып жатқан негізгі шараларға тоқталды.
– Бизнеспен айналысатындардың құ­қық­тарын қорғау қамтамасыз етіліп, кәсіп­керлік саласындағы заңнама жетілдірілуде. Былтыр біз Дүниежүзілік банктің рейтин­гінде 35-орынға ие болдық. Осы жылдың ба­сында Қазақстан Экономикалық ынты­мақтастық және даму ұйымының инвес­ти­ция­лар жөніндегі комитетінің қауымдас­тырылған мүшесі болып, Халықаралық инвестициялар декларациясына қосылды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан Рес­публи­касының Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің жұмы­сына тоқталып, елімізде бизнесмендер үшін жасалған жағдайларды, соның ішінде олардың инвестициялық жобалар үшін корпоративтік салықтан босатылғанын және бірқатар елдермен визасыз режім орнатылғанын атап өтті.
Елбасы Ресейге жұмыс сапарының қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған брифинг өткізді. Қазақстан Президенті ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырыстары аясындағы келіссөздерді қорытындылады.
Елбасы келесі жылы Қазақстанда цифрландыру мәселелері жөнінде кездесу өткізу жоспарланғанын айтты. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Владимир Путинмен болған кездесудің маңыздылығына тоқталды.
– Ресей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас ең жоғары деңгейде. Байқоңырға қатысты бағдарламаны бірлесе іске асыру жөнінде уағдаластық. Сонымен қатар Өзбекстанға мұнай құбырын салу жоспарланып отыр. Сол үшін тиісті жұмыс атқарылуы керек, – деді Қазақстан Президенті.

Бөлісу:

Пікір жазу


*