Қазақстанның таңдауы – латын қарпіне көшу

2440
0
Бөлісу:

9 қазанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік тілді латын қарпіне көшіру жөніндегі жобаны іске асыру үшін құрылған жұмыс тобы мүшелерімен кездесті. Жиын барысында Президентке қазақ тілінің латын қарпіне негізделген бірыңғай стандартының жобасын ұсынды. Жаңа жобаға қатысты қоғамда түрлі талқылаулар мен қолдаулар болып жатыр. «Айқын» газеті қоғамдағы өткір де өзекте мәселе – латын қарпіне қатысты оң пікірлерді жиып, жариялап отыр.


Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ, сенатор:

Жаңғыруға деген ұмтылыс

-А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты келіп түскен бірқатар ұсыныс жобалардың негізінде жаңа әліпбидің бірнеше нұсқасын ұсынуда. Алғашқысы Парламент қарауына шығары­лып, қоғам, қалың бұқара мен бұқаралық ақпарат құралдарының сынына ұшырап қалды. Өйткені қоғам қайраткерлері, сарапшы мамандардың басым бөлігі «Бір таңба – бір дыбыс» қағидасын қолдайды. Қосарланған таңба тілді үйренуде, жаңа әліпбиді меңгеруде, жазба шараларын қалыптастыруда біршама қиындық туғызады.
Бұдан кейін, осы мәселені қадағалайтын жұмысшы топ алғашқы әліпбидің кемшіліктеріне қаратып айтылған талап-тілектерді ескере отырып, жаңа қаріптің екінші нұсқасын ұсынып көрді. Бұл әліпбиде жаңағы ғалымдар ескерткен қағидалар қатаң сақталғанымен, әлі де жетілдіруді қажет етеді деп есептеймін. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осы жобаны жасауда, я болмаса енгізуде асығыстық танытпай, алды-артымызға әбден қарап, жан-жақты зерттеу жүргізуіміз керектігін баса айтқан болатын. Демек, бұл мәселе әлі де болса қалың бұқара мен қоғам қайраткерлерінің талқысына түсіп, талдауынан өтеді. Тіл саласын жіті білетін талдаушылар бізге тілі ұқсас, латынға өтіп үлгерген мемлекеттердің тәжірибесін бірнеше мәрте қарап, қайта-қайта зерттеп, кем-кетігін қайталамайтындай болуымыз керек. Оның үстіне бұл мәселенің емле, орфография мен орфоэпия сынды тілдік заңдылықтары есепке алынуы тиіс. Сондықтан дәл жаңа әліпби жасау немесе латын қарпіне өту мәселесіне биліктің араласпағаны абзал. Осы жобаның жүгін кәсіби тұрғыда тіл мамандарының арқалағаны дұрыс. Қазақстан Жазушылар одағы, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы сынды осы саланың майталмандарының басын біріктіретін үлкен ұйымдар бұл мәселені талқылап, талдап жатыр. Ендеше, кәсібінің «жілігін шағып, майын ішіп» отырған мамандарға мүмкіндік берейік. Сонда ғана, биылғы жылдың соңына дейін бір ұйғарымға келетін боламыз. Сол уақыттағы ұсынылатын жаңа әліпби Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, жазуға жеңіл, тілге ыңғайлы, көріп-қабылдауға көрікті, баспасөзге басылғанда тиімді әрі таңба саны аз және ол дыбыстық тұрғыда үйлесім табуы керек. Өйткені жаңа әліпби – тек әріптердің пішінінің өзгеруі ғана емес, қоғамдық сананы жаңғыртуға деген үлкен талпыныс, әрі жаңадан өмір сүруге деген ерен ұмтылыс.


Азат Перуашев,
Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы:

Маңызды бастама

– Президентке таныстырылған латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасы меніңше өте ыңғайлы. Өйткені осыған дейін ұсынылған нұсқада диграфтардың көп болуы түрлі күмән туғызып, қоғамда пікір қайшылығына алып келген еді. Ол нұсқа туралы пікірімді айтқан болатынмын. Мен ғана емес, өзге де білімді азаматтар, ғалымдар, тіл мамандары ана тіліміздегі төл дыбыстарымызды диграфтар арқылы таңбалауды басқаша қабылдады. Осыған қатысты көп сын айтылды, тараптар бұл мәселені қызу талқыға салды. Сондықтан ол нұсқаға тоқталмағанымыз дұрыс болды. Апострофтарға келсек, ол кез келген клавиатурада бар. Яғни жаңа, бөлек әріпті шығарудың қажеті жоқ. Тіпті ағылшын тіліндегі клавиатура болса да, сіз латын әліпбиімен қазақша жаза аласыз. Сонысымен ол қолдануға өте ыңғайлы.
Негізі, қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру – үлкен тарихи маңызы бар бастама. Билік бұл мәселені ең алдымен, халықтың назарына ұсынды. Бұқара бастаманы қол­дап, нұсқаларды қызу талқылап жатыр. Сын-ескертулерден қорытынды шығарып, нақты жүргізген жұмыстардың нәтижесінде даярланған латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасы маған да, әріптестеріме де ұнады. Елбасымыз да, комиссия басшылары да латын әліпбиіне қатысты кез келген азамат өз пікірін, өз ұсынысын айтуға құқылы екендігін айтты. Егер ұсыныстар болса, комиссия оны қабылдайды, қарастырып көреді. Олар ары қарай осы бағыттағы жұмыстарды жалғастырады. Әрбір нұсқаны қолдаушылар да, оған келіспеушілер де болады. Осы реформаны елімізді біріктіру үшін пайдалануымыз керек. Қазақ тіліндегі латын әліпбиінің шешуші нұсқасын таңдағаннан кейін, пікірталастыруымызды қойып, бір атаның баласындай сол латын қарпіне көшуді қолдауымыз қажет.


Ахмед МУРАДОВ, Мәжіліс депутаты:

Ұрпақ қамын ойлаған…

– Елімізде рухани жаңғыру ісімен айналысу барысында латын әліпбиіне көшуді де жүйелі ойластырып келеміз. Бұл тұрғыдан көне тамырымызға, әдет-ғұрпымызға, салт-дәстүрімізге, мәдениетімізге қайтып оралу мәселесін де үлкен байыппен саралаймыз. Оның ішінде, жазу ісінің де тамыры тереңде жатыр. Бізде бұған дейін араб, латын жазуы болды. Бүгінде кирилл әрпін қолданамыз. Егер болашаққа қарайтын болсақ, бүгінде бүкіл әлем латын әліпбиінде өмір сүріп жатыр. Латын әліпбиіндегі коммуникациялық мүмкіндіктер басқа жазу түрлеріне қарағанда әлдеқайда басым. Сондықтан болашақ ұрпақтың қамы мен ұлттың ертеңі жайлы ойлана келе Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев әліпбидің 100 нұсқасын саралап көрді. Соның нәтижесінде, халықтың талқысына латын әліпбиінің қазіргі нұсқасы ұсынылды. Қоғамда бұл әліпби де қызу талқыланып жатыр. Әрине, онда әлі де ерекше талқыланып, сараланып, сарапталып жатқан мәселелер бар. Қалай десек те, жаңа әліпби нұсқасы ақпараттың сандық тұрғыдан жеңіл алмасуы үшін дайындалған. Менің ойымша, кейбір азаматтар үшін түсінбейтін тұстар болса да, жастар жағы латын әліпбиінде бұрыннан өмір сүріп жатыр. Мектепте оқып жүрген оқушылар мен жоғары оқу орнындағы студенттер, әсіресе, шетелде оқып жүрген жастарымыз үшін бұл жерде еш қиындық жоқ.
Біздің көптеген отандастарымыздың Қазақстаннан тыс өмір сүріп жатқаны белгілі. Бүгінде әлем бойынша 5 миллион қазақ елімізден жырақта өмір сүріп келеді. Олар да негізінен латын әліпбиін кеңінен қолданады. Сондықтан да олар үшін ана тілдерін латын әліпбиінде танып-білу әлдеқайда жеңілдейді. Біз осы тектес мәселелердің бәрін шешіп жатырмыз. Сол себептен, өз басым латын әліпбиіне көшу, оқу мәселесінде ешқандай да қиындық көріп тұрған жоқпын. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев та осы арқылы халықтың басын біріктіруді көздеп отырғаны анық.


Нұрғали ЖОЛДАСҚАЛИЕВ,
«Жас Отан» Жастар қанатының БҚО филиалы төрағасы:

Төл әліпби – тәуелсіздіктің жемісі

– Елбасымыздың латын әліпбиіне көшу бастамасының жер-жерде қолдау тапқанына өте қуаныштымын. Жаңа әліпбиге көшу жұмыстарының жоғары деңгейде жүргізіліп жатқаны да көңілге сенім ұялатады. Бүгінде екінші нұсқасы ұсынылып отыр. Біріншісі толығымен халықтың сүзгісінен өтті. Әртүрлі пікірлер айтылды. Енді әңгіме кеше ғана Президентке таныстырылған жобада болып отыр. Жеке өз басым, латын әліпбиіне өткенді қолдаймын. Жазылуы барынша жеңілдетілуі керек болатын. Міне, ол мәселе де қарастырылған.

Жалпы, латын әліпбиіне көшу – еліміздің әлемдік аренадағы беделінің одан әрі артуына және әлем қазақтарының басының бірігуіне алып келеді.
Біздің ақындарымыз бен жазушыларымыз шығарған туындылар, ғалымдарымыз бен тарихшыларымыз жазған еңбектер латын әліпбиі арқылы әр шетел азаматының қолында болуы әбден мүмкін. Басты межеміз – қазақтың тарихын, әдебиетін, мәдениетін шетелге ертерек насихаттау. Оның бірден-бір жолы – төл әліпбиіміздің болуы. Төл әліпби – тәуелсіздіктің жемісі.


Салтанат ЕРМАХАНОВА, «Нұр Отан» партиясы Саяси талдау және стратегиялық зерттеу орталығының сарапшысы:

Әліпби дайындау – тарихи оқиға

– 9 қазанда қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру жөніндегі арнайы комиссия Елбасы Н.Назарбаевтың назарына әліпбидің екінші нұсқасын ұсынды.
Мемлекеттік тілдің әліпбиін жаңарту – заман талабы. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтқандай, латынға көшу «қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты».
Қазақ тілінің латын графикасындағы әліпбиін дайындауы – та­рихи оқиға, аса маңызды және күрделі процесс. Мұндағы мақсат – әлемдік ақпараттық кеңістікте орын алып жатқан үдерістерді ескере отырып, мемлекеттік тілдің заман талаптарына сай дамуына жағдай туғызу. Латын алфавиті қазіргі күнде барлық континентте тараған. БҰҰ-ның алты ресми тілінің үшеуі, ал Бүкіләлемдік сауда ұйымының үш ресми тілі де латын графикасына негізделген. Бұл реформаның еліміздің жаңғыруына, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейтуге ықпалы зор.
«Нұр Отан» партиясы Саяси талдау және стратегиялық зерттеу орталығының мәліметтеріне сәйкес, қазақстандықтардың 89,4%-ы қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіруінен туралы хабардар. Олардың басым бөлігі бұл бастаманы мақұлдап отыр. Яғни, қоғам тарапынан кең қолдау бар.
Қазіргі таңда қоғамдық пікірталас «Латын әліпбиінің жаңа нұсқасы қандай болуы керек» деген сұрақ төңірегінде болып отыр. Жұртшылыққа ұсынылған екінші жобада бірінші нұсқаны талқылау барысында айтылған пікірлер мен сыни көзқарастар ескерілген. Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде екі нұсқа да кеңінен талқылануда. Әр жобаның өз жақтастары бар екені анық. Соңғы ұсынылып отырған жоба «Бір таңба – бір дыбыс» қағидасына сүйенген. Мамандар қазақ тіліндегі тоғыз ерекше дыбысты жеткізуде дәйекше қолдану шешімін ұсынып отыр.
Ешбір ел латын қарпіне өтуде жаппай талқылау жасаған емес. Расында, ол кезде заман талаптары басқа еді, қазіргідей әлеуметтік желілер кең тараған заман емес еді. Қазақстан ақпараттық қоғамның осы мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланып, осы реформаны үлкен тал­қыға салып отыр. Латын алфавитінің біркелкі стандартын қа­былдауда ғалымдардың орны ерекше. Тіл заңдылықтарын ескеру – мамандардың еншісінде. Алайда қоғамдық пікірдің де орны бөлек.
Президент әкімшілігіне келіп түскен 300 пікір бұл бастаманың ел болашағы үшін маңыздылығын және халықтың бейжай қарап отырмағанын айқындайды. Рухани жаңғыру аясында қолға алынып отырған бастама – баршамызға ортақ мәселе және әрқилы салалардағы мамандардың қатысуын талап етеді.
Өңірлерді аралау барысында ақпараттық-насихат, түсіндірме жұмыстарының халық үшін маңызды екені байқалды. Бұл жұмыс қазір де қызып жатыр, бірақ ақпаратқа толы заманда әртүрлі әлеуметтік топтардың назарын аудару, барша халықтың пікірін ескеру маңызды.
Мемлекеттік тілдің жаңа әліпбиі – тәуелсіз Қазақстанның дамыған елдер қатарына қосылудағы жеке таңдауы. Бұл қадам еліміздің әлемдік қауымдастыққа кірігудегі мүмкіндіктерін арттырады.


Ләззат НҰРҚАТОВА,
Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бөлім меңгерушісі:

Сарапшылар латын әліпбиін қолдайды

Мемлекет басшысының биылғы бағдар­ламалық құ­жат­тары мен мақа­лаларында атап көрсе­тілген стра­­тегиялық тап­сыр­ма­ла­рына сәйкес, отан­дық ғылым мен білім сала­сының интеграциялануы мен еліміздің дүниежүзілік интел­лектуалдық кеңістікте индус­триялық-инно­вациялық тұрғыда дамуының ма­ңызды қолданбалы бағыты – мемлекеттік тілдің латын әліпбиіне өтуі. Бұл үдеріс кезең-кезеңімен, жүйелі және қарқынды түрде жүзеге асырылмақ.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жол­дауында еліміздің адами капиталын дамытуға бағытталған нақты стратегиялық тапсырмалар атап көрсетілді. Ол үшін алдыңғы қатарлы педогогикалық технологияларды енгізуге маңыз берілуі керектігі де айтылды. Өйткені бұл – өскелең ұрпақтың сыни ойлау қабілеті мен маңызды мәліметтерді дербес іздеу машығын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Оқу әдісі мен әдістемелерінің заманауи алаңында трилингвизм – еліміздің адами капиталының сапасын тиімді арттыруға бағытталған оқу-технологиялық әлеуетімізді айқындауда нақты әрі кешенді мүмкіндікке ие. Бүгінде заманауи қазақ мектептері үш тілде білім беруге толыққанды өтуді басымдыққа алып отыр. 2019 жылдан бастап 10-11- сынып оқушыларында бірқатар пәндер ағылшын тілінде өтілмек. Бұл бастама бір уақытта мемлекеттік тілде білім алатын оқушылардың коммуникативтік-лингвистикалық құзыретін сақтап әрі нығайта отырып жүзеге асырылмақ. Осы тұстағы, ана тілімізді дамытудың маңызды әрі тың серпіліс беретін бағдарламасы – еліміздің кирилл қарпінен латын әліпбиіне өту жобасы. Бұл – әлемдік бизнес кеңістік пен ғылыми-инновациялық қоғамдастыққа еркін енудің бірден-бір жолы. Қоғамдық сананы жаңғыртуға бағыт алған бұл ғаламдық өзгеріске Мемлекет бас­шысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында да маңыз берілді. Дәл осы стратегиялық туындыда қайта жасаушы жобалардың жүйелі қатары құрылып, жоба-жоспары жасақталды.
Біздің институт «Латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиін қолда­нудың негізгі аспектілері» тақыры­бында сарапшылар арасында сауал­нама жүргізді. Бұл зерттеу жобасы маңызды әдістемелік индикаторлар мен тақырып тұрғысынан алғанда латын қарпіне өту мәселесін талқылау барысын нақтылауға мүмкіндік берді. Сауалнама барысында қазақ тілінің латын қарпіне өту мәселесін талқылау деңгейінің қарқыны жоғары екені анықталды. Оның үстіне бұл тақы­рыпқа деген қызығушылық сарапшылардан өзге, қалың бұқара мен қарапайым тұрғындар тарапынан да байқалған. Институттың «Қазақ тілінің кирилл қарпінен латын әліпбиіне өтуінің тиімділігі неде?» деген сауалына респонденттердің басым бөлігі «ағылшын тіліндегі сауатты ғылыми еңбектерге деген қолжетімділік» деген жауап қалдыр­ған. Сарапшылардың пікірінше, латын қарпіндегі қазақ тілінің ағылшын тілімен үйлесімі – жаңа технологияларды меңгеру барысында аса ыңғайлы болмақ. Талдаушы мамандардың екінші тобы латын әліпбиіне өту – оқу, танысу мақса­тында шетелге шығу сапарларын жетілдіру және керісінше, өзге мемлекеттермен академиялық алмасу бағдарламаларын дамыту үшін тиімді екенін атап өтуде. Жалпы алғанда, сараптама қорытындысы жақсы нәтиже көрсетті. Мамандар инно­вациялық-әлеуметтік жоба – 2025 жылдан бастап қазақ тілінің латын қарпіне өту мәселесіне жоғары баға берді.


Әсет САНСЫЗБАЙҰЛЫ, «Жас Отан» Жастар қанаты Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы:

Отанға оралған жастарға ыңғайлы

– 2012 жылғы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында латын әліпбиіне көшу мәселесі айтылды. Сол кезден бастап жастар, тіл мамандары қолдап жатты.
Маңғыстау облысы халқының көп бөлігі – көрші Өзбекстан мен Түркіменстаннан қоныс аударғандар. Олар көшіп келгенге дейін латын қарпін пайдаланды. Демек, олар үшін латынша қаріп таңсық емес.
Бүгінгі таңда жастар ұялы телефонда латын әрпін қолда­нады. Бір-біріне латын қарпімен хат жазады. Жастарға еш қиындық тудырмайтынына сенімдіміз.
Бұл бастама жылдан-жылға жүйелі түрде, халықтың үйре­нуі­не оңай болуы үшін кезең-кезеңімен ауысамыз деп ойлай­мын.
Осы орайда маған Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбектің «Біз латын әліпбиіне көшпейміз, біз латын әліпбиіне ораламыз» деген сөзі ұнады. Негізі, тарихқа оралсақ, ертеде ата-бабамыз латын қарпін қолданды, 1940 жылға дейін латын әрпімен жазып келген.
Жалпы, латын әліпбиіне көшу – ұлтымыздың санасын бұғаудан босатады. Түркі әлемімен рухани байланыс жасау жеңілдейді. Ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына жол ашады деп ойлаймын.


Әбдіқаһар Сейітжанов, заң ғылымдарының кандидаты:

Серпіліс әкелетін қадам

– Бүгінгі таңда елімізде латын әліпбиін енгізу мәселесі қоғамда қызу талқыланып жатыр. Латын әліпбиін бізден бұрын енгізген көршілес елдерде 10-15 жыл бойы біраз қиындық болды. Біздің мемлекетіміз бұған асықпай, жан-жақты саралап, байыппен көшкелі отыр. Меніңше, бұл – әлемдік деңгейде қазақ тілінің мәртебесін көтеретін бастама. Екінші жағынан, жас ұрпақтың әлемдік деңгейде білім алуына кеңінен жол ашады. Жастар білімін жан-жақты жетілдіре алады.
Қазіргі таңда әлемдік білім мен ғылымның негізі латын әліпбиінде жазылып жатқаны жасырын емес. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы мәселені көтеріп отырғаны – қазақ тілінің ары қарай дамуына үлкен септігін тигізетін жайт. Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында латын әліпбиіне көшу мәселесін жан-жақты көтерді. Қоғамдық талқылаулар басталып, әрбір азамат өз пікірін білдіріп, әліпби нұсқасының оңтайлы шешілуіне атсалысты. Әрине, басында біршама қиындық туғызғанымен, болашақта бұл қадам елімізге үлкен серпіліс әкеледі. Өйткені бүкіл түркі әлемі – Түркия, Әзірбайжан, Түркіменстан, Өзбекстанға дейін латын әліпбиіне көшкен мемлекеттер санатында. Қазақстанда да бұл мәселе дұрыс көтеріліп отыр. Бұл бастама еліміз бен тіліміздің дамуына үлкен серпін беріп, рухани жаңғыруымызға сүбелі үлес қоспақ.


Наурызбек МАҒДАТОВ,
«Түпқараған жастары» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

Қазақстандықтарды қолдауға шақырамын!

– Латын әліпбиіне көшу туралы мәселе тәуелсіздік алған жылдардан бермен қарай көтеріліп келеді. Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясының ХІІ сессиясында: «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік. Әйтсе де, латын қарпі коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие және көптеген елдер, соның ішінде посткеңестік елдердің латын қарпіне көшуі кездейсоқтық емес. Мамандар жарты жылдың ішінде мәселені зерттеп, нақты ұсыныстармен шығуы тиіс. Әлбетте, біз бұл жерде асығыстыққа бой алдырмай, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін зерделеп алуымыз керек», – деген еді. Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауда сөйлеген сөзінде: «Ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» деген болатын. Шынында да, әліпби ауыстырудың саясатқа да, басқаға да қатысы жоқ, ең басты қажеттілігін тілдің өзі талап етіп отыр. Тілдің ішкі-сыртқы жағдайы қазіргі жазудың (орфография) айтылымға (орфоэпияға) кері әсер етіп, өзге тілден кірген сөздердің салмағы арта түсіп, кірме дыбыстардың төл сөздеріміздің фонетика-грамматикалық талаптарын бұза бастауы секілді түрлі жағдайлар әліпби өзгерту мәселесін алға тартты. Демек, әліпби өзгерту тек кирилл әріптерін латынмен алмастыру ғана емес, жазу саласында да реформа жасау қажеттігін талап етеді.
Қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына мүмкіндік беретін латын әрпіне көшуін қолдаймын және барша қазақстандықтарды қолдауға шақырамын!

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*