Жұмыс тобы ұсыныстар қабылдайды

1354
0
Бөлісу:

9 қазанда Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа Мемлекеттік тілдің бірыңғай стандартты әліпбиінің жаңа нұсқасы таныстырылған болатын. Оған дейін де қыркүйек айында Парламент Мәжілісінде 25 таңба 8 диграфтан тұратын әліпбидің нұсқасы ұсынылған еді. Латын әліпбиінің нақты графикасын жасау — бүгінде қоғам талқысына түскен күн тәртібіндегі өзекті тақырыптардың бірі. Себебі, жыл соңына дейін латын әліпбиінің бір нұсқасы қабылдануы тиістігі айтылған. Сондықтан күні кеше Астанадағы журналистерге арналған баспасөз-конференциясында латын әліпбиінің жаңа нұсқасы түсіндірілді.

Жаңа нұсқада – 32 таңба. Бі­рінші нұс­қада кей дыбыстар диграфпен берілсе, жақында ғана таныстырылған екінші нұс­қада кейбір таңбаларға дәйекше (апос­троф) пайдаланылған. Ш.Шаях­метов атындағы Тілдерді дамы­тудың респуб­ликалық үйлестіру-әдістемелік орта­лы­ғының дирек­торы Ербол Тілешов: «Не­гізгі әліпби түзудің үш жолы бар: диг­раф арқылы, қазіргі үлгідегідей дәйекшенің (апостроф) көмегімен және диакритиканы пайдалану арқылы әліпби түзу. Басында диг­рафты таңдаған болатынбыз, алай­да жазу, көз дағдысына байланысты сан алуан пікірлер айтылды. Сол себепті, ға­лымдар жұмыла отырып, халықтың тү­сінуіне әрі көз дағдыға да жеңіл тиеді деген оймен әліпбиді дәйекшемен беруді жөн санады. Дәйекшені неміс тілінде де, ағыл­шында да, словян халықтарында да қолданады», – дейді.

Тілшілерді латын әліпбиін дайын­дауға қанша қаражат жұм­салып жатқаны да қызықтырды. Дегенмен Ербол Тілешов оған ақша шығындалып жатпағанын айтты.
Сонымен қатар латын әліпбиі­нің екін­­ші нұсқасын таныстырарда «ж» мен «ш» әріптерін диграфпен беру ұсынылған екен. Бірақ ақыр аяғында ғалымдар бір жүйе болсын деген оймен диграфты қолдану қажет емес деп тапқан.
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі инс­титутының бас ғылыми қызметкері Әлімхан Жүнісбек жаңа нұсқа дәлме-дәл болмаға­ны­мен, негізі Ахмет Байтұр­сынұлы­ның әліпбиі екенін айтады. «О бастан, компьютердегі 26 таңбадан шы­ғып кетпеу керек деген мақсат болды. Ол үшін дыбыстық таңба­лар­ды диграфпен беру немесе дәйек­ше пайдалану сияқ­ты амал­дарды қолдануға тура келді. Егер мұндай нұсқау болмағанда, А.Бай­тұрсынұлы атын­­дағы Тіл білімі институтының Ұлттық әліп­биін ұсынуға болар еді. Алай­да оның бір кемшілігі – таңбаларды клавиа­­­тураға енгізу үшін арнайы бағдар­лама жасауды қажет етті. Ол – шығын әрі біраз уақытты талап етеді» дейді Әлімхан Жүнісбек.
Оның айтуынша, қазірдің өзін­де, яғни жаңа нұсқаны талқылау ба­рысында латын әліпбиінде дәйек­­ше, диакритикалық белгілер мен диграфтарды қатар қолдана беру ту­ралы да ұсыныстар түсуде. Мұны жұ­мыс тобы әлі де қарайтын болады.

Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*