Латынға көшу – ұлттық мүддені қорғаудың басты тетігі

3571
0
Бөлісу:

Мемлекеттік тілді латын қарпіне көшіру жөніндегі жобаны іске асыру үшін құрылған жұмыс тобы Елбасының қабылдауында болды. Жұмыс тобының мүшелері осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың қорытындысы туралы баяндай келе, Президентке қоғамдық талқылаулар барысында келіп түскен ұсыныстарды ескере отырып әзірленген, қазақ тілінің латын қарпіне негізделген бірыңғай стандартының жобасын ұсынды. Бұл жаңа жоба қоғамда қызу талқыланды. Әсіресе, жастар жағы жаңа қаріпті қолдап жатыр. Қазақ әліпбиін реформалауға қолдау білдірген, латын қарпіне көшуге байланысты айтылған пікір-тілектердің бірсыпырасын жинақтап жариялағанды жөн көрдік.


Ерден ҚАЖЫБЕК,
А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры:

Халық пікірі ескерілуі қажет

– Латын қарпіне көшу – тәуелсіздігіміздің жемісі. Бұл ретте бірегей жобаны іске асыру аясында Президент әкімшілігіне 300-ден астам үндеу мен ұсыныс келіп түскені белгілі. Әлеуметтік желілерде 1000-ға жуық тақырыптық жазба жарияланды. Яғни, халық арасында қызу талқыланып жатқанын аңғартса керек. Реформа өзге тілдердің дамуына және азаматтардың құқығына ешбір залалын тигізбеуі шарт. Басқосулар мен кездесулер барысында түйгеніміз – тек мамандар ғана емес, барша қазақстандықтар реформаның айрықша маңызын терең түсінеді. Ғалымдар, халық қалаулылары, зейнеткерлер, жастар, отандастар және басқа да қоғам өкілдерінің бәрі бірауыздан қолдауда.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіруге байланысты жалпыхалықтық талқылау нәтижесін пысықтау барысын айтты. Елбасы латын графикасындағы әліпбидің бірыңғай стандартын жасауда қыруар жұмыс істелгенін атап өтіп, мамандарға алғысын білдірді. Нұрсұлтан Назарбаев тек қасиетті тәуелсіздігіміздің арқасында тұңғыш рет өз еркімізбен төл жазуымызды өзгерту туралы шешім қабылданғанын тілге тиек етті. Елбасы үнемі халық пікірін назардан тыс қалдырмайды. Ол қалың жұртшылықтың ұсыныстарын тыңдап, соның негізінде әліппе дайындасақ деген пікір айтқан болатын. Мұның жарқын көрінісін көрдік. «Біз латын әліпбиінің жаңа нұсқасын ұсынып отырмыз. Бірақ мұны бірден қабылдаймыз деген ойдан аулақпыз» деген Мемлекет басшысы жаңа әліпби де зиялы қауым өкілдері мен халық арасында талқылауға түсуі керектігіне мән берді. Елбасы өткен жолы ұсынылған әліпби төл дыбыстарымызды қосарланған әріптермен белгілеу қолайсыздық туғызғанын ескеріп, тиімді жолды таңдауды ұсынды. Жаңа әліпбидегі дәйекше – бізде бұрыннан қолданылған қағидалардың бірі. Ахаңның өзі дәйекше пайдалануды назарға алған. Ахаң қолданған дәйекше сөздің басында қойылып, сөздегі бүкіл дыбыстар жіңішкереді дегенді білдірген. Қазір әліпби талқылауымыздың екінші маңызды кезеңі басталды. Сондықтан барлық пікірлер ескеріліп, сарапталуы қажет.


Бүркіт АЯҒАН,
Мемлекет тарихы институтының директоры,
тарих ғылымдарының докторы, профессор:

Латын қарпіне көшу елге сілкініс әкеледі

– Латын әліпбиіне көшу – заман талабы. Өйткені әлемнің 100-ден астам мемлекетінде латын әліпбиі қолданылады. Елбасының алдағы жылдарда мықтап қолға алуды қажет деп санаған жобаларының бірі – қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастау. Осыдан бес жыл бұрын қабылданған «Қазақстан – 2050» стратегиясында латын әліпбиіне көшу 2025 жылдан басталатыны туралы жарияланды. Латын әліпбиіне көшу шетелдік форматқа, интернет жүйесіне кіруде маңызы зор деп білемін.
Күні кеше Елбасының алдына латын әліпбиінің жаңа үлгісі ұсынылды. 32 әріп­тен тұратын жаңа әліпби сәтті шыққан деп санаймын. Латын әліпбиіне қатысты жұмыс тобы қыруар жұмыстар атқарды. Жалпы, біздің тарихымызда қаріп, жазу ауыстыру қазақ жерінде жиі болған. Руникалық жазудан бөлек, бізде соғды хаты, Сириядан келген солдан оңға қарай жазылатын хорезмдік хат болған. Орта ғасыр кезінде көне ұйғыр және найман жазуы қолданылған. Қазақ әліпбиінің латын қарпімен берілуі елімізге үлкен сілкініс беретіні анық. Руханиятымызда орын алатын үлкен оқиға болмақ. Бүгінгі техника заманында жаңа әліпбиге үйрену де қиындық тудырмайды. Елбасы айтқандай, алдын ала мұғалімдерді даярлау курстары ашылып, оқыту жұмыстары болады. Меніңше, бұл кезеңнен де тез өтеміз. Көшу жұмыстарын созудың да қажеті жоқ. Жаңа ұсынылған латын әліпбиінің үлгісі алдыңғысына қарағанда ыңғайлы әрі тиімді. Себебі, төл дыбыстарымызды қосарланған әріптермен беру тиімсіз екенін ұғындық. Сондықтан жаңа үлгіні қолдаймын.


Азат ШӘУЕЕВ,
Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры:

Маңызды қадам – игі істің бастауы

– Елбасымыз барша қоғамның талқылауының нәтижесінде әзірленген қазақ тілінің латын қарпіне негізделген бірыңғай стандартының жобасымен танысып, Үкімет пен қоғам мүшелеріне осы бағыттағы шараларды, оның ішінде халыққа түсіндіру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Яғни, Президентіміз баршамызды латын әліпбиінің осы соңғы нұсқасын тағы да қызу талқылаудан өтізуге шақырды. Сондықтан да ендігі кезекте осы тарихи маңызды мәселеден тыс қалмай, мүдделілік танытқан барша зиялы қауым мен тілші-ғалымдардың осы соңғы нұсқаны тағы да бір сараптаудан өткізіп, тиісті жұмыс тобына өз ұсыныстары мен пікірлерін жолдауына мүмкіндік туып отыр.
Менің ойымша, соңғы нұсқа алдыңғыға қарағанда ұтымды әрі ыңғайлы, төл дыбыстарымыздың барлығы қамтылған. Ең бастысы, қолданыстағы пер­нетақтамызды да ауыстырудың қажеті жоқ.
Латын әліпбиіне өту арқылы біз үлкен тілдік реформа жасаймыз. Алдағы кезең ұсынылған нұсқаға қазақ тілінің табиғаты мен заңдылықтары тұрғысынан, орфографиялық, орфоэпиялық ережелеріне икемділігі жағынан талдау, талқылау жүргізілетін кезең болмақ. Әрі бекітілетін соңғы нұсқа тілдің қоғамдағы қызмет етуін толыққанды өтей алатындай, тіл үйренушілердің қазақ тілін еркін меңгеруіне оң ықпал жасап, келешегіміз қазақ тілінде сауатты жазып, еркін сөйлейтіндей болуы шарт. Сонда ғана бұл маңызды қадамның игі іске айналары сөзсіз.
Латын әліпбиіне көшу – ұлттық мүддемізді қорғаудың басты тетігі. Елбасы бастамасымен көтерілген бұл игілікті істе әлемдік тәжірибелер, ішкі және сыртқы тарихи-саяси жағдайлар ескеріліп, бізді осындай қадамға алып келді. Әрі ұлттық санамызды жаңартып, қоғамға рухани серпін беріп, заман көшіне ілесуге жасалған игі қадам деуге болады.


Данияр Сүндетбаев,
«Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы:

Жалпыхалықтық қолдауға ие болды

– 9 қазан күні Ақордада латын қарпіне көшіру жөнін­дегі жобаны іске асыру үшін құрылған жұ­мыс тобы­ның мүшелерімен кездесу өтті. Жи­налыс бары­сында ҚР Пре­зидентіне қазақ тілінің латын қарпіндегі жаңа 32 әріптен тұратын үлгісі таныстырылды.
Жаңа ұсынылған үлгі халық ара­сында қызу талқыға түскен бірінші нұсқасынан мүлдем өзгеше екенін байқауға болады. Қазақ тілінің латын әліпбиін құрастырушылардың бірі – Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығына осы мәселеге қатысты 1600-ден астам ұсыныстар түсіпті. ҚР Президенті мен жұмыс тобының мүшелері қоғамдық пікір нәтижесінде туған жаңа қазақ тілінің латын қарпіне негізделген бірыңғай стандартының жобасын талқыға салды.
Елбасы бұл мәселені «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарла­масының маңызды тармақтарының бірі екеніне тоқтала өтіп, қазақ әліп­биінің реформалануы сияқты тарихи маңызды мәселелерді бірлесіп шешу керек екендігін атап айтты. Бұл пікір жастар тарапынан да қолдау табаты­нына сенімдімін, себебі, қабылданатын қазақ тілінің латын әліпбиі ешкімді бейжай қалдырмайды. Оған ең қара­пайым мысал ретінде қазіргі жастардың ертең толығымен латын әліпбиіне көшетінін және оның қарым-қатынас пен жұмыс тіліне айналатын ескерсек жеткілікті. Алғашқы үлгіні талқылауда қоғамның көрсеткен белсенділігі халық үшін бұл жобаның қаншалықты өзекті екендігін көрсетеді. Қазақстан Прези­денті де өз сөзінде жоба маңыздылығын атап өтті.
«Бұл күндері қазақ тілінің жаңа әліпбиіне байланысты мәселе қоғамда қызу талқылануда. Оған көптеген адам қатысты. Латын қарпіне көшу туралы идея біз тәуелсіздік алған кезден туындаған болатын. Қазақ жазуының латын қарпіне көшуі әрдайым менің айрықша бақылауымда болды» деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Ұсынылған нұсқада қазақтың төл әріптері апострофтар арқылы белгілен­ген. Бұл жастар арасында латын әліп­биінің қолданысын едәуір жеңілдетпек. Мысалға, «ә» әріпін латын қарпінде «а’» белгісі ауыс­тыратын болады. Латын әліпбиінің осы нұсқасы қысқа және түсінікті болғандықтан, жастар­дың жылдам бейімделуіне септігін тигізеді.
Еліміздің жастары латын қарпіне көшудің күрделі және белгілі уақыт талап ететін үдеріс екенін түсінеді. Тіліміздің дамуына үлес қосып қана қоймай, оны әлемдік ақпараттық кеңістікке шығаруға мүмкіндік беретін қадам екеніне де көздері жетті. Соны­мен қатар үш тілділік бағдарламасының аясында көтерілген ағылшын тілін меңгеру мәселесін де жеңілдетпек.
Жалпы, қазақ тілін латын қарпінде көру біз үшін таңсық емес. Еліміздің тарихына көз жүгіртсек, ХХ ғасырда қазақ тілі латын қарпінің негізінде жасалған жазу үлгісін қолданған. Бұл ұмыт болған тарихымызға қайта үңіліп, ел даналары қалдырған жәдігерлерді жаңаша түсініп, өзімізге қайта ашуға да өз септігін тигізеді.
«Жас Отан» Жастар қанаты жаңа нұсқадағы латын әліпбиіне толық қолдау білдіреді және жастар арасында кеңінен қолданысқа түсетініне және жалпыхалықтық қолдауға ие болаты­нына кәміл сенеді. Еліміз үшін тарихи мәні бар мәселеде белсенділік танытып, азаматтық ұстанымдарын білдіруге әрдайым дайын.


Молжігіт ЖАЛҒАС,
«Нұр Отан» партиясы Саяси талдау және
стратегиялық зерттеулер орталығының бөлім меңгерушісі:

Өте ыңғайлы жоба

– Мемлекет басшысының сындарлы саясатының арқасында бүгінде латын әліпбиіне қайта оралу мәселесі қолға алынды. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында бұл игі бастама заманауи технологиялар, бүгінгі заманғы орта мен коммуникация, сонымен қатар ХХІ ғасырдағы оқу мен білім беру үдерісінің ерекшелігімен тығыз байланысты екенін атап өтті. Шетелдік тәжірибе де латын қарпіне өтудің бұқаралық коммуникация, заманауи технология және ғаламдану тұрғысынан алғандағы пайдасы мен тиімділігін дәлелдеп отыр. Тіпті Үндістан, Қытай және Жапония сияқты дәстүрлі әліпбиін қолданатын мемлекеттердің өзінде бизнес саласы мен тех­нологиялық даму бағытында ағылшын тілі мен пернетақ­тасы жиі пайдаланылады екен.
Еліміздің Президентіне жақында латын графикасындағы қазақ әліпбиінің бірыңғай стандарты ұсынылды. Мұнда қоғамдық талқылау барысындағы ұсынылған талап-тілек­тердің барлығы ескерілген, ғылыми тұрғыдағы әдіс-тәсілдер қатаң сақталған және Елбасы тапсырған барлық тапсырмалар орындалған. Кирилл әліпбиіндегі 42 әріптің орнына 32 белгі, оның тоғызы қосымша жұмсартылған апострофпен берілген. Бұл жолғы ұсынылған әліпбидің артықшылығы – техника тұрғысынан алып қарағандағы қолдану әмбебаптығы. Өйткені бұл әліпби қосымша бағдарламалық жоба жасауды және осы мәселеге арнайы қаржыландыруды қажет етпейді. Оның үстіне меңгеру де аса күрделі емес. Жалпы алғанда, бұл әліпби жобасы өте ыңғайлы әрі латындану базасының негізгі шеңберінен шықпайды.


Руслан Пірназар,
«Нұр Отан» партиясының Саяси талдау және стратегиялық зерттеулер орталығының сарапшысы:

Ел жаңғыруының бастамасы

– Еліміз тәуелсіздік алғалы бері көптеген қазақ тілшілері латын әліпбиіне көшу мәселесін көтеріп келгені белгілі. Бүгінгі таңда қоғамда әліпбиді ауыстыруға байланысты түрлі пікірлер айтылуда. Біреулер латын әліпбиінің оңтайлы тұстарын алға тартса, енді басқалары бұл істе асығыстық жасамайық деп сақтандырады.
Бүгінгі заманауи технологиялар дамыған заманда интернет жүйесінде үстемдік ететін латын әліпбиі екені белгілі. Яғни, латын әліпбиі бізге таңсық емес. Ол біздің қоғамға еніп кеткен.
Латын әліпбиіне көшу тұстарында елімізде тіл тазалығы мәселесі бастама алып (қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптер қысқартылады), қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына және қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылады.
Қазақтың жаңа әліпбиінің Елбасы көріп, мақұлдаған нұсқасы біздің де көңілімізден шығып отыр. Бұл мұның алдында талқыға түскен нұсқалардың бәрінен де ыңғайлы да тиімді болып шықты. Ең бастысы, осының алдында тіл мамандары мен жалпы жұртшылық арасында үлкен сөз сайысын туғызған таластың негізгі тақырыбына айналған қосарлы таңбалар арқылы жасалатын диграф әріптер жоқ. Ұсынылып отырған жаңа жоба осы күдіктің жайын да ескеріпті.
Екіншіден, таңбалар санының едәуір қысқарғаны да қуан­тады. Сөйтіп, бұрынғы 42 таңба 32-ге дейін азайыпты. Бұл жинақталу компьютердің пернетақтасына да артық таңбалар салудан арылтады.
Осы жерде бізде 1929 жылға дейін қолданыста болған араб қарпіндегі әліпбиде 29 таңба болғанын еске сала кеткіміз келеді. 1940 жылға дейін сол төте жазудың тіліміздің дамуына кедергі келтіре алмағаны да белгілі. Олай болса, жаңа қабылданғалы отырған әліпбиінен де сондай серпіндер күтеміз.


Мәдина НҰРҒАЛИЕВА,
Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының Алматы қаласындағы өкілдігінің басшысы:

Ескертулер ескерілді

– Күні кеше латын графикасы негізінде жасалған қазақ әліпбиінің жаңа бірыңғай стандарты таныстырылды. Бұл жоба осыған дейін туындаған қоғамдық талқылаулар барысында айтылған кемшіліктер мен ескертулерді ескере отырып жасалды. Жаңа әліпби нұсқасы Ақорданың сайтында жарық көрді. Аталған жобаның бірнеше ерекшеліктері барын байқаймыз. Айталық, қазақ тілінің өзіне ғана тән 8 әріпті апостроф арқылы беруді ұсынып отыр. Бұрынғы нұсқадағы диаграфтарды қолданғаны ұнамаған болатын. Әрі Ахмет Байтұрсыновтың «Бір дыбыс – бір әріп» атты ұстанымынан бас тартқаны көпшіліктің көңілінен шықпағаны рас. Осы олқылықтарды ескеріп, құрастырушылар бұл ньюансты реттеді. Ең бастысы – латын әліпбиіне көшу мәселесін бүкіл ел болып талқыға салып отырмыз. Халық үшін бұл өте маңызды қадам болғандықтан, пікір мен талқылар ашық айтылып жатыр.


Мәди Ахметов,
«Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» ЖҚ Алматы қалалық филиалының төрағасы:

Мол мұраны меңгеруге мүмкіндік

– Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында жаңа әліпбиге көшу процесін жылдамдату бойын­ша нақты тапсырмалар берді. Латын әліпбиіне толықтай көшу туралы жоспар тіл мамандарының алдына бұл қаріпке бізден бұрын көшкен мемлекеттердің үздік нәтижелері мен кемшін тұстарын ескере отырып, туған тіліміздің фонетикалық, орфо­гра­фиялық ерекшеліктерін сақтауға мүмкіндік беретін нұсқаны жасау бойынша маңызды міндет қойды. Кешегі жиында Мем­лекет басшысы осыған қатысты 300-ге жуық ұсыныс келіп түске­нін айтты. Жұмыс тобы таныстырған 32 әріптен тұратын әліпби маған ұнады. Осының алдында жарияланған қосарланған әріп­тері көп, тілге қиын, жазуға ыңғайсыз нұсқа көпшіліктің нара­зы­лығын тудырып еді. Соңғы ұсынылған үлгіден барлық диг­рафтар түсіп қалғаны қоғамдық пікірдің ескерілгенін көрсетеді.
Жалпы, әлемнің бірде-бір мемлекетінде әліпби дәл осындай жалпыхалықтық талқылауға түскен емес. Бұл да болса біздегі азаматтық белсенділіктің көрінісі. Елбасы «Жастардың көптеп қолдағаны мені қуантты» деп бізге үлкен үміт артатынын білдірді. Біз – тағдырына тұтас бір мемлекеттің әліпбиін өзгерту, жетілдіру, қолданысқа енгізу жазылған ұрпақпыз. Бұл – екінің біріне бұйыра бермейтін тарихи оқиға. Сондықтан жастар арасындағы ақпараттық түсіндіру науқаны тоқтамау керек. Жаңа әліпби ағылшын тіліндегі ақпарат пен түркі дүниесінің мол мұрасына қол жеткізуге жол ашатыны сөзсіз. Қазақтың ұлы ақыны Абайдың: «Қанша тіл білсең, сонша рет адамсың» деген ғибратқа толы сөзі бар. Сондықтан мектеп табалдырығын енді аттайтын бүлдіршіндер жаңа әліпби арқылы көптілді жастайынан еркін меңгеруге мүмкіндік алады деп ойлаймын.


Бағдат КӘРІБОЗҰЛЫ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің
«Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтының директоры:

Үн қосып, қолдау білдірейік

– «Өткенде Парламенттік тыңдауға ұсынылған қазақ әліпбиінің жаңа жобасындағы кейбір дыбыс таңбаларын ой елегінен өткізіп қайта қарау керек екенін айтып, әсіресе, бұл жіңішке дауысты «Ә», «Ө», «Ү» ды­быстарына байланысты. Бұл дыбыс­тарды ұсынылған әліпби жоба­сындағы диграфтармен беру көптеген қиындықтар туғызатын сыңайлы» деп Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетіне, Ш.Шаях­метов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығына ұсыныс жолдағанбыз. Диграфтарға қарсы ұсынысымыз қабылданып, Ақорданың сайтында жарияланған нұсқада диграфтар алынып тасталыпты. Бұл – дұрыс.
Әліпби ауыстыру – өз тілімізді ұмытып басқа тілге көшу емес, ана тілімізді түлетіп, қоғам сұранысына сай ету, қолданыс аясын арттырып, осы заманғы ғылыми-техникалық прогреске икемді тіл ету. Жаңа әліпбиді игеру бүгін басталып, ертең аяқталатын мәселе емес. Ол арнайы бекітілгеннен кейін өзіндік емле ережелері жасалып, кезең-кезеңмен жүзеге асатын кешенді үдеріс. Жаңа әліпбиді игере алмаймыз деп қор­қудың, дабыра қылудың еш қисыны жоқ. Қайта ана тілімізді әлемнің дамыған тілдерінің қатарына қосатын жақсы жаңалыққа үн қосып, қолдау білдірейік.
Енді Ақорда сайтында жария­ланған латын графикасына негіз­делген қазақ әліпбиінің жобасына байланысты өз ойымды ортаға салайын.
Жаңа әліпби біздің графикалық санамызға сай «Бір әріп – бір дыбыс» ыңғайында жасалған. Бұл үйренуге де үйретуге де ыңғайлы. Тілдің заңдылығына да сай келіп тұр. Латын графикасындағы 26 таңба толық игерілген. Қазақ тілінің өзіне ғана тән «Ә», «Ө», «Ү», «Ғ», «Ң» дыбыстары апос­трофтармен берілген. Бұл бірнеше тілдерде (неміс, түрік, әзірбайжан, өзбек т.б.) бар үлгі. Одан қорқудың қажеті жоқ. Жаңа әліпбиде кірме дыбыстар ретінде 4 дыбыстың таңбасы (Ф, X. В, Ч) алынған. Бұл да қажет. Өйткені бұл дыбыстармен көптеген сөздер (мыңнан аса) енген, оларды қайта таңбалап шатасушылық тудырудың қажеті жоқ. Тек «Ч» дыбысын түркі халықтарында және өзіміздің оңтүстік говорларда бар деп алудың қисыны жоқ. Бұл дыбысты «Ш» дыбысымен айтуға әбден болады. Негізінен, Ақорда сайтында жарияланған қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасын қолдаймын.

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*