Жеңімпаздар анықталды

Like LATIN in Qazaqstan халықаралық фото-байқауы мәресіне жетіп, жеңімпаздар анықталды. Латын әліпбиіне көшуді қолдау байқауы барысында 25 000 лайк жиналып, 300-ден астам фотожазба жарияланды.
«Қазақстан – 2050» қозғалысының бастамасымен #LikeLatinInQazaqstan атты халықаралық фотобайқауы facebook және instagram әлеуметтік желілерінде өткен еді. Қазақ тілін кириллицадан латын тіліне көшіруді қолдауға бағытталған науқан 15 қыркүйектен бастап, 9 қазанға дейін жалғасты, 10 қазанда қорытынды жасалды. Үш жүзден астам суреттің ішінен Нәзира Бирман, Ната Руденко мен Жәмила Сарсенбайдың фотолары үздік танылды. Ең креативті фотосуреттердің авторларына 3 ультра-заманауи экшн-камералар берілетін болды.
Ната Руденконың суретінен QAZAQ tili деген жазуы бар нанды екі баланың екі жағынан тістеп тұрғанын көруге болса, Нәзира Бирманның суретінде Ruhani zhangiru деп жазылған әрі соның символы және ту ұстаған сәби бейнеленген. Жәмила Сарсенбайдың фотосында көпшілік арасында шу туғызған «сәбіз» сөзі латын тілінде жазылып, көкөністер тізілген.
Бір ай ішінде байқауға Қазақстанның барлық өңірінен, сондай-ақ Сингапур, Ресей, АҚШ, Ұлыбритания, Израиль, Франция, Норвегиядан қатысқан қандастарымыз барлығы 300-ден астам фотосурет жариялаған және 25 000 лайк жинады. Байқаудың басты шарты қазақ тілінде латын әріптерімен жазылған жазу. Студенттер мен оқушылар білім беру мекемелерінің қабырғаларында қызықты суреттер мен қолмен жасалған плакаттар үшін образды пайдалана отырып, арнайы шығармашылық көзқарасты көрсетті. Латын әліпбиіне көшуді қолдаймыз деген оймен өз балаларына патриоттық костюмдерін кигізген белсенді үй шаруасындағы әйелдер де қатысыпты.
Фотобайқауға қатысу үшін әлеуметтік желілердің пайдаланушылары #LikeLatinInQazaqstan хэштегі бар фотосуреттерді парақшаларында орналастырды және 3 досына шақырту жіберді. Негізгі сөздерге: Qazaq tili, Qazaqstan, Qazaq eli, Qazaq және QZ аббревиатурасы жатады.
Биылғы жылы Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қазақ тілін кирилл әліпбиінен латын әліпбиіне ауыстыру қажеттілігі туралы жариялаған болатын. Бүгінде латын әліпбиі көптеген әлемдік тілдердің графикалық негізіне айналды. Ол алдыңғы қатарлы білім әлеміне, ғылыми жетістіктерге, технологиялық прогреске және адамдардың цифрлық қарым-қатынасына терезе болды.
Айта кетейік, фотобайқаудың жеңімпаздарын Қозғалыс кеңесінің мүшелері, Астана қаласының азаматтық кеңесінің белсенділері, шақырылған қонақтар мен қоғамдық қайраткерлер анықтады.
Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ