Жаңа әліпбиге көшу қазақ тілін меңгеруді жеңілдетеді

2504
1
Бөлісу:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік тілді латын қарпіне көшіру жөніндегі жобаны іске асыру үшін құрылған жұмыс тобының мүшелерімен кездесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Жиында Мемлекет басшысына қо­ғамдық талқылаулар барысында келіп түскен ұсыныстарды ескере отырып әзір­ленген қазақ тілінің латын қарпіне негіз­делген бірыңғай стандартының жобасы ұсынылды.
Қазақстан Президенті мемлекеттік тілді реформалау рухани жаңғыру бағдар­ламасы аясындағы маңызды мәселелердің бірі екенін атап өтті.
– Бұл күндері қазақ тілінің жаңа әліп­биіне байланысты мәселе қоғамда қызу талқылануда. Оған көптеген адам қатысты. Латын қарпіне көшу туралы идея біз тә­уел­сіздік алған кезден туындаған болатын. Қазақ жазуының латын қарпіне көшуі әрдайым менің айрықша бақы­лауымда болды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Осы ретте Елбасы латын қарпіне көшу үдерісінің тарихи мәні бар екеніне тоқ­талып, бұл мәселені бірлесе шешу қа­жеттігін айтты.
– Әлемде ешбір ел өзінің жаңа әліпбиін бүкіл халық болып осылайша, талқылаған емес. Біз үшін әрбір адамның пікірін білу маңызды. Латын қарпіне көшуге байланысты Президент Әкімшілігіне 300-ден астам өтініш келіп түсті. Жастардың бұл үдерісті қолдағаны қуантады, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілінің жаңа әліпбиінің жобасын талқылауға жетекші қоғамдық бірлестіктердің, ғылыми орта мен жұртшылықтың белсенді түрде атсалысқанына назар аударды.
Кездесу барысында Қазақстан Президентіне атқарылған жұмыстардың нәтижелері жөнінде А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының дирек­торы Е.Қажыбек және Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың респуб­ликалық үйлестіру-әдістемелік орта­лығының директоры Е.Тілешов баяндады.
Елбасы жиынға қатысушылардың есебі мен пікірлерін тыңдап, айрықша мән беруді қажет ететін жекелеген мәселелерге тоқталды.
– Жалпы, атқарылып жатқан жұмыс­тардың негізгі бағыттарын қолдаймын. Жобаны іске асыру барысында әлемдік тәжірибе ескерілді. Бұл өте маңызды. Сонымен бірге, қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру үдерісіне қатысты ақпарат­тық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыру қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті бұл реформа басқа тілдердің дамуына нұқсан келтірмей, азаматтардың құқықтарын бұзбауға тиіс екеніне ерекше тоқталды.
– Қазақ тілінің латын қарпіне көшуі орыстілді азаматтардың құқықтарын, орыс тілі мен басқа да тілдердің мүмкін­діктерін шектемейді. Орыс тілінің кирилл қарпінде қолданылуы өзгеріссіз қалады. Ол бұрынғыдай қызмет атқара беретін болады. Жаңа әліпбиге көшу қазақ тілін меңгеруді жеңілдетеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Елбасы латын қарпіне көшу күрделі үдеріс екенін, сондай-ақ оның мақсаты тілімізді дамыту және оны әлемдік ақпараттық кеңістікке шығару үшін жағдай жасау болып табылатынын атап өтті.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы жаңа әліпбиді білім беру жүйесіне енгізу үшін мұғалімдер мен әдістемелік базаны дайын­дау қажеттігін айтып, Үкіметке оны кезең-кезеңімен енгізу жөніндегі жоспар әзірлеуді тапсырды.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев қазақ әліпбиін реформалауға қолдау білдіріп, оны іске асыруға белсенді атсалысқан барша қазақстандықтарға, ғалымдар мен тілтанушыларға алғыс айтты.
С.САДЫР

Бөлісу:

1 пікір жазылған

  1. Абиткан 10 Қазан, 2017 at 22:41 Жауап

    Соңғы ұсынылған әліпбиде «Ц», «Ю» әріптері көрсетілмеген. Менің ұсынысым «Ц» -әрпін латынның Z’ арқылы, «Ю» -әрпі J’ көрсетілсе.
    Жалпы айтқанда, осы, соңғы ұсынылған әліпбидің нұсқасы негізге алынса екен.

Пікір жазу


*