Астананың әлеуеті артып келеді

1071
0
Бөлісу:

Бүгінде Астана тек инвестициялар мен туристерді тарту тұрғысынан ғана емес, кәсіби мамандар мен жастардың алдынан ашылатын мүмкіндіктер тұрғысынан да көш ілгері дамып келеді. Егерде осыдан бірнеше жыл бұрын ішкі миграцияда жастар мен білікті мамандардың жайлы климаты мен инфрақұрылымдық жағдайына байланысты көбіне-көп Алматыға жаппай көшуі байқалса, бүгінде жастардың тікелей Астанаға бой түзеп, жас қаланың белсенді тұрғындарына айналу үрдісі жоғары. Мамандардың пікірінше, зерттеулер Елордаға көбіне-көп 18 бен 25 жас аралығындағы жастардың көшіп жатқанын көрсеткен. Бұған басты себеп – әлеуметтік, экономикалық түйткілдер, ауыл-аймақтарда тиісті жұмыстың табылмауы, ал Алматы мен Шымкент сияқты ірі мегаполистерде өз қабілет-қарымдарына сай жұмыс орындарын іздеуде бәсекелестіктің жоғары болуы.

EXPO – 2017 халықаралық ма­ман­дандырылған көрмесінің өткізілуі аймақтағы жастардың Елордаға қызығушылығын оята түскені анық. Жаз айларында көбі мұнда нәпақа табуға келіп, тұ­рақты жұмысқа орналасуға ты­рысқан. Соңғы жылдары Ас­тана Шанхай ынтымақтастығы ұйы­мына мүше-елдер арасында іс-ша­ралар өткізу жиілігі бойынша алдыңғы санаттардан көрініп отыр. Мұның өзі ивент-туризмнің дамуына сеп болумен қатар, ішкі миграцияның да оң қозғалысына әсер етуде. Жастарды Астанада не қызықтырады? Ең алдымен, басқа өңірлермен салыстырғанда, мұнда жалақы жоғары. Шетелдік не ұлттық компанияларға жұ­мыс­қа тұрудың арқасында әлеуметтік-медициналық тұрғыдан қорғалуға мүмкіндік бар. Осы жылдың бі­рінші ширегінде жалпы қа­зақстан­дықтардың орташа жала­қы­сы 140 000 теңгеден асса, Аста­нада бұл көрсеткіш 203 000 тең­гені көрсеткен. Мұндай жала­қы көлемі көбіне-көп мұнайлы өлкелерде тән. Екіншіден, жас отбасыларын қолдайтын тұрғын үй бағдарламаларына ілігіп кетуге жол ашылады. Бұл бағдарлама­ларға ілігу үшін ерте бастан қамданған жөн.
Қазақстанның болашақ кел­беті мен демографиялық ахуалы да тікелей жастарға байланысты. БҰҰ-ның халық саны мен дамуы бағдарламасы бойынша жүргізіл­ген мәліметтерге сенсек, Қа­зақ­стан халқының орташа жасы – 30-31 жас. Демографтар алдағы уа­қытта та ел халқының саны қазақ ұлтының есебінен көбейе түсе­тінін растайды. Бірақ Бірік­кен Ұлттар Ұйымының зерттеу­лері де, жергілікті ғалымдардың есебі де 2030 жылға қарай Қазақ­стан халқы – 20 миллионнан, 2050 жылы 22-25 миллионнан асады дегенге саяды. Бүгіннің өзінде 18 миллионнан асып отыр­ған халықтың туу көрсеткіші не себептен төмендемек?
Ғалымдардың пайымынша, осы күнге дейін демографияның оң көрсеткіштеріне мамыражай кезең саналған 1980 жылдардан бері дүниеге келгендер әсер етті. Дәл сол жылдары миллиондаған азаматтар тұрғын үймен қам­ты­л­ды. БҰҰ-ның зерттеулері көр­сетіп отырғандай, соңғы жылдары Батыс Еуропа елдеріне тән
үрдіс – қыз-келіншектердің кеш тұр­мысқа шығуы Қазақстанда да байқалып жатыр. Жалпы, мұндай құбылыс білім деңгейі жоғары елдерге тән екен. Егерде бұрын ана атану жасы 20-24 жас аралы­ғында болса, бүгінгі күні бұл көр­сеткіш 25-29 жасқа дейін ойысып отыр. Дәлірек айтсақ, қазіргі таңда ана атанудың орташа жасы – 28,1 жас. Бұған мамандар 90-жыл­дардың бас кезінде болған экономикалық дағдарысты себеп ретінде келтіреді. Есесіне, 2016 жылдан бастап 90-жылдардан кейін дүниеге келген азды-көпті жастар легі шаңырақ көтере бастаған. Егерде өткен ғасырдың 80-жылдары «бейби-бум» бай­қалса, 1990–2000 жылдары де­могра­фиядағы жағдай қиындады. 2000 жылдардан кейін ел эко­номикасы аяққа тұрып, халықтың жағдайы дұрысталса да, қыз-келін­шектер отбасын құрып, бала табуды кейінге ысырып тастады. 2026 жылға дейін Қазақстандағы туу көрсеткішінің тұралай бас­тайтыны да содан болса керек. Түптеп келгенде, «бейби-бум» зама­нында дүниеге келгендердің орнын тәуелсіздіктің алғашқы жылдары туған азды-көпті жастар басады. Ал 10 жылдан кейін олардың орнын 2005 жылдан кейін дүниеге келген «бейби-бум» ұрпағы басуы керек. Яғни, 2026 жылдан кейін еліміздегі туу көрсеткіші қайтадан жақсарады. Оның өзінде туу көрсеткіші ең жоғары аймақтар – Оңтүстік Қазақстан облысы, Алматы облы­сы мен Маңғыстау облыстарында халық саны көбейе береді.
Әлеуметтану саласындағы зерт­теулер ірі мегаполистерде оқу бітірген жастардың «Диплом­мен – ауылға» баруға асықпай­тынын көрсетіп отыр. Жалпы, қазірдің өзінде мүмкіндіктер тұрғысынан Алматы мен үшінші мегаполис атанған Шымкенттен гөрі, Астананың жастарға берері көп боп тұр. Бұл жаңа заманғы маман­дықтарды игеруден бастап, трендке айнал­ған біліктілік курста­рынан өту тұрғысынан да маңызды.
Жалпы, Елордада халық саны, негізінен сырттан келушілердің есебінен көбейіп отырғаны жасырын емес. Мұнда да туу көр­сеткіші жақсы, бірақ үйлен­беген сүрбойдақтар мен тұрмыс құр­маған бойжеткендердің көп­тігі бөлек әңгіме. Ауылдардан гөрі, ірі қалаларда үйленбеген жастардың көптігі бірден бай­қалады. Әлеу­меттану сала­сындағы зерт­теулер де жастардың отбасын құруға асықпайтынын, тіпті, асыққан күннің өзінде отба­сын қалай құрып, шаңырақты шай­қалтпай сақтау жолдарын біл­мейтінін көрсеткен. Жастар­дың өздері отбасын құру, сақтау жол­дары туралы әлеуметтік-психоло­гия­лық тегін тренинг-семи­нарларға баруға даярлығын алға тартады. Мамандар да Астана сияқты ірі мегапо­лис­­терге ағылған жастар­дың сұ­ранысына қанағаттандыру үшін кешенді жұмыстардың қа­жеттігін айтады.

Кәмшат ТАСБОЛАТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*