Бір миллион жұмыскер анықталды

1341
0
Бөлісу:

Қазақстанда «бейресми жұмыс жасаушы халықты заңдастыру жөніндегі кешенді жоспар» әзірленуде. Бұл туралы кеше Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеді.

Жиынды ашқан Мәжіліс төрағасының орын­басары Гүлмира Исимбаева жаңа Ең­бек кодексі 2016 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап күшіне енгенін еске салды. Оның бай­ламынша, содан бері еңбек саласындағы көп­теген базалық көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалады. 2017 жылы Қазақ­стан Дүниежүзілік экономикалық форум­ның Бәсекеге қабілеттілік жөніндегі жаһан­дық рейтингінде «еңбек нарығының тиім­­ділігі» көрсеткіші бойынша 140 мемле­кет ішінде 35-орынға шықты.
– Кодекспен реттелетін еңбек қа­ты­нас­тарына ел тұрғындарының 70 пайызы не­месе 9 миллиондай адам тартылған. Бүгінде экономикалық жағынан белсенді халықтың саны да осыншаны құрайды. Қабылданған ке­шенді шаралар нәтижесінде жасалған ұжым­дық шарттар саны 9 пайызға өсті. Ең­бек дауларын шешудің сотқа дейінгі инс­титуттары және келісім комиссиялары да­му­да. Бірақ бірқатар талқылайтын мә­се­лелер де баршылық – деді Г.Исимбаева.
Бұл тақырыпты өрбіткен депутат Б.Сма­ғұл халықтан түсетін арыз-шағымдарға сүйе­не отырып, министр Т.Дүйсеноваға сұ­рақ қойды. Қалаулының айтуынша, бұрын­ғы кодекспен салыстырғанда, енді же­ке және ұжымдық еңбек дауларын шешу тәр­тібі айтарлықтай өзгерді. Қазіргі кезде дау­ласушы тараптарға сотқа жүгінгенге дейін алдын ала ерікті түрде бітімге келу та­лабы қойылады. Және бұл «міндетті си­патқа ие».
– Тиісінше, әрбір дау туған кәсіпорында ке­лісім комиссиясы құрылуға тиіс. Бір сөз­бен айтқанда, егер осындай комиссияда ал­дын ала қаралмаса, еңбек дауы жылдам сот­қа дейін жете алмайды. Статистикалық деректерге сенсек, соттарға жүгіну саны азаюда. Атап айтқанда, егер 2015 жылға дейін соттарға шағым түсірулер санының өс­кені байқалса, ал келесі 2016 жылы бұл көр­сеткіш бірден 200 шағымға кеміп кет­кен. Әзірге келісім комиссияларының қыз­метінің тиімділігі туралы қорытынды жасау қиын, себебі, бізге салалар мен өңірлер бө­лі­нісінде олардың саны бойынша мәлі­мет­тер ұсынылған жоқ, – деді Бақытбек Смағұл.
Осыған байланысты ол Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау министрінен осы келісім комиссияларының нақты саны мен олар­дың жергілікті жерлердегі қызметінің тиімділігі туралы деректер сұратты. Бірақ он­дай деректер жауапты ведомствода жоқ бо­лып шықты.
– Жұмыс беруші келісім комиссиялары туралы ақпаратты уәкілетті органға беруге мін­деттелмеген. Оның өз себептері бар. Өйт­кені елде 200 мыңнан астам әртүрлі меке­мелер, ұйымдар, компаниялар жұмыс жа­сайды. Бірақ біз азаматтардың құқықта­рын қорғау тұрғысынан қарауымыз керек. Егер де азамат жұмыс берушінің шешіміне келіспейтін болса, онда жұмыс берушіге ша­ғым түсіреді: онда «Мен сіздің мына ше­шіміңізге келіспеймін!» дейді. Шағымхат түс­кеннен кейінгі 15 күн ішінде жұмыс беру­ші оған жауап беруі керек. Келісім ко­мис­сиясы құрылмаған болса, осы күндер үде­рінде құрылуы қажет, – деді министр Т.Дүйсенова.
Оның айтуынша, егер 15 күн ішінде аза­мат өз шағымхатына ешқандай жауап ала ал­маса, ол «келісім комиссиясының ше­ші­мін күтпей, бірден сотқа жүгінуге құқылы». «Ары қарай сот тек азаматтың келіспеген ше­шімін ғана емес, сонымен бірге, жұмыс беру­шінің келісім комиссиясын құрмауы, он­да шағымхаттағы мәселені қарамауы се­кілді үш түрлі негізде жұмыс берушіні жауап­қа тартуы мүмкін» деді Тамара Қасым­қызы.
Мәжіліс атынан қосымша баяндама жа­саған палатаның Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Гүлнар Икса­нова бұл мәселенің өзектілігіне назар аудартты және осы орайдағы палатаның ұсы­нымдарын атап өтті.
«Әу баста, Еңбек кодексіне келісім ко­мис­сиялары туралы бап енгізілгенде, сот­тардың еңбек дауларына қатысты жүк­те­месін азайту және сол дауларды алдымен, бей­біт жолмен шешуге мүмкіндік беру көз­делген болатын. Солай болып та шықты. Алай­да тараптарды уақыт создырмай, сотқа жүгіну мүмкіндігінен айыру – азаматтардың сотта өз мүддесін қорғау бойынша конс­ти­туциялық құқығын бұзады. Сондықтан келі­сім комиссиясын құру міндетін жұмыс беру­шінің функциясы ретінде бекіту, сон­дай-ақ дау себептері мен олар бойынша қа­былданған шешімдеріне жалпы мони­то­ринг жүргізу қажет деп санаймыз» деп палата ұсынысын жария етті Г.Иксанова.
Министр Тамара Дүйсенова Еңбек ко­дек­сінің нормалары кәсіпорындардағы ең­бек дауларының алдын алуға бағыттал­ғанын алға тартады.
«Біз «Еңбек тәуекелдері картасы» ая­сын­да мониторинг ұйымдастырудамыз. Оған еңбек инспекциясы қабылдап жатқан ша­ралар туралы ақпарат, статистикалық мә­ліметтер, сарапшылық бағалаулар, сауал­намалар нәтижелері жинақталады. Осы де­ректерді өңдеу негізінде, өңірлердегі «нә­зік» тұстар анықталады және олқылықтарды жою бойынша шешімдер қабылданады» деді ол.
Тамара Қасымқызы биылғы жылы атал­ған картадағы ақпараттарды ескере отырып, ең­бек инспекторлары зиянды және қауіпті ең­бек жағдайлары бар 149 кәсіпорынға тек­серу­мен барғанын хабарлады. Нәтижесінде, жұмыс берушілерге айыппұл санкцияларын қол­данусыз, еңбек қауіпсіздігі стандарт­та­рын сақтау бойынша шамамен 300 ұсыным беріпті. Оның ішінде қазіргі кезде 240-тайы орындалған.
– Үшжақты комиссия отырысында жа­ла­қы бойынша биылғы қарызы бар 294 кә­сіп­орынның мәселесі қаралды. Биылғы 8 айда 17 мың жұмысшы алдындағы 2,2 мил­лиард теңге жалақы бойынша қарыз өтелді. Жұмысшыларын қысқартуды жос­парлаған 396 кәсіпорында 5 мыңдай қыз­меткердің жұмыстан босатылуының алдын алу бойынша шаралар қабылданды. Жұ­мыс­шыларының жалпы саны 100 мыңнан аса­тын 250 кәсіпорын еңбек және әлеу­меттік заңнаманы жиі бұзатын кәсі­порын­дар ретінде «тәуекелді топқа» жатқызылды. Олар­да 8 мыңнан астам жұмыскер мен басшыларды қамти отырып, оқыту се­минарлары өткізілді, – деді Т.Дүйсенова.
Депутат Б.Хаменова 2016 жылы өн­діріс­терде орын алған жазатайым оқиғалар нә­тижесінде, 2 мыңға жуық жұмысшы жарақат алғанын, зардап шеккендердің көбі – тау-кен металлургия кешені мен құрылыс сала­сына тиесілі екенін ескерте келе, Инвес­тиция­лар және даму бірінші вице-министрі Алик Айдарбаевқа сауалмен қайырылды. Өз кезегінде, ол қауіпті өндіріс орындарын­дағы мертігу қатерін азайту үшін негізгі құрал­дарды жаңарту бағытында не істеліп жатқанына тоқтала кетті.
«Өндірістерде негізгі қорлардың тозу көр­сеткіші жоғары. Оларды ауыстыру бойынша жүргізілетін жұмыс тозу деңгейін болар-болмасқа төмендетеді. Себебі, жаңа жаб­дықтар саны мен қызмет ету нор­ма­тивтік мерзімі біткен жабдықтар саны тең емес. Біздің министрліктің талап етуі бойын­ша кәсіпорын басшылары жыл сайын қауіпті объектілерді техникалық қай­та жарақтандыру бойынша жоспарлар бекітіледі. Осы жоспарларға сәйкес, 2009-2016 жылдар аралығында кәсіпорындар ша­мамен, 9 339 бірлік құрал-жабдықтар мен 437 технологиялық желіні ауыстырды», – деді бірінші вице-министр. Оның сендіруін­ше, «кәсіпорындар аталған жоспарларын толық орындайды», «бірақ бұл негізгі қор­ларды толық ауыстыру үшін жеткіліксіз». «Бұл мәселе – министрліктің тұрақты ба­қылауында» деп қайырды А.Айдарбаев.
Тамара Дүйсенова ұжымдық шарттар – «жұмысшылар құқығы мен еңбегіне ке­пілдік беріп, әлеуметтік-еңбек қатын­ас­та­­рын реттеудің тиімді тетігін қалып­тас­тыруға септесетінін» айтады.
«2017 жылдың 1 қыркүйегі бойынша ұжым­дық шартпен 76,6 мың кәсіпорын не­месе жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың 34,1 пайызы қамтылды. Ірі және орта кә­сіп­орындар арасында қамтылу көрсеткіші 89,3 пайызға жетті. Соңғы 5 жылда ұжым­дық шарттар жасау көрсеткіші 19 пайызға не­месе 11 652-ге өскені байқалады. Бірақ жағ­дай­дың жақсарғанына қарамастан, жұ­мыс­қа азаматтарды еңбек келісімшартын бе­кітусіз қабылдау әрекеттері алаңдау­шылық туғызады» деді Тамара Дүйсенова.
Соңғы 2 жылда еңбек инспекторлары жұ­мысшылар еңбегін келісімшартсыз пай­даланған 1 мыңнан астам жұмыс берушіні анықтады. Бұлар – «негізінен, құрылыс, сауда, қоғамдық тамақтану, ауыл шаруашы­лығы және шағын кәсіпкерлік салаларында еңбек ететін біліктілігі төмен жұмыс­шы­ларға» қатысты болып отыр.
Министрлік биыл азаматтардың әлеу­меттік мәртебесін нақтылау мақсатында үй­лерді аралап, «заңсыз жұмыспен қамту» ахуа­лын бағалау шарасын жүргізіпті. Оған 5,6 млн азамат іліккен. Нәтижесінде, 1 мил­лионнан астам еңбекпен қамтылған, бірақ зейнетақы жарнасын төлемейтін азаматтар «әшкереленіпті». Тіркелмеген 320 мың жұ­мыс­сыз және 1,4 млн өнімсіз жұмыспен қам­тылған жандар анықталған.
«Бұл жұмыстар жалғасуда. Бүгінде есеп­ке алу, тіркеу, мәртебесін анықтау, еңбекпен қамту, салық салу және әлеуметтік қамсыз­дандыру мәселелерін көздейтін «Бейресми жұмыспен қамтылған халықты заңдастыру жөніндегі кешенді жоспар» әзірленуде» деп мәлім етті министр Тамара Дүйсенова.

Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*