Орынсыз той шығыны немесе ақшамен «тіл табыса» аласыз ба?

1492
0
Бөлісу:

Капитализмді кейбіреулер «байды байыта береді, кедейді одан сайын кедейлендіре түседі» деп қабылдайды. Бірақ капитализмнің шегіне жеткен елдерге қарасақ, керісінше, адамзатқа жасалған көп мүмкіндіктерге куә боламыз. Себебі, нарық заңдылықтарына бой үйреткен адам қашанда қаражатпен тілдесудің жолын табады. Бірақ ақшамен «достаса» алмайтындар да бар. Біз көп жағдайда бір нәрсеге шығындалмас бұрын ақылға жүгіне бермейміз. Мұны психологтар да дәлелдеген. Тіпті, кейде адамдардың тұтынушылық инстинктін басқара алмауы әлемдік дағдарысқа себепші болып жатады.

Бүкіл галактика, жер шарын­дағы барлық тіршілік бір жүйеге негізделгенін ескерсек, дәулетті болу да есепті, тәртіпті талап ете­тінін көреміз. Әрине, желіде отбасылық бюджетті алдын ала жоспарлау, шығын дәптерін немесе табыс кестесін жүргізіп отыру туралы мақалалар жиі ұшы­расады. Бірақ сонда да көпші­лігіміз маңдай термен тапқан нәпақамыздың берекесін арттыра алмай әлекпіз. Неге? Оның сы­рын өзіміздің қажеттіліктеріміз бен мақсаттарымыздан іздеген жөн. Егер «көлік немесе баспана аламын» деген нақты жоспар болмаса, қаражаттың басын бірік­тіруіңіз де екіталай. Дәл сол се­кілді өзіңізге қажетті дүниелердің де тізімін түзіп, ең маңыздыларына ғана шығындалғаныңыз дұрыс. Шығындар демекші, қаражатты өз дегеніңмен жүргізу үшін, ең бірінші оны басқарып үйренген абзал.
Біздің қоғам үшін қаржылық сауаттылыққа келгенде, маңызды проблемаға айналып отырғаны той мәселесі. Мысалы, ауылды жер­лерде туған-туыспен аралас-құ­ралас отырған ағайын «той мау­сымында» айына кем дегенде екі-үш рет қонаққа барады. Статис­тика комитетінің мәліме­тіне сүйенсек, ауыл халқының 4 пайы­зы, қала халқының 2 пайызы ең төменгі күн көріс деңгейінен де аз табыс табады. Енді есептей беріңіз, тұрмысы төмен отбасы­ларды айтпаған күннің өзінде, орта тап өкілдері де тапқан табы­сының біршама бөлігін «тойхана­ға» жұмсайды. Бұл мәселенің бер жағы ғана. Барлық проблема адам­ның өзі той жасағанда туын­дайды. Соңғы кездері қазақтың тойшылдығын сынайтындарды жиі кездестіріп жүрміз. Бірі, оны орынсыз шығын деп есептесе, енді бірі, «той-бизнесінің» құр­баны болып барамыз деп дабыл қағуда. Ендеше, ағайын-туыстан қарыз немесе несие алып той жасайтын жалпақ жұрт кәсіби мамандардың мына бір кеңестерін назарда ұстаса дейміз. Бұл сізді қарызданып той жасау ниетіңізден айнытуы бек мүмкін.

Тойға тауар деп қарасақ…
Үйлену тойын жасайтын адам­дар «Өмірімде бір-ақ рет болатын қуаныш» деп ештеңеден ақша аямауға өзін-өзі үгіттейді. Мысалы, той көйлегің 300 мың теңге тұра ма, «Өмірімде бір-ақ рет болады ғой» деп оны да ала­сың. Лимузин жалдағың келе ме? «Өмірімде бір рет болады ғой» деп тойыңа лимузинмен барасың. Әрине, тойдың қазақ үшін орны бөлек, алыс-жақынды ағайынмен қуанышын бөліскісі келеді. Бірақ «қуанышың» қарыз алуға итер­мелесе, бір сәт ойланып, тойдың қаншалықты ақталатынына көз жүгірткен абзал.
Мысалы,Тинькофф журналы­ның кеңесшілері тойға тауар се­кілді қарауды ұсынады. Олардың айтуынша, тауар сіздің көңіліңіз­ден шығатын бағаға сатылса ғана сіз үшін өтімді болып есептеледі. Өтімді тауарларды несиеге алу – өтімділігі төмен тауарларға қара­ғанда қауіпсіздеу. Себебі, басыңа күн туса, өтімді тауарды сатып, қа­рыздың бір бөлігін болса да қайтара аласыз. Мысалы, салон­нан шыққан көлік құнының 30 пайызын жоғалтады. Бірақ қалған жетпіс пайызы мен бірнеше жылдық кепілдігін сақтап қалады. Қажет болғанда, оны сатып, қа­рыздың тым құрығанда 70 пайы­зын төлей аласыз. Демек, авто­көлік – өтімді тауар, оны несиеге алуға болады.
Тойдың өтімділігіне келер бол­сақ, ол нөлге тең. Той бюджеті­нің көп бөлігі – қызмет құны мен ас-ауқатқа кетеді. Тойдан кейін сатуға жарамды – тек келіннің той көйлегі мен күйеудің костюмі. Ал мұндай «тауар» үшін несие алу ақылға қонымсыз. Қазақтың тойында сыйлыққа ақша әкелу дәстүрі бар. Кей жерлерде оны «тойана» деп айтады. Бірақ шын­дығына келгенде «тойана» тойдың шығынын жабуға кетеді. Оның өзі кейде ақталмай қалуы мүмкін, себебі ақшаның орнына бір-бірінен аумайтын бірнеше әшекей немесе тұрмыстық техникасын аласыз. Есіңізде болсын, қымбат немесе қайта сата алмайтын тауар­ды тек өзіңіздің жинаған ақшаңызға алғаныңыз дұрыс.
Екіншіден, тойдан пайда түс­пейді. Мысалы, құнды қағаздар немесе депозит сізге үстеме пайда әкеледі. Оларды активтердің қатарына жатқызуға болады. Сол секілді көлікпен жұмысқа бара­сыз. Пәтерде демаласыз. Телефон сатып алсаңыз, ол да жұмыстағы немесе басқа да проблемаларды шешуге көмектесуі мүмкін. Қым­бат іскерлік костюм маңызды клиентпен кездесуде қажет бо­лады. Қандай да бір мағынада та­быс табуыңызға көмектесетін­діктен, бұлардың барлығын да активке жатқызуға болады. Тойға жұмсалған қаражаттың толық қайтатынына кепіл жоқ. Той – үлкен кеш. Онда қандай шоу ұйымдастырсаңыз да сізге ке­ремет табыс әкеле қоймайды. Одан бөлек, жасалған той отба­сылық өміріңізге пәлендей пай­дасын тигізбесі анық. Қазір көп­теген жас отбасылар дүркіретіп той жасау үшін миллиондап несие алады. Ең тәтті әрі сынаққа толы отбасылық кезеңнің алғаш­қы жылдарында сол несиені өтеу­мен бастары қатады. Енді ғана аяқ­қа тұрып келе жатқан жұбай­лар үшін мұның ауыр соғатыны анық. Тіпті сананы тұрмыс би­леген мына заманда қаражаттың жетіспеуінен екі жаққа кетіп жатқан жұптар қаншама?!
Әрине, той жасау – сіздің таң­дауы­ңыз. Бірақ оған шығатын қара­жатты да өзіңіз жинауыңыз қажет. Көбіне жастар той үшін өздері ақша топтаса, бірден оны өткізуден бас тартып, оның ор­нына көлік сатып алуды немесе ипотекаға алғашқы төлем жасау­ды жөн көреді. Маңдай термен келген ақшаны бір кеш үшін ша­шып-төгу обал. Қарыз­ға алғанда мұның бәрі жеңіл сияқ­ты көрі­неді. Ендеше, дағдарыс кезінде қаражатты қалай орынды жұмсап, үнемдеуге болатынын қарас­тырып көрелік. Қаржы кеңесші­лері айтпақшы:

«Үнемдегеніңіз – пайда тапқаныңыз»
Адамдардың дүрбелеңге түс­кені – кейбір нарық ойыншылары үшін тиімді. Тіпті біреулер қо­ғамда толқу тудыру арқылы пай­даға кенеледі. Мысалы, 2012 жылы желтоқсанда ақыр заман бо­лады дегенді естіп дүкен сө­релерін босатып кеткен тұтыну­шылар легі әлі де есіңізде шығар. Бір қызығы, бұл дүрбелең тек бізде ғана болған жоқ. Бүкіл әлем осын­дай күйге түскен. Сол се­кілді, «дағдарыс болады» дегенді естіген азамат адамдар «ертең қым­баттап кетеді» деген оймен өзіне қажетсіз заттарды алып қа­луға ұмтылады. Көбінің аяқ асты­нан жұмыстан шығып қалса, несиені қалай төлейтінімен шаруа­­сы жоқ. Сондықтан қар­жыгерлер айтатын алғашқы
кеңес – ешуақытта байбаламға бой ал­дырмаңыз. Бірақ дағдарыс туралы ақпараттың шынайылы­ғына көз жеткізсеңіз, өзіңіз ойлап жүрген ауқымды тауарларды са­тып алуға әбден болады. Себебі, дағда­рыстан соң сіз 10 пайызға алған несиеңіздің құны жоғалып, сізге пайдасын тигізеді. Бірақ жоға­рыда айтқанымыздай, бәрі­нен бұрын табысыңыздың тұрақ­тылығына әбден көз жеткізгеніңіз абзал. Отбасылық бюджетті рет­теуге көмектесетін қаржыгерлер «адамдардың ең үлкен қателігі – кіріс пен шығыс көлемін бақы­ламау» деген пікірде. Айдың аяғын­да кестедегі сандар­дың өзі-ақ сізге ненің қажетті, ненің қа­жетсіз екенін көрсетіп береді. Бұл келер айдың бюджетін жоспар­лау­ға да жақсы. Мұнда ең маңыз­ды принцип – табыс кө­лемінің күнделікті шығыстардан көп бол­ға­нында. Тоқталып өтуге тұрар­лық тағы бір мәселе, көп­шілігіміз аяқ астынан туындауы мүмкін жағымсыз жайттардан алдын ала «сақтана» бермейміз. Көптеген шет мемлекеттерде осы­ған бай­ланысты қаражат «жас­тықшасы» деген түсінік бар. Бұл – отбасылық бюджеттегі қауіпсіздік жастық­шасының рө­лін сипаттайтын ұғым. Сондықтан онда кішкен­тайларды ерте бастан қаражат жинауға баулиды. Мы­салы, ата-ана балаларына күн­делікті берген тиын-тебенін өздеріне жинату арқылы ғана сүйікті ойыншығын алып беруі мүмкін. Сондықтан өзіңіз де ай сайынғы табысыңыз­дың отбасы­лық жоспардан ар­тылған бөлігін сақтап отыруға тырысыңыз әрі балаңызды да осыған баулыға­ныңыз абзал. Қаржы саласының майталман­дары аузынан таста­майтын тағы бір принцип бар. Ол – несиеге табыс көзі деп емес, қиын жағ­дайдағы бір мүмкіндік деп қарау. Оның өзінде бұл жос­парыңыздағы ең соңғы қадам бо­луы тиіс. Несие алуға бел буғанда банк менедже­рінен қарыздың үстінен қанша теңге артық төлем жасайтыныңыз­ды сұрап көріңіз. Оның мөлшерін естігенде өзіңіз-ақ несиенің қа­жетті не қажетсіз екенін бірден шешесіз. Бұл – тәжірибеден өт­кен жағдай. Несие алуға адамды не итермелейді? Әрине, ақша жинай алмау қасиеті. Бірақ ма­мандар барлық адамның ақша жинауға мүмкіндігі де, қабілеті де бар екенін айтады. Кейде мықты инвесторлардың өзі жиған қара­жатынан артылған соманы орын­ды жұмсаудың жө­нін таппай жатады. Себебі, күн­делікті майда-шүйдеге көп ақша кетіп қалуы мүмкін. Мысалы, ол таңертең кофеханалардан ғана таңғы ас ішеді немесе дос-жаран­ның ара­сында отырып «мәрттік» таныт­қантсып, дастарқанды бір өзі көтере салады. Бірақ мұның бар­лығы – адамның жеке бюджетіне ауыр соғатын фактор. Әрине, егер сіз миллионер болсаңыз онда әңгіме бөлек. Еңбек ақысын тиім­ді игеруді енді ғана меңгеріп келе жатқандар үшін шығынның табыс көлемінен төмен болғанын қадағалау – басты қағида.

 

Кәмила ДҮЙСЕН

Бөлісу:

Пікір жазу


*