АЙДЫ АЙЫРМАҒАН – АМАЛДЫ БІЛМЕЙДІ

2388
0
Бөлісу:

Мұсылманша ай аттары: Қаңтар – Сафар. Ақпан –­ Рабиғул әууәл. Наурыз – Рабиғул ахир. Сәуір – Жумадил әууәл. Мамыр – Жумадил ахир. Маусым – Ражәб. Шілде – Шағбан. Тамыз – Рамазан. Қыркүйек – Шәууәл. Қазан – Зулқағда. Қараша – Зуллхижжа. Желтоқсан – Мухаррам.
Көшпелі бабаларымыздың жіктеп-жіліктеуінше, ай ат­­тары былайша тізбектеледі: Ергеу – наурыз, Көктеу – сәуір, Мезгеу – мамыр, Көзгеу – маусым, Шілдеу – шілде,Тамы-
зық –­ тамыз, Дәндеу, мизам – қыркүйек, Соқтау – қазан, Күйек – қараша, Қауыс, ықтырғы – желтоқсан, Ығыс – қаңтар, Қаңтар – ақпан.
Ертеректе қариялар ай атауларын былай түзген: Наурыз – Хамал; Көкек – Сәуір; Мамыр – Зауза; Маусым – Саратан; Шілде – Әсет; Тамыз – Сүмбіле; Қыркүйек – Мизам; Қазан –­ Ақырап; Қараша – Қауыс; Желтоқсан – Жәди; Қаңтар – Дәлу; Ақпан – Құт.
Ай аттарын иелену григориан күнтізбесінде тұрған июль мен август, октябрь айларының атта­рынан да көрінеді. Атақты Юлий Цезарь «июль» айын өз атына белгіледі, Августиан «одан қалам ба» деп «август» айын кіргізді. «Цезарьдан қайсы жерім кем?» деп август айында 31 күн­ге тол­тырды. Қазіргі тұтынып жүр­ген күнтізбемізде осы июль мен август айлары қатар келеді және екеуі де 31 күннен тұрады.
Қазіргі қолданыста жүрген ай атауларының ішінде саяси сипатпен «еніп» кеткен бір ай бар. Ол – сәуір айы. Бұрынғы қа­зақ бұл айды «көкек» деп ата­ған. Осы көкек қалайша сәуір болды?
«Егемен Қазақстан» газе­тін­де, Шерхан Мұртазаның бас­шы­лы­ғында қызмет істеп жүрген ке­зіміз. 1990 жыл. Компартия бар. «ЦК»-дан Шерағаңа бір кісі телефон соқты. Шерхан Мұр­таза газеттің кезекті нөміріне «көкек айы» деп белгілеп қойған. Редакторымыздың қабағы түйі­ле түсті. Телефонның дауыс кү­шейт­кі­шін іске қосқан Шераға бізге «тың­даңдар» дегенді ишара­мен білдірді.
– Сонда көсеміміз Лениннің «Ап­­рель тезистері» дегенін «Кө­­­­­кек тезистері» дейміз бе? –­­ де­ді ар жақтағы кісі дауысын ны­­­­­ғарлап. – Бұл ертең елдің күл­кісін тудырады ғой. Көкек емес, сәуір болсын! Газетке со­лай көр­се­тіңіздер…Сонымен, «Еге­­мен­нің» реттік көрсеткішіне «сә­­уір» деп жазылды. Содан бері – сәуір. Ленин де кетті. Оның тезис­­тері де мәнін жоғалтты. Сә­уір сақталып қалды.
Павлодар қаласында 8 март атындағы тігін фабрикасы жұмыс істеді. Қалаға келіп, оқуға түсе алмай қалған талай қазақ қызы сол жерде жұмысқа орналасып, кейіннен пәтер алып, қатарға тұрып кетті.
Алматыда 8 март көшесі де­ген көше болды. «Жас Алашта» і­с­теп жүргенімізде осы көшені Шәмші Қалдаяқов атымен атау туралы ұсыныс жасап, мәселе кө­тердік. Сондағы қисыны-
мыз: – 8 март – Әйелдер мен аналар ме­­рекесі, бірақ сол аналарға Шәм­ші Қалдаяқовтай мәңгілік ес­керткіш орнатқан адам қайсы? Шәмшінің «Ана туралы» әнін сүйсіне шырқамайтын қазақ жоқ. Луи Пастер көшесі Мұ­қа­ғали Мақатаевтың атын алды, енді сонымен Шәмші Қал­­даяқов көшесі қиылысып жат­са, Ал­ма­тының сәні келмес пе еді? – ­деген тұрғыда болды да, Роза Қараева, Сәкен Сыбанбай бас­та­ған топ осы ұсынысты газет бетінде тұрақты көтеріп отырды. Сол кездегі қалабасы Виктор Храпунов «Жас Алаштың» әр нөмірін қалт жібермей, қарап отыратын елгезектігі бар еді, дереу «Жас Алаштың» ұсынысын қолдады.
Қарап отырсақ, советтік кезеңде идеология мықты болған­ға ұқсайды.
9 май көшесі деген атауды иеленген көшелер де кездесетін. Айлардың ішіндегі ең «беделді» болғаны – май мен октябрь. Қа­­­­зақша – мамыр мен қазан.
1 май­дың құрметіне зауыт-фа­бри­ка­лар мен көшелер, тіпті аудан атына дейін берілді. Павлодар облысындағы Май ауданы – соның жарқын мысалы. Ұлт көсе­мі Мұстафа Шоқайдың туған ауы­лы да Тәуелсіздік алғанға ше­йін 1 май атанып келді.
Октябрь – қазаныңыз да мұндай мәртебеден құр қалған жоқ. Қарағанды облысындағы Октябрь ауданын еске алы­ңыз. Биыл 1917 жылғы қа­зан револю­ция­сына – 100 жыл толады. Қазақтың «Елу ­жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» деген сөзін есімізге ал­сақ, қазан төңкерісінің де «қазан болатын» күні жақын қалған тәрізді еді. Алайда, Қарағанды облысындағы Октябрь ауданы әлі тұр. Осы ауданға Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханның есімін беру туралы бастамашыл топ Үкіметке ұсыныс та жасады. Облыстық әкімшілік әуелгіде қомпаңдап қолдағандай сыңай танытты да, аяғы сиырқұйымшақтанып кетті. Шамасы, «Октябрьден» айрылғысы келмейтін ұрпақ өкіл­­дері қолдарынан келіп, қоныш­тан басып тұрған сипатынан айрылғысы келмейтін сияқты…
Павлодар қаласында «29 октябрь» деген көше бар. Дәл Ертістің жағасындағы шағын кө­ше­ге берілген. Не үшін? Сөйт­сек, 29 октябрь күні қалада советтер билігі орнапты. Соның құрметіне қойылған.
Біздің қазақта Октябрь, Октябрина деген кісі аттары да арагідік ұшырасатын. Октябрь айының құрметіне қойылса керек. Ақын Ғафу Қайырбековтың «Мәңгісің, Октябрьдің шұғы­ла­сы» деген мақаласы бар-тын. Сон­­да Ғафу ақын: «Ес білгелі, ақын­­­­дық қаламымды қолға алға­лы, өз басым Октябрьді жыр­лап ке­­­­­лемін. «Жыл сайын Октя­брь­­ді жырлаймын мен» де­ген өлеңім де бар. Октябрь жа­йын­­­да мерзімдік баспасөзде жа­­­­­рияланған публицистік ма­­­қа­­­­лалар қаншама! Сонда мен жыл сайын Октябрьдің мей­­­­ра­­мында елімізде болған өз­ге­­рістер жайында, әрине, жақ­­сылық, шарапат жайында те­бі­­рене жазатынмын. Өйткені Октя­брь – мен үшін заманның жа­сампаз күші, уақытты өзінің идеа­лына бағындырған асқан бір рухани құдірет болып кө­рі­неді. Данышпан Ленин өз қолы­мен пролетариатқа алып бер­ген билік, үкімет октябрь рево­люциясының туы астында орныққан. Қай өткелектен, қай тарихи қияметтерінен өтсек те, біз Октябрь күшіне, оның мәң­­гілігіне сендік, соған арқа сүйе­дік. Ол біз үшін тағдырдың алуан, ауыр бұлттарынан айығып, ылғи да жарқырап шығатын Күнге ұқсайды. Күннің шығуы – жер бетіндегі ұлы шындық. Біз сол шын­дыққа сендік, сенбеске мүм­кін де емес. Ол Октябрь шұ­­ғыласы да бізге сондай шын­дық. Ол – біржолата орнап бол­ған шындық. Ұлы Октябрь революциясы – жалғыз ғана жиыр­масыншы ғасырдың мақ­та­нышы, абыройы емес, бүкіл бо­лашақ ғасырлардың мақ­та­ны­шы» деп жазған екен.
Сол идеалға талай ұрпақ шыны­­­мен сенді. Біз де сендік…
Тайыр Жароков айтты деген бір сөз бар. «Өзім де қумын ғой, Октябрьден арыға бармадым» деген. Рас. Октябрьден арыға барса, қазақтың хандары мен би­лерінің тарихы шыға келе­ді. Әуелі 5 ғасырды, сосын 7 ғасырды қайта «тірілткен» Мұхтар Мағауиннің әлеміне – қазақ әлеміне еріксіз тап болады. Күні кешеге дейін «Сен­дерде тарих та, мәдениет те, мемлекет те болмаған» дейтін үстем пиғылдың пәрша-пәршасы шығады. Біздің тарихымызды тек октябрь революциясынан бастаудың астарында Қазақ Елі деген айбарлы елдің бү­кіл тарихи, мәдени, рухани бай­лығын құмға көму саясаты жатқан болатын.
Қазақтың жыл мезгілдерінде, ай атауларында табиғаттың ерекшеліктері мен тұрмыс-тіршілік, шаруашылық сипатына сай айшықты нышандар ерекше білініп тұрады. Халық жыл он екі айды шартты түрде 2-ге бөледі: алты ай жаз, алты ай қыс. Тіршілік жазда жазылады, жадырайды, қыста тарылып, қысылады. Дуализм (дүниені екіге бөлу) танымынан туындаған шартты екі кезең іштей тағы екі бөлініп, жылдың төрт мезгілін (көктем, жаз, күз, қыс) түзейді. «Ана тілі» газетінің жазуы бойынша, қазан айында жұлдыздар төменнен жоғары тартылған түзудің бойы­мен тіркеседі. Жоғарыда Үркер және оның Үлпексарысы, одан төменіректе Үш Арқар – Тара­зы, одан төменде Сүмбіле жұл­дызының бірінен кейін бірі қатар түзуін жұлдыздар тір­­ке­сіпті дейді. Табиғаттағы бұл құбылыс күн суытып, қыс түсер шақ келді дегеннен хабар береді. Жұлдыздар қазан айында тіркесіп болады. Жұлдыздар теңесіпті деген тұрақты тіркес әлгі жұлдыздардың наурыз айында горизонталь түзудің бойымен қатар келуін көрсетеді. 22-24 наурызда Сүмбіле (сол жақ­та), Үш Арқар – Таразы (ортада), Үркер мен Үлпексары (оң жақта) бір түзудің бойында, күннің батысында тізілген моншақтай болып тұрады. «Жұлдыздар теңесіпті» дегені, кейде «Тара­зы басы теңесіпті» дегені күн мен түн теңелді деген ұғымды біл­діреді екен.
Қазақтың өмір тіршілігінде күз айларының мән-маңызы ерек­ше болған. Олай болатыны – қыркүйекте төрт түліктің тағ­ды­рына қатысты аса маңызды науқан жүреді. Бұл – сол төрт түліктен өретін төлдің басын көбейтуге сеп болатын күйек алу науқаны жүретін мезгіл. Күйек алу шамамен 40 күнге со­зылатын болғандықтан «қы­­­­­­рық күйек» атанған. Қос сөз­­­дің кіріге бірігуінен ал­ғаш­­­қы бөлігі – «қырық» сөзі қыс­қа­рып, тұтастанып бірігіп, «қыр­күйекке» айналған де­ген де сөз бар. Біздің ұғым-таны­мы­­мыздағы «қыркүйек» атауы осы науқанның маңызына бай­ланысты қалыптасқан десек те болады. «Үркер туса, қошқар тұмсығын көтереді» деген мақал тектен текке айтылмаған. Үркер жұлдызы 40 күнде аспан көгіне өрлеп шығады. Ежелден ай күнтізбесімен тіршілік еткен қазақ халқы осы мерзімде күйек алу науқанын жүргізуге қатты көңіл бөлген.Күйек алу сәтті өтсе, келешек төл алу науқанына не­гіз қаланатын болған.
Қазан айының атауы қай­дан шықты? «Қарап тұрсам, дү­ние шолақ екен, Бір-біріне адам­дар қонақ екен, Құлпырған қызғалдақтай қайран өмір, Қазан ұрмай, қар жаумай солады екен» деп келетін өлең жолдары кез келген қазаққа таныс. «Қа­зан» деген сөз «аяқталу», «тау­сылу», «біту» деген мағынаны білдіретіні анық. «Қазан ұрды» деген – алғашқы бозқырау түсіп, үсік ұратын кез. Сөз төркініне үңілсек, былайғы тірліктегі «қаза болды, қаза тапты» деген ұғым­­ға үйлеседі. Қазан айында көкөніс, жеміс-жидек атаулы со­лып, үсікке ұрынады, таусыла бастайды, демек, «қазан» болады. Қазанда Таразы жұлдызы туып, таң суытады.
Тәуелсіздік тұсында Желтоқ­сан айының аты оңынан туды. Ал­матыда Желтоқсан көшесі бар. 1 желтоқсан – Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті күні, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні ретінде тарих сахнасына шықты.

 

Нұртөре ЖҮСІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*