«Сары беттер» қағидалары орындалуда

985
0
Бөлісу:

Үкімет үйінде Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен Бәсекеге қабілеттілік жөніндегі сараптама кеңесінің кезекті отырысы өтті.

Отырыс барысында Yellow Pages Rule қағидаларын іске асыру тетіктерін жетілдіру мәсе­лелері, корпоративтік басқаруды жақсарту шаралары мен негізгі құралдарды жа­ңар­туды ынталандыруға, өн­ді­рістерді жаңғыртуға, сондай-ақ төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін енгізуге бағытталған шаралар жүйесі талқыланды.
Түсіндіре кетсек, 2015 жыл­дың көктемінде Yellow Pages Rule қағидаларын Қазақстанда бекітетін заң қабылданды. «Сары беттер ережесі» деп аударылатын бұл қағидалар мемлекеттік органдардың бәсекелестікті шектейтін іс-қимылдарынан бизнесті тиімді қорғауға ба­ғыт­талған. Сонымен қа­тар егер бәсекелестікті шектей­тін болса, мемлекеттің қатысуы­мен бизнес (кәсіпорын) құруға тыйым салатын нор­ма бекітілді. Осылайша, мем­лекет нарықта өз бизне­сі­мен бәсекелеспейтін бо­ла­ды. Осы қағидаларды орын­дау мақсатында қазіргі кезде елімізде мемлекеттік актив­терді жаппай жекешелендіру науқаны жүруде.
Сондай-ақ Үкімет үйінде Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Экономиканы жаңғырту жөніндегі мем­ле­­кеттік комиссияның ке­зек­­ті отырысы өтті. Оты­­рыс барысында өң­деу өнер­кәсібіндегі кәсіп­кер­лік субъектілерін одан әрі қар­жы­лан­дыру тетік­тері, сонымен қатар квазимемлекеттік сектор активтерін бәсекелі ортаға өткізу мен жекешелендіру мәселелері талқыланды.

 

Айхан ШӘРІП 

Бөлісу:

Пікір жазу


*