Дипломаттар құрылтайына қатысты

1031
0
Бөлісу:

Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев елуге жуық ел үшін дипломаттар даярлаған Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты түлектерінің IV халықаралық форумына қатысты. Елордадағы Тәуелсіздік сарайында өткен дипломаттардың бұл құрылтайына Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Чехия, Венгрия, Латвия, Моңғолия, Лаос секілді елдерден сыртқы саясат және халықаралық журналистика салаларында еңбек етуші биік лауазымды тұлғалар қатысты.

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Сенат төраға­сы Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен Елбасының форум қатысушыларына арна­ған құттықтау сөзін оқып берді. Онда Мемлекет бас­шысы қазіргі уақытта планетамызда «саясатта, эко­номикада және қоғам­дық өмірде турбулентті құ­былыстардың күшеюі ая­сында халықаралық іс­тер мамандарының рөлі мен жауапкершілігі өсіп отырғанын» айта келе, дип­ломаттардың бұл тұрғыдағы білікті әрі табысты қыз­метінің үлкен маңызға ие екеніне назар аудартты.
Н.Назарбаев сондай-ақ осындай форумдар өткізуді және бір ЖОО түлектеріне жиналып, жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәсе­лелер бойынша өзара пі­кір алмасуға мүмкіндік беруді «жақсы дәстүр» деп санайтынын айтты.
Өз сөзінде Қасым-Жо­март Кемелұлы БҰҰ Қауіп­сіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі Қазақстан ядролық қаруды таратпау, терроризмге қарсы күрес, дінаралық үнқатысуды қалып­тастыру мәселелерін шешуге сүбелі үлес қосып келе жатқанына тоқталды. Осының арқасында Аста­на атауы халықаралық қоғамдастықта бейбітшілік және бітім ұғымдарымен үйлеседі.
– Астана – жаңа қа­ла. Әсіресе, Есілдің сол жа­ғалауында қала ешқа­шан болмаған. Әлі есім­де, бірінші рет осы жерге дипломатиялық корпусты алып келдім де, мұнда біздің жаңа астанамыз болатынын хабарладым. Әрине, маған ол кезде дипломаттардың ешқай­сысы да сенбеді. Ал қазір Астана ірі халық­ара­лық орталық ретінде қалып­тасты. Осында ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ШЫҰ, ТМД, ЕАЭО, АӨСШК саммиттері өтті, – деді Сенат төрағасы.
Қ.Тоқаев Қазақстан елордасында жүйелі түр­де ұйымдастырылатын Әлемдік және дәстүрлі дін­дер лидерлерінің съезіне баса маңыз беріп, оның жұмысына рухани және саяси қайраткерлердің бірге қатысатынын атап көрсетті. Бұл ретте съездерге БҰҰ Бас хатшысы, Иордания королі, Финляндия прези­ден­ті және тағы басқа да тұл­ғалар қатысқаны айтылды.
Ол өз сөзінде Қазақ­стан­да жүргізіліп жатқан саяси, экономикалық және әлеуметтік трансформация үдерістеріне екпін түсірді. Қасым-Жомарт Тоқаев форумға қатысушыларға Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан конституциялық реформа туралы, сондай-ақ «100 нақты қадам» стратегиясы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырылуы туралы айтып берді.
Форумда Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров Президент Владимир Путиннің құт­тықтауын оқыды. Ре­сей көшбасшысы Аста­наны «көптарапты дипло­матияның, халықаралық экономикалық ынты­мақ­тастықтың, Еуразиялық интеграциялық үдерістер орталықтарының бірі» деп атады.
Шараға қатысушыларға Қазақстан сыртқы іс­тер министрі Қайрат Абдрахманов және МГИМО ректоры Анатолий Торкунов та үндеу жолдап, сөз сөйледі.

 

Айхан ШӘРІП 

Бөлісу:

Пікір жазу


*