Маңызды міндет

740
0
Бөлісу:

Парламенттік тыңдау кезінде қазақ тілін латын қарпіне көшіру туралы мәселе қаралды. Бұл – халқымыз үшін, руханиятымыз бен мәдениетіміз үшін тарихи маңызы бар аса өзекті мәселе. 

Өздеріңізге белгілі, посткеңес­тік кеңісте тәуелсіздік алған соң, кейбір түркітілдес елдер дереу латынға көшіп кетті. Егемендіктің алғашқы жылдары біздің қоғамда да сөз қозғала бастады. Латынға негізделген жаңа әліпбиге көшу туралы «Қазақстан – 2050» стратегиясында да айтылған болатын. Біз асығыстық таныт­падық: алдымен, орасан зор эко­номикалық міндеттерді шешу, мығым база жасау керек болды. Ширек ғасыр бойы маңызы зор мемлекеттік, жалпыхалықтық істің оң-терісін електен өткізіп, жан-жақты ойластырдық. Ел Президенті де басқа елдердің тәжірибесін ескере келе, бұл мәселеде асығыстық жа­самауға шақырып отырды.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы нақты қадам жасауға түрткі болды. «Біз бұл мәселеге мұқият қарадық. Бұған сақтықпен қарап, дайындық жүргіздік, – деп жазады Нұрсұлтан Әбішұлы. – 2017 жылдың ая­ғына дейін ғалымдардың және қоғамның көмегімен жаңа қазақ әліпбиінің бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау қажет. 2 жыл­да ұйымдастырушылық және әдістемелік жұмыстар жасалуы тиіс». Бұл міндетті жүзеге асыру үшін, рухани жаңғыру мәселелері жөніндегі арнайы Ұлттық комиссия құрылып, бірнеше айдан бері дайындық жұмыстарын жасап келеді.
Бұдан бөлек, ғылыми ортада, барлық бұқаралық ақпарат құрал­дарында, әлеуметтік желілерде еркін пікір білдіруге мүмкіндік берілді. Барлық пікірлер бір жерден шығып, «Латын қарпіне көшу – заман талабы, ана тіліміздің сапалық тұрғыдан жаңғыруының маңызды міндеттерінің бірі» деген тоқтамға келгендей.
Латын қарпінің ғасырлар бойы уақыт елегінен өткенін айтудың қажеті де болмас. Статистикаға жүгінсек, әлемдегі халықтардың 80 пайызы қолданып келеді. Әлемдік ақпараттың басым бөлігі соның көмегімен жасалады. Яғни, адамзат өркениетті қарым-қатынас жасау, ең заманауи технологияларға ие болу үшін жалпыға ортақ, мойындалған әліпбиге ие болуға ұмтылады.
Шынтуайтына келсек, кеткен ағаттықтар да бар. Мәселен, әліпбиін апыл-ғұпыл ауыстырған елдерде өткен ширек ғасырдың ішінде қаншама түзету енгізді. Сондықтан бізге бірыңғай стан­дарттарды енгізбес бұрын, жаңа әліп­бидің жобасын мұқият сарап­тан өткізіп алған жөн. Осы үлкен жобаны жүзеге асыру барысында Елбасының «бейімделу кезінде кириллица да қолданылады» деген нұсқауын ескерген ләзім. Өйткені бұл қаріппен соңғы сексен жылда білім, ғылым, әде­биет және мәдениет өркендеп дамыды, қазақстандық қоғамның бірлігі нығайтылды, ұлтаралық қарым-қатынастың қолжетімді құралы болды. Алдымызда атқарылар орасан зор, ауқымды шаруа тұр. Бұған ұзақ жылдар қажет болуы мүмкін. Жүйелі әдіс, күш-жігер талап етіледі. Алайда қоғамдық сананы, ұлттың руханиятын жаңғырту міндетті осы қадамды жасауға міндеттейді. Қазақ республикасының ширек ғасырдағы жеткен жетістіктері мен табыстарын ескерсек, халқымыз бұл сынақтан да сүрінбей өтеді деп нық сеніммен айтуға болады. Бүгінгі тарихи шешімдердің же­місін біздің балаларымыз, келер буын көреді. Өмірімізге латын әліпбиінің енуін бірауыздан қолдаймыз. Осы ұлы істе бізге сәттілік жолдас болғай!

Ғұсман ТӨЛЕҒҰЛ,
жазушы-аудармашы

Бөлісу:

Пікір жазу


*