Жаңа әліпби һәм тәжірибе

1457
0
Бөлісу:

Қазір латын әліпбиі туралы әңгіме көбейді. Қазақтың жаңа әліпбиге көшетіні, дұрысы қайта оралатыны басы ашық мәселе. Бұл – көпшілікті қуантады. Бүгінде жазудың жаңа үлгісіне өту шарасы қызу басталып кетті. Талайдан бері ара-тұра әңгіме болып, енді көптен күткен шаруа іске асайын деп жатыр. Аға буын өкілдері оның қызығын аз көруі мүмкін, ал келер ұрпақ, жаңа буынға оның пайдасы мол. Солардың болашағы үшін қам-қарекет қой бұл.

Әлемде қанша халық – жер шарының қанша пайызы латын әліпбиін пайдаланатыны, қыруар ақпаратты сол алфавит арқылы ағылшын тілінен алатыны айтудай-ақ айтылып жатыр. Бүгінде 4 мил­лиард 900 миллион адам латын әлпбиін қолданады екен. Орыстың кирилл алфавтиімен қоса, әлемдік латын әліпбиі арқылы ағылшын тілін де біліп алса, біздің қазақ тек ұтады. Түптен келгенде, үштілділік деген сол шығар.
Қазіргі заманда талай елге танымал таңбалармен, әсіресе, түркітектес ағайындармен осы әліпби арқылы байланысып, жа­қындаса берсек, бірлігіміз ны­ғайып, ынтымағымыз жараса түспей ме? Шынтуайтында, тіліміздің түп-төркіні ортақ, тереңіне үңіл­сек, әр сөздің мағынасын түсіне аламыз ғой. Ел енді қолға алып, шындап кірісіп, көшейін деп отырған әліпбиіміз бізді туыстас ағайындармен тіпті жақындастыра түсетіні қуантады.
Бұрынғы өктем саясаттың қаһарлы нұсқауынан құтылып, енді жалтақтамай бұл іске бел шеше батыл кірісетін уақыт жетті.
Енді өз тәжірибемнен мысал келтірейін. Баяғыда-ақ, Қа­зақ­стан өз Тәуелсіздігін жариялаған күннің ертесінде Батыс Германияға – Мюнхендегі «Азаттық» радиосына шақырылдым. Ондағылар латын әліпбиін пайдаланады екен. Сөйтіп, 25 жыл бұрын латын әліпбиіне өткенмін. Халықаралық «Азаттық» радиосында қызмет істеген жылдарда алғаш Мюнхенде, кейін Прагада қазақ тілінде хабарлар жасай жүріп, солардың текстерін қазақ тілінде латын әліпбиімен жазып отырдым. Осыдан елу-алпыс жыл бұрын, соғыстан соң Түркиядан Германияға қоныс аудара бастаған қазақтар латын әліпбиін пайдаланатын. Мюнхенде жүргенде байқағаным, латын әліпбиіне өтудің қиындығы жоқ, тек қорықпай батыл қадам жасап, оқи беру, жаза беру керек. Сонда, адам жаттығады. Қазақстанға келген соң, өз ортамызға орай, амал жоқ кейде кирилмен, біресе, латынмен жазып әбден шатастым. Сондықтан бір жағына шығу керек болды. Енді міне, сексен жылдан соң Қазақ елі қайтадан латын әліпбиіне өтуге бет алды. Алдағы жылдарда ол үшін материалдық-техникалық база, оқулық, кітаптар, техникалық құралдар т.б. бәрі жасақталып, әліп­биіміз бекітілген соң, батыл қадамға барып әрекет жасауымыз керек.
Қазір жұрт талқылауына латын әліпбиінің 20-дан аса нұсқасы ұсынылыпты. Ә дегенде, Парламент отырысында ұсынылған бір ғана нұсқаны халық аса қабылдамай жатыр. Қарапайым жұрт енді құ­лақ түріп, түсіне бастаған диграф дегеніңіз екі әріптің қосындысы көрінеді. Сонымен жазсақ, нағыз көпсөзділіктің көкесі болайын деп тұр. Әрі диграф нұсқасымен қысқарған сөздерді бас әріппен жазар болсақ, ешкім түсінбейтін қойыртпақ сонда орын алады. Мысалы, «ҚР БҒМ ҒК» деген қыс­қарған сөзді екі әріптің қосындысы арқылы латын әліпбиімен жазып көріңізші? Одан да тіл мамандары айтып жүрген диакритика, яғни бір дыбыс, бір әріп нұсқасы әрі қысқа, ұғынықты, өте тиімді екен. Ол үшін Еуропа елдерінен, мысалы, неміс клавиатурасын қолдануға болады. Бұл әрі интернет жобаға лайық, әлемнің қай түкпірінде болса да соны пайдалануға ыңғайлы.
Тілге келгенде, латын әліпбиіне өту тұрғысында әртүрлі пікірталас болып жатуы заңдылық. Әйтсе де, мемлекеттік тілді оқып үйренуде қазір сонау тоқсаныншы жылдардағыдай біржақты сыңарезулеп өрекпіп кету саябырсыған. Тіл үйренуді ұлттық мәселеге айналдыруға болмайтынын теріскейдегілер де түсіне бастаған. Сондықтан тым жалтақтай беру артық. Дәлелмен, орынды уәжбен, сабырмен түсіндірсең, олар да мойынсұнады.
Солтүстік өңірде қазақтар әлі де аз. Солардың өзі шүлдірлеп ар жағындағы көршілердің ті­лін­де сөйлеуге бейім. Тілдік ор­та жоқ. Сөйтсе де, бұрынғыдай емес, мемлекеттік тіл қазақ ті­лі екенін, қазір еліміздегі қазақ­тіл­ді аудиторияның үлес салма­ғы­ның артып келе жатқанын іш­тей мойындайды. Алғашқы жыл­дар­дағыдай емес, мемлекеттік тілге қарсы болып отырғандар байқалмайды. Керісінше, әу баста, Тәуелсіздіктің елең-алаңында, көпшілік жұрт дағдарып қалғанда, солтүстік облыстардағы қала атауларын өзгертіп жіберу керек еді дейтіндер жиі кездеседі.
Тіл мәселесі дегенде тек бір проблемамен шектеліп қалмаймыз. Бұл өңірлер сонау тәуелсіздік алған жылдардағы қалыптан көп өзгеріске түспеген. Елдімекендердің атауы әлі ауыспаған. Коммунистік қызыл көсемдердің есімдерінен құтылатын уақыт жетті. Ономастика жайын да, ескі кеңестік атаулардан арылу керектігін дәлелдермен түсіндіре білу қажет. Олар да ширек ғасырдан астам уақыттан бері біздің нақты қадамдарға бара алмай жалтақтап келгенімізді біліп отыр. Бұл мәсе­леде қорқақтық таныта беруге болмайтынын байқауға болады. Жалаң ұран, жалған патриотизммен орыстілді аудиторияның бетін бері қарату мүмкін емес.
Мемлекеттік тілмен қосамжар­ла­тып, «Дәріхана-аптека», «Асхана- столовая» «Нан-хлеб», «Мектеп-школа», «Кенесары көшесі-улица Кенесары» деп жаза берудің не керегі бар. Бір ғана мемлекеттік тілде «Дүкен», «Мектеп» «Емхана» деп жаза берсек болмай ма? Ол онсыз да бәріне түсінікті ғой. Ешкім сауатсыз емес. Алайда бізде бәрі керісінше, әр тұста тек орыс тіліндегі атаулар көп. Көшедегі жазуларға көз салсаңыз соған куә боласыз. Бұл – Тіл туралы заңды бұрмалау.
Байқасаңыздар, Қазақпарат агенттігі бірнеше жылдан бері кирилмен қатар, латын әліпбиін де қолданып жүр. Сонымен қоса, төтенше жағдай қызметі күнделікті хабарламасын телефон арқылы қазақ, орыс тілдерінде латын әліп­биімен жарияланып жүр ғой. Соны бәріміз қиналмай оқимыз, еш қиындығы жоқ.
Дәл қазіргі негізгі мәселе – қазақтілді ортаның латын әліпбиіне өтуі болып отыр. Орыстілді қа­зақ­тар, өзге ұлт өкілдері сонда бұл шарадан тысқары қала ма?- деген мәселе ойландырады. Жазу, оқу, ары қарай білім алу қалай болады? Бұл жікке бөлінуге апарып соқтырмай ма. Қазір қазақ мектептеріне елі­міз­дің сексен пайыз оқушысы баруда. Құдай көп көрмесін, қара­көз­де­ріміз қаулап өсіп келеді. Демек, болашақта бүкіл мемлекетте, елі­міз­дегі барлық мектепте латын әрпін енгізу жайын батыл түрде, нақ­ты дәлелдермен насихаттай бе­руіміз керек. Латын әліпбиіне өту – қазақ тілін дамытудың үлкен мүм­кіндігі. Қателіктер, кемшіліктер кез­десе жатар, алайда көш жүре түзеледі.

Саясат БЕЙІСБАЙ,
халықаралық журналист

Бөлісу:

Пікір жазу


*